Катонқарағай қайта құрыла ма?

«Шекаралық аудандарға ерекше мәртебе керек» атты мақалаға орай

(«Ана тілі» №1(1363) 6 – 11 қаңтар 2017 жыл)

Биыл «Ана тілі» газетінде Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауылдық округінің әкімі А.Балтабаевтың «Шекаралық аудандарға ерекше мәртебе керек» деген сұхбаты жарық көрді. Ауылдастарымның жанайқайын түсініп батыл қалам тартқан басылымға алғысымды білдіргім келеді.

Семей жері алты Алашқа Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты қазақтың дана да дара біртуар ұлдарын дүниеге әкелген топырақ ретінде қымбат та қастерлі болса, Катонқарағай қазақи қара сөздің хас шеберлері, Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Қалихан Ысқақов, Оралхан Бөкей, Әлібек Асқаров пен Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Дидахмет Әшімхановтармен мақтанады. Сондай-ақ осы қасиетті топырақта ақиық ақын Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың жігіт кезіндегі, әйгілі әнші Бибігүл Төлегенова мен белгілі ғалым Сәрсен Аманжоловтай біртуарларымыздың балалық шақтағы ізі жатыр. Шығыстың шырайы, «екінші Швейцария» атан­ған әсем де сұлу бұл өлке Мұзтау, «Рахман қайнары» шипажайы сияқты табиғаттың бізге берген ерекше ­сыйымен де, жәдігерлері әлемдік ғылыми маңызға ие болып отырған «Берел» қорғанымен де көпшілікке танымал. Міне, осындай әсем өңірді атамекенім деп біліп, шығыстағы шекараны қымтап ұстап келген қарапайым жұрт ғасырлар бойы мекендеген жерлерін тастап амалсыздан беті ауған жаққа босып көшіп жатыр. Тұрғындардың жаппай көшуінің басты себебі, 1997 жылғы әкімшілік-аумақтық өзгертулер кезінде Катонқарағайдың Большенарым ауданымен біріктірілуі, аудан орталығының ішке қарай 100 шақырымға көшіріліп Большенарым селосы болып белгіленуі. Екі аудан біріктірілгенге дейін бұрынғы Катонқарағай ауданында тұрған 27000 халықтан 2016 жылдың соңында 12101 адам ғана қалды. Яғни соңғы бір жылдың ішінде ғана 593 адамға (2015 жылы 12694 адам болған) кеміп кетті. Өңірдегі бала туу көрсеткіші де көңіл көншіт­пейді. Өткен жылы небәрі 150 сәби дүниеге келсе, сол жылы 123 адам қайтыс болған. Осы бетпен демографиялық жағдай жалғаса берсе енді бес-он жылда Шығыстың інжу-маржаны, Елбасымыз «Жұмақ жер» деп атаған Катонқарағай иесіз қалмасына кім кепіл?
Үш мемлекетпен бүйір түйіс­тірген, солтүстігінде емініп Ресей, шы­ғы­сында телміріп Моңғолия, оң­түстік шы­ғысында тебініп Қытай тұрған Катон­қа­рағайды бұлайша қалдыру мемле­кеті­міздің қауіпсіздігін әлсірететін жағдай екендігін сезінетін шақ келді. Қытай мемлекеті бізге іргелес Шыңжаң аймағына өз халқын барынша топтастырып жатқанда, ал Ресей Алтай өлкесінің тұрғындарын қайткен күнде ұстап қалу үшін (қыз­мет­керлердің еңбекақысына 90 пайыз үстеме ақы қосып отыр) бар жақ­сы­лықты жасап отырғанда шека­ра­мызды жалаңаштап тастауымыз жарамас.

Катонқарағай ауданының орталығы стра­тегия­лық жағынан дұрыс шешілмеген­дігі жө­ніндегі дәлелдер айтылды, ал енді әлеуметтік-экономикалық жағынан неге тиімсіз екендігіне келсек, аудан орталығы етіп Үлкен Нарын ауылының алынуы халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етті. Қазіргі біріктірілген Катонқарағай ауданының жер көлемі 13500 шаршы шақырым. Аудандар біріккенге дейін бұрынғы Катонқарағай ауданының 9,6 мың шаршы шақырым, Үлкен Нарын ауданының 3,9 мың шаршы шақырым жері болған. Салыстырмалы түрде алғанда тарап кеткен Катонқарағай ауданының жері бұрынғы Үлкен Нарын ауданының жер көлемінен 5,7 мың шаршы шақырымға немесе 2,45 есе көп. Бұрынғы Катонқарағай ауданына тиісті алыс ауылдар қазіргі аудан орталығынан: Аршаты ауылы 191, Рахман қайнары 204, Қараайрық 184, Ақ шарбақ 157, Жазаба 150, Бекалқа 150 шақырым қашықтықта, жолы өте қиын, тау ішінде орналасса, тарап кеткен Үлкен Нарын ауданының ең шеткері ауылдары Алыбай 38, Сенное 70, Парамоновка 40, Свинчатка 34, Бесүй 53, Ново-Поляковка 48, Огнево 63 шақырым қашықтықта орналасқан. Бір сөзбен айтқанда, Үлкен Нарын ауылы аудан орталығы болатындай географиялық эпицентр болмаса да, орталық болып бекіді. Қазіргі біріктірілген ауданның бір жақ шетінде тұрған аудан орталығы Үлкен Нарын ауылы, көршілес Зырян ауданының орталығынан небәрі 70 шақырым ғана жерде тұр. Екі аудан қосылғанға дейін халықтың басым көпшілігі Катонқарағай өңірінде болды. Яғни Катонқарағай өңіріндегі 31 елді мекенде 27000, ал Үлкен Нарын өңіріндегі 24 елді мекенде 24000 халық тұрған болатын. Егер де аудан орталығы Катонқарағай ауылы болып белгіленсе, онда Үлкен Нарын ауданына қарасты ең шеткі ауылдар Катонқарағай ауылынан: Парамоновка 124, Ново-Поляковка 124, Свинчатка 122, Алыбай 114, ал бұрынғы Катонқарағай ауданына қарасты ауылдар Аршаты 107, «Рахман қайнары» 120, Ақшарбақ 109, Бекалқа 108, Жазаба 107 шақырым болар еді. Осылай болса халықтың аудан орталығына келіп-кетіп қатынауына қолайлы жағдай туар еді. Алайда іс бұлай шешілмеді. Жоғарыда көрсетілген жағдайлар аудан халқына экономикалық-әлеуметтік қиындықтар тудырды. 1997 жылы жіберілген қателік басқару аппаратын ұстауға жұмсалатын шығынды да көбейтіп отыр. Бұған мына бір қарапайым мысалдың өзінен анық көз жеткізуге болады. Қазіргі кезде аудан орталығы болып отырған Үлкен Нарынға біздің өңірден ең жақын, әрі жолы жақсы округтердің бірі Белқарағай 75 шақырым жерде. Мұндағы ауылдық әкімге немесе оның көмекшілеріне орта есеппен алғанда айына әртүрлі мәселелермен кемінде 10-15 рет баруға тура келеді. Яғни 24 жұмыс күні ішінде ол осыншама күн өз орындарында болмайды және тек жол жүруге (бензинге) кем дегенде 29-43 мың теңге жұмсайды. Ал шалғайдағы Өрел, Ақсу, Коробиха, Жамбыл ауылдық округіндегілер бұдан екі есе артық шығынданады, уақытты да артық жоғалтады.
Шекаралық аудандарды қалпына келтіру туралы бұған дейін де жазылып, айтылып жүр. Өткен жылдарда жүздеген адамдар қол қойған өтініш хаттар құзырлы органдарға жолданған болатын. Бұлардан басқа шығыстағы, әсіресе Қытаймен шекаралас жатқан аудандардан ел көшіп, жер бос қалып жатқандығы жайында Қасым Қайсенов, Бибігүл Төлегенова, жазушылар Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері Катонқарағай өңірінің тұрғындарын алаңдатып отырған шекараның бос қалуы, демографиялық мәселелерді қозғады. Алайда ел жанашырларының да, қарапайым ха­лықтың да даусы тиісті орындарға жетпеді. Өңірдің келешегінен түңілген халықтың көшуі әлі де тоқтаған жоқ. Көктемнің шығуын тосып, жүк­­терін буынып-түйініп отырған отбасыларын қазір қалған ауылдардан да табуға болады. Осы жиырма жылдың ішінде шекара түбіндегі Қа­раайрық, Талды, Маралды ауылдарының орын­­дары ғана қалса, келесі кезекте Ақшарбақ, Бекал­қа, Мойылды, Шұбарағаш, Сөгір, Қайың­ды, Ақ­марал ауылдарын да осындай жағдай күтіп тұр.
Катонқарағай – дүниежүзіне танымал өңір. Осыдан он бес жыл бұрын мұнда мемлекеттік ұлттық парк құрылды. Қазақстандағы орман-тоғайдың 12 пайызы біздің өлкеде. Жеріміз өте көрікті. Халықаралық туризмді нығайтуға толық мүмкіндік бар. Катонқарағайдың пантысы мен балы төрткүл дүниеге танымал. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде бұл ара сақ, ғұн, жалпы түрік қағанатының қасиетті қонысы, тарихи атамекені екені дәлелденді. Кеңес үкіметі құлағанға дейін мал шаруашылығымен шұғылданған өңірде 171 мың бас қой, 12 мың бас сиыр, 10 мың бас жылқы, 9 мың бас марал, 4,5 мың бас теңбіл бұғы, 16 мыңдай ара ұялары болды. Оның үстінде жеке меншікте де мыңғырған мал болғанын тілге тиек етуге болады.
Көптің көңілін жаулап алып жүрген Катон­қарағайда туристік базалар, кемпинг­тер салынуда. Атап айтар болсақ олар «Екі дос» ЖШС салған «Нұрбұлақ» демалыс орталығы, Шыңғыстай ауылының маңындағы туристік база, Ақмарал ­ауылы жанындағы және Катонқарағай ауылындағы «Ақ қайың», «Баян» пантымен емдеу орындары сияқты жиырмаға жуық әртүрлі туристік нысандар. Мұның сыртында мемлекеттік маңызға ие болған «Рахман қайнары» шипажайы, қазіргі кезде республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасымен салынып жатқан «Берел» мұражай-қорығы бар. Мұның өзі Катонқарағай өңірінің туризм саласын дамытуға инвестициялық мүмкіндіктерінің мол екендігін көрсетеді.
Аудан орталығын Катонқарағайға қайтып әкелуге қолайлы жағдайлар сақталған. Мәселен, біріншіден, Катонқарағай ауылы Өскемен – «Рахман қайнары» республикалық маңызға ие сапалы автокөлік жолы бойында орналасқан. Екіншіден, Катонқарағайдың инфрақұрылымы да жақсы, ауылдың басты көшелері оқтай түзу, кең және асфальтталып жарықтандырылған. Үшіншіден, жылу беру және ауыз су жүйелері қалыпты жағдайда. Төртіншіден, байланыс жүйесі күрделі жөндеуден өткізіліп сандық станция орнатылды. Бесіншіден, ауыл тұрғындары қазақстандық 4 арнаның телехабарларын көріп отыр. Алтыншыдан, Өскемен, Зырян қалаларымен және Үлкен Нарын ауылымен автобус қатынасы орныққан.
Катонқарағай аудан орталығы болған жағдайда мұнда мемлекеттік мекемелерді және мамандарды баспанамен қамтуда аса қиындық тумайды. Өйткені 1997 жылға дейін аудан әкімдігі орналасқан үш қабатты ғимарат сол қалпында сақталған және де ол Үлкен Нарындағы ­аудан әкімдігі орналасқан үйден екі есе үлкен. Катонқарағай ауылында екі үш қабатты және бірнеше екі қабатты үйлер бар.
Аудан орталығын Катонқарағайға қайтып әкелу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына дем береді: шекаралық аймақтағы халық тұрақтанып, саны күрт өседі; әкімшілік пен қаржы орталықтарының жақындатылуы арқылы бизнестің белсенділігі артып, туризмнің инфрақұрылымдары жедел дамиды. Осы шара Катонқарағай ауданын дотациялық аудан құрамынан шығарып, экономикалық донор аудандардың қатарына қосылуына септігін тигізеді.

Жәнібек ҚЫЗЫР,
Катонқарағай ауданының
Құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Шығыс Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Сарғалдақ

    Катонқарағай Қазақстандағы ғана емес әлемдегі ең көрікті өңір. Сонымен қатар оның даңқыОралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров сынды көркемсөз шеберлерімен, атақты жазушыларымен шетелдерге де таралған. Жаз туса бұлжаққа демалуға республиканың барлық түкпірінен бармайтын адам жоқ. Елбасы Н. Назарбаевқа да Катонқарағай жақсы таныс. Премьер Министр болып тұрған кезінде Кәрім Мәсімовта келіп дем алып атақты Мұзтауға барып, ондағы көк тасқа барып тілек тілеп, табынған. Сенат пен Мәжіліс депутаттарының көпшілігі Катонқарағайдың қонақжайлығын көрген. Марқұмдар Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Қадыр Мырза-Әліні де Өр Алтай тамсанқан. Шерхан Мұртаза мен Дулат Исабековтер де Алтайдың құдіретіне бастарын иген. Амал не шығыста үш мемлекетпен: Ресеймен, Монголиямен, Қытаймен бүйір түйістіріп жатқан түркінің төрі, алаштың ата жұрты болған қасиетті өңір ағаларымыз бен көкелеріміздің немқұрайлылығы арқасында босап, құрып барады. Яғни елі жоқ жер жетімге айналуда. 1997 жылы аудан орталығы дәрежесінен айрылған Катонқарағайдан халықтың ішке қарай аууы тоқтар емес. Қазірдің өзінде шекара түбіндегі оншақты ауыл құрып кетті десе де болады. Үкімет басындағы, Сенеат пен Мәжілістегі ағайындар-ау, бұл Сіздердің қай қылықтарыңыз. Жаз шыға пантының сорпасына түсуге, табиғат аясында дем алуға, «Рахман қайнарына» баруға,Берелдегі «Сақ патшасының жазығын» тамашалауға ағыласыздар. «Ас ішкен құдығына түкірмес болар». Катонқарағайдан елдің аууы мемлекеттің қауіпсіздігіне, шекараның бос ашық қалуына төнген қауіп екенін ойлап біреуіңіз дабыл қағып, ара түстіңіздер ме?. Қай беттеріңізбен Катонқарағайға келіп, ондағы қалған кәрі-құртаңдардың беттеріне қарайсыздар?.

  2. Өр Алтай

    Қазақтың зиялыларына Катонқарағайды осындай күйге түсіру таңба, әрі ұят. Осыны ойласақ нетті. Ж.Қызыр мен Сарғалдақтың көтеріп отырған мәселесі жалғызбастың қамы емес мемлекеттік мәселе. Ендеше жағдай бұданары қиындамай тұрғанда аудан орталығын Үлкеннарыннан Катонқарағайға қайтару керек. Сонда ғана тарихы бай, қасиетті Катонқарағайды, Қазақстанның жерұйығын сақтап қала аламыз. Аудандар біріктірілгелі жиырма жыл өтседе шыны керек ешкім де Үлкеннарынды аудан орталығы деп қабылдай алмайды.

  3. Қаратай

    Жәнібек замандасымыздың көп жылдан бері туған жері мен елінің қамын жеп шыр-пыр болып жүргеніне біз куәміз. Оның аудан мәселесімен құзырлы орындарға хат жазумен ғана шектелмей ауылға келген мәжіліс депутаттарына жолығып,, шығыстағы шекарамыздың бос қалып бара жатқанын ауызша да жазбаша да жеткізгенін білеміз. Өкінішке орай, оның жан айғайына селт еткен жан жоқ.
    Аудан орталығын Үлкен Нарыннан Катонқарағайға көшіруге ең алдымен қазіргі аудан басшылары қарсы. Өйткені олар өздерінің жантыныштығын, қызметте өсуін ғана ойлайды. Ауданның бір шеті Аршаты мен Берелден, ана Ақсудан 200 километр жердегі Үлкен Нарынға бір жапырақ анықтама қағаз алуға бір емес бірнеше рет баратын қарапайым халықтың жағдайын, немесе Қабанбай мен Бөгенбай батырлар қорғап қалған қасиетті шекараның бүтіндігін тамағы тоқ, көйлегі көк олар ойламайды. Бұлай деуімізге толық негіз бар. Осыдан бір-екі ай бұрын катонқарағайлық біртоп азаматтар облыс әкімі Даниал Ахметовке аудан орталығын бұрынғы орнына, Катонқарағайға қайтару жөнінде ұсыныспен шыққан болатын. Осы ұсыныс хат Даниял Кенжетайұлына жетті ме, жоқ па бір Алла біледі. Егерде ол кісі хатты алған болса хатқа жауап жазған облыстық экономика бөлімінің басшысының орынбасары Қайырғазинов Катонқарағай ауданының басшылары берген жалған деректерді пайдаланбас еді. Мәселен ол Катонқарағай ауылында » Халық банкі» АҚ бөлімшесі жұмыс істейді, адамдардың өмірін ұзарту орталығы бар, ауыл 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Аудан орталығын Катонқарағайға көшіру үшін қызметкерлерге 6 отыз пәтерлік үй салу керек. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға да қызмет орындары қажет. Оларды салу үшін 5,8 миллиард қаржы керек деген сияқты ел күлетін сылтауларды айтыпты. Катонқарағайдағы үш қабатты әкімшілік үйі сол күйінде сақталған. Ол Үлкен Нарындағы аудандық әкімшілік үйінен үш есе үлкен, оған аудандық әкімдік барлық бөлімдерімен сыйып кетеді. Бұдан басқа Катонқарағайдағы мекемелер мен мектептерде, ауруханада бірнеше мың шаршы метр орындар бос тұр. Бір мың шаршы метрлік үш қабатты «Қазтелеком» үйі де босатылуда. Бұдан басқа да иесін тосып тұрған ғимараттар Катонқарағайда жетерлік. Катонқарағай географиялық жағынан да, стратегиялық жағынан да аудан орталығы болуға әбден лайық. Тек оған басшылар мен бір Құдайдың көзі түзу болсын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.