Бүгінгі оқушы және инновация

Алматы қаласындағы Махатма ­Ганди атындағы №92 мамандандырылған ­лицейде «Білім беру мазмұнын жаңартуда Ұлттық инновациялық мектеп моделін құру» атты тәжірибе алмасу семинары өтті. «Метасызба»деп аталатын әдіс негізінде оқытудың бағыты таныстырылды. Сонымен қатар лицей оқушыларының ғылыми шығармашылық жұмыстарының көрмесі ұсынылды. Шараға «Дарын» мектептерінің басшылары, республиканың түкпір-түкпірінен келген ұстаздар қатысты.

Аталмыш лицейдің ерекшелігі ретінде мұнда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін бір-бірімен байланыстыра отырып сабақ беру, оқу материалдарын меңгеру сапасын анықтау үшін критериалды бағалау жүйесі енгізілген. Оқушылардың біліктілік дағдысын, ойлау жүйесін дамыту үшін оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері мен пәнді сабақтастыру қолданылады. Мұндағы метапән – инновациялық әдіс. Ол стан­дарт­тық білім мазмұнымен ғана шектелмей, әр пән сабақтарын ғылыми түрде жүйелеп, талдау арқылы беріледі. Соның нәтижесінде оқушылар өзіндік ой-тұжырым жасайды және дербес әрекет етуге үйренеді. Бұл әрбір баланың қабілетін ашуға, шы­ғармашылық жағынан дамуына септігін тигізеді.
Семинар аясында қатысушыларға метасызбалар жасаудың әдіс-тәсілдері нақты көрсетілді. №92 лицей директоры Е.Жиенбаев ұлттық инновациялық мектеп моделімен таныстырды. Осы оқу орнының тәжірибесі негізінде оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының үлгісімен бөлісті. Лицейдің пән мұғалімдері сабақ барысында қолданылатын жаңа технологияларды көрсетіп, нәтижеге бағытталған білім берудің жолдарын баяндады. Мысалы, математика пәнінің мұғалімдері Г.Нұрланбаева мен С.Жоламанова геометриялық есептерді шығарудың оңтайлы әдістерін көрсетсе, тарих пәнінің мұғалімі Қ.Кәрменов Ганди идеяларының Алаш зиялыларының ойларымен сабақтастығына тоқталды.
Бұл мектеп жаратылыстану-математика бағы­тына басымдық береді. Лицей ұжымы оқушы­ларды зияткер және мәдени тұлға етіп тәрбиелеуге, шығармашылық қабілет­терін шыңдауға баса назар аударып отыр. Шығармашылық клубтардың, түрлі үйірмелердің көптігі соның дәлелі. «Көкпар» робот жасау клубы, «Жас химиктер», «Жас астрономдар», «Биозерттеушілер» және басқа үйірмелер ашылған. Тіпті мұнда қазіргі заманғы 3D принтермен жабдықталған кәсіби телестудия мен инновациялық зертхана да бар.
ҚР Президенті Н.Назарбаев ҚР Ұлттық ғылым академиясының 70 жылдық ­мерейтойында сөйлеген сөзінде бәсекеге қа­білетті маман даярлау мектеп қабырға­сынан басталатынын айтқан болатын. Осы ретте оқушыларға білім беруде озық тәсілдерді кеңінен қолданып отырған №92 лицей тәжірибесі ұлттық педагогиканы инновациялық мүмкіндіктермен ұштастырудың бастамасы іспетті.

Д.Тазабекқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.