Білім сапасы ойландырады

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында білім саласына да ерекше көңіл бөлінді.  Онда еліміздегі білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс екені атап өтілді. Білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру, сондай-ақ оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігі көрсетілді. Үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі де айтылғаны белгілі.  Бұл орайда Президент: «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды» деді. Елбасының Жолдауымен мұқият танысып шыққан соң, отандық білім беру саласының өзекті мәселелері жөнінде өз ой-пікірімді ортаға салсам деймін. 

Еліміз Тәуелсіздік алған жыл­дарында сапалы орта білімге бірдей мүмкіндікті қамтамасыз етті. Экономика саласына бәсекеге қабілетті жоғары білімді мамандар даярланды. Білім, ғылым және инновация арасындағы байланыс орнықты. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметіне сүйенсек, Қазақстан жаһандық бәсекелестік индексі бойынша (2015-2016ж) 140 елдің ішінде 42-ші орында, ал адам дамуының индексі бойынша 188 ел арасында ішінде 56-шы орынға табан тіреді. Білім мен ғылымның 12 индикаторының 8-і бойынша белгілі межелерге қол жеткізілді: ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы, мектептерді ғаламторға қосу, зерттеу және білім қызметінің қол жетімділігі, білім жүйесінің сапалылығы, бастауыш білім сапасы және т.б. мәселелерге назар аударылды.
2015 жылдың қараша айында үш тілді білімді дамытудың 2015-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілді. ­Индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың базалық жоғары оқу орындары анықталды. Үш тілді білім берудің дайындық жұмыстарын еліміздің 42 жоғары оқу орындары жүзеге асыруда, бұл барлық оқу орындарының үштен бір бөлігі десек болады. Осы жүйе бойынша 20 Назарбаев интеллектуалды мектебі, Назарбаев университеті, «Кәсіпқор» коммерциялық емес холдингі жемісті еңбек етуде.
Жалпы жоғары және орта мектептерде мамандар даярлауда мемлекеттік тапсырыс көлемі барлық бағыттар бойынша өсуде. Педагог мамандардың біліктілігін көтеру жүйесі қалыптасты; жоғары оқу орындарының академия­лық еркіндігі дамыды. Интеллектуалды кластерлердің – Назарбаев университеті мен инновациялық-технологиялық паркі; мамандан­ды­рылған мектептер қатары көбеюде; Назарбаев интеллектуалды мектеп тәжірибесі заманауи үлгі ретінде ұсынылды.
Сонымен қатар отандық білім жүйесінің алдында тұрған міндеттер де ауқымды. Мәселен, педагог ­ма­мандардың құрамын жақсарту; педагогтің мәртебесін көтеру; орта білімнің мазмұнын жаңарту; жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім­нің мазмұнын әлемдік талапқа сай жаңарту; мектеп оқулықтарын мазмұн­дық, әдістемелік тұрғыдан жетілдіру; білім ошақтарының ­ма­териалдық-техникалық базасын ны­ғайту, осылардың негізінде үш маусымды және апатты мектептерді ­жойып, оқушылар орнының тапшылығын реттеу.
Сонымен, «Білім мен ғылымды дамытудың 2016-2019 ж.ж. арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру үшін қаншама ұйым­дық-экономикалық, қаржылық, мате­риалдық ресурстардың қажеттілігі байқалып отыр. Ең бастысы, білімді, білікті мамандар керек. Мұндай мін­деттерді көрсетілген мерзім ішінде орын­дау үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Ал оларды жүзеге асыру жолдарына тоқталар болсақ, ең алдымен білім беру жүйесіндегі қалыптасып отырған қазіргі жайттарды талдап көрейік.
Бүгінгі таңда Қазақстанда білім беретін 7160 мектеп бар. Ауылдағы мектеп саны қаладан 3,3 есе көп, ал онда оқитын оқушылар саны (қалада 1412 мың, ауылда 1311 мың), яғни керісінше қалада олардың саны 100 мыңға артық болғаны. Үш тілді бағдарламамен 42 жоғары оқу орындары (33%), 117 мектеп (16,3%) жұмыс істеуде. Барлық мектептердің – 3161-і (44,2%) шағын комплектілі. Олар негізінен елді мекендерде орналасқан. Мамандар тапшылығы сезіледі әрі мектептердің оқу базалары да төмен дәрежеде. Оқу кабинеттері де жеткіліксіз; мәселен, физика пәні бойынша мектептердің – 33,7%, химия пәні бойынша – 39%, биология пәні бойынша – 39,3%, математика пәні бойынша — 29,3%, шет тілдерінің лингофонды кабинеті – 49% жоқ. Оларда Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы республикалық дәрежеден 4,45 балға төмен. Ал жуық арада ағылшын тілі пәні ҰБТ-да міндетті пән ретінде енгізіліп, ­информатика, химия, биология, физика сынды жаратылыстану пәндерінің ағылшын тілінде оқытылатыны жүзеге асырылатын болса, бұл бағдарламаға үлкен жауапкершілікпен қарап, оны жүзеге асырудың жолдарын ғылыми-әдістемелік, ұйымдық-экономикалық тұрғыдан негіздеуді қажет етеді. Қандай істі болса да қолға алып, жүзеге асыратын да, оны жетілдіретін де білімді, білікті мамандар екені белгілі. ­Республика мектептерінде (әсіресе ауылдық және шағын комплектілі) мамандар тек жаратылыстану пәндері циклі бойынша 28 мың маман керек екен. Оған қоса мектептердегі оқытушылардың сапалық білім дәрежесіне (жоғары және бірінші дәрежелі) ие мұғалімдердің – 49,2%. Әзірге 10 оқушыға бір компьютерден келеді. Бүгінде баспадан шығарған оқулықтардың 88% қайтадан толықтырып, түзетуге жіберіледі. Ғылыми-педагогикалық экспертизадан оқулықтардың 7%-ы ғана өтеді екен. Ал шығарылған оқулықтарда электронды мультимедиалық қосымшалары жоқ. Үш тілді оқытуды толыққанды жүзеге асыру үшін оқулықтар мен оқу құралдарын тек сандық тұрғыдан емес, сапалық кәсіби тұрғыдан бағалап өндіріске жіберу қажет. Өйткені білім ресурстарының көзі оқу құралдарында ғой.
2016-2019 жылдарға арналған «Білім мен ғылымды дамытудың жаңа мем­лекеттік бағдарламасында белгі­леніп отырған» кең ауқымды нақтылы межелерге сәйкес, 2017-2019 ж.ж. мектептердің 5-6 сыныптарында ағыл­шын тілінде информатика мен табиғаттану, 2019-2020, 2020-2021 ж.ж. 7-8 сыныптарда төрт пәнді (информатика, физика, химия, биология), 9-сыныпта таңдау бойынша жекелеген пәндер, ал 2021-2022 ж.ж. жоғарыда аталған төрт пән 10-сыныпта түгелдей ағылшын тілінде оқытылмақ. Осылардың барлығын үш тілді білім беруге бағытталған 33 эксперименталды мектеп тәжірибесіне, 20 Назарбаев интеллектуалды мектебі мен 30 қазақ-түрік лицейлері тәжірибелеріне сүйену негізінде ұсынамыз. Бұл жердегі бір түсінбестік талантты балалар мектебінің тәжірибесі қалайша жаппай жалпылама мектептерге ұсынылып отыр. Одан әрі оқытудың біртұтас тілдік стандартына сәйкес отандық оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар шетелдік тәжірибелер негізінде даярланады деп көрсетілген. Шетелдік оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді қалайша (көрсетілген 4 пән бойынша) сараптамасыз, талғамсыз енгізуге болады?
Білім мен ғылымды дамытудың жаңа бағдарламасына сай ағылшын тілінде 2017-2022 жылдар аралығында барлық мектептерде төрт пәнді игерудің сапасы қалай болар екен деген мәселе ойландырмай қоймайды. Ағылшын тіліне осыншалықты басымдылық беру стратегиялық тұрғыдан қалайша бағаланады? Ал бастауыш мектеп сыныптарында бірнеше пәнді бірден ағыл­шын тілінде оқыту өз алдына бір мәселе. Сонымен, «Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік» жаңа бағ­дарламасын жүзеге асыру үшін менің көзқарасым бойынша мынадай шараларға мән беру керек. Жалпы жоғары және орта білім жүйе­сіндегі оқытушылардың мәрте­бесін көтеріп, материалдық және мораль­дық жағынан қолдау көрсету; баспа­дан шығып жатқан оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарының мазмұ­нын жаңарту, әсіресе ағылшын тілді басылымдарды уақыт талабына сай жолға қою; мемлекет пен жеке әріптестікті қалыптастыру; жоғары білім мен ғылым, өндіріс арасындағы байланысты жетілдіру; жаратылыс­тану пәндері бойынша ағылшын тілінде оқу бағдарламасын, осыған сәйкес оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын, сөздіктер даярлап, ­ми­нистр­лік талқыдан өткізіп, бекітіп Республика мектептеріне ұсынуы керек; қазіргі орыстілді мектептерде қазақ тілін оқытудың маңыздылығын ескеріп, ҰБТ-да ағылшын тілін емес, қазақ тілін есепке алатын негізде енгізуі қажет.
Міне, осы жағдайда мемлекеттік тілдің мәртебесі өсіп, оқытушылар мен ата-аналардың, оқушылардың қазақ тіліне деген көзқарасы да, жауапкершілігі де артатын болады. Тек осындай жолмен білімді де, білікті мамандар легі қалыптасатыны ақиқат.

Меңдекеш ИСҚАЛИЕВ,
Абылай хан атындағы
Қазақ халықаралық қатынастар
және әлем тілдері университетінің
профессоры, экономика ғылымының докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Зәуре

    Автор ұсынысы орынды. Басымдық мемлекеттік тіл – қазақ тіліне берілсе, құба-құп.

  2. Мәнсия

    Олқылықтар көп. Соларды жөндеуге қауқарымыз неге жетпей жүр?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.