Әр бала ана тілінде тәрбие алуы тиіс

«Ана тілі» газетінің №7 (1369) 16-22 ақпан 2017 жылғы нөмірінде филология ғылымының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлының «Хал қалай, қазақ балабақшасы?» атты мақаласында қазақ балабақшаларындағы тіл мәселесі орынды көтерілген деп ойлаймын. Автордың айтқан ойларымен келісе отырып, балабақшаларға қатысты өзімді толғандырған бірқатар жайттарға тоқталсам деймін. 

Алматы қаласында «Орбита» деп аталатын ықшамаудан бар. Бұл ықшамауданның өзі «Орбита-1», «Орбита-2», «Орбита-3», «Орбита-4» деп бөлінеді. Кезінде мұнда 5 мектеп және 10 балабақша болатын. Сол жылдары осындағы зиялы қауым өкілдері қазақ мектебі керек деп бастама көтеріп, нәтижесінде №145 қазақ мектебі ашылды. Білім ордасының тұсаукесер салтанатында Қазақстанның халық жазушысы Хамит Ерғалиев сөз сөйлеп, бірқатар мәселелерді ортаға салған еді. «Соғыстан кейін үйлі-баранды болған біз – майдангерлер ұрпағымызды өз тілімізде оқытпақ болғанда осы Алматыда бір бүтін, бір ширек қана қазақ мектебі болды: бүтіні – №12 мектеп болғанда, ширегінің нөмірі 18-ші еді. Үйіме жақын тұрған сол ширек мектепке қызымды апарып едім, үш айдан кейін оны да жауып тастады. Бұл жамандықтың да бір жақсылығы бар шығар, бәлкім немереміз қазақ мектебінде оқитын да күн туар деген едім. Елдің ендігі ұрпағы өркениеті озық жұрттармен терезе теңестіретін болады. Сондықтан ашығын айту керек, сол ұрпақтың заңды өкілі бола алатын болашақ адамы осы мектеп қабырғасында өзін-өзі көрсетеді» деді. Иә, құдайға шүкір, зиялы қауым тізе қосып ашқызған бұл мектептен көптеген азаматтар түлеп ұшты.
Бүгінгі күні «Орбитадағы» №40 мектеп те қазақ тілінде білім береді. Екі мектепте біздің немерелеріміз оқиды. Оған, әрине, бек қуанамыз. Сол жылдары мектептің ашылуына көп еңбек еткен Тұрғанбай Мәткәрімов, Шәкір Бектасов, Орысбай Әбділдаев, Бекділдә ­Алдамжаров, Сайлаубек Жұмабеков пен ­Рахымжан Өтегенов сынды азаматтар.
Соғыстан кейінгі жылдары Алматыда бір ғана қазақ мектебі болды деп атам есіне алса, ал мен осыдан қырық жыл бұрын Алматыда бір ғана №204 деген қазақ балабақшасы болғанын білемін.
Біз Қарағанды университетінде қызмет етіп жүргенде тілі жаңа шыққан Айдар деген баламызды ауылдағы нағашыларына жібердік. Кейін Алматыға көшіп келген соң орыс балабақшасына орналастырдық. Қазақша емін-еркін сөйлеп жүрген баламыз бір айдан соң тек қана орысша сөйлейтін болды. Бір күні атасы «мыналар менің Күлпәт құдағиымның арқасында мұсылман болған баламды орыс қылатын болды» деп ренішін білдіріп, оны қазақ балабақшасына ауыстырды. Сөйтіп, баламыз Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлының немерелерімен, Смағұл Елубаевтің, т.б. белгілі адамдардың балаларымен бірге №105 балабақшада (бұрынғы №204) тағылымды тәрбие мен білім алды. Содан кейін 1980 жылы Шона Смаханұлы бастаған ел ардақтылары арқасында ашылған 6-ықшамауданындағы №86 қазақ мектебіне барды. Бұл мектептердің ашылуы өз алдына бөлек әңгіме.
Қазақ балабақшасының бүгінгі жай-күйі қандай, осы мәселе мені ұзақ уақыттан бері толғандырып жүр. Былтыр Алматыда өткен Тілдер фестивалінің салтанатты жиынында қала әкімі Бауыржан Байбектің жасаған баяндамасымен, ондағы мемлекеттік тілге байланысты атқарылып жатқан шаралар жөнінде баспасөз құралдары арқылы таныстым. Шаһар басшысы өз сөзінде Алматы қаласында қазақ тілінің дамуына қажетті жағдайдың бәрі жасалып отырғанын, тілдік ахуалды анықтау мақсатында жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойын­ша мемлекеттік тілді меңгерген қала тұр­ғындарының үлесі 78 пайызға жеткенін айтқан екен. Қазақ балабақшаларына қатысты сөзінде: «Бүгінгі таңда қаламыздағы мемлекеттік балабақшаларда қазақша тәрбие алатын балалардың үлес салмағы – 72 пайыз. Демек, әрбір 4 сәбидің 3-еуі қазақ балабақшасына барып, қазақ тілінде тәлім алуда. 2016 жылдың басынан бері Алматы қаласында 114 мектепке дейінгі балалар мекемесі ашылды, оның 5-еуі мемлекеттік болса, қалғаны жекеменшік балабақша» дегенін оқып, ерекше қуандым. Дегенмен, «Орбита» ықшамауданындағы қазақ балабақшаларының аздығы мені осы тақырыпты зерттеуге қадам бастырды. Сөйтіп, 10 балабақшаның жай-күйімен танысудан бастадым. Солар туралы шолу түрінде қысқаша баяндап өтейін.
Немерелерімізді №89 балабақшасының қазақ тобында оқыту үшін ереже бойынша кезекке тұрдық. Алайда қазақ тобы жоқ, ал орыс тобында орын болмай шықты.Содан «Орбита-4» ықшамауданындағы №89 бөбекжай-балабақшасына бардым. Оларда 5 орыс тобы, 2 қазақ тобы бар екен. Десе де ғимараттың жартысына «Лидер» деген жекеменшік орыс мектебі орналасыпты. Осы мақаланы жазар алдында бұл балабақшаға тағы бардым. Көшедегі «Лидер» деген жарнамасы алынғанымен, ғимараттың жартысы солардың еншісінде екен.
«Орбита-4» ықшамауданындағы келесі балабақшаның ғимараты қанша жылдан бері бос тұрған еді. Ал қазір жекеменшік «Солнышко» балалар орталығы болып ашылыпты. Мұнда тек орыстілді топтар ғана бар екен. Төлемақысы – 55 мың теңге. Басшысынан қазақ тобы жайлы сұрап білгенімде қазақтар қазақ тобына баласын беруге құлықсыз екенін, ал егер келіп жатса ашатынын айтты. Тіпті бір үйден екі бала болса, төлемақысы 100 мың теңге көлемінде болатынына сендірді.
Әрі қарай «Орбита-2» ықшамауданындағы қазақ балабақшасына бас сұқтым. Ғи­ма­раттың жартысы «Алматы менеджмент және бизнес» жекеменшік колледжіне тиесілі болып шықты. 6 қазақ тобы барына шүкіршілік еттім. Бірақ бос орын жоқ. Бұл аудандағы тағы бір балабақшаға Бостандық ауданының соты орналасыпты.
Зерттеуімді жалғастыра отырып, «Орбита-1» ықшамауданындағы №80 бала­бақшасына келдім. Күрделі жөндеуге жабылайын деп жатқан бұл мекемеде 6 орыс тобы, 2 қазақ тобы бар екен. Ал «Орбита-3» ықшамауданындағы №286 деген балабақша ғимараты Балалар үйіне беріліп, бұл балабақша жабылған екен. №85 бөбекжай-балабақшасының жай-күйімен танысқанымда, мұнда биыл 4 орыс тобы, 7 қазақ тобы барын білдім. Бұл маңдағы бұрынғы балабақша қазір жекеменшік «ЭЛКО» деген орыстілді балабақша-мектепке айналыпты. №113 балабақшада 4 қазақ, 7 орыс тобы жұмыс істейді екен.
Осы орайда ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2020 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасымен де танысып шықтым. Сөзсіз, бұл бағдарлама балабақшаларға үлкен қолдау болғаны анық. Аталған құжаттың кіріспесінде: «1991 жылы 8743 балабақша болды, олардың жартысынан астамы (4868) «оңтайландыру» кезеңінде жекешелендірілген, бір бөлігі бос қалған, қираған. Тұтастай алғанда, 2000 жылға дейін республикадағы балабақшалар саны 1144-ке дейін азайды» дей келе, негізгі міндеті деп мектепке дейінгі ұйымдардың тапшылығы проблемаларын шешу үшін қажетті қаржылық-экономикалық жағдайлар жасау деп анық көрсеткен. Сонымен, Бостандық ауданы бойынша бұл бағдарламаны пайдаланып отырған балабақшалар тізімінде «Орбитадағы» орыстілді «Элко» және «Лидер» бар екен. «Элко» балабақшасынан бұл туралы сұрағанымда, «Балапан» бағдарламасы сырттан келген балаларға емес, тек өзіміздің топтарға қатысты деп қысқа қайырды. Ал «Лидер» мектебі бағдарламаны іске асыру үшін жеке топ ашқан екен.
Сонымен, «Орбита» ықшамауданындағы отыз жыл бұрын бой көтерген он шақты ба­лабақ­шаны аралап, кейбір балабақшалар қазақ тілді топтарды ашу, оны дамытуды дұрыс санайтынын аңғардым. Тіпті қазақ топтарын ашудың еш қажеттігі жоқ деп санайтын азаматтарды да кездестірдім. Сонда қалай, ел болашағы – балалардың қолында десек, оларға патриоттық тәрбие беру, ұлтжанды азамат етіп өсіру тікелей қазақ балабақшасынан бас­талады емес пе?! Зерттеу жұмысымды сарап­тасақ, бұл балабақшалардың үшеуі ғана толық мемлекеттік балабақша (оның біреуі күрделі жөндеуге жабылайын деп тұр); екеуі жартылай, себебі екінші жартысы – ширек ғасыр бұрын жекешеленіп ақылы мектеп және колледж болып кеткен; екеуі толық орыстілді жекеменшік балабақша мен мектеп; қалған үшеуі қазіргі таңда балабақша емес.
Балабақшалардағы қазақ топтарының үлесі 37 пайызды ғана көрсетті. Бұл көрсеткіш, әрине, әлі де аз. Осы тақырып төңірегінде ата-аналармен де тілдестім. Сонда аңғарғаным, қазақ мектебіне барған кейбір балаларды бағ­дарламаның күрделілігіне байланысты қайта орыс мектебіне ауыстырып жатыр екен. Себебі балалардың көпшілігі орыстілді балабақшадан тәрбиеленіп, қазақ мектебіне барған көрінеді. Осылай жалғаса берсе, аталарымыздың қуана-қуана ашқан қазақ мектебі қайтадан аралас мектеп немесе орыстілді мектеп болып кете ме деген қауіп бар екенін жасырмаймыз.
Сондықтан «Орбита» ықшамауданының тұрғындарының атынан қалалық әкімшілікке айтар ұсынысымды алға тартқым келеді. «Лидер» жекеменшік мектебі мен Алматы менеджмент және бизнес колледжі мемлекеттік балабақша ғимараттарын босатып, оның орнына қазақ топтары ашылса құба-құп. Сонда осы аймақтың қазақ топтарының үлесі 50 пайызға жақындаушы еді.
Бала тілі ең алдымен ана тілінде шығу керек. Қазақ тілінің болашағы үшін алаңдасақ, қазақ балабақшаларын қолдауды, қазақ топтарын көбейту мәселесі әрқашан назарда тұру керек.

Алтын ЖАҒЫПАРҚЫЗЫ,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Ы.Алтынсарин медалінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

5 Пікір

  1. Раяна

    Бұл мақаланы оқып, қазақ балақшалараныңы жағдайы әлі де болса көңіл көншітерлің емес екендігін түсініп отырмын. Не деген алалау?.. 6 рыс тобы, 2 қазақ тобы деген сұмдық қой!!!

  2. Айтуған

    Осы мәселенің басылым бетінде көтерілгені дұрыс болды. Бәлкім, мән беріле бастар.

  3. Ажар

    Иә, қазақ мектептері ашыла берсін. Артықтық етпейді. Қазақ балабақшаларының мәселесі де бір бөлек әңгіме.

  4. Еңлік

    Қанша қазақ мектептері ашылса да, артық болмас. Ашыла берсін.

  5. Рауан

    Балаларын қазақ мектептеріне беретін қаракөздердің де саны арта берсе екен. Тілге деген құрметті өзімізден бастауды ұмытпайық.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.