Сыбаға

Соңғы кезде Жігердің ойы елең-алаң, жан анасы жарық дүниеден озғалы көңіліне алабөтен қаяу түсті. Дүние-ғалам тұтасымен сұрғылт тартып, мұнар басып  кеткендей, сұп-суық. Біртүрлі жетімсірегендей болады, көмейіне әлдене кептеліп қалғандай, кейде оқыс «һайи» деп күрсінгенін өзі де  байқамай қалады. Тіршілік тынысы – ауа секілді әлдене жетпейтіндей…

Енді, міне, терең ойға шомып, көгілдір көкжиекке көзін сүзеді. «Жүрегім неге сонша қысып, шаншып алып барады, ә? Тегінде, пенде баласы дүниеге жанды тіршілік әкеліп, ұлы миссияны арқалайтын аналардың жан-әлемінен жаралатын болғандықтан, онымен етене байланысын жоймайды-ау. Асыл анашың өмірден озғанында, сенің де демің үзіліп кетердей болып қиналасың, қайғырасың, еңірейсің, еркелейтін ешкім таппай боз ботадай боздай бересің екен-ау…»
Былайынша қарағанда, әрине, бәрі де өмірдің заңдылығы іспетті ғой. Жетпіс жеті жас жасады. Қос жеті! Иә, киелі сан ғой! Ендеше, осынша ғұмыр кешкен, қиындық пен қызықты қатар көріп, балаларын азамат етіп қияларға қанаттандырып ұшырып, балпанақтай ­немерелер сүйген, жарық дүниенің бар рахатын көріп бақытты жан болып бақилыққа аттанған адамда арман бар ма деген де ой келеді. Иә, арман шіркін жеткізген бе? Ол бір таусылмас шексіз әлем. Кім жалғыз рет берілетін ғұмыр-пәни-тіршілікті, осы дүниедегі ең жақын адамдарын мәңгілікке қиып кеткісі келеді дейсің. Алайда амал не, бұл Алланың ісі ғой, Жаратқанның әмірі-пәрмені жеткен күні ажал тажалынан қашып құтылу қиын. Маңдайдағы жазу деген де сол деседі.
Көпті көрген көнекөз кісі, бәрі де ретімен, орнымен, сексенге таяған тұста болды ғой, оған да шүкір дегісі келеді. Бірақ… Мейлі жүзге келсе де, осынау жаратылыс заңдылықтарын тереңнен түйсіне тұрғанның өзінде де, өзегін талдырып өбектеп өсірген алтын нұрлы Анасын тіпті де басқа дүниеге мүлде қиғысы жоқ.
«Ех, Құдіреті күшті Құдайым-ай, ең болмаса барлық Ана атаулыны неге мәңгілік етіп жаратпадың екен?!» Оның жүзі шын мәнінде шұғыласын молынан шашқан күн арайынан аумайды. Енді сол арай-нұр, ізгі сәуле шұғыласы жалт етіп жоғалып кеткендей. Бір жылу жетпей­тін­дей, бір жылы алақанды іздейтіндей. Анасының бір ауыз жылы сөзі, шын мейі­рімге толы көз-жанарын аңсайды. Оның, шіркін, алыста болса да, жасы біразға келсе де, әйтеуір, жер басып, көзі тірі жүргенінің өзі көңілге үлкен медет, демеу екен.
Марқұм, иманды болғыр, көзі жұмыл­ғанша қаладағы балаларды аузынан ­тастамапты. Жігер тағы да ой құшағына ерді. «Сыбағаларын кем қылма депті-ау. Бізді жалғызсырап жүр деді ме екен? Жетпестік көріп жүр деді ме, әлде?!» Ой жетегіне еріп, бойлап қараса, әңгіме тек онда емес екен.
Бүгін туған ауылға барудың сәті түсті. Келін кең етіп дастарқан жайып, тәуірінен бабын келтіріп сарбалақ шайын құйып беріп отыр. Сағынышқа толы әңгіме тиегі де ағытылып жатыр. Бәрі де жақсы-ау, кемі жоқ. Бірақ… Сонда да бір нәрсе жетпей тұрған секілді сезіледі. Ол, әрине, Ана құшағы, Ана шуағы, Ана қуаты, Ана бұлағы! Ана Көзі, Ана сөзі, Анаңның Өзі! Анаң болса, тәтті-дәмді, жылы-жұмсақты арнап сақтайды, шай да, тамақ та сіңімді болады. Өйткені шай үстінде қызыл қуырдақ пен бауырсақ қана емес, анаңның сары майдай сақтап келген балқаймақ, құрты, қатырған секері, үйге келген бойда «Айналайын, жарық күндерім, жолдан шөлдеп келдіңдер» ғой деп бауыры үзіліп тұрып, өз қолымен сапырып құйып беретін көпіршік атқан шұбаты жан-жүйені ерітіп, қанға тарап, өн-бойыңа күш қондырушы еді, қанаттандырмай қоймайтын.
…Қалаға қайтар алдында тамының басына барып әйет оқыды. Келіншегі де босаңқырады. Тіршілікте енесінің өмір дағдысы, ұлт қасиетін ұстанған текті келін болуға баулыған тағылымы мол ұлағатты ақыл-кеңестері де ойының елегінен өтіп жатқан тәрізді. Жігер де іштей өксіп жылағанын сыртқа білдірмей, күтіп тұрған көлікке қарай бұрылып кетті.
Жол үсті тағы да шетсіз-шексіз ой меңдеді. Тағы да анасының сыбаға ­жайын қозғай беретіні ойына оралды. Бес жасқа келгенінше ана сүтімен ауыздандырып, нәр құйып, бесінші сыныпты бітіргенше арқалап, еркелетіп өсірген ­абзал анасының жаз дидарлы жарқын жүзін еске алған сайын оның шексіз мейір-махаббатына тәнті бола түседі, қайтып келмес арман кәусарына шөлдейді.
…Жанарына тағы да іркіліп жас келді. Бұл әсте ынжықтық емес. Ешқашан қорлық та көрген кезі жоқ. Ешкімге есесін жіберген және жібере қоятын адамның сойы бұл емес. Кездіктегі алмас қанжар іспетті жарқылдайды. Тек… Сонда да… Бір за­пыран-сағыныш селі ыршып кет­келі тұр. Өзін әрең-әрең ұстап іркіп қалды. «Өмірдегі өз орнымызды тауып, өз сыбағамызды алып жүрсек болады-дағы. Ол бізге мәңгілік махаббат, өшпес ұлағатты сыбаға етіп сыйлап кетті. Тірі жүрсек бір биіктерден табылармыз. Аман­дық болса, адалдық пен адамшылық жолдан ешқашан ауытқымаспыз» дейді сүйген жарына қарап. Ол да басын ­изегендей болды…

Ғалым ӘРІП
АҚТАУ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Кәусар

    Көзіме еріксіз жас келді. Анадан жақын жан бар ма?..

  2. Ақдидар

    Ана мейіріміне не жетсін?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.