Арыс жайлы сыр шерткен…

Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдық мерейтойына орай  мәдениет басқармасының ұйытқы болуымен, «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының қолдауымен  «Аудан-қалалар көші – «Отырар» кітапханасында» атты жаңа жоба қолға алынғанын естіп, қуанып қалдық. Мақсат – жұртшылыққа күншуақты өңіріміздің әрбір ауданы мен қаласының тарихын, әдебиеті, мәдениеті мен өнерін кеңінен таныстырып, насихаттау.  

Сонымен, жаңа жобаның шымылдығын қасиет дарып, құт қонған Арыс қаласындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ашты. Теміржолдың торабында орналасқан, Ережепбай Молдабаев, Бейсен Онтаев, Берген Исаханов, Садық Смайылов, Нағи Ілиясов, Иван Журба сынды Кеңес Одағының Батырлары, Әуесхан Салықбаев, Әбдуәлі Балғынбеков, Сырлыбек Байжанов, Қабжан Мұхамеджанов, Боранбек Шүкірбеков секілді Социалистік Еңбек Ерлері шыққан қаланың өкілдері ақын-жазушы, кітапханашы, өнерпаздарымен бірге Арыс жайлы сыр шертетін кітаптар мен қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырыпты. Әсем өрнектелген киіз кітапқа салынған кітаптар топтамасы мен жергілікті ақын-жазушылардың төл туындылары облыстық «Отырар» кітапханасына салтанатты жағдайда тапсырылды. Іс-шараны Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ырысдәулет Айтбаев, облыстық «Отырар» кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова қысқаша құттықтау сөз сөйлеп ашты. Қаламгерлер Еркінбек Тұрысов, Нармахан Бегалыұлы көгілдір лентаны қиды. Ералы Әлімбеков пен Сәуле Меңдіқұлова арнау-термелерін орындады.
Арай Әлиева мен Нұрсұлтан Отар жүргізген әдеби сазды бағдарламада белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Мұңлық-Зарлық» пьесасы мен «Біз соғысты көрген жоқпыз» хикаятынан шағын сахналық көрініс қойылды. Бір ғажабы, ондағы рөлдерді түгелдей дерлік кітапханашы қыз-келіншектер орындады. Майлықожаның «О, бір дүние жалған» атты термесі мен ақындар Бекен Әбдіразақовтың «Бір уыс алтын мен бір уыс тары» аңызы, Нәмет Сүлейменовтің «Соғыс ардагерлері», Қосжан Мүсіреповтің «Туған жер» өлеңдерін Б.Әлиханов, Н.Отар мен С.Әли мәнерлеп оқып берді. Өнер мектебінің өкілдері «Теміржолшылар әні», «Қобызшы қыз», әншілер триосы Арыс туралы әндерді, ал кітапханашы қыздар «Кітапханашылар жырын» шырқады. Жезтаңдай әнші Жазира Искенова Садықбек Адамбековтің «Қырманға кел, қалқатай» әнін әуелеткенде сүйсінбеген жан қалмады.

Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер және
халықаралық Жазушылар
одақтарының мүшесі

ШЫМКЕНТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.