Әлемнің жарығы

Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздің әйелдер қауымын 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Дәстүр бойынша Елбасы Ақордада экономиканың, мәдениеттің, өнер мен спорттың, әлеуметтік саланың және мемлекеттік қызметтің түрлі секторларында үздік атанған нәзікжандылармен «Көктем шуағы» атты салтанатты шарада кездесті. Елбасымен жүздесуге 18 ару Ақордаға арнайы келді. 

Мерекелік кездесуге Мемлекеттік хатшы, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Г.Әбдіқалықова, Парламент Мәжілісінің депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл З.Балиева, Ұлттық экономика вице-министрі М.Әбілқасымова, Антарктидадағы шыңға Қазақстанның туын тіккен микробиолог-ғалым Ә.Ерназарова, биыл Алматыда өткен Универсиаданың чемпионы А.Шевченко, Солтүстік Қазақстан облысы Возвышенко орта мектебінің директоры И.Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті З.Көкжанова, Қызылорда облысының ақыны Т.Қабылша, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ­магистранты М.Галицкая, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Адам ресурстары басқармасының бас менеджері Ш.Алтыбаева, аудандық аурухананың бас дәрігері Қ.Разиева, «Астана балет» театрының жетекші балеринасы М.Буканова, көпбалалы ана О.Мұқашева, қобыздан халықаралық байқаулардың жеңімпазы А.Тәжібаева, Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі маман-дандырылған ауданаралық сот төрайымы Н.Раззақ, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі О.Давыденко, Қазақстан Респуб­ликасы Қарулы Күштерінің Парашютпен секіруге дайындау орталығының аға маманы Р.Рамазанова, актриса С.Бақаева және маң­ғыстаулық журналист В.Мирланқызы қатысты.
Салтанатты іс-шара көтеріңкі көңіл күй­мен, жарасымды әзіл-қалжыңмен, гитара сүйемелдеуімен орындалған әсем әнмен көмкеріліп, тартымды әңгімеге ұласты. Мем­лекет басшысы еліміздің қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөліне тоқтала келіп, оларға денсаулық, сүйіспеншілік, бақ-береке және табыс тіледі: «Сіздер арқылы мен еліміздің барлық әйелдер қауымын құттықтап, денсаулық, отбасында бақыт және татулық тілеймін. Экономиканың түрлі салаларында, әсіресе ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет, бизнесте жұмыспен қамтылғандардың 52%-ынан астамын әйелдер құрайды. Олар депутаттардың, басшылардың арасында да көп, ал мемлекеттік қызметшілердің тең жартысынан астамы – әйелдер. Осылайша олар көптеген шешімдерді қабылдауға атсалысады. Сол үшін менің алғысымды қабыл алыңыздар» деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақ халқы «Жұмақ – ананың табаны­ның астында», «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деп, қашанда ананы құрметтеген, қызды мәпелеген халық. Ұлт көшбасшысы бүгінде әр саланың тізгінін ұстап отырған аналар отбасының қазығы деп, нәзікжандылар мансап қуып кетпей, ұрпақ тәрбиесін ұмытпауы тиіс екеніне тоқталды: «Жаңа заманда адам капиталы, білімді, білікті ұрпақ ең ­басты байлық деп айтып келеміз. Халықтың саны көп, сапасы жоғары болуы біз үшін айрықша маңызды. Сондықтан біз 20 миллион халқы бар Қазақстанға жетеміз деген мақсат қойдық. Сол себепті мемлекет демография мәселесіне үлкен көңіл бөледі. 10 жылда жаңа туған балаға берілетін бір реттік жәрдемақы 5 есеге көбейді. Менің тапсырмам бойынша 1 шілдеден бастап 20 пайызға өсетін болады. Тәуелсіздік жылдары 1 300-ден астам мектеп, 1 300-ден астам денсаулық сақтау нысандарын салдық. Биылғы ­Жолдауымда әлеуметтік сала ең басты басымдық болып қала беретіндігін айттым. Шілде айында бала тууға бай-ланысты төленетін жәрдемақы көлемі 20 пайызға өседі» деді. Отбасы құндылықтарын сақтауда ата-ананың жауапкершілігі, ерлі-зайыптылардың өзара түсіністігі мен кешірімді болуы аса маңызды екеніне Елбасымыз даналық мысалдар келтіріп, өнегелі әңгімелер айтты.
Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысы Возвышенко орта мектебінің директоры Ирина Седова Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа домбыра сыйласа, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Мария Галицкая гитарамен екі ән орындады. Ал Сыр елінен келген ақын Толқын Қабылша жүрекжарды тілегін өлеңімен жеткізді.
Салтанатты іс-шара соңынан Мемлекет басшысы мен Ұлы дала елінің түкпір-түкпірінен жиналған нәзік жандар «Әлемнің жарығы» атты салтанатты концертті тамашалады.

С.ШАЯХМЕТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Нартай

    Отбасы мен жұмысын қатар алып, үйде ана, келін, жар, түзде қызметкер бола білген аяулы жандарымызға 8-наурыз күні бас июге әбден болады.

  2. Раяна

    Құрметті арулар, әр күндеріңіз 8-наурыздай болсын.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.