Шырғалаңда шыныққан тұлға

Жазушы Сәбит Досановтың  «Наркескен» романы жайлы бір үзік сыр

Мемлекеттік сыйлықтық иегері Сәбит Досановтың «Арда» баспасынан шыққан «Наркескен» атты эссе-романы қолыма тиісімен оқи жөнелдім. Шынымды айтсам, өзім куә болған кезеңдер көз алдымнан лентадай тезбектеліп өте бастады. Осыдан жарты ғасыр бұрын «Ара-Шмель» журналында фельетон бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезім. Редакция Жазушылар одағының үшінші қабатында болатын. «Араның» алғашқы редакторы Ғабит Мүсірепов үшінші қабат дәлізіне бильярд орнаттырды. Төлемақысыз тегін ойналатындықтан, келушілер өте көп болатын. Ғабекеңнің өзі де қолы босағанда бильярд ойнайды. Шар тесікторға түспей қалса: « Эх, собака!» деп қоятын…

Аспан мен  жердегі дүрбелең

Басында құндыз бөркі, мойнында ақ бөкебайы бар, денесі боз қайыңдай тіп-тік, сұңғақ бойлы Олжас бильярдқа аса көп қызықпаса да, Шәкен Айманов, Сафуан Шәймерденовтермен шүйіркелесе кететін.
– Олжас Омарұлы, миллиард пұт астық хақында бір өлеңді жазып берсең қайтеді? – деп едім, «Әй, Мәке, сатира журналына мені әурелеп қайтесіз, әркімнің өз аты болуға тиіс» деп жымия күлді.
…Кешікпей осыдан 66 жыл бұрын сәуір айының 12 жұлдызында дүниені дүр сілкіндірген оқиға болды.
Тұңғыш рет Юрий Гагарин ғарышқа аттанды! Аспанда басталған дүрбелең жер шарын да дүрбелеңге толтырды. Бұл оқиға жас ақын ­Олжасты да ерекше тебірентті. Досанов сөзімен айтсақ: «Сол күні қанша кеш жатса да Олжастың кірпігі айқаспай-ақ қойды. Сезім селі қысқан ақын ақ қағазға нық ақық жырын құя бастады».
О, Адам!
Құдіретті нар тынысың,
Жеңдің сен жердің сұмдық тартылысын.
Осылай жеңсең тірлік тауқыметін
Есінен шығармады ел, бар туысың.
…Батыс жоқ, Шығыс та жоқ жер дейтұғын
Бір-ақ сөз
Ұлы сөз бар барлық тілде!…
«Адамға табын, Жер енді» поэмасының алғашқы жолдары осылай басталып кетті. Керемет оқиғаға орай туған керемет жыр кешікпей-ақ «Казправдада» жарқ ете қалды. Автор бұл тұс туралы өз ойын: «Олжас жазған поэма парақша болып та басылды. Оны ұшақпен алып ұшқан ұшқыштар Алматы аспанынан «шашу» етіп шашты. Аспаннан жауһар жыр жауды» деп түйіндейді.
Әуелде өнер адамдарының жұлдызы жанатын бір сәті болады. Сәуір айында Сүлей­меновті тебіренткен ғажайып туындысы жер жаһанды шарлап кетті. Жердегі дарын дүрбелеңі осылай басталған еді.

Түрмеге қамалған кітап

Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының лауреаты аталған ақын Олжастың екінші бір қыры – ғылымы зерттеумен де айна­лысатындығы. Орыстың «Игорь полкы туралы жырын» жатқа білетін ақын Олжас ұзақ жылдар бойы мұрағаттарды жер қыртысын қопарған кеншідей көз майын тауыса ақтарып барып, ой елегінен өткізе өз тұжырымын аңғартатын «Аз и Я» туындысын жарыққа шығарған тұста қызыл империяның «Сұр кардиналы» атанған суық ойлы Суслов Қонаевқа телефон арқылы:
– Сүлейменовты соттау аз, оны атып тастау керек деп, екі иығын жұлып жеген еді.
Димаш Ахметұлы аса дарынды Олжасты орыс шовинистердің ойранынан құтқарғысы келді.
– Бұл кітапта ешқандай ұлтшылдық жоқ, оқып көріңіз, – деп арашалап қалғанын білеміз… Қонаевтың өтінішімен Брежнев араша түскесін Олжасты соттата алмаған Суслов «Аз и Я» кітабын түрмеге тоғытты.

Колбинге қарсы  жалғыз дауыс

1986 жылдың сойқынды дүрбелеңі басталған кез. Брежнев атындағы алаңда болған бейберекет көріністер күні бүгінге дейін көз алдымызға елестейді. Оқыс өткен желтоқ­сандағы жастардың жойқын толқуы Пленумға ұласты. КПСС Орталық Комитетінің хатшысы Разумовский:
– Қонаев орнынан босатылды, оның орнына Г.В.Колбин жолдас билік етеді, – деген тұжырымын алға тартты.
…Дауыс беріліп жатты. Жапа-тармағай қуаттай салатын әдет бұл жолы белең алды. Жар дегенде жалғыз қарсы дауыс берген сол кездегі Орталық комитет мүшесі Олжас Сүлейменов еді.
– Димаш Ахметұлы Қонаев партия сызып берген жолдан жаңылған емес, аянбай адал еңбек етті. Егер Қонаев қателессе – ол бәрі­міздің, соның ішінде Саяси Бюроның да қа­телігі! – деген жігерлі сөздерін қатулана айтты.
Айтпай талант тұра алмайды бар шынын,
Тағдыры осы жыршы менен жаршының, – деп өзі шығарған өлеңінің рас екенін бұл жолы да ақтап шықты.
– Сөзіңіздің мазмұнын сәл жұқартып, өзгертсеңіз қайтеді, бұл күйінде «Казправ­даға» жариялау қиын, – десті сол кездегі саясаттың жандайшаптары.
– Сөзімді ешбір өзгерте алмаймын, айтылған сөз-атылған оқ! – деп Олжас өз пікірін кесіп айтты.

Жарлық және жандауа

…Астапыралла, осыдан жарты ғасыр бұрын басталған ядролық жарылыс. Семей полигоны. Саңырауқұлақты еске түсіретін сұмпайы көрініс… Жерді ауық-ауық сілкін­дірген бес жүз рет жарылыс. Осы бір алапат салдарынан әсіресе Семей өңірін­де сіркеше қаптаған сырқаттар. Адам кейпімен үйлеспей дүниеге келген нәрестелер мен жан-жануарлар… ­Диагноздарды белгісіз дерт атаулылар аяқ алып жүргізбес аянышты халге душар етті емес пе? Мұндай алапатты адам баласы әманда көрген жоқ еді ғой. Қырсыққанда қырғынға ұшыратқан бұл оқиғаның қазақ жерінде басталғанын айтсайшы. Кеңестік керзаманда мұнымен күресуге дәрмен болды ма?
«Наркескен» кітабының авторынан дәлел келтірелік.
…Іле шала Жазушылар одағының жиынында митинг дүрлеп қоя берді.
Мінбеге көтерілген кәріс, ұйғыр, орыс, өзге де ұлт жазушылары жүрекжарды сөзде­рін қыздыра сөйледі. ­«Невада-Семей» қозғалысы құрылды. Қозғалыс басшысы болып Олжас Сүлейменов сайланды.
Бұл оқиға жарылысты жақтаушылардың ­аузына құм құйғандай болды. Олардың сағы сынды. Дәрмені құруға айналды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Романында осы оқиғаларды көркем тіл, оралымды оймен керемет кестелеген, қазақтың біртума перзенті, Мемлекет және қоғам қайраткері, түрколог ғалым Олжас Омарұлы бейнесі бүге-шігесіне дейін шешен тілмен шебер суреттелгеніне тәнті болдық.

Тобықтай түйін

Сырт көзге Олжас өмірде жолы болғыш серідей көрінуі мүмкін. Олжасқа жақын жүрген біз жақсы білеміз, көзі қарақты қауым да хабардар, оның тағдырдан жеген таяғы да аз емес. Олжас мырза шырғалаңда шыныққан тұғыры биік тұлға. Ол Ұлттың рухани өміріндегі құбылыс. Ол жайлы Сәбит Досанов «Наркескен» романында нақты деректерге сүйене отырып өз кейіпкерінің тар жол, тайғақ кешуін көркем сөзбен шебер сомдаған. Соған орай байсалды баяндалып, сенімді суреттелген аса қызықты оқиғаларды оқып ой түюді оқырман еншісіне қалдыруды мақұл көрдім.
Түйіп айтсақ, «Наркескен» романы бас кейіпкер Олжастың күрмеуі қатты күрделі тағдыры жайлы ой өрбіте отырып, арда тұлғаның бейнесін ел өміріндегі елеулі кезең, халық бастан кешкен басты оқиғалармен байланыстыра бедерлі бейнелеген.
Роман – әдебиеттің аса күрделі жанры. Содан да қаламгер көп болғанмен, роман жазғандар аз. Әсіресе ақын жайлы роман жазу қиынның қиыны. Қазақ әдебиетінде ақын жайлы жазылған небәрі төрт-ақ роман бар. Оның бірі – Мұхтар Әуезовтің әлемге әйгілі «Абай жолы», екіншісі – Дихан Әбіловтің Сұлтанмахмұт туралы жазылған «Ақын арманы». Қазақ әдебиетіндегі ақын жайлы төрт романың екеуін Сәбит Досанов жазды, олар: Қасым Аманжолов туралы жазылған «Екінші өмір», Олжас Сүлейменов жайлы толымды ой толғаған «Наркескен» романы.
Семсер тілді, сексен қырлы, алтындай аз, алмастай асыл Олжас жайлы романға ­«Наркескен» деп кейіпкер тұлғасына сай өте тапқыр ат қойылған.
«Наркескенді» оқыңыз, өкінбейсіз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.