Оңтүстік Қазақстан облысы

Түлкібас ауданы

Түлкібас ауданы. Аудан облыстың шығысында, Талас Алатауы, Қаратау тауларының ортасындағы үлкен шұңқырда орналасқан. Жері өте шұрайлы, жасыл желекке оранған. Дүниежүзіне әйгілі Ақсу-Жабағылы қорығы да осында. Облысты кесіп өтетін Арыс өзені де Жабағылы тауынан бастау алады. Аудан құрамында 13 ауылдық округ бар. Аудан атауы туралы айтатын болсақ, ол ерте заманнан, шамамен ХІІ-ІХ ғасырларда осы аймақтарда билік кұрған Көк түркі кағанаты дәуірінде Түркібасы деген атаумен белгілі болғанға ұқсайды. Олай аталуына жаугершілік заманда жерінін табиғи қолайлылығына байланысты Түркі қағанаты билеушілері ордасының орналасуы негіз болған.
Ұрбұлақ ауылы. Ұрбұлақ ауылы орталықтан үш шақырым шығыс жағында орналасқан. Осы ауылдың оңтүстік жағынан кішкентай бұлақтар шыға берген. Бұлақтың көзін ашып, пайдалана бергенде суы тартылып, жоқ болып кетеді де, басқа жерден ұрланып шыға бергендіктен «Ұрбұлақ» деп аталған.
Кемербастау ауылы. Кемербастау – көне тілдік атау. «Кемер» сөзі қазіргі қолданыста «бастау» деген мағына береді. Қазіргі Елтай ауылында тау астынан шығатын бірнеше бұлақтың жиынтығынан тұратын Кемербастау-1 және Кемербастау ауылында дәл соған ұқсас тау асты бұлақтарының жиынтығынан екі бастау орналасқан. Кемербастау ауылы осы екінші бастаудың құрметіне ежелден «Кемербастау» ауылы атанған. Сол себепті, бұл ауыл колхоздастыру кезінде бастау атымен Кемербастау ұжымшары атанып, кейін ­Кемербастау ауылы болып қайта атанып кеткен.
Шұқырбұлақ ауылы. Шұқырбұлақ ауылы 1929 жылға дейін Шұқырбұлақ сайының екі жағына орналасқан болатын. Оның Шұқырбұлақ болып аталуы Майлыкент өңірінен басталатын бұлақ әр шұқырдан шығып, үлкен бұлаққа айналып, Арыс өзеніне құяды. Шұқырдың, одан шықкан бұлақтың көптігінен өзен Шұқырбұлақ болып, оның екі жағына орналасқан ауыл «Шұқырбұлақ ауылы» болып аталған.
Иірсу ауылы. Ауылдың қасынан ағып өтетін өзенінің иір-иір болып ағатындығынан, Иірсу ауылы болып аталып кеткен. 1952 жылдан бастап Иірсу, Диқан, Горный ұжымшарлары бірігіп, Победа колхозының Иірсу бөлімшесі болды.
Жыланды ауылы. 1917 жылы қазіргі «Жыланды» ауылы Владимировка поселкесі болып аталып келген. 1933-1952 жылдары «Восходящая звезда» ұжымшары (колхоз) болған.
Жыланды өзені бойының жағасында көптеген жыландардың мекендеген ордасы болған. Сол жыландардың ордасының себебінен, халық арасында ауызша тарихи атау болып қалыптасты. Қазақстан Республи­ка­сының Жоғарғы Кеңесі президиумының 1993 жылғы 4 мамырдағы №2189- XII қаулысының қабылдауына байланысты Жыланды ауылы болып аталған.
Қарабастау ауылы. Қарабастау ауылындағы қасиетті «әулие» бұлақ бастауы болған. Бұлақтың әр жерінен көз-көз болып бұрқырап шығып жатқан, тереңдігі 1-1,5 метр үлкен көлшік болған. Бұлақтың шеттері қара топырақ лайшық болғанымен, суы мөп-мөлдір тұнық, таза, ішінде алтын жалатқандай балықтар жүрген. Суы бұрынғы үлкен қорымның (яғни мазараттың) астынан шығып жатқан. Қарабастау бұлағының адамдарға, малдарға емдік қасиеті керемет болған. Қазіргі таңда Қарабастау елді мекенінің тұрғындары бұлақтың суымен тіршілік жасап келеді.
Ақсу-Жабағылы қорығы. Ертеде Батыс Тянь-Шань шатқалдарында мал өсірушілер бейбіт өмір сүріп жатады. Сол елге бірде аяқ астынан шапқыншылар бас салады. Содан айқас даласында ер азаматтарын қалдырған әйелдер мен балалар, кемпір-шалдар туған жерлерінен кетуге мәжбүр болады. Артынан соғыс аяқталып жатжерліктер кеткеннен соң, екі жылдан кейін өз отбастарына қайтып оралған жергілікті тұрғындардың таңданысында шек болмады. Олар сонау шұбырынды кезде көшке ілесе алмай қалып койған таныс биені екі жасар құлынымен көрген еді. Сол жерде ауылдың қадірлі ақсақалы қолын жайып: «Мұнан былай бұл жер Жабағылы деп аталсын» деген екен. Сол бір сөзден кейін Талас Алатауының батыс сілемдеріндегі кең де сұлу шатқал және тау Жабағылы аталып кеткен көрінеді. Қорықта Ақсу-Жабағылы таулары. Ақсу және Жабағылы өзендері бар. Одан төменіректе Иірсу, Дәубаба, батыс жағында Қараңгір, солтүстік жағында Боралдай, Қанай, Пістелі, Жыланды, Құлан таулары созылып жатыр. Ал ортада Түркібасы тауы зораяды.
Қайыршақты ауылы. Бұл елді мекеннің тарихы тас дәуірінен басталады. Күні бүгінге дейін елді мекен болып келеді. Бұл жерде Темірдің Жарылқап аталарының ұрпақтары тұрған. 1929 жылдың аяғында жаппай ауылшаруашылық артелін құру басталған шақта Қарадөң ауылшаруашылық артеліндегі үй саны 60-қа жетті. Тап осы жылы Қайыршақты ауылынан Калинин атындағы ауылшаруашылық артелі отау тікті. Оның қарамағында 120 шақты үй болды. 1936 жылы Қайыршақты ауыл Кеңесінің қарамағында төрт (Калинин, Қарадөң, Қарағашты және Көктанды) колхоз болды. 1951 жылы колхоздар ірілендіріліп, Степь колхозына қосылып С.М.Киров атындағы колхоз болды. Арыс және Қайыршақты ауылдық кеңестері біріктіріліп, Арыс ауылдық кеңесі атанып, орталығы Ильинка (қазіргі Керейт) селосына көшірілді. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1993 жылғы 4 мамырдағы №2189-ХІІ қаулысымен Калинин атауы Қайыршақтыға ауыстырылды.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы
жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.