«Ұялмаған әнші болады»

Қазіргі таңда «Ән де, әнші де көп бола берсін, уақыт өте келе іріктеліп ең үздіктері ғана қалады» деген тұжырым үстемдік құра бастады. Мұндай пікірді белгілі өнер иелерінің айтуы көп ойға жетелейді. Сонда өңшең ортаңқол, тіпті түкке тұрғысыз туындысымақтар мен орындау­шылар (әншілер емес) арасынан екшеліп, жөні түзу біреуі қалам дегенше тыңдарманның талғамы солғынданып, музыкалық өресінің төмендей беретіні неге қаперге алынбайды? Ал байыптай қарағанда мұндай жауап­сыздықтың салдары ата-бабаларымыздың ғасырлардан бері келе жатқан рухани-мәдени желісіне балта шабылып, тұнығы­ның лайлануына әкеліп соқтыруда. Нәтижесінде бесіктен белі шықпаған балғындар көзін тырнап ашқаннан «тобырлық мәдениет» өнімдерімен ауыздануда.

Тәуелсіздіктен соң алдыңғы орынға экономиканы бағдар етіп қойған Қазақ елі жан-жақтан анта­лаған жат мәдениет пен түрлі діни ағымдардың тасқыны астында қалды. Міне, сол кездерден бері халқымыз, әсіресе жастар жағы жасық пен асылдың ара жігін ажырата алмай дел-сал күйге түсті. Ата-бабаларымыз қалдырған ұшан-теңіз руханиятқа бас қойып мақтан етудің орнына, батыстың даңғаза музыкасының жетегінде кетті. Соның салдарынан ана тілімізбен қатар музыкалық тіліміз де шұбарлануға бет алып афро-американдық рэп стиліне салынды. Білгіштердің айтуына қарағанда, осылай етсек қазақ әндері әлемдік кеңістікте танылады-мыс. Қайдағы бір Африкада осындай стиль бар екен деп қайран әндерімізді не үшін мансұқ етуіміз керек? Мұндай үдерістерсіз-ақ ұлттық ән өнерінің құдіретін ХХ ғасырдың басында Әміре Қашаубаев Парижде жалпақ әлемге паш еткен жоқ па еді? Шырқыраған тенор даусымен тыңдаушылардың көз алдына байтақ қазақ даласын алып келген дара дарынға шексіз риза болған ­Ромен Роллан «Мен Әміредей әншіні сирек кездестірдім» деп тәнті болса, Анри Барбюс «Шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім» деп ағынан жарылуы қазақ өнерінің биік екенін айғақтайтын жағдаяттар емес пе? Әлбетте, музыкада шекара жоқ екені белгілі. Дей тұрғанмен, қандай да бір музыкалық ағым екінші бір мәдениетке кірік­кенде санаға сыйымды болса ғана халық сүйіспеншілігіне бөленеді.
Айталық, осыдан жарты ғасыр бұрын «Дос-Мұқасан» ансамблі жарқ етіп тарих сахнасына шыққанда қазақтың эстетикалық-музыкалық танымында «төңкеріс» болғаны рас. Бұрын көріп-білмеген эстрадалық аспап­тармен «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып өзіне қайтара білген» (Мұқағали) ­Досым Сүлеев бастаған жігіттер халық әндерін сол қалпында жұртшылық назарына ұсынғанда бұл дүниелер жаңа реңкке боялып, тіпті құлпырып сала берді. Миллиондардың жүрегін жаулаған «Дос-Мұқасанның» халық жүрегінен ойып орын алуының құпиясы неде еді?
Біріншіден, ұлттық фольклорға табан тіреуі. Екіншіден, халық әндерін ансамбльге түсіргенде ақылмен, музыкалық мәтіннің бір нотасына қиянат жасамай өте сауатты түрде өңдеуін айтуға тиіспіз. Үшіншіден, негізгі музыкалық мәтіннің аясында үйлесімді әрі әуезді ғажайып фантазияға бай аспаптық импровизация жасауы. Ансамбльдің дүниеге келтірген сол жаңалықтарының өзі кесек-кесек бір туынды іспеттес болатын. Міне, осылай Англияның «Битлз» ансамблінен бастау алған эстрадалық вокалды – аспаптық жанр дүниені шарлап әр нәсілдің болмысына сәйкес әдемі үндесіп кетті. Қандай да бір ағымның тек халықтық фольклорға арқа сүйегенде ғана өміршең болатынын «Дос-Мұқасаннан» басқа беларусьтің «Песняры», өзбектің «Ялла» ансамблі күні бүгінге дейін дәлелдеп келеді.
Ал енді батыстың қаңсығына көзсіз көбелектей еліккен бүгінгі «жұл­­дыздарымыздың» солғын, сүрең­сіз әні, ирелеңдеген іс-қимылы, тал­ғамсыз киімі, ең бастысы мұр­нының астынан міңгірлеген даусы кімге қажет? Кереғарлығы сол, өздерін отандық шоу-бизнестің (саф өнерді саудаға салатын осы бір сөз тіркесінің өзі тітіркендіреді) ­«мэтрлары» санайтын шіркіндеріңіз кейде өнерлеріне көңілі толмай сын-базына айтқан қалың тыңдаушыны кінәлайтындарын қайтерсіз? Сонда бұлар бұқарадан да биік талғам иелері болғаны ма?
Және бір сорақылығы елдік, ұлт­тық тұрғыдан төрт құбыламыз тегіс түгелденіп ендігі жерде айтылатын, көрсетілетін түк қалмағандай көрген баққанымыз «жұлдыздардың» үйлен­гендері, той киіміне қанша доллар төлегені, қандай тағам жейтін­дігі, шетел курорттарындағы бал айлары, тіпті үйіндегі иті мен мы­сы­ғына дейін тәптіштеп, тергілей­тін бағдарламаларға көрермен қаншалықты зәру?
Бұл аз десеңіз, өнердегі орны қандай қасиеттермен айшықталғаны бір Аллаға аян әлдекімдердің өзін қойып, енді аналарына арналған хабарлар қаптаған жоқ па? Әрине, аналарды ардақтаған халықпыз. Алайда журналиске: «шырағым, менен сұхбат алатындай ұлым (қызым) ұлттың дара перзентіне айналған тұлға емес қой, ыңғайсыз болар» деп қымсынған бір жанды көрсекші. Жоқ. Бәрі де даңқтан дәмелі.
Тағы бір айтар дүние, не істеп, не қойып жүргендерін өздері сез­бейтін, кәсіби деңгейлері кү­мәнді қайсыбіреулер экран алдына жина­лып алып, сатира саласында әзіл­кештерден, не болмаса ел арасын­дағы жас бүлдіршіндерден болашақ «жұлдыз» жасағысы келетін жоба­лар­дың төрінде төрелік айтып отырғанын көргенде «апам да аң-таң, мен де аң-таң» күйге түсетінің рас.
Жалпы алғанда, осы тақылеттес бірсарынды, инкубатордан шыққан­дай қаптаған жобалардың қазақ өнерінің көсегесін көгертпесі анық. Сондықтан да конвейерлік тәсілмен қолдан әнші, өнерпаз жасау үрдісін тез арада тоқтатпасақ, бұл құбылыс түбінде ұлтымызды рухани жүдеулікке әкелері сөзсіз.
Бір сөзбен айтқанда, өнерсүйер қауымға берер көк тиындық рухани құны жоқ, нәрсіз, рухсыз қойырт­пақ­тары арқылы тойдан тапқан «көк қағазға» малданған, сөйте тұра «шы­ғар­машылықтарын» басқа емес, бірін­ші кезекте өзара мақтасып өте биіктен сөйлейтін, көңілдері тоқ «жұлдыздар» шоғырының көбеюі шошындырады.
Осындайда үйінің төрт қабырғасы сірескен кітаптың ортасында отырып тағылымы мол сұхбат берген марқұм Ақселеу Сейдімбек ағамыз ойға оралады. Дүние-мүлкін, асханасын, жиһаздарын көрсетпей-ақ абыз ағамыз сол жолы дариядай даналығымен, мұхиттай түпсіз терең білімдарлығымен жұртшылықтың ­айызын бір қандырып еді-ау жарықтық!
Салыстырмалы түрде қарай отырып, әлгіндей бағдарламаларға ша­шылған есіл қаражат ұлтты­ғымызды бекемдейтін өресі биік, ғибраты мол, тарихи-танымдық материалдарға бай хабарлар жасауға бөлінсе көп нәрседен ұтпас па едік?!
Жан-дүниесі ұлттық құндылық­тарға молынан суғарылған, қай нәрсеге болмасын дұрыс талғаммен қарай­тын байыпты адамның арзанқол дүниеге бой ұрмасы анық. Дей тұрсақ та, жастарды терең иіріміне тартып, шырмауықша шырмап алған өресіз қойылымдардан көз тұнатын жағ­дайға жеттік.
Халықтың азаннан кешке дейінгі экраннан, не болмаса концерттік зал мен алаңдардан көретіні біз суреттеп отырған көріністер. Кешегі келмеске кеткен Кеңестік кезеңнің өзінде руханиятымыз дәл бүгінгідей бассыздықты бастан кешпегені анық. Кейде ауылда тұратын, даланың исі аңқыған қазақтармен әңгімелесіп қалатынымыз бар. Айтуларынан аңғарғанымыз қазіргі эстрадамыздың өлшемі болып жүрген «жұлдыздарды» ешбір қабылдай алмайтындарын, ырду-дырдуы көп бағдарламалар мен шоу қойылымдардан зәрезап болғандарын бағамдайсың.
Мұндай пайым айту үшін консерватория не болмаса өнер академиясын бітіру шарт емес. Дала қазағының өнерді қабылдауы таза табиғи күйінде, яғни ұлттық мәнерден сәл ауытқыған жасанды дүниені тез аңғара қояды.
Сонда бұл нені көрсетеді?
Жалпы бұқараның көркемөнер әлемінде әсемдікті, табиғилықты, ұлттық бояуы қалың шоқтығы биік ­туындыларды іздеп, іштей аңсайтынын аңғартпай ма? Демек, халық шынайы өнерге сусап отыр деген сөз.
Ал миллиондардың осындай орын­ды рухани сұранысын қана­ғат­тандыру үшін қазіргі қазақ өнерінде әбден белең алған жосықсыз­дық­тардың жолы кесілуі керек. «Жалған мақтан жарға жығады» дегендей, қашанға дейін Мырзан Кенжебайшалап айт­қанда әнші еместерді әнші деп, сазгер еместерді сазгер деп өтірік өлшеммен өмір сүруге болады? Осы орайда ақыры халыққа ұсынатын лайықты дүниелеріміз жоқ екен, онда тәуелсіздікке дейінгі жасалып, бүгіндері теледидар мен радионың қор­ларында «қор» болып жатқан ұлттық өнеріміздің корифейлері қал­дыр­ған асыл мұраларды кеңінен наси­хаттауды қолға алатын күн жетті деген ойдамыз.
Түйіндей айтқанда, өнердің шынайы бағалаушы борометрі – халықтың сезімінде ойнап, ішкі рухани әлемін лайлауға ешкімнің де хақысы жоқ.

Қалмахан ОМАР,
Ж.Омарова атындағы
№1 балалар саз мектебі директорының орынбасары,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі
Шымкент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Дәмелі

    Автордың көтерген мәселесі талайымыздың ойында жүр. Әншілікті тек қана табыс көзі ретінде бағалап жүрген әншілердің кейбіріне күйінеміз. Әншілік – өнер. Ал қазір ше?..

  2. Арай

    Қазір арзанқол, мағынасы жоқ әндер қаулап кетті. Әннің мағынасына, мәтініне зер салмайтын әншілерге қандай шара қолдануға болады?

  3. Зере

    Бүгінде дауысы бар да әнші, дауысы жоқ та әнші болған кез ғой. Фонограммаға аузын жыбырлатып тұрса, болды.

  4. Рахиля

    Қазақтың киелі өнеріне бас сұға салып, «жұлдызбын», «мықты әншімін» деп, сахнадан жылт етіп көріне салып,ай сайын жеке шығармашылық концертін беретін «жұлдызды» әншілер қаптап кетті. Бір таңғалатыным, олардың концертіне баратын көрерменнің қатары көп. Демек, қазіргі тыңдарманда талғам кем. «Сүйдім-күйдімнің» әндерін тыңдаудан жалығар емес…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.