Түркі тілдерінің ғылыми-тарихи байланысы

Қ.Ш. Хұсайынның «Дыбыс-звук, Мағына-значение, Сөз-слово» атты еңбегі — қазіргі қазақ тіл біліміндегі елеулі зерттеу жұмысы. Бұл еңбекте тілдегі  дыбыс пен мағынаның өзара тығыз байланысы ғылыми негізде талданып, жүйеленген.   Сонымен қатар, әлі толық зерттеліп қарастырылмаған дыбысбейнелеуіш теориясы да осы еңбекте функционалдық тұрғыдан, тарихи тұрғыдан жан-жақты қарастырылған. Профессор сөздердің, таңбалардың шығу тарихына тоқталып, уәжділік теориясы бойынша талдаулар жүргізген.

Бұл еңбекте қазақ тіл білімінде алғаш рет елуден астам тілдердің материалдары бойынша еліктеуіш сөздер типологиялық жағынан салғастырылып, олардың дыбыс бейнелеуіштігінің ортақ тұстары ажыратылып көрсетіледі. Қазақ тілінің лексикасында кездесетін дыбыстық символизм элементтері, дыбыстық символизмнің психофизиологиялық негізі синестемия құбылысы арқылы сипатталған. Қазіргі қазақ тілі мен өзге де тілдердің бейтарап бейнелеуіш лексикасын салыстыру арқылы тілдегі біршама мәселелер жолға қойылған. Мәселен, ғалым қырғыз және қазақ тіліндегі еліктеуіш сөздерін салыстырады.

Аталмыш еңбекте айтылғандай, түп-төркіні дыбыстық еліктеуіштерден пайда болған атауларға әлі де жеткілікті көңіл бөлінбей келеді.  Сондықтан түп-төркіні дыбыстық еліктеуіштерден немесе дыбыстық символикаға негізделген қазақ орнитонимдері мен топонимдері сияқты атауларға талдау жасалған. Мысалы, «үкі» орнитонимін өзбек, қырғыз, ұйғыр, татар т.б. түркі тілдерінен салыстырмалы әдіс арқылы зерттеп, бұл орнитонимді дыбысқа еліктеу нәтижесінде пайда болғандығы туралы қорытынды жасаған. Осылайша, көптеген дыбысқа еліктеудің нәтижесінен туындаған қазақ сөздері талданып,  туыстас түркі тілдері, олардың ішінде қырғыз тіліндегі тілдік бірліктер де нысанға алынып, дереккөздер арқылы дәлелденген.

Қазіргі кезде қазақ тіліндегі атауларды зерттеу барысында туыстас түркі тілдермен салғастыра зерттеудің қажеттілігін ғылымның өзі дәлелдеп отыр. Сондықтан, осы бағыттағы ізденістерді жандандыра түсу қажет. Осындай тілдің жалпы және жекелеген мәселелерін зерттеуде Қ.Ш. Хұсайынның зерттеу жұмысы таптырмас құнды еңбек деп білемін.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультеті,

шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының доценттері,

ф.ғ.к. Шарипова Г.С. және Қарағойшиева Д.А.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.