Бір ел – бір отбасы

Қазіргі таңда күллі жаһанды алаңдатып отырған өзекті жайт – бейбітшілік, халықтың тыныш өмірі.

      Бала болсақ та, біздің де жанымызды жегідей жейтін мәселелер аз емес. Мәселен, Сирияның жағдайы. Көгілдір экраннан соғыс зардабын шегіп, жанарынан үрей мен қорқыныш сезілген бүлдіршіндерді көргенде, жаным түршігіп, көзімнен ыстық жас тамады. «Олар әлі  бала ғой, неліктен осыншалықты қиналады?» деп налимын.

      Ел тыныштығын бұзушылар басқа жұрттың да шырқын бұза ма деп қауіптенемін. Дегенмен, Қазақстандағы тұрақтылыққа сырт елдер қызыға қарайды.

      Қазақ халқы әрдайым бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып келеді. Бұл біздің қанымызға біткен қасиет! Бабаларымыз қасық қаны қанғанша аянбай сақтаған ұлан- ғайыр даламыздың, Жәнібек пен Керей аңсаған мемлекеттің іргесі әрдайым мықты болуы тиісті.

      Біздің кіндік қанымыз тамған туған еліміз Қазақстан  —  бірлігі мен берекесі жарасқан құтты мекен. Жүз отыздан астам ұлт өкілдері қоныс ететін елімізде өзге халықтарды тілі, діні мен салт-дәстүріне, ұстанымдарына қарап бөліп жармайды. Барлығы бір шаңырақ астында, бір үйдің балаларындай күн кешуде.

      Елдің келешегі мен кемелдігі бірлікте емес пе?! Қазақ  атам не десе де бекер айтпаған, «Бірлік түбі-береке», «Бірлік барда тірлік бар», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген даналық ойлар адамдарды өзара татулыққа, ынтымаққа шақырады. «Ортақ Отанымыздың қазіргідей қарыштап дамуы елімізді мекендейтін этностардың арқасы», — деп Елбасымыз айтқандай, ынтымақтастығымыз бен  жарасымдылығымыз – жасампаздығымыздың кепілі.

   Қазақстан ТМД-елдерінің арасынан бірінші болып 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етті. Алғашында бұл өзге елдерде,  атап өтсек, Еуропа елдері арасында кейбір кері пікірлер туғызды. Кейінірек Қазақ елі нақтылы іс-шараларды қолға алып, бұл мәртебеге лайықты екендігін дәлелді.

      Қазақстан халқының бірлесуінде  Ассамблея да өзіндік ықпалын тигізуде. Бүгінде елдің барша тұрғындары үшін басты мұрат – «Мәңгілік ел» идеясы төңірегінде топтасу. Ол үшін жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік,  бауырмалдық пен ізгілік қасиеттер мол болуы керек.

      Қазақстанның алдындағы өршіл мақсат —  дамыған отыз елдің алдыңғы санатына ену үшін, бірлесе алға ұмтылайық. Ең бастысы – елдігімізді,  рухани қасиетіміз бен ұлттық болмысымызды жоғалтпайық! Ел іргесі аман, заманымыз тыныш болғай!

8 «Ә» сынып оқушысы
Джаканова Жанель
Жетекші:
Наушабаева Қарлығаш Киярхановна

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.