Отты жылдар шежіресі

Ұлы Отан соғысының шежіресін мұрағат негізінде қағазға түсіргендердің бірі, ғалым-ұстаз, журналист – Хисмет Бозанұлы Табылдиев. Бұған дейін үштомдық «Боздақтар», «Жеңісті жақындатқан жандар» жинағын құрастырушы-автор атанғаны баршаға мәлім. Тарихшының ұзақ жылғы зерттеулері «Атырау облысы отты жылдарда» (1941 – 1945 жж.). Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл толуына орай тарихы мен жылнама шежіресі. Атырау: «Атырау-Ақпарат» ЖШС баспаханасы, 224-бет» атты кітапқа жүк болған.

Кітаптың кіріспесінде: «Атырау­лықтар соғыс жылдарында өшпес ерлік, қайтпас қайраттылық көрсетті, оққа ұшты, жараланды, мүгедек болды, бірақ ел үшін, бо­лашақ ұрпақ үшін жау алдында қайсар­лықтың үлгісін көрсетті» деп анық жазылған.
Кітап беттерін ақтара отырып, мұрағаттан алынған деректерден артында облыс еңбекшілерінің қажырлы еңбегін анық көресің. Соғыс жылдарында өлке «қара алтын» өндірушілері 42 970 тонна мұнай тапсырғаны мысалға келтіріледі. Сондай-ақ КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің бұйрығымен Атырау мұнай­шыларына ғылыми-практикалық көмек беру үшін КСРО Ғылым Академиясына күрделі тапсырма жүктелгені баяндалады. Мәскеу, Алматы ғалымдары өлке мұнайын зерттеп, оны дамытудың нақты шараларын алуды үкімет назарына береді. Сөйтіп, мұнайшылардың қолайлы еңбек етуіне жағдайлар жасал­ғандығының бір көрінісі ретінде 13 мың пар байпақ, 12 пар аяқ киім, 1500 шолақ тон берілгендігін атап өтеді.
Тарихшы Х.Б.Табылдиевтың бұл еңбегінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қаламызда 5 госпиталь болған деп айтылып жүрген болса, енді ­Гурьев қаласында жаралылар үшін 10 госпиталь болғандығы нақтылайды. Отты жылдарда сұрапыл соғыс тек майдандағы жауынгерлерге ғана емес, тылдағы еңбекшілерге үлкен сын болғаны баршаға аян. Әсіресе, мал шаруашылығын өркендетудегі Новобогат, Бақсай аудандарының малшыларының қол жеткізген табыстары нақты сандармен көрсетілген. Жеке адамдардың қажырлы еңбектерін атай келе, сиыр фермасының меңгерушісі С.Мусин, М.Оспанова, Т.Жылысовтар туралы жылы лебіз білдірген. Жау қолында қалған Сталинград, Ростов облыстарынан, Қалмақ даласынан сан мыңдаған мал айдалып Атырауға орналастырғаны баяндалады. Малмен бірге келген 3 500 малшыларды орналастырудағы жергілікті билік басшыларының ұйымдастырушылық шеберліктеріне тәнті болады.
Атырау облысының тағы бір байлығы – балық өндіру. Тарихшы-ғалым Х.Б.Табылдиев өз еңбегінде су маржандарын сүзген еңбеккерлердің ерен еңбегіне жан-жақты тоқталады. Жайық-Каспий балық аулау тресінің, Теңіз, Шевченко балықшы колхоздарының қол жеткізген табыстарын облыстық («Атырау»), республикалық («Егемен Қазақстан»), орталық («Правда») газеттерінде жарық көрген мақалалармен тұздықтай түскен. Профессор Ж.Бақидың «Атырау балықшыларының соғыс жылда­рындағы ерен еңбегі» атты мақаласынан үзінді келтіре отырып, 1943 жылы облыс балықшылары 140 центнер сыйлығын Балықшы балық-құты зауытының уылдырықшысы Жаңбатыр Сарбөпиевтың Орталық майдан қолбасшысы, армия генералы К.К.Рокоссовскийге табыстағанын шынайы бейнелейді.
Профессор Х.Б.Табылдиевтың кітабы­ның тағы бір құндылығы сол – Қазақстан Республикасының Президенті мен Атырау облыстық мемлекеттік мұрағаттарында сақталған құжаттардың түпнұсқасын көшіріп берген. Мұның өзі соғыс жылдарында қабылданған мемлекеттік шаралардың шынайылығын арттыра түсері сөзсіз.
Қорыта келгенде, аталмыш кітап отты жылдардағы Атырау облысы еңбекшілерінің Ұлы Жеңісті жақындатудағы еңбегі жан-жақты баяндаған ұзақ жылғы тарихшы-ғалым Хисмет Бозанұлы Табылдиевтың жемісті туындысы.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің З.Қабдол атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымының
кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еркежан

    Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тылдағы қазақтардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Қара термен жасалған еңбектің арқасында майдандағы жауынгерлер тамақпен, жылы киіммен қамтамасыз етілді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.