Ұстаз

Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,жазушы

Менің туған ауылым – Қызыләскер деп аталады. Алып таулардың аясында осы қырық түтінді ауыл – менің кіндігім кесілген, тәй-тәй басқан бөбек кезім, алғашқы бал-балалығымның шуақты кезеңдерін өткізген қасиетті ұжмақ мекені.
Міне, бүгінде қырықтан астам кітап жазып, әлемнің көптеген жерлерін аралап жүрсем де – туған ауыл топырағы тым ыстық.
Туған ауылымды сағынамын, не жазсам да тау көмкерген Қызыләскер ауылы, ауылдың шетін ала ағатын Тәуке өзені, алыстан айбынданып көрінетін Аспанқора шыңы көз алдымда тұрады, ешуақыт көңілімнен кетпейді.
Әсіресе ауылдың аяқ жағындағы мектебіміз қандай еді?! Биік дөң үстіндегі бастауыш мектептегі оқу – параллель сыныптар арқылы жүретін. Түске дейін бірінші мен үшінші бір сыныпта қатар оқиды, түстен кейін екінші мен төртінші сол бөлмеде бірге оқып жатады.

Әр сыныпта – бес-алты, кейде төрт-бес қана бала оқимыз. Мұғаліміміз – Ұлы Отан соғысынан бір аяғынан айырылып қайтқан, таяққа сүйеніп жүретін келбетті келген Әбдірзақ ағай. Мектептің кіре берісіндегі кішкентай бөлме – мектеп меңгерушісінің кабинеті. Онда – горн, ту, кітап, журналдар тұрады. Әбдірзақ ағай сабақтан кейін сол кабинетінде отырады. Ауыл тұрғындары, ата-аналар сол кішкентай кабинетке кіріп, мектеп меңгерушісімен әңгімелесіп жатады.
Мектеп парталары қыркүйекке дейін сырланып, бөлмелер іші-сырты аппақ ақталып, оқуға сағынып, қуанышымыз қойнымызға сыймай жетеміз.
Кластың ортасында «контрамарка» деген үлкен қара пеш тұрады. Қыстың күндері ертерек келген оқушылар от жағушыға көмектесіп от жағады, су, мұз болған үсті-бастарын кептіріп жатады.
Сырттай бұйығы, қоңторғай ғана кішкентай ауыл болғанымен де мұнда да үлкенді-кішілі сан түрлі оқиғалар, жағдайлар болып жататын. Бүгіндері барлап, ойлап қарасам сол бір кезеңдегі сапырылысқан сан түрлі оқиғалардың басы-қасында болып, оң шешімін ­табуына, ауылдың береке-бірлікте болуына барынша бар күш-жігерін жұмсап жүретін – Әбдірзақ ағай екен ғой.
Бүкіл ауылдың үлкен-кішісі «Мұғалім келе жатыр» дегенді естісе Қыдыр, періште келе жатқандай қаздай тізіліп, ерекше ілти­патпен сәлемдесіп, зор құрмет көрсетеді.
***
Қызыләскер мектебінде жаңа жыл мерекесін өткізетін болдық. Әбдірзақ ағай ат-шанасымен Ұзынағаштан жап-жасыл иісі бұрқыраған шырша алып келді.
Парталарды артқа сырғытып ­жинап, ортаға шыршаны орнаттық. Бөлме ішіне жаңа жауған қар секілді мақтаның талшықтарын үзіп-үзіп алып, жіпке тізіп, төбеден төмен салбыратып іліп қойдық. ­Терезе әйнектеріне ою-өрнектелген қағаздар жапсырдық. Шыршаға қолдан әркім әлінше ойыншықтар жасап іле бастадық. Бәрін қарап, ұйымдастырып жүрген Әбдірзақ ағай біздің құлшынысымызға ақ пейілімен риза.
– Ал, балалар, 31 декабрь күні кешкі сағат жетіде осында Жаңа жылды қарсы аламыз. Ата-аналарың да келсін, сендердің дайындаған өнерлеріңді көрсін! Ана ­электрикке де айтып қойдым, движокты ерте қосып қояды, – деді.
Электр жарығы жаңа түсе бастаған кез, ауылға бөлек движокпен электр жарығын береді.
Отыз бірінші декабрь күні класқа адам сыймай кетті. Кішкентай балалар еденде отырып, отырмағаны тіпті жантайып жатыр.
Сағат жеті болғанда самаладай электр жарығы жарқ ете қалды. Ёлканың үстіндегі жабылған газет­терді алып тастап еді, ел таңданғаннан «аһ» ұрды.
Шыршаның үстінде әлі біз өңіміз тұрмақ түсімізде көрмеген жалт-жұлт еткен сан түсті ойыншықтар ілініпті.
Ортаға таяғын таянып, мектеп директоры Әбдірзақ ағай шықты да:
– Құрметті ата-аналар, оқушылар, ауылдастар! Келе жатқан Жаңа жылдарың құтты болсын! Совет Одағы Ұлы Отан соғысында фашистерді жеңді. Енді ел еңсесін көтеріп жатыр. Міне, біздің ауылда да тұңғыш рет ёлка құрылып, Жаңа жылды бірігіп, қуанышпен қарсы алып жатырмыз.
– Қарағым-ау, анау әдемі жалт-жұлт еткендерің не? – деді ауылдағы ең кәрі Зейіл апа көзін көлегейлей қарап.
– Апа бұл ёлканың ойыншықтары, әдейі сатып әкелдім. Сіздер тамашаласын, көрсін дедім. Көресіздер, заман түзеледі. Мұндай ёлка жаңа жылда кейін әр үйдің төрінде орнатылатын болады. Ал енді балалар қазір ән айтады, тақпақ оқиды, – деп бізді шақыра бастады.
Балалар ән шырқады, жаттауларын айтты, көрініс көрсетті. Ел рақаттана қол шапалақтап, қошеметтеп жатыр.
– Жаңа жыл мерекесіне арналған концертіміз осымен аяқталды. Бәрімізге келер жылға жақсылық әкелсін! – деді мектеп басшысы.
– Оу, қарағым-ау, мына бір жылтыл­даған әдемі нәрсені үйдегілеріме тә­бәрік деп апарайыншы, – деп бір қария жылтыраған ойыншықтың біреуін үзіп алып, қалтасына салды.
Осы кезде үлкендер лап қойды. Әрқай­сысы қолына тигенін үзіп-үзіп алып жатыр.
Әп-сәтте ойыншықтан тұттай айырылған шыршаның қаңқасы ғана ­ортада қалды. Тіпті біз қолдан жасаған түрлі ойыншықтардың біреуі де жоқ, шыршаның бұтақтарын да сындырып алыпты. Ел түгел тарап кетті.
Ортада бұтақтарынан тұттай айырылған шырша, ал терезе алдындағы орындықта Әбдірзақ аға бүкшиіп отыр.
Біз ел соңында қалған екі-үш бала алаңдап, мектеп басшысы тас-талқан ашуланып, ұрсатын шығар деп кете алмай ағайға жақындай бердік.
– Ағай, шыршаны сындырып, түгін қалдырмай бұтақтарына шейін алып кетіпті! – дедім мен.
Әбдірзақ ағай қалтасынан көлдей бет орамалын алып, көзін сүрткіштей берді де, еңкілдеп жылап жіберді.
– Алсын! Тұңғыш келген ёлка ғой ауылға. Бұлар не көрді? Соғыстан кейінгі қау­сап қалған ауылымызға осындай қуа­ныштарымыз көп болсыншы деп ырымдап әкелдім. Алсын, үйлерінің төріне іліп қойсын! Әлі-ақ ёлканы дүркіретіп өткізетін боламыз. Әлі-ақ сендер керемет азамат болып, осы ауылды көтересіңдер, атын шығарасыңдар! Біз соғыста жүрдік, көп уақытымыз кетіп қалды ғой!
Бір қарасақ біз ұстазымызға тұмсығы­мызды тығып өксіп-өксіп жылап отырмыз. Қайран асыл аға, ұстазымыз Әбдірзақ ағаның біздің тақыр басымызды сипап, қарлыққан даусымен айтқан осы бір сөзі – бізге аманаты екен ғой. Сол бір Жаңа жыл кеші менің есімде мәңгілік қалып қойды. Әр Жаңа жыл сайын сол кешті, Әбдірзақ ағаны сағына есіме аламын.
Шешем де бір ойыншық ала кетіпті.
Біздің үйдің төрінде сол жылт-жылт еткен ойыншық жыл бойы ілулі тұрды-ау.
***
Сол бір жазда аптап айлап тұрып алды. Шегірткенің қанаты күйіп, тасбақаның табаны жидіп түсетіндей қапырық ыстық төңіректі түгел күйдіріп, шілде болмай-ақ шөптер сарғайып, қурап сала берді. Ала жаздай жаңбыр жаумағаннан үй жанындағы жеміс ағаштары, бақшадағы көк-сөк те су ішпей бүрісіп қалды. Дәл осындай кезде Қызыләскерге жан кіргізіп, сылдырап ағып тұратын Тәуке өзені тартылып қалды, арнасындағы қожыр-қожыр тастар күнге шағылысып, жағасындағы көгерім жалбыз біткен тамырлары ­адырайып, бастарын төмен иіп, солып сала берді.
Су – тіршілік көзі. Қызыләскер ауылы флягын арқалап, шелектерін салдырлатып, сонау биік қырқа астындағы Мырқасым сайындағы бастауға шұбырды. Терлеп-тепшіп әкелген екі шелек су аңызақ аптапта ештеңеге жетпейді. Ел қатты қиналып кетті.
Әбдірзақ ағай мектеп көлеңкесінде кешқұрым елді жинады да, былай деді:
– Мен атпен өзен арнасын жағалап, сонау Аспанқора астына дейін барып қайттым. Атабаймен шектескен тұста өзен суы оппаға түсіп кетіпті. Баяғыдағы бұлақ, бастаулар көзі шөп-шаламмен мал тұяғынан көбісі бітеліп қалыпты. Енді қарап отыруға болмайды. Бүкіл ағаш жеміссіз қурап, ауыл қатты қиналады. Ертең таңертең сағат бесте бәріміз бала демей, шал демей қолымызға кетпен, күрегімізді алып, жаңа арна қазамыз. Ауылдың жоғарғы жағына таңертең күн шықпай сағат бесте жиналыңдар, – деді қысқа ғана сөйлеп.
Ертеңгісін тәтті ұйқымнан әзер ояндым. Таң сібірлеп жаңа-жаңа атып келеді екен. Бір жанан айранды іше салып, күрегімді көтеріп, ауылдың жоғары жағына шықсам, бүкіл ауыл жиналып қалыпты. Әбдірзақ ағай атпен алдыда, суы жоқ өзен арнасымен жоғары жүріп кеттік.
Тура Атабай сайына келетін бір бұлақ қосылған тұста Тәуке өзенінің суы қожыр-қожыр тас жыраға сіңіп жоқ болып жатыр.
Әбдірзақ ағай тапсырма бере бастады. Сол тұстан сәл жоғарырық жерден – бұрылма жаңа арна жобасын көрсетті. Екі шақырымдай қиялап барып, бұрынғы арнасына қосылуы керектігін ұқтырды.
Мен сол кездің адамдарының бірлігі мен ынтымағына қайран қала­мын, айрықша тәнтімін. Түс кезінде өгіз арбасымен завферма келді. Ол бір фляг айран, нан, қазан және бір семіз тоқты әкеп беріп кетті.
Тоқтыны сойып, далаға шай қайнатып, тамақ істеп, түннің бір кезіне дейін жұмыс тоқтамады. Бәрі ақ тер, көк тер болып шаршау дегенді білмей жаңа арнаны қазып бітіп, суды бөгет жасап, соған бұрып жіберді.
Айналып жасалған жаңа арнада қасиетіңнен айналайын сылдыраған су екі шақырымнан кейін бұрынғы арнасымен қосылып, төмен қарай құлдырай жөнелді.
Жұлдыздары қалың жымыңдаған, айы толықсыған түнде бүкіл ел «Ура-а-а» десіп сол аққан суды қуалай жарысып, ауылға қуа­нышымыз қойнымызға сыймай жеттік-ау…
Ертеңіне өзіміз жасап алған сол өзен арнасындағы көлмекте күні бойы рақаттана шомылдық-ау!..
Әбдірзақ ағай бір топ жігіттерді екі күннен кейін жанына ертіп алып, өзенге қосылатын бүкіл бастау-бұлақ көздерін тазартып, қайтып еді, су да молайып жағасына жайылып, толып шыға келді.
Ауыл ажарланып, рақаттанып қалды.
***
Әбдірзақ ағаның жұбайы – Тұрар апа менің кіндік шешем. Бализа, менің шешем Күлиман бәрі қатар-құрбылар. Бализа мен Тұрар апаларым менің кіндігімді кесіп, шешемді қалжалапты. Бализа апам әлі күнге дейін оны жырдай ғып айтады.
Тұрар апама ауылға барған сайын сәлем беріп, қал-жағдайын біліп шығамын. Ол кісі мені шай ішкізіп, тамақ жегізбей қайтармайды.
Апам екеуміз әңгімеге кірісеміз. Жалпы мен титтәйімнен шал-кемпірлердің әңгімелерін жақсы көремін. Апаның бөлмесінде екеуміз ғана ауылымыз, ­ауылдастарымыз жайлы талай-талай әңгіме тиегін ағытамыз. Талай-талай сыр ақтарылады, мен білмеген нәрселерімді сұрап қоямын. Кей-кейде күйеуі Әбдірзақ ағай жөнінде айтқанда ерте қайтыс болған жарын жүрек жара күрсініп, есіне алып, көз жасын сығып, жылап та алады.
– Әбекең тым ерте кетті ғой. Соғыстан жарымжан, мүгедек болып қайтты. Біздің түбімізге жететін – қызғаныш, көре алмаушылық. Маңдайы жарқырап біткен асыл жан еді, ардақтым. Көре алмаушылардың кесірінен ерте үзілді ғой деп, – деп бір сырды жайып салды.
Әбдірзақ ағай Ұлы Отан соғысында Брест қамалын қорғауға қатысқан, Қызыл Жұлдыз орденді соғыс ардагері. Ауылдағы біреу үстінен қайта-қайта арыз жазып, КГБ-ға шақыртып, тергеп, жауап алып, соңынан шам алып түсіпті. Аққа құдай жақ, қылаудай кір таба алмаса да әлгі арызқой қоймай Алматыға, Мәскеуге хат жолдап, тыным таппапты.
Егей берсең тас та мүжіледі. Әр барып-келген сайын қабағын мұң шалып, ішқұса болып, кеселденіп, күрт түсіп кетіпті.
Тұрар апай ешкімге айта көрме деп айтқан осы бір әңгіме есіме түссе жан-дүнием түршігіп, тебіреніп кетеді. Асыл, ардақтыларымызды неге көре алмай, өшігеміз? Қайран, ай маңдайлы, тау тұлғалы ұстазым!..
Еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін көтеріп, заман түзелген тұста жаңа мектеп салынды. Бастауыш қана емес, орталау мектепке Брест қаһарманы Әбдірзақ Мәмиев есімі бірауыздан берілді. Әсіресе ауылдастарымның қуанышында шек болған жоқ. Бәрі әрқашанда Елбасымыздың көреген саясатына, қамқорлығына алғыс айтады.

Еліміз тәуелсіздік алып, еңсесін көтеріп, заман түзелген тұста жаңа мектеп салынды. Бастауыш қана емес, орталау мектепке Брест қаһарманы Әбдірзақ Мәмиев есімі бірауыздан берілді. Әсіресе ауылдастарымның қуанышында шек болған жоқ. Бәрі әрқашанда Елбасымыздың көреген саясатына, қамқорлығына алғыс айтады.

Қасиетіңнен айналайын туған ауылымда қалған іздерім, алғаш білім алған кездерім бәрі-бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Ауылға, Әбдірзақ Мәмиев атындағы мектепке жиі барамын, өрімдей балалармен кездесіп, әңгімелесемін. Олар – аппақ қардай таза періштелер ғой. Болашақта олардың арасынан талай-талай тұлғалар шықпасына кім кепіл?! Әлімнің келгенінше жыл сайын кітап, музыка аспаптарын, спорт тауарларын сыйлаймын. Мектеп директоры осы ауылдан өскен ақын ініміз Марат Құрманқұлов жайраңдай қарсы алып, соңғы жаңалықтарды, жеткен жетістіктерін баяндай жөнеледі. Мектептегі Брест қаһарманы аяулы ұстаз Әбдірзақ Мәмиевке арналған музеймен жан-жақты таныстырады.
Мектепке кіріп келгенде қарсы алдымнан Әбдірзақ ағай қарсы алады. Әрине, өзі емес, үлкен портреті. Мен бірден сол баяғы бала кезіме көшемін, есіме нелер келіп, ­нелер кетпейді десеңші!..
9 мамыр Жеңіс күніне арналған Алматыдағы жиында Әбдірзақ ағаның соғыста бірге болған майдандас досы Ғаббас Жұматов ағаны көріп, жүгіріп барып қос қолдай сәлем бердім. Кеудесі толы орден-медаль ардагер аға әлі тың.
– Қарағым, міне жүз деген жасқа да жетіп қалдық. Қу соғыс болмаса Әбдірзақ та қасымда отырар еді. Жігіттің нағыз жай­саңы, нарқасқасы еді. Соғыс қаншама боздақтарды қыршынынан қиды. Әбдірзақ мүгедек болып оралып, ерте үзілді. Енді ешуақытта соғыс болмасын. Ең үлкен бақытымыз – тыныштық, қарағым, – деп қолымнан ұстаған күйі майдандасы Әбекең жөнінде әңгімелеп кетті:
– Біз 1939 жылы әскер қатарына бірге шақырылдық. Әбдірзақ Брест қамалының өзінде 125-ші атқыштар полкінде жауынгерлік қызмет атқарды. Ал мен Брестен бес шақырымдай жерде радиобайланыс бөлімшесі командирі болып борышымды өтеп жатқан кезде күтпеген жерден Ұлы Отан соғысы ­басталды. Сұрапыл соғыста Брест қамалын қорғаған ержүрек батырларымыздың ерлігі – бүкіл Отанымызға нағыз қаһармандық үлгісі болды. Фашистер қамалды айналып терең ішке еніп кетсе де қорғаушылар 20 шілдеге дейін жауға берілмей, жанталасқан дұшпанды жолатпай тұрды. Міне, сол қаһарман батырлар Әбдірзақ Мәмиев, Владимир Фурсов, Мақсұт Ниязов, Нұрым Сыздықов секілді ­жауынгерлер ерліктің өшпес үлгісін танытты. 1941 жылы соғыс басталғанда Брест гарнизонында борышын атқарған үш мың қазақстандық батырлардан соғыс біткенде небәрі ­алпыстай ғана адам қалды. Әбдірзақ Мамиев – Брест қамалының нағыз қаһарманы. Одан тірі қалып, талай алапат майданда соғысқа қатысып, 1943 жылы оң аяғынан ­айрылып, ұзақ емделіп елге оралды. Ол менен бір жас қана үлкен еді. Соғыстан кейін де Әбекеңмен араласып, кездесіп тұрдық. Нағыз ұлағатты ұстаз, жігіттің сұлтаны, ерекше жаратылған парасатты жан еді, – деп майдангер профессор Ғаббас аға майдандас досы жайлы адам жанын тебірентер әңгімелер айтты. Соғыс ардагері қолымды қыса құшырлана ұстап отырып Әбдірзақ ұстазым туралы, оның қан майдандағы ерлік істері, өнегелі өмірі жайлы айта берді, айта берді.
***
Көктемде біздің қырқаларда үлпілдек қызғалдақтар көздің жауын алып қаптап кетеді. Ғажап сурет, ғаламат көрініске көзің тоймайды-ау…
Мұндай кезде біздің Қызыләскер ауылы да көкорайға бөленіп, құлпырып жайнап тұрады. Биік-биік ағаштар көкжасылға бөленіп, сылдырап аққан Тәуке өзені қуана құлдырайды. Ауылдан жоғары өзіміз талай асыр салып жуа, рауғаш теруге барған ­Атабай, Аспанқора, Қақпатас…
Біздің таулар да тұлғалы, қасиетті-ау. Анау – Суықтөбеде – Қарасай батыр, Қарақияда – Сүйінбай, Майтөбеде – Жамбыл, Кішісазда – Үмбетәлі Кәрібаев, Үшқоңырда Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев туып-өскен тауларға әрдайым сүйсіне қараймын. Бұл Алатау – шежіре тарих, құт мекен ғой. Осы Алатауда Мәми жайлауы бар. Мәми – заманынан артық туған, елге көшбасшы, би болған. Оның қайраткер, көрегендігі, білгір шешендігі жайлы елдің көнекөз қариялары әлі күнге дейін аңыз қылып айтып отырады.
Мәми бидің мәрттігі, ерлігі жайлы мен «Мақыш балуан» атты кітабымды жазған едім.
Қасиетіңнен айналайын туған өлкем. Алатаудың алыптары жайлы жазу – парызым мен қарызым емес пе?!
Әбдірзақ Мәмиев есімді ұстазымның бір шәкірті ретінде ғасырға толар мерейтойына арнап жазған естелік-эссем еді бұл. Өйткені ол кісі бүкіл ауылымыздың ұстазы, білім шамшырағын жаққан асыл азамат еді. Сәкен Сейфуллин қалай дәл тауып жазған:
Оқу – білім қазығы,
Адамның азығы.
Оқу – өмірдің сәні,
Тіршіліктің шамы.
Білім шамын жаққан ұстаздарыма мың тағзым!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. жанболат

    Тамаша жазылған эссе екен.Мен де туған ауылымда майдангер ұстаздар Қожағұл,Иманбай,Оқаш ағайлардан дәріс алдым.Қазіргі мұғалімсымақтармен оларды салыстыруға келмейді,олардың әрқайсысы бір тұлға екен-ау,,,,,

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.