ПЕЙІЛ ТҮЗУ БОЛСЫН ДЕҢІЗ…

Халқымызда «Пиғылы жаманды құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «Пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер аз емес. Адамның пиғылы оң болса, оның ісі де оңға басады, мәртебесі де артады. Ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетеді, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын алады. Оған ешкім күмән келтірмейді.

Сондықтан халқымыз «жақ­сы пиғыл жақсы сөзден бастала­ды», «жақсы сөз – жарым ырыс» деп, оң пиғылға қолдау көрсетсе, теріс, жат, арам пиғылға «өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер», «пиғылы терiс хан iс етсе, ол жиған малыңды тәрiк етер» деп теріс баға берген екен.
Қазіргі кезде ел арасында: «адамдардың пейілі тарылып барады», «кей жастарымыз жаман­дық атаулыға әуес», «ниетімізге не болған?» деген сөздерді естіп қаламыз. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамасы анық. Көп­шілікті уыздай жастардың пейіл тазалығынан жұрдай боп бара жатқандығы алаңдатады. Оған себеп те бар. Қарапайым ғана мысал. Күн сайын бәріміз көріп жүрген жолаушылар көлігіндегі санасыздықтың мына бір кө­рінісін алайықшы: автобусқа мінген жас жігіттер мен қыздар шалқайып отырып алып, қасында тұрған қарт адамға кішілік ізет көрсетіп, орын ұсынуды ойламайды. Бір-бірі­не жәрдемдесу, қол ұшын беру ­аза­йып барады. Күнделікті өмірде құлағымыз шалып қалатын оқи­ға­лар: арбау, кісі өлтіру, тонау секілді жа­ғым­сыз жаңалықтар. Жоғалып жат­қан адамдардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Пәтер алып беремін деп тұрғындардан ақша жымқырған алаяқтар да же­тер­лік. Бұрын қазақтар ­әке-­ше­шесін қарттар үйіне бермеуші еді. Ел арасында ондай әңгіме тараса халық дүрлігетін. Қазір бәрі өзгерді. Сәл бірдеңе болса, үйдегі қарияларды қарттар үйіне қарай жетектей жөнелетін ­жастар пайда болды. Қайсыбірін айтайық, ел арасындағы осын­дай келеңсіздіктерді көріп жүре­гің ауырады. Қоғам қатыгезденіп бара ма, жоқ әлде адамдардың пе­йі­лі тарылып, пиғылы бұзылды ма? Тү­сініксіз… «Қазақ» деген дар­қан халықтың тәлім-тәрбиесі, ізгілік, инабат мектебі, кішінің үлкен алдындағы ілтипаты мен ізеті қайда қалды?
Қазір қарап отырсаңыз, қо­лында билігі бар адамның кейбірі мүмкін болғанның ­бә­рін алдымен өзі үшін жасап, қармап, ұрлап, тығып, ­жинап қалуға құмар. «Қызметтен кете қалсам, қамданып дайын оты­райын» деген ой-пиғылды ұстан­ғандар иемденетін жері, мінетін көлігі, пайдаланатын қаржысы, айналысатын жеке шаруасы, бәрі-бәрін қазірден бастап, алдын-ала «реттеп» алмай тынбайды. Ондай басшылар әруақытта бірінші кезекте елдің емес, өзінің және өзіне ең сенімді «төңірегінің» жеке ­шаруаларын қолға алады. Ел тағдыры соңғы кезекке қойылады. Бұны адамдар пейілінің бұзылғаны демеске шараң жоқ. Әрине, бәрі емес…
Осындай теріс пиғылды адам­­дардың қоғам үшін келтірер залалын айтпаса да түсінікті. Қамшының сабындай қыс­қа ғұмырда тек жеке бастың қамын ойламай, өзге жандар­ға жәрдемдесуге, жақсылық жасауға тырысайық.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Малика

    Автор жақсы жазған екен. Расында да адамның пейілі заманына қарай өзгеріп барады. Мақалада жазған ой-пікірмен келісемін.

  2. Алма

    Қоғамда жаман пейілді адамдар қазір өте көп. Арамдық, алауыздық, көреалмаушылық, екіжүзділік басым.

  3. Айлан

    Өмірден өз жолын таба алмай, жалқауланып, әркімге кінә тағып, өз кемшілігін мойындағысы келмейтіндер әдетте арам пиғылды, қара ниетті болады.

  4. Данияр

    Пейілі жаманның жолы болмайтыны анық. Ондай адам өзінде болмаса, басқаға да соны тілейді.

  5. Медет

    Пейілі теріс адамдар қай кезде де болған. Бес саусақ бірдей болмайтындай, адамдар да әртүрлі. Ең бастысы, өмір қандай қиын болса да, түзу пейіл мен адами қасиеттерді сақтап қалу маңызды болып табылады.

  6. Дария

    Тақырыпқа орай: омыртқасы ауыратын жігіт шаршап жеткен еді, бір кездегі ауылдасы қараторы әйел тағы да мораль оқыды, ақыры шыдай алмай бала кездегі мұғалиманың бірі (өзіне емес інілеріне) болған апайдың үнемі тұрғызып жіберуіне шыдамай апай менің омыртқам ауру емханаға ауылдан қатынап жүрмін. әйтпесе кісілерге орын беруді өзім де білем дегенде аапй қысылып газельдің ішінде 2 елідей ғана ысырылып орын берді.Мұндай да жағдайлар болады. Ал пейілге келсек, түрлі жағдай болады. Психика шыдамайтын, оқыс оқиға, қайғылы жағдайда адам пейіл түгіл естіп -көруге шамалы болады, немеес керісінше қатты қуанышта да адам даңғой көрінуі мүмкін.Түйін: адам тастан берік, гүлден нәзік. Әр ненің себебі бар. Анық себебі болмаса мәселе пейілде.Қандай тығырықта да тарылмаған халықпыз дейтін марқұм көрші апа. Құдай пейіліңе қарай береді дейтін әжеміз.Меніңше, жап-жас, ер жігітттер де тиын санағыш болып барады 300 теңгенің нәрсесін боталы түйе әпергендей күмпілдете айтады.Ал таксидегі атпал жігіттер(орысы да қазағы да)50 теңге,30 теңге үшін жаға жыртысуға дайын, қызылкеңірдек болып жатады. Күнкөріс, заман. бірақ пейіл әркімнің өз көкірегіндегі дербес жарық қой. Жаңағыдай қырқысулар — ұсақталу.

  7. Жамбыл

    Жүрегің мейірімді болса, бақыттың өзі-ақ басыңа қонады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.