ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

ТӨЛЕ БИ АУДАНЫ

Тоғыс ауылы. Тоғыс елді мекенінің атауы Тоғыс өзенімен байланысты. Осы жорамалға байланысты ел арасында мынадай аңыз қалған. Жоңғар шапқыншылығы кезінде бір-біріне қарсы шабуылға шыққан екі жақтың жауынгерлері Ырғайлы өзенінің бас жағында кездесіп, тоғысқан деседі. Содан бастап халық өзеннің атын «Тоғыс» атап кеткен.Тоғыс атауының тағы бір шығу дерегі осы маңдағы XII-XVIII ғ.ғ. Тоғыс қалашығына байланысты. Елді мекен айналасында І-V және ІV-VІІІ ғ.ғ. обалар, қорғандар, қарауыл төбелер көптеп кездеседі. Аталған археологиялық тарихи ескерткіштер мемлекет қорғауында.
Маятас ауылы. Маятас ауылының атауы жөнінде ел арасында түрлі болжамдар айтылып келеді. «Мая» сөзінің өзі бірнеше ұғымды білдіреді. Қазақ үйілген шөпті мая дейді. Бұрын бұл жерде қолмен үйілген тас болуы мүмкін. Сол үйінді тасқа байланысты Маятас аталса керек. Бұл сөздің де кездейсоқ айтылмағаны анық. Себебі Маятас ауылының іргесінен асау Бадам өзені ағады. Бұл өзен ежелден ірі-ірі қой тасқа, ұсақ тасқа да, құмға да бай. Ертеректе аталарымыз белгілі ірі мақсатты көздеп, Бадамның қой тастарын бір жерге үюі мүмкін ғой. Осындай себеппен Маятас аталған шығар деген болжам айтылады.
Ақжар ауылы. Ақжар ауылының атауы осы аймақтың географиялық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан. Ауылдың етегінде жар бар, ол ақшыл түстес. Соған байланысты «Ақжар» топонимі пайда болған.
Тасарық ауылы. Тасарық ауылының атауы ежелден аймақтың географиялық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан топоним. Деректерге сәйкес, ол тастақ жерден казылған арықка байланысты пайда болған. Мысалы, аудан аумағында Қорғантас, Айтас, Керегетас, Тесіктас, Қарауылтас, Қырыққызтас, Зертас, Тастөбе, Қақпатас, Киелітас, Момынайтас, Таскешу, Айнатас, Ақтас, Қаратас, Жартас және т.б. атаулар көптеп кездеседі.
Ханарық ауылы. Ханарық ауылы «Мыңшейіт» тарихи орнымен белгілі болған биік төбені жағалай орналасқан елді мекен. Ежелде бұл аймақ «Хан төбе» деп аталған. Төбенің етегінен арық қазылып, елге су жеткізілген. Арық және оны жағалай орын тепкен ауыл төбеге байланысты Ханарық деп аталған. Ауыл қарияларының айтуы бойынша, жоңғар шапқыншылығы кезеңінде қазақ ханының бірі мұндағы қыратта орда тіккен. Арық қаздырып, мал-жанына су келтірген. Ханарық атауы осыдан шықса керек.
Ұзынарық ауылы. Ұзынарық ауылы­ның атауы да ежелден аймақтың география­лық ерекшелігіне байланысты қалыптасқан топоним. Тарихи деректерге сәйкес, мұнда мекендеген халық таудың арғы жағындағы бұлақтан ауылға дейін ұзыннан-ұзақ арық қазып, елге су жеткізген. Арық пен оны жағалай орналасқан ауыл Ұзынарық атауын иемденген.
Диханкөл ауылы. Диханкөл ауылдың атауы есімі тарих пен аңыздарда қалған Дихан бабамен байланысты. Осы өңірді мекендеген халық жер игеріп, егін еккен, шаруашылықпен айналысып бақуатты ғұмыр кешкен. Топоним «Дихан» және «Қол» деген қосынды сөзден құралып, тілдің сингармонизм (дыбыс үндестігі) заңына сәйкес «Диханкөл» болып қалыптасқан.
Алшалы ауылы. Алшалы ауылының атауы таулы өңірде топ-топ болып өсетін алша ағаштарына байланысты шыққан. Аудан тау бөктерінде орналасқандықтан, ағаш атына байланысты да атаулар көптеп кездеседі. Солардың бірі осы Алшалы ауылы.
Балдыберек ауылы. Балдыберек ауылының атауы мұндағы өзен атауымен байланысты. Тарихи деректерге сәйкес, ежелде мұндағы ел мен жердің қамқоршысы Балдарбек баба болған деседі. Сол себепті, мұндағы елдің тіршілік көзі болған өзен де, оны жағалай орын тепкен ауыл да сол бабаның құрметіне аталған. Уақыт өте келе атау тілдің сингармонизм (дыбыс үндестігі) заңына сәйкес «Балдыберек» болып кеткен.
Дарбаза ауылы. Дарбаза – аудандағы табиғаттың қайталанбас ғажайып туынды­ларының бірі. Ол Қаратөбеде ауылдық әкімдігінің Ақсу-Жабағылы қорығымен шектесетін шығыс аумағында. Дарбаза Алатауға кіретін қақпа секілді. Әдейі қолдан тауды қашап, ойып жасағандай. Сондықтан да оны халық «Дарбаза» деп атап кеткен.
Әңгірата ауылы. Әңгірата ауылының атауына байланысты мынадай деректер бар. Ертеде Қазығұрт тауының басындағы Кемеқалған әулиеге Араб елінен келген зиярат етушілерді Аңғар есімді қарт бастап келіп, ол сол маңда тұрақтап қалыпты. Қазығұрт тауының солтүстік-шығыс жағына таман жайлауы кең, суы мол өзен бойында күн кешкен Аңғар ата осында дүние салып жерленді. Ағадан тараған ұрпақтар Қазығұрт өңіріне түбегейлі сіңісіп кетеді. Осы аңызға сәйкес «Әңгірата» топонимі қалыптасқан. Әң­гірата ауылының маңайында Ғайып Ерен Қырық Шілтен әулиелі жер бар.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы
жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.