Оңтүстік Қазақстан облысы

Түркістан қаласына  қарасты ауыл атаулары

Түркістан қаласы. Қазақ жеріндегі шаһарлардың ірге көтеру тарихы ықылым замандардың тереңінде жатыр. Солардың бірі – Түркістан шаһары.Б.з.б. 2-мыңжылдықтан бастап Түркістан қаласы төңірегінде, Қазақстанның басқа да өңіріндегідей, Андронов мәдениетін жасаушылар тұрған. Ол кезде Түркістанның ежелгі аты Йасы болған. Археологтар ертедегі Йасының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. ХІ-ХІІ ғасырларда Түркістан төңірегі Шауһар өңірі атанған. Бұл өңір Көк Түркі қағанатына қараған. IX ғасырларда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Йасы қаласы туралы деректер XIII ғасырда жарық көрген ­Киракос Гандзакеннидің «Армения тарихы» атты еңбегінде Йасы Асон деген атаумен берілген. Йасы атауы XIV ғасырдан бастап тарихи шығармалардың беттерінде жиі көріне ­бастайды. Йасы 1579 жылдан Ақназар ханның иелігіне айналып, Есім хан билікке келген 1598 жылдан Қазақ хандығының орталығы болды. Сол кезден бастап Йасы, Түркістан деп қатар атала бастаған.
Қосмезгіл ауылы. Түркістан қаласы Шорнақ ауылдық округінде Қызыләскер елді мекені болған. Елді мекен ­атауы кеңестік замандағы қоғамның саяси өзгерістері мен жүргізілген солақай саясаттардың нәтижесінде Қызыләскер ауылы деп аталып кеткен. Ал осы жердің тарихи атауы – Қосмезгіл. Тарихи деректерге сүйенсек, ежелден егін салып, мал баққан халқымыз суы мол, топырағы құнарлы жерлерді мекендеген. 20-25 шақырымда орналасқан Яссы қаласынан келіп Тоқсұлу, Тастақсай өзендері Қаратаудан бастау алатын кең алқапқа қос тігіліп, қос айдатып, егін салып, отырықшы елге айналғандығы ойға сыйымды. Қаратаудың теріскей бетіне қарағанда, күнгейдегі қосқа халық ерте шығады. Оған дәлел, тіліміздің «Қостың мезгілі келді», «Қосқа шық», т.б. тіркестер дәлел бола алады. «Қосмезгіл» сөзінің шығу төркіні мен мағынасы туралы қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде I. Қос 1. Белгілі бір жұмысты істеуге шыққан адамдар тобы. 2. Осы топтағы адамдардың уақытша тұратын баспанасы. 3. Қосты басқаратын адам. 4. Қос айдады, жер жыртты. II. Мезгіл Күннің, айдың, жылдың белгілі бір кезеңіне сай келетін кез, уақыт, мерзім. Екі түбір сөз бірігіп, көнеден жазылып келген, сондықтан «Қосмезгіл» сөзі тарихи географиялық атау екендігі күмәнсіз.
Шекербұлақ ауылы. Шекербұлақ деп аталу себебі, Қарнақ елді мекенінен 3-4 шақырым жерде суы шекер мен балдай бұлақтары бар жасыл желекті аймақтың орналасқандығы туралы айтылатын. Суының ерекшелігіне байланысты жергілікті тұрғындар ол жерді Шекербұлақ деп атаған. ОҚО әкімдігі мен мәслихатының 2007 жылғы 31 мамырдағы №33/361-111 бірлескен шешімімен Қызылжол елді мекені Шекербұлақ ауылы болып өзгертілді.
Қаратөбе ауылы. Сырдарияның оң жаға­сында 1,5 шақырым жерде Қаратөбе деген қала болған. Бұл жер Қызылшаруа елді мекеніне қараған. Негізінен, мал жайылымы есебіне пайдаланылған. ­Алыстан көрінуі қиын болған соң бұрынғы экспедициялардың назарына ілікпеген. 1999-2003 жылдар аралығында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік қорық мұражайының археологиялық экспедициясы зерттеген. Яғни Қаратөбе – ортағасырлық қаланың орны. Оның 2 гектар қорық аймағы Түркістан қаласы әкімініің 2002 жылғы 18 шілдедегі №1729 шешімімен мұражай қарауына алынып, мемлекеттік акт алынған. ОҚО әкімдігі мен мәслихатының 2007 жылғы 31 мамырдағы №33/361-111 бірлескен шешімімен Қызылшаруа елді мекені Қаратөбе ауылы болып өзгертілді.
Жүйнек ауылы. Жүйнек ауылдық округі Түркістан қаласының солтүстік -шығысында орналасқан. Бүгінде осы округке қарасты Коммуна деп аталатын елді мекен бар. 1929 жылы жақын орналасқан үш колхоз біріктіріліп, Коммуна атауы берілген. Көне жазба деректерде Қарнақ елді мекенінде 5 мыңға жуық халық тұрғандығы, олар кейіннен Шекербұлақ, Жүйнек, Шаштөбе айналасына қоныстанғандығы айтылады. Шекербұлақтан 2 шақырым төменде Жүйнек төбе деген жерде адамдар өмір сүргендігі, ол жер елді мекен болғандығы 1952 жылы Ташкент қаласының баспасынан шыққан «Өзбек әдебиеті тарихы» (авторы Маллаев) кітабында көрсетілген. Өйткені Жүйнек елді мекенінде Ахмет Югнаки (Жүйнеки) атты ғұлама ғалымның өмір сүргендігін дәлелдеген. Кітапта орта ғасырларда Қожа Ахмет Ясауимен қатар тағы бір ғұлама – Одиб Ахмет Ибн Махмуд өмір сүргендігі жайлы әңгімеленеді. Асқан ғұламалығы үшін Ахметке туған жерінің атымен Ахмет Югнаки (Жүйнеки) есімі беріледі. Ахмет Югнаки араб әдебиетінде өз орны бар, үлкен із қалдырған ғұлама ғалым.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы
жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.