Протекциялық ындын

Ғылыми тілде протекция деген ұғым бар. Бұл не? Әгәрәки мұны қазақы жалпақ тілмен айтар болсақ, мағынасы былай болып шығар еді. Әдетте біз жүзшілдік, рушылдық турасында көп сөз айтамыз. Дегенмен оның түп-тамырына үңіле бермейміз. Адамдар белгілі бір мақсатқа жету үшін бірігеді, қоғамдасады. Тізе қосқан адамдар, әрине, сырттан кісі тартпайды. Өзі танитын, білетін, сыры мәлім адамдар алынады. Осы тұсқа келгенде рушылдықтың құлағы қылтияды. Өйткені біріккен адамдар көбіне рулас, құда-құдандалы болып келеді. Рушылдық пен протекцияның бір-біріне қатысы қандай? Құй мойындаңыз, құй мо­йындамаңыз, рушылдық мақсаттың соңы протекцияға апарып соғады. «Қалай?» дейсіз ғой. Былай. Әлгі қауымдасқан адамдар дегеніне жете алмаса, мақсұт-мұраттары орындалмаса, басқа бір топпен, өзге ұлтпен бірігуге оңай келісе салады. Өйткені оларға мақсаттарына жету керек. Ал протекция дегеніміз «өз жақыныңның өлігінен аттап болса да, мұратыңа жету» дегенге саяды.
Енді мына қызыққа қараңыз. Сәуірдің ба­сын­да сол кездегі коммунистердің басшысы Серік­бол­сын Әбділдин, қашқындағы банкир Мұхтар Әбіля­зов және тіркелмеген «Алға» партиясының төра­ғасы Владимир Козлов Қырғызстандағы жағ­дайға байланысты мәлімдеме жасады. Мәлімдеме­нің мәтіні айтпаса да түсінікті. Олар биліктен тай­­ды­рылған Бакиевті сынайды. Оның «тоталитар­лық» жүйе орнатып, билікті монополиялап алға­нын айтады. Сонан соң қырғыз оппозициясының әрекетін жақтап, қолдау білдіреді. Оппозиция өкілдерін заң шеңберінде әрекет етуге шақырады. Сөз соңында Қазақстанда да өзгеріс болатын уақыттың таяғанын тұспалдайды.
Соңғы сөзге мән беріңіз. Бүгінде Қазақстан әлемге тұрақтылық пен ынтымақтың ұйытқысы ретінде әбден танылып болды. Жұрт жаппай дүрлігуді емес, мамыражай өмірді қалайды. Алатаудың арғы бетіндегі төңкерісті теледидар арқылы көрген халықтың төбе шашы тік тұрды. Ондай дүрлігістің біздің елде болмауын тіледі. Ал осыдан кейін Қазақстанда төңкеріс болады дегенге сау адам сене ме? Әй, қайдам?!
Осы мәлімдемеге қол қойған адамдардың аттарына назар аударыңыз: Әбілязов, Әбділдин және Козлов. Оппозицияның басқа өкілдері жоқ. Естеріңізге сала кетейік, осы мәлімдеме жарияланардан екі апта бұрын елдегі оппозиция өкілдері Кедендік одаққа қарсы екендерін білдіріп ашық хат жариялаған. Оған «Азаттың» барлық басшылары, көптеген коммунистер, ұлтшыл-патриоттар қол қойды. Сондай-ақ ол тізімде Козлов та жүрді. Ал Әбілязовтің атын біз ол тізімнен көрген жоқпыз. Енді сұрақ туындайды: Әбілязовтің мақсаты қандай?
Мәселе мынада болса керек. Бұл жерде қашқындағы банкирдің саяси көзқарасы біздегі оппозициямен сәйкес емес. «Азат» партиясы мен патриоттар Кедендік одаққа емес, Ресейге қарсы. Өйткені олардың бүйрегі Батысқа бұрады. Ал Әбілязов болса, орыс билігімен жақын болғанды дұрыс санайды. Себебі оның Ресейде бизнесі бар. Ал Ресей болса, Қазақстанның өтініші бойынша Әбілязовтің сондағы бизнесін тексеріп жатыр. Қитұрқы әрекеттерін әшкерелемекші. Осы әрекеті арқылы Әбілязов ресми Мәскеуге жағынбақ ниетте екенін айқын танытты. Сондықтан ол Кедендік одаққа қарсылық көрсетуден бас тартты.
Әбілязовтің протекциялық ындыны осы тұста анық көрінді. Оған елдің тәуелсіздігі, дербестігі мен тыныштығы аса құнды емес. Бастысы, бизнесі аман болса болғаны. Ал өз мақсатына жету үшін ол елдегі оппозиция өкілдерін мақсатына пайдаланып жатыр. Оларды қалай қызықтыратыны бізге беймағлұм және қажет те емес. Дегенмен оның протекциялық ниеті талай адамның басына қара бұлт үйіргені анық дүние.
Оның қитұрқы әрекеттерінен осыған дейін бірнеше адам жапа шекті. Соның бірі – Мұхтар Жәкішев.
Қазақстан өнеркәсібіндегі стратегиялық маңызы бар сала – уран өндірісі. Мұнда да Әбілязовтің махинациялары елдің экономикасына зиян тигізді. Әбілязовтің заңсыз әрекеттерінің кесірінен, Қазақстан уран кеніштерінің жартысынан көбі оффшорлық компанияларға арзан бағаға сатылып, артынша шетелдіктерге миллиондаған долларға саудаланды. Айтпақшы, шетелдіктермен арада делдал болған оффшорлық компаниялар, айналып келгенде, Әбілязовтікі болып шыққан.
Оқырман үшін айта кетейік: дүниежүзіндегі уран қорларының бестен бір бөлігі Қазақстанда орналасқан. Қазақстан – Австралия, Оңтүстік Африка Республикасы, АҚШ, Канада сияқты ең ірі уран экспорттаушы елдердің қатарына жатады.
Бәрі 2004 жылы басталған. Ол кезде «Астана» Казақстан Инвестициялық Тобының иесі Мұхтар Әбілязов «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясын басқарып тұрған Мұхтар Жәкішевпен бірігіп, бірнеше кәсіпорындарды құрады.
Бір қызығы, мысалы, 70% акциясын КИГ «Астана» атты Әбілязовтің компаниясы, 30% үлесін «Қазатомөндіріс» ұлттық компаниясы иеленген «Бетпақдала» бірлескен кәсіпорнының жарғылық капиталы небәрі 90 мың теңге болған! Осындай ауадан алынған кәсіпорындарға миллиардтаған доллар тұратын уран кеніштері таратылған. Мысалы, «Бетпақдала» кәсіпорнына «Ақдала» мен «Оңтүстік Инкай» кеніштері берілген. Ал бұл кеніштердегі уран қоры 100 мың тонна шамасында. Айта кету керек, «Бетпақдаланы» құрушы «Астана» компаниясы кәсіпорынға инвестиция құймаған. «Астана» басқаларға қарызға ақша таратып, уран саудасынан түскен пайданың бір бөлігіне жаңа бірлескен кәсіпорындарды құрып отырған. Айта берсе, оның уран өндірісіндегі қитұрқы әрекеттері жетіп-артылады. Соның салдарынан мемлекет өте үлкен көлемде шығынға батты. Ал Жәкішев сотталды. Осы былықтың бәрін бастаған Әбілязов Лондонға барып жайғасты.

Ғ.БЕКМОЛДИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.