«Ән-аға» көрермен көңілінен шықты

«Хабар» арнасында қазақтың дарынды композиторы Шәмші Қалдаяқовтың өмірінен сыр шертетін «Ән-аға» сериалының көрсетілімі жүріп жатыр. Көрермен қауым тарапынан жоғары бағаға ие болған туындыда сазгер образы шынайы түрде бейнеленген.

Режиссер Жасұлан Пошановтың сәтті шешім­дері бірден байқалады. Мысалы, алты бөлімнің әрқайсысында музыкалық сүйемелдеуге ерекше көңіл бөлінген. Көрсетілім барысында халыққа кеңінен танымал болған «Қайықта», «Менің Қазақстаным», «Қаракөз» әндерін Қазақстанның халық әртісі Жамал Омарованың орындауында ұсынылған. Бұл әндердің барлығы 1956 жылы жарық көргенін ескерсек, шығармашылық ұжымның ізденімпаздығы мен еңбекқорлығын ерекше атап өтуімізге болады.
«Жобаны алғаш бастап, бірінші бөлімінің сценарийі қолымызға тиген кезде біз туындыға қажетті әндердің алғашқы орындаушыларын таңдап алдық. Жамал Омарова, Роза Бағлановалардың шырқаған әндерін «Қазақстан» ұлттық арнасының мұрағатынан таптық. Материалдарды әріптестік ниетпен ұсынған арна басшылығына алғысымыз шексіз»жоба директоры Лейла Асимжанова.
Жазушы Дулат Исабеков бір сөзінде: «Шәмші қайталанбас композитор. Ол өзге бір дәуірді алып келді. Оның алдында айтып жүрген әндеріміз бір басқа еді, Шәмшінің әнінен кейін қазақ даласы басқаша ән сала бастады. Көпшілік жалықпай тыңдайтын бір-екі ғана композитор бар. Соның бірі Шәмші Қалдаяқов»деген еді. Расымен де, композитордың лирикалық әндері фильмде жақсы үйлесім тауып, көрерменге ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан бұл сериалдың жас ұрпаққа Шәмші әндерін насихаттаудағы орны айрықша. Фильмді тамашалау барысында Ермек Серкебаев пен Ришат Абдуллиннің орындауындағы «Бақыт құшағында», Хадиша Шалабаеваның әуелетуіндегі «Отырардағы той» және т.б. шығармалар тыңдарман қиялын тербей түсетіні сөзсіз. Айта кетейік, телехикаяның соңғы екі бөлімін осы жексенбі сағат 20.00 «Хабар» арнасынан көре аласыздар.

Гүлнұр Өтжанқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.