Оңтүстік Қазақстан облысы

Шардара ауылы

Шардара ауданы – облыстың оңтүстік-батыс бөлігіндегі әкімшілік-аумақтық бірлік. Жерінің аумағы – 13 мың шаршы шақырым. «Шардара» сөзі көне парсы тілінен аударғанда «Төрт қақпа» («чор» – төрт, «дора» – қақпа) деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар жазбаларынан қазіргі Шардара қаласының үш тұсында егіншілігі, қолөнері, мәдениеті дамыған, отырықшы тұрғындары бар үш қала өмір сүргенін көруге болады. Жүргізілген археологиялық қазба зерттеулерінің мерзімі мен ретіне қарай, шартты түрде «Екінші Ақтөбе» деп аталатын қалашық қазіргі аудан орталығынан 15 шақырымдай жоғарыда, Сырдарияның оң жағалауында орналасқан. Зерттеушілердің пайымдауынша, I-V ғасырлар аралығында өмір сүрген қалашық үш бөліктен: орталығы, қорғаны және шағын сарайдан тұрған. Қазба жұмыстары кезінде табылған қыш құмыралар, кұтылар, тостақтар, ыдыс-аяқтар дән, шарап, су сақтауға пайдаланылған. Сондай-ақ алтын сырға мен мыс сақиналар, алебастрдан жасалған әйел құдайын бейне­лейтін мүсіндер қалашықтың өмір сүрген кезеңін дәл анықтауға мүмкіндік береді.
Шардара қаласы. 1968 жылдан бері қарай аудан орталығы болып келеді. Облыс орталығы – Шымкент қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым жерде, Сырдария өзенінің оң жағын ала, Шардара бөгенінің жағасында орналасқан.Шардара қаласының аумағында VIII ғасырда егіншілігі, қолөнері, мәдениеті дамыған отырықшы тұрғыны бар үш қала қамал болған: Бірінші Ақтөбе, Екінші Ақтөбе, Жаушықұмтөбе. 1959-1968 жылдар аралығында Сырдария кенті деп аталған.
Қ.Тұрысбеков атындағы ауылдық округі. Қ.Тұрысбеков ауылдық округі бұрынғы Шардара ауылдық округі, ауыл атауы Оңтүстік Қа­зақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәс­лихаттың 2007 жылғы 31 мамырдағы №33/361 – III бірлескен шешімі негізінде ауыс­ты­рылды. Ауылдық округ Шардара қала­сы­нан солтүстікке қарай Сырдария өзені мен Қызылқұм каналы аралығында орна­ласқан. 1957-1996 жылдары «Қаракөл» ғы­лыми-өндірістік бірлестігінің «Шардара» кеңша­рының орталығы болған. Ауылдық округ­тің құрамында Ақберді, Бимырза, Бозай, Қуан­құ­дық, Пішентөбе, Шардара елді мекендері бар.
Қоссейіт ауылдық округі. Қоссейіт ауылдық округі аудан орталығынан солтүстікке қарай орналасқан. Ауыл атауы кеңестік дәуір кезеңінде «Восход» ауылы аталып келген. Қоссейіт (Қосшейіт) – жаугершілік заманда қос азаматтың қайтыс болған төбесі, мекені деседі. Ауыл 1965-1998 жылдары күріш өсіретін кеңшар орталығы болған.
Көксу ауылдық округі. Көксу ауылдық округі аудан орталығынан солтүстікке қарай 35 шақырым жерде, Сырдария өзені мен Қызылқұм каналының аралығындағы Шардара даласында бұта, көкпек, баялыш, т.б. шөптер өскен қуаң далада орналасқан. Іргесі 1940 жылы ұйымдасқан «Көксу» қаракөл кеңшары орталығы ретінде қаланған. Ауылдың атауы ежелгі дәуірден және орта ғасырлардан сақталған «Көксутөбе» аталған қоныс орнының атауымен аталған. Көксутөбені 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеген. Кейін 1982 жылы Шымкент педагогикалық институты жанындағы археологиялық топ зерттеу жұмыстарын жүргізген. Табылған заттар Көксутөбені мекендеген халықтың I-XII ғасырларда өмір сүргендігін дәлелдейді. Кексутөбе ескі керуен жолының бойында сауда-саттық қатынастардың қажетін өтеп отырған.
Ауылдық округ құрамында Айдаркөл қашары, Баспанды, Жоласар, Нәлібай, Көксу елді мекендері бар.
Ұзыната ауылдык округі. Ұзыната ауылдық округі аудан орталығынан солтүстікке қарай 55 шақырым жерде, Қызылқұм каналының бойында орналасқан. 1969-1996 жылдар аралығында Комсомол күріш кеңшарының орталығы болып, Комсомольское ауылы аталып келген. 1994 жылы ауылдан 8 шақырым жерде орна­­ласқан Ұзыната ортағасырлык ескерткі­шіне байланыстырылып, Ұзыната ауылдық округі аталған. Ұзыната мазары порталды-күмбезді құрылыстар қатарына жатады. Порталдың төменгі жағында араб әріптерімен 778 х.ж. (1377) қайтыс болған Дүрманның ұлы Шермұхамед Халім жерленгені жайлы жазыл­ған. Мазардың ортасында ұзындығы 5 метр болатын сағана жатуына байланысты тұрғындар Ұзыната мазары атап кеткен болу керек.
Акшеңгелді ауылдық округі. Ауылдық округ аудан орталығынан солтүстікке қарай 100 шақырым жерде, жусан, көкпек, жүзген, шөп араласа өскен шөлді далалық белдемде Шардара – Түркістан автомобиль жолының бойына жақын орналасқан. Құрамында Егізқұм елді мекені бар. Елді мекен атауы ауылдың Қызылқұм жиегінде орналасқан бір-біріне ұқсас екі құм төбешік болуына байланысты қойылған. Аумақта туып өскен қариялардың айтуына қарағанда, осы құм төбешіктердің көне атауы «Егізқұм» болған екен. Қазақ КСР-інің 60 жылдығы елді мекеніне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2008 жылғы 14 шілдедегі №217 қаулысы мен облыстық мәслихаттың 2008 жылғы 7 шілдедегі № 8/111-IV шешімі негізінде Егізқұм атауы берілді.

«Оңтүстік Қазақстан облысындағы
жер-су, елді мекен атауларының қысқаша тарихы» кітабы бойынша
дайындаған өлкетанушы
Молдияр СЕРІКБАЙҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.