Шәмші һәм шырайлы Шымкент шаһары

Өткен жылдың қоңыр күзінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қызметіне жаңадан кіріскенде алғашқы қадамын қаладағы Шәмші аллеясындағы қазақ вальсі королінің еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады. Дәл сол күні Шәмші Қалдаяқов әндерінің «Менің Қазақстаным» атты халықаралық кезекті VII ретро-фестивалі өз жұмысын қорытындылаған болатын. Оған ақындар Мұхтар Шаханов, Исраил Сапарбаев, әнші Нұрғали Нүсіпжанов, композитордың жан жары Жәмила жеңгеміз құрметті қонақ ретінде қатысты. Шарада ән байқауының жеңімпаздары марапатталды. Алыстан келген қадірлі меймандарға сый-сияпат көрсетілді. Облыстың жаңа басшысының бұл қадамына жиналған ел-жұрт ризашылықтарын білдірді. 

Әйгілі композитор ғұмырының ең мерекелі де берекелі, базарлы да ажарлы шағы осы Шымқалада өткен болатын. Шырайлы Шымкент шаһарын дара дарын жанындай жақсы көрді. Оның әрбір көшесі Шәкең үшін аса қымбаттысындай, ең қимасындай болды. Сондықтан ол туған өлкесі есіне түскенде «Шымкентім қайдасың?» деп алды-артына қарамай түстік жаққа қарай қуана тартып кететін. Шымшаһар ұлы сазгердің жүрегіне өзгеше жақын, ерекше ыстық еді. Өйткені онда оның жастық шақтан құлын-тайдай тебісіп бірге өскен достары, құрбы-құрдастары оңтүстік өңірдің шығармашылық адамдары мен өнер иелері, аяулы азаматтың қадірін білетін кең пейілді қалың елі мен жайсаң жұрты болды.
Облыстың жаңа басшысы үшін де өнер тарланы бала кезінен етене таныс әрі көршілес ауданның тумасы. Ол кезде болашақ қайраткер әкім шалғай ауыл балаларына арналған №12 мектеп-интернатта оқитын. Мектеп директоры,кейіннен Социалистік Еңбек Ері атанған әйгілі ұстаз Маржан апай Тасова еді. Ол кісі Шәкең туған Қызылқұм ауданының қызы болатын. Дарынды композитор сонда жас ақын Мұхтар Шахановпен бірге мектеп-интернат шәкірттерімен кездесу өткізгені, сол кеште ­«Маржан апай» атты ән шығарғаны, оны сол тұстағы Шымқаладағы Мәдениет институтының студенті әрі сол мектептің ән сабағының мұғалімі Сәбира Әбдірайымова орындағаны,қазақ тілі мен әдебие­тінен сабақ беретін ұстазы әрі ­сынып жетекшісі жас ақын, комсомол белсендісі Жарылқасын Боранбаевтың шабыттана өлең оқығаны әлі көз алдында. Бәрі есінде, бірақ өткен шаққа айналған. Сол жолы керемет бір әсерлі кездесу болғаны кешегі мектеп-интернат оқушысы, бүгінгі өңірдің жаңа басшысының жадында. Мұны көбі біле бермейді. Білсе де кездесу кешіне қатысқандар білуі мүмкін.
Иә, бүгінде мұның бәрі тарихқа айналды. Айтулы композитор тұрған бұрынғы Ильич (қазіргі Республика даңғылы) көшесіндегі облыстық комсомол комитетінің хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов әперетін 1-ші үйдің үшінші қабатындағы 5-ші пәтер, сол үйдің бұрышындағы сазгердің ескерткіші, Әнұранымыздың алтын әріптермен бедерленген мәтіні, Шыңғысбай қажы Дәуітұлы атындағы көне Қошқарата мешітінен басталатын Шәмші Қалдаяқов көшесі, баяғы Шәкеңнің 80 жылдығына орай салынған «Шәмші әлемі» аллеясы, ондағы концерт қоятын ашық сахна, сол алаңға қарап тұрған Шәкеңнің биік тұғырлы еңселі ескерткіші, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония – бәрі-бәрі көне тарихтан сыр шертіп тұрғандай.
Бүгінде сол маңдағы қазіргі жастардың Неке сарайы, Төлеген Айбергенов көшесі, бір қаланың өзіндегі Шәкеңе орнатылған үш бірдей (аллеядағы, филармониядағы, тұрған үйінің алдындағы) ескерткіш бір-бірімен үндесіп, үйлесім тапқандай әсер етеді.
«Туған жерім, менің Қазақстаным!» деп шырқаған Шәкең туған жерінің, қасиетті халқының нағыз патриоты болатын. Ол исі қазақ даласының қай бұрышына барса да, қай өңіріне сапар шексе де сол аймақты өзінің туып-өскен жеріндей, туған өлкесіндей көріп, жатсынбай еркін аралайтын. Ел-жұртының аялы алақанында тербеліп, ыстық ықыласына бөленетін. Сол өзі барған өлке, оның әйгілі адамдары, ондағы қайнаған еңбек, мөлдір ­махаббат жайлы тамаша ­туындылар жазып, елді де қуантып, өзі де қуанышқа кенелетін. Ол туралы «Өнер» баспасынан 1981 жылы жарық көрген «Менің Қазақстаным» атты әндер жинағына жазған алғы сөзінде: «…Шығармашылық адамы тәрізді менде де жалғыз-ақ арман бар. Арыс өзенін жағалап жүру үшін туған жеріме тартып кетсем де, «Ақмаңдайлымды» қайығыма отырғызып, ақ ерке Жайықта сайрандасам да, Жезқазған мен Арқалықты аралап, Бурабайға барып қона жатсам да, қайдасың деп Сыр сұлуына сапар шексем де қасиетті халқымыздың алдындағы борышымызды ел күткен дәрежесінде өтей алсам жақсы болар еді деп жатсам-тұрсам толғанамын. Өйткені ойланатын жасқа, толғанатын жасқа келіппіз» деп ағынан жарылады ұлы композитор.
Шығармашылық ғұмырында Шәкеңнің бармаған жері, араламаған аймағы, табаны тимеген ауданы қалмаған шығар деп ойлаймыз. Ол кісі қайда барса да қара орман халқы құшақ жая қарсы алды. Шәкең де елін, жұртын шын жүрегімен аялай сүйді. Қаншама әсем әндер арнады. Ал жоғарыдағы аталған туындылары вальс патшасының еліне, жеріне деген махаббатының шынайы белгісіндей мәңгілікқолтаңбасы болып қала берді.
Тума талант, дара дарын Шәкеңмен сонау 1968 жылдардың басынан, ҚазМУ-дің филология факультетінде оқып жүрген студенттік кезімнен жақын араластық. Ол кісі жездеміз Төлеген Айбергенов пен әпкеміз Үрнисамен жақсы араласты, жақын дос болды.
Сол жылғы қыста ақын Жұмекен Нәжіме­денов екеуінің студенттермен кездесуін ұйым­дас­тыр­дық. Біз онда механика-математика факуль­тетінің Масанчи-Киров (қазіргі Бөген­бай батыр) көшелерінің қиылысындағы ғимаратының 3-4 қабаттарында оқитынбыз. Кездесудің соңында «Менің Қазақстаным» әнін құлшына шырқадық. Кеш соңынан түсі суық, жүрісі суыт, зіңгіттей екі жігіт деканымыз профессор Қалаби Мұхитұлы Сайкиевті алдына салып дедектетіп алып келіп, енді үйіне қайтпақ болып шыққан Шәмшіге:«…Сізбен оңаша әңгіме бар еді» деп,білегінен ұстай бергенде ол: «Сендерде менің ешқандай әңгімем жоқ» деп, әлгінің қолын қағып жіберіп, мүлде басқа бағытқа бұрылғаны әлі есімде.Студенттер қос аяулы азаматты топтаса қоршап үйіне шығарып салған едік. Кейіннен білсек, әлгілер сол кезгі «үш әріптің» саққұлақтары, «Менің Қазақстаным» әнінің соңына шам алып түскен «із кесушілер» екен. Әйгілі «Желтоқсан» оқиғасы кезінде де бұл ән алаң үстінде асқақ үнмен шырқалып, қазақ халқының биік рухын, мұқалмас жігерін паш еткені баршаға мәлім.
Айтулы шығарманың Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан соң Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей ұсынысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранына айналғаны көңілге мақтаныш сезімін ұялатады. Осындайда риза болғаннан «Жарайсың, Шәмші аға!» дейсің кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп.
Шәкеңе студент-жастар қауымы тым үйірсек болатын. «Жақсыда жаттық жоқ» демекші, ағамыз да өте қарапайым, ақ көңіл, ашық-жарқын, бауырмал жан еді.
Өмірінің соңына дейін кездесе қалса маған: «Ой, Ақ Келес, қалайсың?» деп біздің ауылдың жайын сұрай кететін. «Ақ Келес» – ағамыздың Оңтүстіктің Сарыағаш ауданындағы Қапланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында 1950 жылдардың басында оқып жүргенде шығарған тұңғыш махаббат әні екен. Оқу орнының жатақханасы Келес өзеніне жақын орналасқан. Ол өзен таңертең де, кешке де, күндіз де, түнде де аппақ болып, жарқырап ағады да жатады. Бозбала Шәкең өзен бойында құрбы қызбен талай серуен құрған екен. Ұлы сазгердің ең тұңғыш «Ақ Келес» әні сол кезде туған. Мұны сазгердің өзі маған сыр етіп айтқан еді. Мені көрген сайын «Ақ Келес» деп ілтипатпен атайтыны сол кездерге деген сағынышы болса керек.
Бірде Шәкең:
– Әй, Ақ Келес, осы менің атым кейін қала ма, қалмай ма, қалай ойлайсың? – деген еді ойланып тұрып. Мүмкін оны өзінің соңғы жылдардағы саяқ өмірітолғандырып жүрген болар.
– Неге олай дейсіз, көке? Атыңыз қалғанда қандай! Өзіңіз айтатын 300 әніңіздің ең кем дегенде отыз-қырқы ел есінде қалса да, оның өзі қазақ елі үшін үлкен байлық. «Ақмаңдайлымыңыз», «Ақсұңқарымыңыз» – классика, «Ана туралы жыр», «Қайықта» – нағыз шедевр. «Ақ бантик», «Әнім сен едің», «Сыған серенадасы», «Дүнген қызы», «Сыр сұлуы», «Арыс жағасында», «Тамды аруы», «Отырардағы той», «Теріскейдің» қай-қайсысы да керемет әндер ғой. Бір ғана «Менің Қазақстанымның» өзі бүкіл еліміздің рухын көтеретін нағыз «Әнұран» емес пе? – деймін мен.
Біз ұлы сазгермен көбіне Алматының Желтоқ­сан көшесіндегі Қазақ радиосы мен теледидарына барғанда, әсіресе қаламақы беретін күндерде жиі кездесіп, әңгімелесіп қалатынбыз. Ол кісі белсенді автор, әндері эфирден түспейді. Біздің де азын-аулақ жазған-сызғандарымыз Қазақ радиосы мен теледидарынан беріліп тұрады. Алатын қаламақымызшайлық, майлыққана емес, берекелі байлық болатын. Сонда Шәкеңмен бірге Ибрагим Нүсіпбаев, Нұрғиса Тілендиев, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуов, Ілия Жақанов сынды халқымыздың айтулы сазгерлерін, қазақтың Левитаны – Әнуарбек Байжанбаев, Кемелбек Шаматаев, Әбдіхалық Досмағамбетов секілді Қазақ радиосының әйгілі қайраткер-қаламгерлердің әңгімелерін тыңдап мәз болып қалатынбыз. Танымдық-тәрбиелік мәні бар сөздері, әдемі әзіл-қалжыңдары жүрегімізге сәуле құятын. Шіркін, ол да бір дәурен екен. Бүгінде аттары аталған ардагер ағаларымыздың көпшілігі өмірден озған. Олардың аман жүргендеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ал қайтқандарына иман байлығын тілейміз.
Ұлы адамдарда қызғаныш, күншілдік дегеніңіз мүлде болмайтынын Шәкеңнің мінез-құлқынан байқауға болатындай еді. Ол кісіде қатарлас әріптестерін күндеу, олардан бірдеңені қызғану сияқты ұсақ мінез, теріс пиғыл атымен жоқ-тын. Қайта, керісінше, біреуге «болсын», «толсын» дейтін. Айнала­сындағылардың иненің жасуындай жақсы­лығына қуанатын. Ахат (Әбілахат Еспаев) көкесін ән жазуда өзіне өмір бойы үлгі етіп, пір тұтты. Әріптес ағасының шығармашылық дарынын ол аса жоғары бағалады. Одан үйренді.
– Ахат ағам «Қызда болса үмітің, батыл­дау бол жігітім» деп қыздың атынан ән жазып, жігіттің атынан соған жауап ретінде «Бойдақ болып жүрмін әлі» әнін шығарды. Сөйтіп, екеуін айтыстырғандай, әдемі тандем жасады. Бұл маған ой салды да, мен де солай екі әнді – «Ақмаңдайлым» мен «Ақсұңқарымды» – бірі жігіттің, екіншісі қыздың атынан айтылатындай етіп егіз туынды жасадым, – деп қоятын Шәкең өз шығармашылығының ішкі сыры жөнінде.
1991 жылдың қыркүйек айы болатын. Жаңа оқу жылы басталғанда композитор Түлкібас ауданындағы Ақсу-Жабағылы ауылына шақырылып, өзінің атындағы тұңғыш жаңа музыка мектебінің ашылуына қатысады. Бұл жалпы көзі тірі адамға арнап сол өңірде ұйымдастырылған алғашқы оқу орны еді. Оған «Ақ қанат» құс фабрикасының бас директоры, Шәмші шығармашылығын қадірлейтін өнер жанашыры, кәсіпкер-ғалым, ақын, профессор Аманбек Ақаев ұйытқы болды. Салтанатты жиынға қаламгерлер, өнерпаздар, ауыл тұрғындары қа­тысты. Шәкеңнің сыйлас інісі, ақын Жарылқасын Боранбаев:
«Жүретін бұлбұл құстай
таңды оятып,
Әндері гауһар тастай қандай ақық?!
Аз уақыт тынығуға біздің жаққа,
Кеп қалды ән патшасы Қалдаяқов» деп басталатын «Ән патшасы» атты ұзақ толғау, арнау өлеңін әсерлене оқыды. Ән шамшырағы өзіне көрсетілген сый-құрметке дән риза болғаннан көзіне жас алып, алғыс сезімін толғана-толқи білдірді. Сөйтсек, ағамыздың денсаулығы мазалап жүрген кезі екен. Содан көп өтпей, алты айдан соң, 1992 жылдың ақпан айының соңында әйгілі композитор жарық дүниеден өтті.Биыл ақпан айының соңында дара дарын, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың өмірден озғанына 25 жыл толады.
Шымкент туралы сыр ағытқанда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сол өңірге жасаған бір сапарында: «Оңтүстік – қазақтың қаймағы шайқалмаған жер. Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы – еңбексүйгіштігімен ерекше­ленеді. Сіздерге әр келген сайын оңтүстік­қазақстандықтардың өз өлкесін гүлдендіруімен, тұрмыс-тіршіліктерін жақсарта түсуімен қатар, өздерінің түп-тамырын ұмытпай, әдемі жалғастырып жатқанын көремін» деген жүрекжарды сөзі еріксіз еске түседі. Бұл ел Президентінің әйгілі композитор шығармашылығына қамқорлық жасап, оған «Қазақстанның халық артисі» құрметті атағы мен Мемле­кет­тік сыйлық беру, «Менің Қазақ­ста­нымды» Мемлекеттік Әнұранға айналдыру туралы үш бірдей Жарлыққа қол қойғанынан да айқын көрінеді.

Бақтияр СМАНОВ,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Аяла

    Шәмшідей композиторлар өмірге бір-ақ рет келеді.

  2. Рауан

    Шәмші атамыздың әндерін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.