Сұлу сөздің сипаты

M. Fethullah GulenҚандай да бір халық болмасын, оның ұлттық тұрмыс-тіршілігінде тіл шешуші рөл атқарады. Бұрын айтып келгеніміздей, тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл дегеніміз – адам. Адамның адам болып жүргенінің өзі осы тіл арқасында. Сол сияқты тіл дегеніміз – ұлт. Ұлттың ұлт болып өмір сүруінің басты шарты – осы тіл. Бұл турасында ұлы Мағжан тамаша айтқан: «Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де – қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде жасай алған емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бас­тауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмаққа тиісті» (М.Жұмабаев. Шығармалары, 2-3-том, Алматы, 1996, 289- бет).Тілдің ұлт өміріндегі аса маңыз­ды орны жайлы халқының ертеңгі қамын ойлаған талай тамаша қоғам қайраткерлері же­ріне жеткізе айтқан пікірлері кейінгі ұрпақтардың есінде. Солардың бірі, қырғыз елінен шыққан ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов: «Халықтың мәңгі ғұмыры – тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін – ұлы», – депті. Сондықтан да әрбір ұлт өзінің болашағы жайлы істерін, күресін – тілін, сол тілде жасалған рухани құндылықтарды дамытудан, соған кең өрістер ашудан бастаған. Тіл мәселесін дұрыс шеше алмаған талай халықтар тілі жойылып, сонымен бірге өзі де тарих сахнасынан түсіп кеткен. Сондықтан да ертеңін ойлаған халық барлық уақытта да тілін көзінің қарашығындай сақтап, тілі күшейгенде күшейіп, әлсірегенде әлсіреп отырған.
Ұлт өміріндегі осы бір аса нәзік мәселеге Фетхуллаһ Гүлен де ерекше назар аударыпты. Ол: «Тіл – мәдениеттің басты серіппесі мен негізгі қозғаушы күштерімен тепе-тең. Қоғам тіл мен пікірге қаншалықты бай болса, соншалықты қабырғалы әрі қайратты болып саналады. Кісі өз ана тілін неғұрлым жақсы меңгеріп, басқалармен де еркін тіл табыса білсе, соғұрлым өз болмысы мен өмірінің мәнді өтуіне алғышарт жасай алады. Негізінен, тіл – адамның тіршілік пен өмірдегі оқиғаларға деген көзқарасын, біртұтас ағзаның және оның әр бөлшегінің жарасы мен мән-мағынасын қалыптастыратын ең маңызды фактор. Қай тұрғыдан алғанда да тіл мәдени өмірімізде шешуші рөл атқарады» (Ф.Гүлен. «Баян». А., 2009, 25-бет), – деп біледі. Ойын ары қарай: «Тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болуы­мен қатар, өткендегі олжаларды бүгінгі күнге, ал бүгінгі пайымдарымызды келешекке жеткізу үдерісінде де өте маңызды дәнекерлік міндет атқарып ке­леді. Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа синтезге, жаңа бейнеге, жаңа кейіптерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі халқы қай деңгейде тілдің бай қорымен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі; қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді», – деген терең тұжырымдармен жалғастырады.
Ғалымның ойынша, сол халық үшін тілдегі әрбір сөз – қымбат. Сол тілде айтылып, бізге жеткендердің барлығы да сақталуы қажет. «Бізге өткеннен аманат болып жеткен біртұтас тарихи және ұлттық құндылықтарымыз міндетті түрде ұлт мүддесіне қызмет етуі тиіс». Олай болмаса, «сөйлесетін аузы мен ойлайтын миы жоқ қоғамның орнына ылғи да өзгелер сөйлейді және ойлайды».
Тілдің де өмір сүру заңдылықтары бар. Ең алдымен, оған еркіндік керек. Еркіндігі болмаған тіл қанат жайып өркендей алмайды. Мұны Кеңес өкіметі кездеріндегі қазақ тілінің халінен анық көруге болады. Содан кейін барып, сол тілдің өзегі боларлық негізгі заңдылықтарын сақтап, тілбұзарларға қарсы күресіп, оның дұрыс жолда дамуына барлық жағдайлар туғызатын қамқорлық жасалынып оты­руы керек. Бұл турасында Ф.Гүлен: «Иә, тіліміздің тіл болуы өзегі мен рухын сақтап, кез келген сөзді жеткізуде қиналмай, онымен өз ойының еркін айтылуына байланысты… Бірде-бір ұлт ана тілін ешқашан ғылымнан шет қалдырмау керек және жеке ептілікпен ғылымдар санатында зерделеп, ғылым саласында көпшіліктің қызығушылықпен жалықпай зерттейтін терең тақырыбына айналдыруы тиіс» (сонда, 28-бет), – деп жазады.
Ғалым тілдің дамуын ұлттың дамуымен тікелей байланыстырады. Тіл мен ой бір нәрсенің екі жағы сияқты. Сондықтан да тіл белгілі бір ұлттың ұлттық ойы мен сана-сезім дәрежесін де аңғартады. Тіл дамымаса, сол ұлттың ойы да дамымайды, демек, ертеңін ойлауға тиісті ұлт болашақ даму жолдарын дұрыс анықтай алмайды, не істеу керектігін жаңаша ойлап, шеше алмайды. Сондықтан да тілді дамыту дегеніміз – ұлтты дамыту деген сөз, оның келешегін ойлау деген сөз. Олай етпеген, яғни тіл мен ойға өріс бермеген ел «уақыт өткен сайын өмір сүру қабілетінен айырылады». «Ана тілінің түп-тамырына балта шаппаған және тілге осы деңгейде кеңдік пен серпінділік танытқан елдер ұдайы өзіндік үні бар, емін-еркін сөйлейтін және терең ой қозғайтын ең серпінді қоғамға айналады, басқаша болуы мүмкін емес» (сонда, 29-бет) екендігін өмір дәлелдеп отыр.
Ф.Гүленнің тіл, сол тілде жасалынған рухани құндылықтар, оның қоғам өмі­ріндегі орны жайлы көзқарасы мына бір жолдардан анық көрінеді: «Бір жағынан, жаңа әрекеттер арқылы ұлттық рухымыздың түп-тамырын белгілеп, бұларға сүйенуге, тіпті олардан асып кетуге күш салып отырғанда, екінші жағынан, өмір сүру үшін жаңару, жеміс бере білу үшін де үнемі жалындап тұру идеалымен көңілдеріміз – рух пен мағыналық түп-тамырларымызда, көздеріміз – ке­лешектің керемет көкжиектерінің арғы беттерінде өмір сүруді және жаңалық ашуды «болмаса болмайды» деген өл­шемдегі бір қағидатты қабылдап, еш уақытта сарқылмас бір құштарда іңкәр сезіммен тіршілік етуіміз керек, сонда ғана өмірімізді толық арнаған келешек ұрпақтарымызға ғибратты ғұмыр сыйлай алмақпыз» (сонда, 30-бет). Демек, ұлттық даму ұлттық құндылықтарға негізделіп жүргізілсе ғана өз жемісін береді.
Ф.Гүленнің қазақ тілінде шыққан бір кітабы «Баян» (2009) аталған. «Баян» сөзі қазақта да тура осы мағынасында. Ғалымның айқындауынша, «Барлығы­мыз – бір-бір тіл, ал тілдердің жаратылыс мақсаты – баян. Ең үлкен ақиқаттың өзегінде жатқан хақты мойындап, бар болмысты осы тұрғыдан симфония сияқты үндестіріп отырған, дыбысқа салып, әрбір нәрсенің негізіндегі мәннің жасырылған дидарын ашқан және оған өз-өзін таныстырып кетуіне мүмкіндік туғызған да – баян. Ой-толғау қазыналары қақпаларының құлыптарын ашатын бір ғана кілт – баян, кіндікті айналып жүретін ұлан-байтақ әрекет пен қозғалыстың қызыл түймесі – баян, патша мәртебесінен тіршілікке араласу қабілетімен жаралған адам баласының алатыны тағы – баян, қаламы – баян»(Ф.Гүлен. «Баян». 2009, 6-бет). Бұл жерде адам баласы баяндауының мақсаты мен қызметі , құдіреті мен қыр-сырлары жанды сөзбен жарқырай көрінген. «Баян» деп отырғаны – сөз өнері, яғни белгілі бір ойды, оқиғаны ауызша немесе жазбаша түрде баяндай білу.
Ғалымның сөз өнері жайлы пікірі аса маңызды: «Осы уақытқа дейін баянның жеткен шыңына ешкім шыға алмаған және ешбір қолбасшы одан зор қаруға құзыры жүрмеген. Біздің дүниеде әр пайғамбар – сөз көсемі, ал әр әдебиетші сол көсемдерден шашылып дарыған сәуленің бір-бір көлеңкесі… Ата-бабаларымыздың жан дүниесінен сабақтасып-толғасып келген, олардан мирас болып қалған құндылықтардың құндысы баян – мән-мағыналардың ғана түсініктемесі, сөздердің ғана тү­сініктемесі, сөздердің ғана сөз қалыбы емес, сондай-ақ ол – ойымыздың ай­шықталар тілі, сезімдеріміздің тер­бейтін әуезі, жүрегіміздің жалындар қайраты, Аллаһпен арадағы сұхбаттастық тіл­машы, үміттеріміздің келешекке қарай ұшырған алтын қанатты құсы. Осы мақсаттарды қамтыған әлгі баянымыз көк жүзіндегі шетсіз, жер бетіндегі жанды, жібектей жұмсақ, ана құрсағындай аялы өзгешелігімен, өзіне ғана тән екпін-емеурінімен жанартаудай атқылай жөнелгенде, ақыл мен қиссаның оянуын, рухқа қайрат бітуін, сөздердің сиқыры мен сөздің қалай туындағанын жеткізеді. Содан кейін дініміздің ұлылығын, ұл­тымыздың байлығын, көсемдеріміздің күрес пен талпыныстарын, ұлттық айла-амалымызбен үнемі біздерге айтып отырады» (сонда, 8-9,12-беттер).
Көркем әдебиет – баянның, бізше айтқанда, сөз өнерінің, шебер баяндаудың шыңы. Ф.Гүленнің «Әдебиеттің құдіреті» атты мақаласы тұтастай осы мәселенің қыр-сырларын айқындай түсуге арналған. «Назым мен қарасөз арқылы түрлі күй-жайға байланысты айтылған яки жазылған көркем өлшемді, ырғақ пен тілдік ережеге сай сөздер не осы сөздерді зерттеп, саралайтын ілім – әдебиет. Әдебиеттің мәні – негізінен, тәрбие, ізет, көркемдік арқылы нәзіктікке сүйеніп, бір қалыпқа жетуге саятын «әдеп» түбірінен тарайды. Мұнымен қоса, көбіне ол – тұрмысы, өмір сүру қалыбы, дүниетанымына қатысты рухани өмірдің жаңа сараларын ашуға себеп болған салиқалы амалы» (сонда, 14-бет), – деп, әдебиеттің анықтамасын, атқару қызметін дәл айқындаған.
Ф.Гүлен әдебиеттің теориясына бармайды, оның философиялық мәніне, қоғамдағы аса маңызды атқарар қызметіне, рухани өмірде алар орнына қатысты құнды пікірлер айта алған: «Әдебиет – адамзаттың арғы тарихынан бері сұрыпталған ақпарат жиынтығын ұрпақтан ұрпаққа жеткізудің, кешегі уақытты бар тереңдігімен және бай­лығымен, барша ауқымымен бүгінгі күнде де сезе білудің, өткен шақтағы және қазіргі кезеңдегі ақиқаттың қос өлшемдегі кеңістігі, сондай-ақ келешегі де оның салыстырмалы, тереңдігі ретінде ләззат ала білудің ең маңызды жолдарының бірі».
Ал сөз өнерінің асылы саналатын «Өлең – ақиқат пен махаббатты ар­қалаған сезімнің тілі; ғашықтық, теңтек қиял, мұң-қайғы мен қуаныштардың үні, тіршілік пен тіршіліктің арғы жағын сезу, түйсіну және мұндай ақиқаттарды таразылап отырудың ашық немесе жабық, тікелей немесе жанама түрде шыққан сөйлемшесі» (Ф.Гүлен, «Баян». 2009, 57-бет).
Өлеңнің жаны – лирика, яғни түрлі ойлардың «адамның ішкі иірімінде екшеліп, суда буланып, «шыққа» айналуы, содан соң мөп-мөлдір жаңбыр тамшылары іспетті нәзік сезімдер мен сөздер арқылы ақ парақтар бетінде өрнек табуы». «Асылында, өлең – ұжданның айнасы». «Жақсы өлеңде сөз сұлулыққа құрылуы керек». «Тіл мен ара қатынасы жасанды асыра сілтеуге ұрынған, сөзбен сурет сала алмаған өлең – өлең емес».
Ғалым өлең сөздің ішкі иірімдеріне тереңірек үңіледі. Өмірлік ақиқаттардың шынайы жырлануын өлеңнің басты қасие­ті санайды: «… шынайы өлең – адамгершілік, сезімдердің түсінігі, көңілдердің өз та­биғатына сәйкес үні мен дыбысы, адам, әлем және Аллаһ арасындағы қарым-қа­тынастың (ашық немесе жабық) либреттосы, композициясы мен әні, жер бетінен бастап Үркер жұлдызына дейін жалғасатын ақиқаттардың және олардың әрқайсысы тұспалдап отыратын бір-бір көлеңкесі, әрбір заттың сезімдеріміз бен ой-пікірлерімізге түскен кескін-кел­беттің сөз пішіні мен фотосуреті, ғашықтығымыз бен құмарлығымыздың әртүрлі шектерден шертілген жүректің әні және берік иманымыз, үмітіміз, ерік-жігеріміз, сұлулығымыз, ғашықтығымыз, сағынышымыз бен іңкәріміз» (сонда, 62-бет). Сонымен бірге «өлең – әр уақытта дерлік қоғамның бет-бояуын, ұлттық рух пен мәдениетін білу, тану, сақтау және тарихтың әртүрлі кезеңдерін бір-біріне байланыстыру» міндеттерін атқарған.
Сөз – белгілі бір ұлттың ұлттық тілінің көрінісі болғандықтан, сөз өнерінің де ұлттық сипаты бар. Сондықтан да әдебиеттің басты қа­сие­ті – оның ұлттығында. Көркем әде­биет дегеніміз – белгілі бір ұлттың тілінде көрініс тапқан сол ұлттың автопортреті. Әдебиетінен сол ұлттың тұрмыс-тіршілігі, арман-мүддесі неғұрлым шынайы көрініс тапса, ол соғұрлым құнды. Ойымызды Ф.Гүленнің сөздерімен сабақтастырайық: «… әр ел әуелі өзінің ұлттық және діни қайнар көздерін негізге алып, әрдайым соларға назар аударуы керек.Өзіндік ұлттық сана мен рух өзегін алға тартып, оны негізгі құрамдастай қабылдауы керек. Тіпті олар әдеби сезімдерін және көркем ой қабылдауларын суреттеуде мызғымас арқау болу керек деп ойлаймын. Сол кезде өз әдебиетінің рухына ешқандай зиян тимейді және өз сезімдерін, ойларын, шабыттарын үндестіргенде, зат-амалдарға да зәру болмайды. Міне, дәл осылайша өзінің мәдени құндылығын арқау қылған соң, өз заманына сай анықтау яки талдау жасауы оның кеңеюінде, тереңдеуінде және әлемдік деңгейге қарай қадам басуында, ешқандай қолайсыздық пен ың­ғай­сыздық болмаса керек» (сонда, 19-бет). Тағы бірде ол «әдебиет – ұлттың бол­мысы мен ой-пікірінің, рухани ой-ілімнің көркем айнасы» деп жазады.
Ғалым әдебиетті томаға-тұйық­тықтан сақтандырады. Әрбір ұлт адамзаттың бір бөлшегі болғандықтан да оның әдебиеті де басқалармен бірге қатар дамуы, жақсысынан үйрене отырып, жетіле түсуі – өмір заңдылығы. Бұл турасында Ф.Гүлен: «Шынында, ұлттық сана, ұлттық мәдениет негізге алынып, соның қайнар көзі де нақтылана түсіп, қателікке жол бермеудің алдын алғанда, әлемдік құндылықтарға селсоқтық таныту – кең ауқымды тарылту, өсіп келе жатқан өскінді тежеу, тірі жанды өлтіру, қызғандырып, құмарландыру жағдайынан қызғану мен құмарлану пәстігіне құлдырап құлап түсу деген сөз», – дейді.
Ойшылдың мына бір сөздерінен қо­ғамның рухани жағынан дамуындағы әде­биеттің айрықша рөл атқаратынды­ғын көреміз: «Әдебиет болмағанда, даналық өзінің салтанатты тағына ие бола алмас еді, философия бүгінгі күнге жетпес еді, шешендік өнер біздің қажеттілігімізге жауап бере алмас еді. Алайда даналық, философия мен шешендік сөздер өз салаларындағы «құнсыз байлықтарын» түгесілмес қазына етіп, әдебиеттің жолына жайып салып, оған мәңгілік ғұмыр сыйлаған» (Ф.Гүлен. «Ғұмырлық өлшемдер немесе жол бойындағы оттар». А., 2009). Иә, қоғамды әдебиетсіз бір сәтке көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Халықтың ғасырлар бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп жасаған, бізге сөз өнері арқылы жеткен рухани құндылықтарының бәрі жоқ болып, бір-бірімен қырқысқан, алдаспандары жарқылдап, қару-жарақтары сықырла­ған жойқын соғыстардың ғана елесі қалған болар еді. Ал сол қырқыстардың адамдардың бір-біріне ашкөздігінен, бір-бірінің байлығын, жерін тартып алу ниеттерінен, яғни адамдардың бойында­ғы рухани қасиеттердің жетіспеушілігі­нен, бір-бірімен тіл табыса алмауы салдарынан туындап отырғаны белгілі.
Ф.Гүлен «сөз патшалары» – ақындар мен жазушыларды аса құрметтеп, ең­бектерін жоғары бағалай отырып, олардың алдына бүгінгі күн тұрғысынан үлкен міндеттер жүктейді: «…әде­биет­шілер сөз сөйлеу шеберліктерін және көркем өнер қабілеттерін үнемі хақ пен жақсылықтың әміріне бағындырып, шәкірттері болып саналатын бұқараны дұрыс жолдан адастырмай, жалғандықтан бойын аулақ ұстау керек. Ел-жұрттың кіршіксіз ойын лас қиялдарымен былғамай, нәпсіқұмарлықты суреттеп, Аллаһтың құлдарын ешуақытта тән құмарлықтарынан құтыла алмас, азаттыққа жете алмас «тәннің құлдары» болуға ынталандырмауы керек» (сонда, 23-бет).
Әдебиеттің қоғамда атқарар тәр­биелік, танымдық сияқты сан ал­уан қызметтерінің ішінде адам жанын нәзіктілікке, сұлулыққа тәрбиелеуі аса маңызды. Жаны нәзік, өмірдің бар-болмыс құбылыстарын, өнер туындыларын жанымен түсініп, сұлулығын сезініп, содан рухани ләззат ала білген – нағыз тәрбиелі, жаны сұлу адам. Ал сұлулықты сезіну – адамға ғана тән оның бойындағы аса биік қасиет. Гүленше айтқанда: «сұлулық – көзіміз бен жан дүниемізді жаулаған, рухымызда қуаныш пен келісім сезімдерін оятқан, содан жалғасып, ары қарай ішкі дүниемізде әсемдікке айналып үлгерген және бізге суретттеп беруге оқиға соқпағын ең қызық дәуренді, балғын-балауса сәттерді туғызып отырған мән, мағына, мазмұн және сурет салуы эстетикалық негіздер, не болмаса осы негіздердің бір бөлігін тамашалатқан ішкі әлеует» (сонда, 31-бет).
Сұлулық – аса күрделі категория. Оның сан қырларын саралап зерттейтін – эстетика. Бұл мәселеге Ф.Гүлен Ислам діні тұрғысынан келіп, өзіндік тұтас бір концепция ұсынған: «… әрбір көркем бейне немесе зат хақ Аллаһ Тағалаға нұр сипатының, сұлулығының айнасы және жаңғырығы. Жан-жүйеміздегі келісім, сүйіспеншілік, әлей және қуаныш сезімдерін оятқан әрбір көрініс пен сурет, әрбір ырғақ пен мақам, әрбір үн мен дыбыс, әрбір үйлесімділік пен жарасымдылық, әрбір әуен мен сарын – сол сұлулардың сұлуы Аллаһтың көрініс табуы» (сонда, 31-32-беттер).
Ғалымның пайымдауынша, біз Алла Тағала жаратқан сұлу әлемнің ішінде жүрміз, соны сезінеміз. Сол сұлу әлемнің ішінде жүрген адам да – сұлу. Өйткені «адамның өзі осынау күллі сұлулықтың соңғы нүктесі іспеттес… Кескін-кел­бетімен, зат-мағынасымен, физика метафизикасымен, ой характерімен, ақыл иманымен жаратылған адам – нағыз «ғаламат нұсқа» (сонда, 37-бет).
Ал осы сұлу әлемде жүріп «сұлулықтарды сезініп, ләз­зат алудың сиқырлы кілті – иман». Сондай-ақ иманға жетудің, имандылықтың жолдары да – сұлу. Сұлу жолға түскендер де, «сұлуларға ергендер де сұлу болады». Шын сұлулықты «рух жүйесін тазартқандар» ғана сезіне алады. Ал сұлулық бізді өзімізден асырып, кемелдікке көтеру және материяның тар қабығынан құтқарып, қайнар көздің кең кеңістігіне жеткізу үшін жаралған» (сонда, 42-бет).
Демек, адамнан сұлу, «сіз», «біз» десіп сыйласқан адамның мына сұлу өмірде сұлу ғұмыр кешкенінен артық бақыт жоқ екен. Сұлу өмірде оның сұлулығын сезініп, сұлу ғұмыр кешу – асыл арман.

Дандай Ысқақұлы,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.