ҚОЙЫН ДӘПТЕРДЕН

Әлібек АСҚАРОВ

Қаламды мұрат тұт­­қан адам жақсы оқырман қа­та­рында болуы тиіс деп ойлаймын. Өйт­кені ол жиі-жиі кітап оқиды. Әлемдік әдебиет­тің жаңалықтарынан хабардар болып отырады. Баспасөз беттерінде мақталып жатқан шығармалардан құр қалғысы тағы жоқ. Кітап қана емес, елге шығып, өмірмен араласып, бұқара халықпен тығыз байланыста болуы да шарт. Яғни жазушы екенсің – өзіңнің шағын аяңда шектеліп қалуға болмайды. Олай етсең құлдырайсың, тоқырайсың, ақыры жазуды да қоясың.
Ал сол оқыған кітаптарыңның ішінен ұтқыр диалог, әсерлі образ, кестелі тіл, көркем тіркестер кездестірсең – өзің жазғандай марқайып қаласың, кәдімгідей тебіренесің, авторға риза боласың.
Мен де қойын кітапшама әлгіндей ұнаған сөйлемдерді, ауызекі естіген бейнелі сөздерді реті келгенде жазып қоюшы едім. Солардың бір парасын оқырман назарына ұсынып отырмын.

***

Ертеректе «қодырең» сөзін бірер мәрте естігеніміз бар. Сөйтсек ол арпа, бидайдың былтырдан қалған өскіні екен. Турасында «былтырғы егіннің орнына өз бетімен жабайы шыққан бидай». «Қазақ сөздігінде» қодыреңнің тағы екі мағынасын беріпті: 1.Кенжелеп жазғасалым күйектен кейін туған төлдің атауы; 2.Әкесіз, заңсыз туған бала.
Алтай төріндегі бір ауылда «ат тізгінін шәкіге іле салыңыз» деп жатты. Мұндағы «шәкі» дегені – ат байлау үшін үй маңайына арнайы орнатылған ағаш діңгек екен. Тізгінді байлауға оңай болсын деп немесе тізгінді бос іле салу үшін ағашты сидитып жалаңаштамай, бірер бұтағын шолтита кесіп, әдейі қалдырып қояды екен.
«Жылқыда «сайтал» деген болады, ол байталдан бір жас үлкен болады» деді бір атбегі.
Мақтаншақ адам, яғни көкіре­гіне күлше піскен бөспе кісі туралы қазақ: «Аттан түссе де үзеңгіден түсе алмай жүрген күпілдек» депті.
Бірде әлдекімге ренжіп отырған жазушы Алдан Смайыл былай деп қалды: «Құдайға сенсең құстай ұшасың, адамға сенсең мұрттай ұшасың».
«Қазақты қыдыртып қойсаң – тозақтың да есігін тоздырады». Осы сөзді ауылдас әйелдерге реніш білдірген жап-жас келіншектің ­аузынан естідім.
Қазақтың сыршыл қаламгері, жазғаны ерек, мінезі бөлек жазушы Рақымжан Отарбаев әлдебір кісі туралы былай дегені бар: «Сөйлеген сөзі түсініксіз, пауза жоқ, түкірігін шашыратып сайрады дерсің… Отыз патронды бірден атып жіберген ­Калашников автоматы секілді».
Алтайдың алыс төріндегі Аршаты ауылына барғанда: «Ел құлағы елу, әйел құлағы алпыс» деген мақалды естіп, риза болдым. Осы мақалды айтқан қушыкеш жігіт әңгіме арасында: «Бұралқы сөз күлмекке жақсы, Бөтен әйел ермекке жақсы» деп қойып қалып, тағы да ішек-сілемізді қатырды.
Атырауда, Құрманғазы ауданында іссапармен жүргенде мамандығы инженер болса да шешен тілді бір замандасым: «Жетім бала жасындағысын ұмытпайды, Жесір әйел ашынасын ұмытпайды дейді ғой. Сол секілді бәріміз де студент болдық, аш болдық, тоқ болдық, сондықтан біз де азшылық пен тозшылықтың қадірін біліп өстік» деп бастады әңгімесін.
***
Сөзге тоқтаған, сөз бен тілді өнер алды санаған, шешендікті құрмет тұтып, аңызға айналдырған қазақ халқынан нелер бір інжу-маржан мұралардың қалғаны белгілі. Қазақтың ауыз әдебиеті «Бабалар сөзі» деген атпен жүз том болып жарық көрді. Бұл өзге елдерде жоқ, әлемдік феномен! Мақтануымызға да, шаттануымызға да лайық қуаныш! Мыңдаған жылдар бойы ауыздан-ауызға өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, біздің заманға жеткен бабалардың асыл мұрасы, алтын қазынасы осы жүз томдықта жинақталып, оқырманға ұсынылды.
Қазақ қонақжай халық екенін дарқан даламызды аралаған небір жиһанкездер мен зерттеуші ғалымдар баяғыда ризашылықпен жазып кеткені белгілі. Ежелде бабаларымыз қонақтарды да жіктеп-жіліктеп, алуан топқа бөліп тастаса керек. Ендеше, тыңдап көріңіз!
Арнайы қонақ – шақырылған қонақ; Құдайы қонақ – кездейсоқ жолаушы; Қыдырма қонақ – ­алыстан арнайы келген қонақ; Қылғыма қонақ – тамақ аңдып жүретін біреу.
«Жеті» саны көптеген халықтар үшін қасиетті сан. Солардың ішінде қазақ халқы да бар. Осы «жетіге» байланысты мына бір даналық сөздерге назар салайық:
Жеті қазына: 1. Ер жігіт; 2. Сұлу әйел; 3. Ақыл, білім; 4. Жүйрік ат; 5. Қыран бүркіт; 6. Берен мылтық; 7. Жүйрік тазы.
Жеті жұт: 1. Құрғақшылық; 2. Жұт; 3. Өрт; 4. Оба; 5. Соғыс; 6. Топан су; 7. Зілзала.
Жеті жоқ: 1. Жерде өлшеуіш жоқ; 2. Аспанда тіреуіш жоқ; 3. ­Таста тамыр жоқ; 4. Тасбақада талақ жоқ; 5. Аллада бауыр жоқ; 6. Аққуда сүт жоқ; 7. Жылқыда өт жоқ.
***
Даналардың айтқаны: «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болып халқыңа пайдаң тимесе, Батыр болып жауға найзаң тимесе, Елден бұрын үйің күйсін».
Әйтеке би Байбекұлы (1644-1700) «адамға кім жақын» деп сұрағанда, былай депті: «Тату болса – ағайын жақын, Ақылды болса – апайың жақын, Бауырмал болса – інің жақын, Инабатты болса – келін жақын, Сыйлас болса – нағашың жақын».
Әулие би «өмірде не қиын» дегенге былай деген екен: «Арадан шыққан жау қиын, Таусылмайтын дау қиын, Шамыңа тиер сөз қиын, Жазылмаса дерт қиын, Іске аспаған серт қиын».
***
Жазушы Дидахмет Әшімханов­тың (1950-2015) пікірі: «Прозада Қалихан Ысқақовтай күрделі жазу, Бейімбет Майлиндей қарапайым жазу мүмкін емес. Екеуі де ешкім қайталай алмайтын дара суреткерлер».
***
Библияның ұстанымы: «Кімнің несібесі көп болса, содан сұрау да көп болмақ».
***
Біздің ауылда соғыс ардагері, ісмер балташы, шебер өрімші, бастыққа да, басқаға да ой-пікірін турасынан айтып салып қарап отыратын тік мінезді Имаммәлік Қайсенов деген қадірменді қария болды. Сол кісінің бір үйде отырғанда құрдасының шай құйып отырған бәйбішесіне былай дегенін естідім:
– Мал өткен бұлақтай лай суыңды тықпаламай, шайды былай дұрыстап демдесеңші, бәйбіше!
***
Орақ тілді бір асабаның былай дегені есімде қалыпты: «Бару да бармау төркінге, байдағы қыздың еркінде, депті біздің халық. Әріптестері бүгінгі тойда мерейтой иесіне қандай сыйлық тартамын десе де өз еріктерінде».
***
Жүз адам болса жүз түрлі мінез бар. Яғни адамға жағу қиын екені әлімсақтан белгілі дүние. Бұл ­туралы біздің қазақ: «Жа­рат­қанның да жағымсыз жақтары бар» деген екен. Жарат­қаннан да мін тапқысы келген бұл қазаққа не айтарсың!
«Арыстанның апанына түнеп шыққан ешкіден қорық» дейді қазақ тағы. Бұдан шығар тәлім – Үлкен үйдің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жігіттерден сескен деп мегзеу ғой тегі?
«Ақшалы болса, ақымақ та төре». Бұл жерде «төре» – бастық деген ұғым беріп тұр. Бірақ әңгіме төркіні «алыпсатарлар билеген заман болды» дегенге сайып отыр.
«Жалаңаштар елінде жамыл­ғы­сы барды жындыға санайды» деген аталы сөз бар. Бүгінгі нарық заманында ескі дәстүрдің керегін қалдырмай әжетке жаратып, пай­да­ға асырып жүргендерді – «консерватор» дейтін болыпты. Бұл жө­нінде халқымызда: «Байып еді, үйі де тар боп шықты» деген сөз тағы бар. Өмір өзгерген екен деп өт­кеннің бәрін талақ тастауға болмас.
***
«Литфондының» сапарымен әлдебір облысқа барып қайтқан Оралхан Бөкеевтің (1943-1993): «Адам тек сырттағы ауа райын ғана сөз етіп, ешбір алаңсыз ұзақ та бақытты ғұмыр кешуіне болады екен-ау?!» деп басын шайқап таң қалғаны бар.
***
1989 жылы Баспасөз комитетінің кезекті бір Алқа жиналысында уақыт талабына ілесе алмай, белшеден шығынға бата бастаған бір баспаның бастығын Комитет төрағасы Калит Зәкіриянов қатты сынға алсын… Сол кезде жаны ашып кетті ме, «Балауса» баспа­сы­ның директоры Қадыр Мырзалиев (1935-2011) арашаға түскен болды.
– «Керуен кері айналғанда, ақсақ түйе алға шығады» деседі. Бұл баспа бұрынырақта шашасына шаң жұқтырмаған үлгілі еді, заман өзгеріп, дүние төңкеріліп, өмір теріс айналған кезде көштің соңында қалды. Оған баспа кінәлі емес, заман кінәлі! – деді.
Жұрт ду күліп жатыр.
***
Алтай аралаған сапарымызда Қадыр Мырзалиевпен «Нұр-Бұлақ» атты демалыс үйінде бірер күн тыныққанымыз бар. Күндізгі уақта жергілікті кәсіпкер, дарқан жүректі азамат Тоқтасын Қалибеков пен ақын Әлібек Қаңтарбаев қасы­мызда. Жаздың жайма-шуақ күндері. Табиғат аясына шығамыз, тау-тасты қыдырамыз, ел-жұртпен кезде­семіз. Қайда барсақ та Қадыр ағамыздың таусылып бермес әзілі мен әңгімесін тыңдаудан жалық­паймыз.
Бірде әңгіме ауаны – адамның мінезі төңірегіне ауысты. Сонда Қадекең айтқан мына бір тағылым сөз есімде қалыпты:
– «Ішекті айналдырсаң жыны шығады, Ішікті айналдырсаң жүні шығады, Әйтеуір айналдыра берсең, Періштенің де міні шығады» дегендей, адам бойынан тек жақсылық іздеуге ұмтылайық, ағайын!
***
Әдебиет зерттеуші әйгілі академик Дмитрий Лихачев (1906-1999) «Тілінің байлығын сақтағысы келген ел, ең алдымен, тілінің үрдісін сақтайды» деп жазыпты.
Зерттеуші мамандар Жер жүзінде алты мыңға жуық тіл бар деседі. Ең көп тіл – Жаңа Гвинеяда екен. Ол аралды мекендеген тайпалар мыңнан астам тілде сөйлесетін тәрізді. Содан кейінгі «көптілді елдерге» мыналар жатады: Филиппин – 17 тілде сөйлейді, Вьетнам – 70 шақты, Индонезия – 200-ден астам, Үндістан – 500-ге жуық, Америка үндістері – 700 шамасында тілдерде сөйлеседі. Алайда жыл сайын әлемде ондаған тіл жойылып, жоғалып жатады екен.
Бұл жөнінде Шығыс даналығы былай депті: «Егер бабасы тілге уақап болмаса, баласы оны түтіп тынады, немересі жұтып тынады».
***
Қазақ әдебиетінің алыптары­ның бірі Тахауи Ахтанов (1923-1994) «өз ауылының тілін әдеби тілге балап, көрші ауылдың тілін диалектіге жатқызатындар барын» айтып, зерттеуші-ғалымдарға ескерту жасапты.
***
Мына цитаталар эстет сыншы, мәдениеттанушы әрі тамаша қаламгер Әмірхан Меңдекенің жазбаларынан алынды. Жүрегінің көзі бар әрбір адамның көңілін дөп басқан, көкейін қозғаған тәлімді сөздер осындай-ақ болар. Тыңдап көріңіз!
«Қазақ тілі ғылым үшін емес, ғылымның қазақ тілі үшін жасалатынын ұмытпайық».
«Тіл – тарихи категория, сөз – ха­лық­тың рухани дүниесінің сырт­қы бітім-пішімі, ажырамас серігі».
«Тілдің байлығы мен тілдің мәдениеті – егіз ұғым».
«Қазақ отыз тістен шыққан ойсана сөздерін керекті, керексізге бөлмеген».
***
«Устная речь терпит всякую глупость». Бұл сөзді айтқан Батыр Баукең – Бауыржан Момышұлы (1910-1982).
«Көркем әдебиет сақал саудасын да көтермейді, көзін сүзген жастың саудасын да көтермейді». Мұны айтқан ұлы Ғабең – Ғабит Мүсірепов (1902-1985).
***
Мұзафар Әлімбаевтың жас кезі екен, бірде құдалық жолымен Қызылорда жаққа, Сыр өңіріне барады. Келін түсіріп, той жасаған Күліш атты құдағиы – көпті көрген, шешен тілді, көсем сөзді кісі екен. Әңгіме үйдегі келіндер жайына ойысқанда Күліш құдағи ақын інісіне былай депті:
«Бір келін түсірген ене – тамағын жатып ішеді,
Екі келін түсірген отырып ішеді,
Үш келін түсірген жүгіріп ішеді».
***
«Ғаділетті жүректің, әділетін бұзыппын» дейді Дулат Бабатайұлы (1802-1874). «Арамның асы – харам» деген мақал бар. Осы екі мысал қазақ тілінің байлығы мен болмысын, мәдениеті мен мәйегін аңғартып тұрған жоқ па!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.