Синонимдер сөйлесін

Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең таза әрі бай тілдердің бірі. Бірақ соңғы кездері тіліміз жұтаңдана бастаған секілді. Себебі балаларымыз, жастарымыз қазақ тілінде жазылған көркем әдебиеттерді оқымайды. Көне қарттардың тұшымды әңгімелерін тыңдамайды. Оның үстіне немере, шөберелеріне өнегелі әңгімелер айтатын қарттармыз да жоқ. Қазіргі қарттар немере, шөберелерімен «внук», «внучка», «Асанчик», «Алик» деп сөйлесіп, өздерін «дедушка», «бабушка» деп айтқызып үйретеді. Осындай жағдайда тіліміз қалай оңсын?

Қазақ тілінің байлығын қазақтың бір ғана сөзімен дәлелдегім келеді. Мәселен, «бет», «жүз» деген сөздің бірнеше баламасы (синонимі) бар екен, басқа сөздері де солай болса керек. Қазіргі жастардан сұрап көрсеңіз, көп болғанда солардың екеу-үшеуін ғана білер. Қалғанынан мақұрым.
Сондықтан көпшіліктің, әсіресе жастардың назарына осы сөздің баламаларын (синонимдерін) ұсынып отырмын.

1. Ажар
2. Әлпет
3. Бет
4. Бейне
5. Дидар
6. Жүз
7. Кескін
8. Келбет
9. Мүсін
10. Мүскін
11. Нобай
12. Нұсқа
13. Пошым
14. Порым
15. Реңі
16. Репет
17. Өңі
18. Сиқы
19. Сұрқы
20. Сықпыт
21. Сымбат
22. Түрі
23. Түсі
24. Тұрпат
25. Тәрізі
26. Ұсқын
27. Шырай

Бұл шағын жазбамды мына бір жыр жолдарымен аяқтағанды жөн көрдім:

Синонимдер сөйлесе екен,
Еш кемшілік көрмесе екен.
Күн өткен сайын біртіндеп,
Ұмыт болып өлмесе екен.
Қолдаушысы халық болып,
Қанатын кең сермесе екен.
Қазақтың мол тіл байлығы,
Ақындарды тербесе екен.
Тілге деген ниеттерін,
Басшылар теріс бермесе екен.
Мәңгілік ел болу үшін,
Басымызға бұлт төнбесе екен.
Өзге тілдерге сіңіп кетпей,
Тіліміз мәңгі өлмесе екен.

Абдрахман АСЫЛБЕК,
ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

3 Пікір

  1. Еркежан

    Қазақ тілі әлемдегі ең бай, ең әдемі тіл. Бірақ қадірін түсініп жүргеніміз шамалы.

  2. Раушан

    Қандай керемет! Бір ғана сөздің қанша баламасы бар!

  3. Арна

    Тілімізді өлтіретін өзіміз ғой.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.