Сағыныш сазы

Төлеген Айбергенов 1937 жылы 8-ші ­наурызда Қарақалпақстан Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының Қоңырат ауданындағы «Хорезм» кеңшарында жарық дүниеге келген. Әкесі ­Айберген іскер, есепке де, шаруаға да жүйрік жан болған екен. Өкінішке орай, Төлеген әкесінен 14 жасқа келген кезінде ­айырылып, анасы Жібек Қонарбайқызының тәлім-тәрбиесін көріп өседі. 1959 жылы Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың филология және тарих факультетін бітірген. Еңбек жолын өзінің туған жерінде мұғалім болып бастайды. 1962 жылы атамекенге, дәлірегі Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облысының Сарыағаш ­ауданына көшіп келіп, болашақ жазушы – Зәкір Асабаевпен бір шаңырақ астында тұрады. Үш жылдай уақыт сондағы кешкі жұмысшы жастар мектебінде директор болады. Аудандық «Қызыл ту», «Крaсное знамя» газеттері редакциясының ­жанынан Қасым Аманжолов атындағы әдебиет, мәдениет, өнер бірлестігін құрып, соған жетекшілік жасайды. Осы ауданның атынан айтыскер ақындардың Оңтүстік Қазақстан өлкелік айтысына қатысады. 1965 жылы Алматыға көшіп келеді. Алдымен Қаскелеңдегі С.М.Киров көшесіндегі жалдамалы №51 (кей деректерде №57) үйде, кейіннен сол кездегі астананың Ташкент көшесіндегі үйде, Алатау поселкесіндегі №70 үйде, 12-шағынауданда тұрады. Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында ұйымдастырушы боп қызмет істейді. Жеке шығармашылығымен айналысады.

Қысқа қайырылған  ғұмыр

Тырнақалды өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде 1957 жылдан бері жариялана бастайды. Кезінде атақты ақын Әбділда Тәжібаев оған алғы сөз жазып, сәт сапар тілеген екен. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылады. Ақын қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғаққа құрылған, тегеурінді екпін, асау сезімге бай, әсем нақышпен өрнектелген бояуы қанық жауһар жырлар әкелді. «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970, 2005), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981, 1989, 2001), балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет-кітапшасы (1985), төрт томдық шығармалар жинағы (2013) жарық көреді. Сондай-ақ шымкенттік шайыр Олег Постниковтың аударуымен таңдамалы өлеңдері «Мир созвездий» (1987) деген атпен орыс тілінде басылады. Бірқатар өлеңдері ­«Поэты ­Казахстана» (Мәскеу қаласы, 1977, орыс тілінде), «Струны домбры» (1979), «Степновы ритмы» (1983, екеуі де украин тілінде) атты ұжымдық жинақтарда жарияланды. «Ақерке – Ақ Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Атамекен», «Адамдар», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Мені ізде», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», «Сағыныш», «Сайрашы, сандуғашым», «Марфуға», «Зәурешім-ау!», т.б. бірқатар өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. Өлең оқып, домбырамен әуелетіп ән салып, күмбірлетіп күй де тартатын оның үйінен қонақ үзілмейді екен.
«Құмдағы мұнаралар» атты жыр жинағы үшін қайтыс болғаннан кейін, 1974 жылы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағы беріледі. 1997 жылы ақынның «Таңдамалы өлеңдер жинағы» мен ол ­туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітап жарық көреді. Оған отыз шақты әріптес қаламгер мен әдебиеттанушы ғалымның Төлеген туралы толғаныстары енгізіледі. Өз замандастарының, жалпы әдебиетсүйер қауымның ұсыныс-пікіріне байланысты 1987 жылы Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті мен Қазақстан Жазушылар одағының «Жалын» журналы Төлеген Айбергенов атындағы сыйлық белгілеген. Бұл сыйлық ақын-жазушылар Оңайгүл Тұржанова, Гүлнәр Салықбаева, Роза Мұқанова, Рахымжан Отарбаев, ғалым Әбсаттар Дербісәлиев, т.б. берілген.

Өрнекті өлең – өрісті

Өткен ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарын­дағы қазақ поэзиясы жайлы сөз қозғағанда Тоқаш Бердияров, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Фариза Оңғарсынова есімдерін тілге тиек етпей кете алмаймыз. Осындай шынайы шығармашылық бәсекедегі сұрыптаудан суырылып ілгері шыққандардың бірі – Төлеген Айбергенов болатын. Оның лирикасының ең басты қаһарманы – Сағыныш дер едік. Ойлы оқырманымен әр кездескен сайын сөзін сол сағыныштан бастайтын. Қай жырын оқысаңыз да осындай сағыныш сазы есетін. Туған жерге, елге деген сағыныш, достарға деген сағыныш. Әрине, мұның бәрі ақын бойындағы мөлдір махаббат болатын. Мәселен, Мұхтар Шахановқа арнаған «Сағыныш» атты өлеңі:
Сағындым жаным, мен сені!
Көркіңді жүрген қуаныш қылып
мендей ме екен бар ағаң…
Шын інім болсаң, бас бұрма, жаным,
өсек-ғайбатқа бораған.
Қажет жерінде қатыгездік пен
қаталдық керек десек те,
Адамның заңғар ұлылығын, сен,
сағынышымен есепте…
– деп бастауы біздің осы пікірімізге нақты дәлел дер едік. Ақынның Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Мұхтар Әуезов, Сәкен ­Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Қасым ­Аманжолов, Әбділда Тәжібаев, Қажымұқан Мұңайтпасов, Ғарифолла Құрманғалиев, Шәмші Қалдаяқов, ­Сабырхан ­Асанов, Мақсұт Нетәлиев, Ақұштап Бақтыгерееваға арнаған өлеңдерінде де дәл осы сарын бар. Ата-анасына, ағайын-туыс, ­бауырларына, қырмызы қыздарға бағышталған өлеңдерден де соны байқауға болады. Замандас әріптесі Темірхан Медетбек Төлеген Айбергенов туралы: «Ол өзінің Отанға деген сүйіспеншілігін айнала-тіршіліктегі әрбір әуендер мен әуездерден, үндер мен дыбыстардан, саздар мен сарындардан, тылсым пернелер мен сиқырлы иірімдерден, күн нұрымен жалт-жұлт еткен шағылыстар мен сан тарапқа самаладай боп жамырап ағылған сабылыстардан табады» деп тебіреніп, толғанады. Шынтуайтында да Төлеген ақын адам бойындағы туған жерге деген сағыныш сияқты ардақты, қасиетті, асыл байлықты бар дауыс, бар үнімен, асқақ сезіммен жырлайды. Махаббат лирикасында Мағжан Жұмабаевтан кейінгі шоқтығы биік көрінген ақын да осы Төлеген Айбергенов еді. Ол өмірге ғашық нағыз романтик ақын болатын.
Төлеген Айбергенов поэзияны барынша құрмет тұтатынын «Ақындық» атты өлеңінен айқын аңғарамыз:
Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған
барлық жараның.
Көкірегіңе құйып ап әлемнің асқақ бар әнін,
Қосудың арпалысы бұл –
тоғыспас жолдар торабын.

Нақақтан күйіп баратса нұрлы күн үшін
бір тұтқын,
Кес-кестеп барып кеудеңді
оғына тосу мылтықтың.
Қалдырмау үшін ұятқа күнәсіз мына дүниені,
Жамау ғып басу өзіңді аузына
барлық жыртықтың.
Ол өзінің қысқа ғұмырында жазған өлеңдері мәңгі­лік жасайтынына бек сенді. Соның арқа­сында қазақ поэзиясында өшпес із қалдырып, төл әдебиетіміздің алтын қорынан берік орын алатынын күні бұрын білген сыңайлы. Тойының тарқамайтынын, ойлы оқырмандары оның кітабын қай кезеңде де іздеп жүріп оқитынын сезді. Әйтпесе ақын:
…Өле берсін күншілдер күйігінде,
Өз ғасырым өзімнің иінімде.
Ақ жаңбырлар тоздырған тау сияқты,
Мен өлемін өзімнің биігімде!

Немесе:
Бір тойым болатыны сөзсіз менің,
Дәл қай күні екенін айта алмаймын… – деп сәуегейлік жасамас еді ғой.
Ол қазақ ақын-жырауларын түгел жатқа білетін. Ақан сері Қорамсаұлы, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжоловтан көп нәрсе үйренген. «Өзіңе дейінгілерден он мың жол өлеңді жатқа білмеген ақын ақын емес» деп жоғары талап қойған оның атақ-даңқы мен дақпырты ерте шыққаны қалың қауымға белгілі. «Төлеген ­Айбергенов қасиетті Құранның сүрелерін бірінен соң бірін жатқа соғады екен», «Өз өлеңдерін түгел жатқа айтқанын былай қойғанда, тіпті олардың ең төменгі жолынан басына дейін кері айтып шыға алатын ерекше жадқа ие жан екен», «Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Қасым Аманжолов, ­Еркеш Ибраһимның өлеңдерін де солай теріс қаратып оқи алады екен», «Сондай-ақ Абай Құнанбаев пен Махамбет Өтемісовтің өлеңдерін де, тіпті оны айтасыз, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің прозаларын да сағаттар бойы талмастан төгіп тастайтын көрінеді екен» деген сөздер ел ішінде желдей есетін көрінеді. Өз тұстастары – Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Әбіш Кекілбаевтың кей жырларын жатқа айтатын еді.
Ешкімді алалап, бөліп-жармайтын ол жұрттың бәрімен адами, достық рәуіште қарым-қатынас жасай білетін. Әбділда Тәжібаевты өзіне ұстаз әрі қамқор әке деп санайтын. Төлеген Айбергеновтың Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шахановпен айырылмастай дос екенін бүгінде екінің бірі жақсы біледі. 1966 жылы Мұхтар Шахановтың алғашқы жыр жинағының жарық көруіне ықпал еткен. Бұдан бөлек Тоқаш ­Бердияров, Әбу Сәрсенбаев, Зәкір Асабаев, Өмірзақ Қожамұратов, Мақсұт Нетәлиев, Еркінбай Әлімқұлов, Смағұл Елубаев, Асқар Сүлейменов, Мыңжасар Маңғытаев, т.б. жақсы қарым-қатынаста болған.
Ақын отты өлеңдерімен қоса-қабат әңгіме, әдеби мақала, очерк («Темірқазық»), ойтолғақ, күнделік те жазған. Кітапты көп оқығаны бірден байқалады. Орыс ақындарымен қоса-қабат өз шайырларымыздың шығармаларына шама-шарқынша баға беріп өткен. Абай Құнанбаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Әбу Сәрсенбаев, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Жұмекен Нәжімеденов, Мұқағали Мақатаев, Қайрат Жұмағалиев, Еркеш Ибраһим, т.б. әріптестерінің өлеңдеріне талдау жасайды. «Жұлдыз» журналының 1967 жылғы №10 санында жарияланған «Өрнекті өлең – өрісті» атты мақаласында алпысыншы жылдардағы қазақ поэзиясы жайлы тебірене ой толғайды.
1967 жылғы жайма-шуақ жаздың жайсаң шағы. Тамылжыған тамыз айының соңғы онкүндігінде Өзбекстанда Қазақстанның әдебиет, мәдениет, өнер күндері өтеді. Төлеген Айбергенов Қарақалпақстанға бөлінген делегацияны басқарып келеді. Сол сапарында айтулы ақын аяқастынан мәңгілікке көз жұмады. Ол небәрі отыз жаста ғана болатын. Бір топ ақындар, атап айтқанда, ­Диқан-баба Әбілев, Сағынғали Сейітов, Нұтфолла Шәкенов, Әбдікәрім ­Ахметов, Қабдікәрім Ыдырысов, ­Саттар Сейітхазин, Мұқағали Мақатаев, ақынның жан жары Үрниса Айбергенова оны соңғы ақтық сапарға шығарып салады. Нүкіс қаласындағы зиратқа жерленеді. Сонда Мұқағали Мақатаев «Төлегенге» атты сегіз шумақ қаралы өлең жазған екен. Қазақ поэзиясының мұзбалағы:
Тұңғыш көрдім өлгенін шын ақынның,
Қызарып батты ертеңгі шығатын күн.
Торғай-өлең шырылдап бара жатты,
Аузында ажал деген сұрапылдың… – деп егіліп, езілген.Sagynysh  Sazy

Ақынның өмірі –  мәңгілік

«Құмдағы мұнаралар» атты жыр жинағы жарық көріп, қаламгер қауымның талқысына түскеннен кейін Қалаубек Тұрсынқұлов: «Біз Төлегенді енді білдік, тұңғиық терең, дарқан да заңғар ақыннан көз жазып қалдық» деген тебіренісінде өзекті өртейтін өкініші бар. Төлеген Айбергеновтың таң шығындай мөлдір сезімдерімен, тебіренген теңіз толқындарындай тегеурінді ақындық қуаты мен шығармашылық шабытын қаламдас замандастары аса жоғары бағалаған. Ғабит Мүсірепов: «… Амал бар ма, біз, қазақ әдебиеті, екі-үш дарыннан ерте айырылдық. Олар – Абдолла, Баубек, Төлеген», Әбділда Тәжібаев: «…Біз поэзиямыздың тағы бір алтын тұтқасын аштық. Аштық ­­­та, Төлеген дүниесін көрдік», Әбіш Кекілбаев: ­­­­­«…Төлеген ­­сөз жоқ, талант. Дара талант, сара ­талант… Төлеген Айбергенов шығармашылығы – өлімді жеңіп шыққан өмір шаттығының жыры», Фариза Оңғарсынова: «…Әртүрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен – өзімен-өзі тыныш жатқан поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай ағысты екпінмен әсер еткен Төлеген Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтереді», Қуандық Шаңғытбаев: «…Ақынның асқақ жырын ғажайып ғұлама жылдардың шежірелі беттерінде сөйлеп тұрған сырға балап, осынау сыр жылдар парағы аударылғанда жабылып кетуі мүмкін екенін тыңнан тауып айту арқылы өлімнің өзін сылқым образға айналдырған Төлеген Айбергенов өлеңдеріндегі су жаңа нұсқалықты эпитет көлегейлеп, көрсетпей тұрған жоқ, қайта айқындап, аша түсіп тұр», қарақалпақ ақыны Ыбырайым Юсупов: «Төлеген өмірінің де, ақындық шабытының да тым қысқа қайырылуы өте өкінішті. Бірақ мұндай ақынның екінші өмірі ұзақ болады. Оның өлеңдері халқына, болашақ ұрпақтарға рухани күш һәм ләззат беріп, мәңгі жасайды» деген екен.
Иә, шынтуайтында да ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың есімі ұмытылмақ емес. Екінші – мәңгілік өмірі басталғалы бері оның мерейтойлары, еске алу кештері, ақынның өмірі мен шығармашылық жолына арналған ғылыми-теориялық конференциялар жиі өткізіліп келеді. «Түркі әлемі» студиясының директоры Доқтырхан Тұрлыбек «Айбергенов әлемі» атты бейнефильм түсірген. Ақын шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында дәл осындай атаумен арнайы журнал да жарық көреді. Оның бас редакторы – ақынның қызы, ғалым, филология ғылымының докторы Салтанат ­Айбергенова. Шымкент шаһарындағы көшелердің біріне Төлеген Айбергеновтың есімі берілген. Ардагер журналист, Д.Қонаев атындағы мешіттің бас имамы Дәулет қажы Исабеков сол көшенің бойына ақынға ескерткіш орнату ниетінде жүр. Сарыағаш қаласында ақын есімін иеленген жалпы орта мектеп бар. Төлеген Айбергенов атындағы әдебиет, мәдениет, өнер бірлестігі жұмыс істейді. Оған Төлегеннің жерлесі, ақын Мұратбай Бекеев жетекшілік жасайды.
Ақынның 50 жылдық мерейтойына орай Қазақстан Жазушылар одағында поэзиялық кеш өткізілді. 60 жылдық мерейтойы Өзбекстандағы республикалық қазақ ұлттық мәдени орталығының ұйытқы болуымен Ташкент қаласы мен Қарақалпақстанда тойланды. 70 жылдық мерейтойы Астанадағы «Конгресс-Холл» сарайында, Сарыағаш ауданында кеңінен атап өтілді. 75 жылдық мерейтойы Алматы облысының Қарасай ауданындағы ұлан-асыр тойға ұласты. Биылғы 80 жылдық мерейтойының бастамасы ретінде Алматыда «Төлеген Айбергенов поэзиясы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылып отырғаны қандай ғанибет.
…Сөз соңында айтарымыз – Төлеген Айбергеновтың кезінде баспасөз бетінде жарияланған прозалық дүниелерін жинақтап, кітап етіп шығарсақ құба-құп. Алматыда ақын музейін ашу да – бүгінгі уақыт талабы. Биылғы 80 жылдық мерейтойына орай жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысы ұйымдастырылса жөн болар еді.

Әбдісаттар ӘЛІП,
Қазақстан Журналистер және
халықаралық Жазушылар
одақтарының мүшесі

ШЫМКЕНТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Жадыра

    Автордың ақын музейін ашу туралы ұсынысын қолдаймын. Жазушылар одағы бір үлесін тигізсе, жақсы болатын еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.