Шәкірт жүрегіне жол тапқан

Ұстаздар жайлы қанша жазсақ та артық болмайды. Өзінің уақытын аямай өзгенің уақытын аялаған жандар шәкіртінің жүрегіне жол тауып, оның терең білім мен тағылымды тәрбие алуы үшін аянбай қызмет істейді. Шәкірттеріне мектеп табалдырығын аттаған алғашқы күннен бастап ана тілін терең меңгеріп, бай тілімізді партада отырғанда құрметтеуге үйретіп жүрген ұстаздардың бірі де бірегейі – Жанаркөз Саусақбаева.

Ол Талдықорған қаласындағы Ш.Уәли­ханов атындағы №10 гимназия­ның бастауыш сынып мұғалімі. Ол ұстаздықты бала кезінен армандады.
Әкесі – Төлеген Ұлы Отан соғысынан кейін Қаратал ауданының Көпбірлік ауылына жолдамамен келген соң Биғайша атты қызға үйленіп, шаңырақ көтерді. Музыкалық аспаптардың барлығында,әсіресе, скрипкада тамаша ойнайтын жан болып еді. Оқушыларды өнерге балудан, үйретуден жалықпайтын. Шәкірттерінің айтуынша, сол кезде орта мектептің оркестрін де басқарған. Төлеген Саусақбайұлыспорттыңкөптеген түрінен хабардар болатын. Волейболдың шебері еді. Әнді де жақсы айтатын.
Әке жолын қуған Жанаркөз Талдықор­ғандағы І.Жансүгіров атындағы педаго­ги­калық институтты бітіріп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады.
Міне, содан бергі уақытта қаншама шәкірт тәрбиелеп,солардың бойындағы бар жақсы қасиеттерді дамытып, талаптарын ұштады. Әр шәкіртінің еліміздің ертеңгі бір кірпіші болып қалануына еңбек етті. Уақытының көбін мектепте өткізді.
Бастауыш сыныптардағы оқытудың мазмұнында ерекше орын алатын пән – «Ана тілі» пәні деп білді. Жанаркөздің пікірінше, ана тілін үйрену – сөздерді түсініп, меңгеріп оқу, жаттау, білу ғана емес, ол сонымен қатар сансыз көп ұғымдарды, сезімдердің сұлу үлгілерін ойлау жүйесін де меңгеру.
Ұстаздың қолданатын басты ережесі – балалармен біргеана тілі туралы сұрақтарға жауап іздеп, жан-жақты пікірлесіп, талдау жасап отыру.
Тақырыпқа байланысты ояту, ой түюге, тұжырымдауға, өз тілінде бірлесіп жұмыс істеу, қасындағы досына құрметпен қарауға, оның айтқан сөзін зер салып тыңдауға, тілді еркін меңгеруге, өз пікірін қысылмай ортаға салуға мүмкіндік береді. Осындай мәселелерді ойға алғанда мұғалімнің тынымсыз ізденісі маңызды рөл атқарады. Балаға түсіндіретін тақырыбыңның табиғатын ашу, талабын ұштау, бағыт-бағдар сілтеу, ойына ой қосып, ақылын кемелдендіру, жан дүниесін рухани байыту – ең үлкен мақсаттың бірі де бірегейі болмақ. Демек, ұстаздың тәлімгерлік жолы – дара. Азаматтық ұстанымы да айқын. Ол білімнің сапалы болуына жұмыс жасау.
Әрбір бүгінгі техниканың қарыштап дамыған уақытында ана тілін әр оқушы­ның жүрегіне жеткізе білуді мектеп табал­дырығынан бастау қажет екендігі сөзсіз.
Жанаркөз үшін басты қағида, ол — ана тілін бастауыш сыныптан бастап жақсы меңгерген шәкірттің тілді ұмытуы, немесе ана тілінен басқа тілді жоғары қоюы мүмкін болмайды. Басқаша айтқанда, ана тілін мектеп қабырғасынан бастап ардақтап, өз ойын дамытып айқын жеткізе алады. Бала кезде алған білім оңайлықпен санадан өше қоймайды.Ана тілінің қадір-қасиетін жастайынан сезініп өсуге оқу және білім жүйесінің ықпалы қашанда зор. Мұны өмірдің өзі көрсетіп, дәлелдеп отыр. Әрбір бүлдіршін мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап ана тілінде білім нәрімен сусындай бастайды. Осы кез мұғалім үшін аса жауапты. Өйткені баланың тілін жаттықтырып, дамыту – оңай шаруа емес. Бұл ретте мұғалімнің шеберлігіне де көп нәрсе байланысты. Себебі тіл үйрету үшін әдістемелік технологияларды үнемі жаңартып, жетілдіріп отырудан бөлек, оның негіздерін қарапайым мысалдар арқылы да меңгерту маңызды. Кейіпкерім өзінің ұстаздық жолында білім сапасына терең мән беретіні сондықтан.
Иә,бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің ертеңі. Тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын нығайтып, еңсесін биіктететін ертеңгі ел азаматтары бүгінгі мектеп партасында отырған шәкірттер. Олардың ел сенімін ақтайтын, ана тілін құрмет тұтатын, ұлттық дәстүр мен әдет-ғұрыпты қадірлейтін азамат болып өсуі үшін тәрбиені мектеп табалдырығынан бастап беру қажет.Оның бірнеше алғышарттары бар. Отансүйгіштік, елжандылық қасиеттер адамның бойына тіл арқылы дариды.
Білім негізі қалыптасатын бастауыш сыныпта жас баланың алған тәрбиесі көкейінде мәңгі сақталып қалады. Болашақта өз ана тіліне, ұлтына жанашыр болуына ықпал етеді. Бұл орайда Ж.Саусақбаева өз шәкірттерін мектепішілік, қалааралық жарыстарға қатыстырып, бастауыштан бастап, ғылыми-танымдық жұмыстар жасауға үйретеді. Еңбегі нәтижесіз де емес. Олардың ішінде жарыстардан жүлделі орындарды иеленген оқушыларыкөп.
Жанаркөз үшін өткен жыл жақсы жаңалықтарға толы болды. Республикалық «Ғылым» баспасынан шыққан «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің үздік қызметкерлерінің 2015-2016 оқу жы­лын­дағы жинағында еңбегі жарияланды.
Ұзақ жылғы жемісті қызметі үшін бірнеше рет Талдықорған қаласының білім бөлімінің Құрмет грамоталарымен мара­патталды. Сонымен қоса облыстық, қалалық әкімшілік тарапынанмарапаттармен атқарған еңбегі үшін атап өтілді.

Гүлнар ТӨЛЕГЕНОВА,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Дәмеш

    Осындай үлгі тұтар ұстаздарымыздың ерен еңбегіне бас иеміз.

  2. Орынтай

    Шәкірт тәрбиесі мен болашағы ұстаздарға да тікелей байланысты.

  3. Сәуле

    Бала оқыту, тәрбиелеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын іс. Бұл істі нағыз ұстаздар ғана атқара алады.

  4. Дәния

    Шәкірт жүрегіне жол табу қиынның қиыны.

  5. Айсұлу

    Қазір білікті, баланың жанын түсіне алатын, жүрегіне жол таба алатын ұстаздар некен-саяқ.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.