Өмір өткелдері

Көзі тірі болса, биыл мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашұлы 90 жасқа толар еді. Ардақты абызға тағдыр өзінің 90-шы көктемін бала-шағасы мен замандастарының ортасында отырып, тойлауды жазбапты. Өкініштісі сол, осыдан бір жыл бұрын ол қалың елінің қабырғасын қайыстырып, бақиға аттанып кете-барды. Бір қарағанда Сәкеңнің ешкімге ұқсамайтын өмір соқпағы туралы айтылар әңгіме оның көзі тірісінде-ақ айтылып, жазылар дүние баяғыда жазылып біткен секілді. Бірақ бүгінде оның өмір өткелдерін тағы бір зерделер болсақ, ол тіптен де олай емес екеніне тағы бір рет көз жеткізгендейміз. Керісінше, ол бақилық болғаннан кейін, оның ұзақ та мәнді ғұмыры мен адами келбетінің көп жандар біле бермейтін парақтары, онымен сыйлас-дәмдес болғандардың, артында қалған ұл-қыздарының естелік-әңгімелері арқылы уақыт өткен сайын жаңа қырынан ашылып, толыға түскендей. Біздің бүгінгі Атыраудың арда ұлы туралы аз-кем тілге тиек етер естелік-әңгімеміз де оның қызы Нәйләның аяулы әкесі туралы жүрекжарды әңгімесінен басталған-ды.

– Ата-анамның өміріне қатысты оқиғалардың бәрі өзімнен кейінгілерге қарағанда менің есімде көбірек сақталыпты. Әсіресе менің алты жасымда әкемнің «Передовик» колхозының төрағасы, ал анамның осы шаруашылықтың зоотехнигі болып қызмет еткен кездері күні кешегідей әлі күнге дейін санамда сайрап тұр. Әкем төрағалық еткен «Передовик» колхозы ол кездері әлеуметтік-экономикалық жағынан Атырау облысындағы шаруашылықтардың ең соңында болатын. Сол үшін де әкем жарғақ құлағы жастыққа тимей, оның гүлденуіне барын салды. Ал анам таң атысымен атқа отырып, қанжығасына дәрі-дәрмегін байлап алып, алыстағы қыстақтарды аралауға кететін. Екеуінің бұлай алаңсыз еңбектенуіне бір жағынан үйдегі кішігірім тірлік пен бала-шағаның қамын жасаған ата-әжемнің де үлесі мол болды. Жанұядағы тоғыз баладан тірі қалған әкем мен қарындасы ғана. Әкем бір әулеттің ішіндегі ата-анасының «көзінің қуанышы, көңілінің жұбанышы» болған жалғыз тұяқ болғандықтан ата-анасын өмір бойы өз қолында ұстады.
Бала кезімнен көз алдымда қалған бір көрініс – ол, әкемнің үнемі жұмысбасты болып, қалың ойдың құшағында жүретіндігі. Ол, тіпті үйде дастарқан басында тамақтанып отырып та, ауылшаруашылығына қатысты түрлі мәселелерге бас қатырып, колхоз жұмыстарындағы проблемаларды анаммен бірге талқыға салатын. Қандай да бір күрделі істің күрмеуін шешуге бір-бірімен ақыл қосатын. Әкем өте аз ұйықтайтын, сирек демалатын. Егер сәл тынығуға жатын бөлмеге кіре қалса, оның шаршап-шалдығып жүретініне алаңдап, бәйек болатын анамыз, бізге «айқайламаңдар, әкелерің дем алып жатыр» деп, үнемі ескерту жасайтын. Ол кездері әкемізді сирек көретініміз сондай, үйдегі шағын отбасылық басқосуларда әкеміз ортамыздан табылса, біз үшін одан асқан мереке болмайтын.
Ол қарапайым колхоз төрағасынан Қазақстан ­Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысына дейінгі белестерді бағындырды. Ол үшін әрбір лауазымды қызметтің өзіндік жауапкершілігі жоғары болды. Негізі, менің анам да аса білікті маман, кәсіби зоотехник болды. Қазір ойлап отырсам, ол бар ғұмырын әкемнің қызметтік өсу-өрлеу жолына құрбан еткен екен. Егер ол, өз заманында бониарлық білімі бар кәсіби маман ретінде ғылыми жолда ізденіп, диссертация қорғаса, бәлкім Нәйлә Базановадай мал шаруашылығы саласында аты алтын әріптермен жазылатын ғалым болар ма еді?! Айтпақшы, ата-анам мен туғанда атымды осы өздерінің сүйікті ұстаздары болған, қазақтың қадірлі қызының құрметіне Нәйлә деп қойған екен. Отбасында біз алты бала болдық, бір ұл, бес қыз. Әке-шешеміз бізді адал еңбекке, оқу-білімге баулыды. Біз әкеміз бастық екендеп, ешқашан дандайсыған жоқпыз. Ел қатарлы киініп, басқалардай білім алдық. Бүгінгі кейбір дөкейлердің балаларындай қос-қостан машина мініп, жылдың төрт мезгілінде шетелде дем алған жоқпыз. Қазір осының бәрін ой елегінен өткізсем, бұның бәрі біздің ата-анамыздың санамызға сіңірген асыл қасиеттері мен тәрбиесі екен. Тіпті одан да нақтырақ айтсам, біздің өміріміздің өте қарапайым болуының өзі әкеміздің көпбалалы кедей отбасынан шыққандығынан, ал анамыздың халық жауының ұрпағы болып, барлық тағдыр тауқыметін кішкентайынан көзімен көріп өскендігінен шығар деп ойлаймын. Әкемнің қызметтік мансабында қолдау танытып, қолтығынан демеген тамыр-танысы мен «дөкей көкесі» болған жоқ. Жарты ғасырға жуық, аттан түспей, үкімет жұмысының ыстығы мен суығына қатар көнген оның бар сенгені өзінің білімі мен еңбексүйгіштігі, бойындағы мұқалмайтын қажыр-қайраты мен табандылығы.
Қалай айтсақ та, үлкен істің басынан табылатын әр азаматтың білімділігі мен біліктілігі, іскерлігі мен адамгершілігі, ең алдымен, оның ар-ұжданы мен кісілігінен, елінің келешегіне деген сүйіспеншілігінен танылса, оны дер кезінде қолдап, әрбір қадамына сәттілік тілейтін қарапайым халық екені сөзсіз. Әкем қай облыста басшылық қызметте болмасын, ешқашан жерден-жерді бөліп алып қараған жан емес. Сыр елінде де, Кенді Алтай өңірінде де оның бастамасымен атқарылған қыруар шаруа осы сөзімнің дәлелі. Ол туған елін қандай жақсы көрсе, халқы да оның еңбегін бағалады. Басқалар үшін Сағидолла Құбашұлы аты танымал мемлекеттік қайраткер болса, мен үшін мейірімін төгіп, бағып-қаққан, ардақты әкем. Мен әкеммен мақтанамын!
Иә, айтса, айтқандай-ақ, Сағидолла Құбашев 1927 жылы 10 ақпанда Атырау облысының бұрынғы Есбол, қазіргі Индер ауданының №1 ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Құбаш ағаштан түйін түйген қолөнер шебері болса, анасы Құраш көбінесе отбасының шаруасымен айналысқан. Бірінен кейін бірі шетіней берген тоғыз перзенттің ішінде көзі тірі қалған Сағидолла жастайынан халыққа аса бір ауыр кезең-ашаршылық пен жоқшылықты көріп өсті. Әкесімен бірге буыны бекімей жатып-ақ еңбекке араласты. Мұндай қиындықтар кедей отбасында дүниеге келген жеткіншектің жігерін қайрап, бойында намыс отын оятты, тағдыр тауқыметі ең алдымен ауыл тіршілігін оңалтуға оның қалайда өз үлесін қосуы керек екендігін санасына құйды. Сол себепті де, мектеп қабырғасында жүрген шағынан ­бастап, өз-өзіне талапшыл болған бозбала осы ойын жүзеге асыру мақсатында Алматыдағы малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Қарт Алатаудың баурайындағы әсем қаладағы жоғары оқу орнында ол кездері тек орыс тілінде өтетін сабақтар, орысша бір ауыз сөз білмейтін Сағидоллаға оңай соққан жоқ. Бірақ алған бетінен қайтпайтын ол бұл қиындыққа да мойыған жоқ, уақыт өте келе үлгерімі өте жақсы студенттер қатарынан табылды. Бірінші курстан бастап, «орысша сауат ашуына» көмектескен өмірлік серігі Шолпанды да осы білім ұясында кездестірді.
Ашығын айту керек, Кеңес уақытында үкіметтік қызметте болғандардың көбі қаршадайларынан еңбекке араласқан және сол адал еңбектің қадірін біліп өскен жандар. Озбырлықты білмеген, адалдықтың ақ жібін аттап өтпеген ұрпақ. Кешегі Кеңес уақытында түрлі лауазымды қызметтерді абыройлы атқарған еліне қадірлі, өз заманының өрені атанған Сағидолла Құбашұлы да солардың қатарынан. 1949 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін сол кездегі Гурьев облыстық ауылшаруашылығы басқармасында еңбек жолын бастаған Сағидолла 1953 жылы тың игеру жылдары басталар шақта, өзі туып-өскен Өрліктегі «Передовик» колхозына төраға болып сайланады. Аты дардай болғанымен, шаруасы басқалардан көш төмен шаруашылыққа басшылық қызметке кіріскенде Сағидолла небәрі 26 жаста еді. Оның үлкен ұйымдастырушы, білікті басшы, ауыл тұрмысының ішкі ыңғыл-жыңғылын жетік білетіндігі, жас болса да бас бола білген іскерлік қабілеті осы жұмыста танылды. 1960 жылға дейін аталмыш шаруашылықты аяғынан тік тұрғызып, еңбектенген Сағидолла Құбашұлы сол кездегі обкомның бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновтың ұсынысымен Гурьев облыстық кеңесі атқару комитетіне төрағалық қызметке тағайындалады. Бұл, әрине оның ұзақ жылғы мемлекеттік лауазымды қызметінің ең алғашқы баспалдағы еді. Одан кейін 1963-1964 жылдары Қазақстан КП Атырау облыстық комитетінің бірінші хатшысы болған Сәкең бір емес, ­Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Семей секілді төрт облыста басшылық қызметте болып, өзінің әр өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін халық ықыласына бөленді, ел алғысын алды. Ақтөбеде тоғыз жыл қызмет еткенде Сағидолла Құбашевтың алыстағы қыстақтарды өз аяғымен аралап, үнемі шопандардың жағдайын өз ауыздарынан естуге тырысқанын, бір жылдары Ойыл өңіріндегі есімі белгілі шопан Қуаныш Ержановтың, оның қарапайымдылығына тәнті болып, аса бір таңданыспен таңдай қағып әңгімелегені де бар. Ол Ақмешіт жері өз өмірінде үлкен із қалдырғанын жылдар өте келе бір естелігінде, «Менің Қызылорда жерінде анам қалды. Мүмкіндігім болса да, анамды өз еліне, қартының қасына апаруды жөн көрмедім. Үш жыл тұрсам да, Қызылорда жеріне үйрендім, азаматтар, ел, мені жақсы қабылдады, халықтың құрметіне бөлендім. Бүгінде, анам жатқан Қызылорда жері, абыройлы еңбек еткен, менің екінші отаным, туған жерімдей санаймын, жиі барып тұрамын» деп ерекше тебіреніспен жазды. Оның мемлекеттік қызметте жүріп, кезекті еңбек демалысын пайдалана отырып, ғылыммен айналысуы да, соғыс жылдары оқу-білімге қолы жетпеген ата-анасының ізгі армандарының бірі еді. Ол 1966 жылы мал шаруашылығы тақырыбындағы зерттеу еңбегі бойынша ғылыми диссертациясын сәтті қорғап, «Экономика ғылымының кандидаты» атанды.
Абай, Шәкәрім, Мұхтарлардың табаны тиген киелі топырақ жайлы арада бірнеше жыл өткенде жарық көрген мемуарлық кітабында: «Ұлылар өскен елдің азаматтарымен тез тіл табысып, еңбек еткенімді, оның жолы абыроймен аяқталуы мен үшін жеткен тағылым биігі деп санаймын» деп ағынан жарылыпты. Ақиқатын айту керек, ел дамуына қосқан айтулы үлесі үшін бірқатар мемлекеттік марапатқа ие болған, Қазақстан Компартиясының XI, XII, XIII, XIV, XV, XVI съездерінің делегаты Сағидолла Құбашевтың қызметтік соқпағы еш қалтарыс-бұлтарыссыз тегіс болды деп айтуға ауыз бармайды. 1987 жылы қаңтар айында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің екінші хатшысы қызметіне кіріскен ел ағасының аса бір қиналған шағы Г.Колбиннің елімізді басқаруға келген кезеңмен тікелей ­байланысты. Алғашқы күннен-ақ бірінші басшымен Сәкеңнің саяси-қоғамдық мүдделер мен жергілікті ұлт саясатына қатысты пікірлері екіге жарылған. Күнделікті 8 сағаттың орнына 12 сағат жұмыс істеп, әрбір атқарған жұмысынан кінәрат тауып, тырнақ астынан кір іздеген Колбинмен оған тіл табысу мүмкін болмаған. Ол өзін сол кезде қатты мазалаған мәселелер туралы 2003 жылы ­баспа бетін көрген «Адам өмірі адаммен» атты жинағындағы «Арпалыспен өткен екі жыл» деген тарауда былайша суреттейді: «КОКП Орталық Комитетінің ерекше қаулысынан кейін барлық бағытта ұлтшылдарды, оларға дем берушілерді іздеу басталды. Қазақ ­кадрларын жауапты қызметке қою күрт азайды. Жабық түрде жаппай орыстандыру ­басталды. Республика, облыстар, тіпті аудан басшыларының құрамына көп өзгерістер жасалынды. Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарының Кеңес аткомының төрағалары қызметтеріне орыс кадрлары тағайындалды. Бұл облыстарда қазақтар көп, жергілікті тілде жұмыс істейтін аудандар бар екенін айтып, ұсыныс енгіздім.
Атқару комитетінде мәселе шешетін екі бірінші басшының біреуі қазақ болуы қажет екенін дәлелдедім. Бірақ Мәскеу қолдамады». Ел ағасын басқалардан ерекшелейтін тағы бір қасиеті, оның сөз маржанын терген, қиыннан қиыстыра білетін ақындығы. Онымен дәмдес болғандар Сәкеңнің жүрек тебірентер шырайлы шумақтарын айтпағанда, оның кәдімгі дастарқан басында отырып-ақ берген пәтуалы батасының өзгелердікіне мүлдем ұқсамайтындығын әлі күнге дейін еске алып айтып отырады. Әуелден төл кәсібі мал шаруашылығы саласы болғанымен, жасынан білім-ғылымға құштар болған Сәкеңнің аса шешендігін, қандай да бір әңгіменің тиегін ағытса, ағынан жарыла әңгімелеп, айналасындағыларды өзіне ұйытып алатын қасиетін үзеңгілес достары өздеріне үлгі-өнеге тұтты. Сондықтан да болар, қазақ руханиятына немқұрайлы қарамайтын ол, белгілі сыншы марқұм Сағат Әшімбаевтың ұлттық теледидардан жарыққа шыққан «Қарыз бен парыз» авторлық бағдарламасы «Қазақстандағы ұлтшылдық» деген арнайы қаулымен эфирден шеттетілген кезде де араша түсіп, қорғап қалды.
Иә, айта берсек, Алаштың атан жілікті азаматы Сәкең жайлы естеліктер таусылмақ емес. Өмірлік жары Шолпан Халелқызымен 65 жыл бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп, 6 перзентінен бірнеше немере-шөбере сүйген халық қалаулысы саналы өмірінде еліне қалтқысыз қызмет етіп, ғибратты ғұмыр кешті. Ол еңбекқор, адал жүректі замандастарына қалай сенсе, өзіне сенім артқан Д.Қонаев, Н.Оңдасынов секілді қайраткерлерді үлгі-өнеге тұтты. «Өрліктен» шыққан өрен ел жадында адами қалпынан айнымаған азамат қалпында жатталып қалды.

Арай САХАРИЕВА
АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.