Тұнық жырдың тұмары

Мен үшін қазақтың ақын қыздарының ішінде ­Фариза апамыздың алатын орны айрықша. Не себепті осы бір аяулы тұлғаны ерекше қадір тұтатынымды, не себепті қаламынан шыққан жырлары алдында бас иетінімді өзім де түсіндіре алмаймын. Қандай қасие­тімен тәнті етті? Жеке басындағы адамдық қасиеттері ме? Әлде ешкімге ұқсамайтын ерекшелігі ме?  

Осындай ойлар жетегінде жүрген маған желтоқсан ызғарымен келген ақынның қазасы, асыл қазынасын жоғалтқан қазақ поэзиясының орны толмас қайғысы – бұл сұрақтарымның жауабын іздеуіме түрткі болды.
Фаризасынан айырылған оқырман­дарының, зиялы қауымның баспасөз беттерінде жарық көрген, ақын өліміне қабырғасы қайыса білдірген ойлары – санамда жүрген сан сұрақтың жауабын табуыма себепші болған еді.
Жүрекжарды жазбаларды оқығанда ақын шығармашылығын һәм тұлғасын тану жолында тынбай еңбектенуге өзіме-өзім уәде бердім.
Фариза апай туралы естеліктерді оқи бастағанда-ақ, өзім білмейтін талай мәліметтерге қанықтым. Жырларын қанша оқысам да, тұңғиығына терең бойлай алмағанымды түсіндім. Өлеңдерінен халқыма тән өрлікті, әділетсіздік көрсе шыдап тұра алмайтын ер мінезділікті аңғардым. Фариза апамыз біреудің тағдыры үшін алаңдай білетін санаулы қаламгерлердің бірі екенін, өзі үшін ғана емес, өзгелер үшін де от пен суға түсуден тайынбайтынын сан мәрте дәлелдеген (Дәурен Берікқажыұлы), қолында барды елге үлестіруден талмайтын, әр адамның жанарынан жақсылық іздеп, жүрегіне мейірім төге білген, бар қазақтың жоғын жоқтап, қолында барын сарқып беріп, әр қыздың бақытын тілеп, жақсылық ойлаумен ғұмыр кешкен (Бақытгүл Бабаш), күллі қазақ қыздарын «сөйлеткен» (Бауыржан Бабажанұлы), айналасындағы талантты деген жастардың бәрінің мәселесін шешіп, көмек көрсетіп, қамқорлығын көрсеткен, ардан аттамай, әдебиетке адал, оқырманға ардақты болған жаратылысы өзгеше жан екенін білдім.
Ал заманының заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «Фариза туралы екі ауыз сөзін» оқығаннан кейін жанының кіршіксіз тазалығын, батылдық, адал­дық, арлылық, намысқойлық сияқты адамгершілік-азаматтық қасиеттердің барлығы да өн бойынан табыла алған тұлғасына еріксіз бас идім.
Ақын жанымен тілдесу үшін осы уақытқа дейін өзіме таныс шығарма­ларын қайтара оқып шығып, тереңіне үңіле қарадым. Сонда мен осыған дейін қалай ғана әр өлеңінің өзі өмірлік қағидаңа айналатындай тәлім беретінін байқамағанымды ұқтым.
Кез келген өлеңін алып қарасаңыз, жоғары адамдық қасиеттің иісі аңқитын, ал өлең тұрғысынан өзіндік бағытын да, түрін де тапқан ақын (Ғабит Мүсірепов) екен. Ал ардан аттап, адамдықтан безген­дерді көргенде, айналасынан жыл­постық пен жағымпаздыққа құдіретті жыр-семсерімен күйрете соққы берген.
Бір сөзбен айтқанда, не себепті көп ақынның ішінде осы бір аяулы тұлғаны ерекше қадір тұтатынымды ұқтым. Жүрегімде мұндай құрметтің ұялауына қаламынан шыққан туындылары, ешкімге ұқсамайтын, ешкім де ұқсай алмайтын өзіндік ерекшелігі, ғасырда бір туатын дара тұлға болғаны түрткі болды. Неліктен бүкіл алты алаштың осы бір аяулы адамнан айырылған сәтте, қара аспан жерге түсердей күңіренгенін, өзімнің де ең бір жақын адамымнан айырылғандай күйде болғанымды, сондай-ақ халқының не себепті «Тұнық жырдың тұмары» деп атағанын, мөп-мөлдір, тап-таза, аппақ қардай кіршіксіз поэзиясы оқырман жүрегіне жол тауып, жан жарасын емдер дауасы болып орын тапқанын білдім. Мұқағалидай ақынның сыйлы да, сырлас досына айналған қайталанбас дара тұлғасына тағзым ете отырып, санам­дағы сан сауалдың жауабын таптым.
Иә, Фариза поэзиясының құдіреті шығар, мен де өзімше көзі тірісінде түсіне алмаған пендешілігіме кешірім сұрағандай болып, жүрегімнен жарып шық­қан өлеңімді ақын аруағына дұға еткендей болып арнағаным деп ойлаймын.
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Мұқағали жырлаған Фаризасыз.
Шаң басқан архивте емес,
жүректердің
Жарқыраған төрінен табыларсыз, – дей отырып, алдағы өмірімде өзіме және өзгелерге поэзия әлемінде нағыз тума жырды қалдырған Фариза Оңғарсынова шығармашылығын тұмар қып тағып, өмірлік ұстанымыма айналдыруды ақын алдындағы парызым деп санадым.

Айкүміс Ажканқызы,
Қызылүй негізгі мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Атырау облысы
Исатай ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.