Майлыбаста мектеп ашқан азамат еңбегі ескерілуі тиіс

Кешегі уақыттары елдің ішінде жеке бастың емес, көптің қамын ойлап, қолдан келетін жақсылығын төңірегіндегілерден аямаған бірегей азаматтар болған. Солардың бірі Жұмақан Байсалбайұлы еді. Өкінішке орай, оны көп адам жақсы біле бермейді. Себебі асыл азаматтың өмірден өткеніне де жетпіс үш жыл болған екен. Сондықтан жастарды айтпағанда егде тартқан жандардың өздері «көріп едім», «кездесіп едім» деп айта алмасы анық.

Алайда жақсының аты да, атқарған ісі де құмға сіңген судай із-түзсіз кетпейтіні белгілі. Жұмақан жөнінде де солай айтуға болады. Ел ішіндегі әңгіме, кейбір қолдағы деректер біраз жайттан хабардар етеді.
Жұмақан Байсалбаев 1882 жылы Қазалы ауданына қарасты Майлыбас елді мекенінде дүниеге келген. Ер жетіп, оң-солын танығаннан кейін Қазалыға келіп, депоға жұмысқа орналасады. Бұған дейін де әкесі Байсалбайдан үйренген мұсылманшылық білім қоры бар ол осында жүріп орыс тілін білуге ден қояды. Кейін келе құқық қорғау саласына ауысады. Осы салада қызмет етіп жүргенде ауылдастары болыстыққа сайлайды. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән береді. Сөйтіп, мұсылманша хат танып жүрген балалардың орыс тілін білуі үшін өзі бас болып ауылда мектеп ашады. Осының өзі де болашақты болжай білгенін аңғартса керек. Мектептің, медициналық бөлімшенің бой көтеруіне де мұрындық болған.
– Менің он жеті-он сегіз жастағы кезім, – деп еске алады Ержан Төлеков ақсақал. 1953 жылы күзде дария қатты тасыды. Оның күштілігі сондай, тасқын су теміржолға тірелді. Осы кезде мектеп те, шағын медпункт те құлады. Мектеп іске аспайтын болғаннан кейін Жұмақан атаның ұрпақтары өз күшімізбен қазіргі мектепті салдық. Әдепкіде төрт жылдық, кейін жеті жылдық, бір кездері тоғыз жылдық болды. Қазір бала санына байланысты төрт жылдық мектеп болып отыр. Жұмақан салдырған мектептен білім алғандардың дені теміржол саласында еңбек етті. Олардың қатарында Шәкібай Мамытов, Жанділда Жақыпов, Ержан Төлеков және басқалар бар. Олардың балалары да әке кәсібін жалғастырды. Білім ұясының түлектері ішінде елге сыйлы, қадірлі талай азаматтар болды. Олардың қатарында Қызылорда қаласы атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған Жабақ Берденов, Қызылорда қаласында автобаза директоры болған Еділ Ыбыраев, облыстық ішкі істер басқармасы басшысының орынбасары Алдан Балымбетұлы бар. Кейінгі буыннан Самұрат Имандосовты, Нәжімедин Мұсабаевты, Тастайбек Мұсабаевты, Игілік Қожамұратовты және басқаларды атар едік. Олар да Жұмақан жөніндегі талай әңгімелерге қанық деп ойлаймыз.
Ол кісінің елге жасаған тағы бір жақсылығына тоқтайық. Отызыншы жылдардағы ашаршылық жақсы белгілі. Жұмақан осы кезде ауылдастарынан алтыннан, күмістен жасалған заттарды, басқа да өтімді заттарды жинайды. Сөйтіп, Қарақалпақстанға барып, әлгі заттарды тұқымдық бидайға айырбастайды. Елге оралғаннан кейін дарияның жағасына бидай ектіреді. Осылайша ауылдағыларды аштықтан аман алып қалады.
Жақсы адамның артында ұмытыл­майтын сөз қалады. Ашаршылық жылдарындағы мына бір жайтты да кезінде үлкендер айтып отырады екен.
Бірде ұлы Зейнелғабдинге қатты ренжіпті.
– Мен саған айтып едім ғой. Үйдің сыртына шам жағып қой деп. Неге істемедің?
– Керосин аз ғой, үндемеу керек. ­Бостан босқа несіне жағып қоямыз…, – деп жауап береді баласы.
– Май таусылып жатса көрерміз. Боранды күні адасқан жан болса үйді паналайды ғой. Бар да жағып қой, – деген екен.
Осының өзі-ақ Жұмекеңнің адамдарға жанашыр, қамқор болғанын айғақтаса керек.
Жанділда Жақыповтың «Үш Шобан» атты кітабында Жұмақан жайлы жақсы айтылады. «Саясаткер, ірі тұлға. Халыққа басшы болған, халық үшін еңбек еткен. Революциядан бұрын Майлыбас станциясына мектеп және амбулатория салғызған. «Қара түбек» деген жерге егін еккізіп, суару үшін кең арық қаздырған. Ол қазірге дейін Жұмақан арығы деп аталады.
Сол еңбегінің нәтижесі жақсы болып, халық ішіп-жемнен ешқашанда тарықпаған. Халықты отырықшылыққа баулып, Майлыбас станциясына топ­тастырған. 1931-1933 жылдағы ашаршылық­та интернат ұйымдастырып, көптеген балаларды ажал тырнағынан алып қалуға арашашы азамат болған».
Бұл жинақта Жұмақанның ауылдық кеңестің, колхоздың, тіпті Қазалы қалалық кеңесінің төрағасы болғандығы да айтылады.
Отызыншы жылдар қуғын-сүргіннің кезеңі болатын. Оның салқыны Жұма­қанға да тиеді. Ақырында туған жерден жырақтап, Жамбыл, Алматы облыстарында қызмет істеуіне тура келеді. Алайда қай жерде жүрсе де адалдығы, кісілігінің арқасында сый-құрметке бөленеді. Сауда саласында басшылық қызметтер атқарады.
Ұзынағашта халық ақыны Жамбыл Жабаевпен көрші тұрған. Бұл туралы соғыс ардагері, көптеген жауапты қызмет атқарған Мұрат Сапаров өз естелігінде былай дейді:
– Мен кезінде Жұмақан ағаның тікелей тәрбиесінде болдым. Оның баласы Зейнелғабдин менің жездем еді. Алматы обкомында қызмет етті. Сол баласының тұңғышын Жамбыл атамыз алдына алып, домбырасын шертіп отыратын. Жұмақан: «Жәке, балам ел-жұртына сыйлы, халқының қамын ойлайтын азамат болып өсер ме екен, аузына түкіріңізші» деп қолға салыпты. Жамбыл атамызбен сыйластығы осындай болған.
Кейін Жұмақан өзінің туған мекені Қазалысына оралады. Оның өзінен бұрын «Жұмақан келе жатыр» деген хабар жетеді. Таныс-білістері, тіпті өзі қа­быр­ғасын қалаған мектептің оқушы­лары сән-салтанатпен қарсы алады. Мұн­дай мәртебелі құрмет кім болса соған көрсетілмейтіні белгілі. Оның өзі азамат­тың елдегі абырой-беделін аңғартады.
Ауру меңдеген Жұмекең 1944 жылы 62 жасында өмірден озды. Денесі кейін өзінің атымен аталған Жұмақан қыстауы жа­нындағы Байсалбай қорымына жерленді.
Осы жерде ағамыздың ұрпақтары жөнінде де айта кетейік. Олардың бәрі өнегелі, тәрбиелі болып өсті. Әкелері секілді қай-қайсысы да шаруашылықтың өсіп-өркендеуіне қал-қадерінше үлес қосты. Солардың бірі Әбубәкір. Кейін ол қызметін Алматыда жалғастырады. Ғылым жолына түсіп ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты атанды. Алматыдағы ауылшаруашылығы институтында, Қазақтың егін шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында жемісті еңбек етті.
Жұмақанның әкесі жөнінде бірер сөз. Байсалбай ақсақалдың ел ішінде беделі зор болған. Меккеге барып қажы атанған. Молдалықты, емшілікті аса кәсіп етпеген. Бірақ адамдардың қалауынша ем-дом жасап, көпшіліктің құрметіне бөленген.
Бұл күнде Жұмақан туып-өскен ауылдың тұрғындары жұртына қалтқысыз қызмет жасаған жерлестерінің есімі ел ішінде ұмытылмағанын, мәңгілікке қалғанын қалайды. Олар балалардың білім алуына ерекше көңіл бөліп, кезінде негізін өзі қалаған Майлыбас ауылдық округіндегі №100 мектепке Жұмақан Байсалбаевтың есімі берілсе дейді. Көпшілік тілегі тиісті орындар тарапынан ескерілер деген сенімдеміз.

Нұркен ЖАНДӘУЛЕТҰЛЫ

Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ұлан

    Мынадай тамаша бастаманы қолдамасқа болмас. Ел нағыз ерлерінің есімін ұмытпау керек.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.