Үш тілді игеру оңай ма?

Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында адами капитал сапасын жақсартуға, білім беру жүйесінің рөлін өзгертуге мән берілгені белгілі. Президент сонымен қатар қазақ тілінің басымдылығы сақталатынын айтты. Үштұғырлы тіл жөніндегі ойын: «Бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі» деп ағылшын тілін меңгерудің маңыздылығына тоқталды. Бұл мәселенің өзектілігі күмән тудырмайды. Сондықтан ағылшын тілін жетік білу ғылым, экономика, бизнес, жаңа технологиялар салаларында қызмет істейтін жастарға да өте қажет.

Олай болса, бүгінгі таңда негізгі ұстанымға айналып отырған үш тілді барлық оқушылар толық игеріп кете ала ма деген заңды сауал туындайды. Бұл мәселе көпшіліктің назарынан тыс қалмай, әсіресе бірінші сыныптан бастап ағылшын тілін оқыту, сондай-ақ жаратылыстану пәндерін осы тілде жүргізу әртүрлі пікір қарама-қайшылығына әкеп соқтырғаны мәлім. Информатика мен жаратылыстану пәндерін осы тілде оқытудың қаншалықты қажеттілігі бар? Ана тілінде сабағын үлгере алмай немесе орташа оқып жүрген оқушылар биология мен химия және т.б. пәндерді ағылшын тілінде түсіне ала ма? Егемендік алған ширек ғасыр ішінде бастауыш мектепке арналған оқу құралдарын заман талабына сай ана тілімізде жаза алмай отырғанда оларды ағылшын тілінде аудара алатын немесе жаза алатын тәжірибелі ұстаздар бар ма? Бірнеше пәннен бірдей сабақ беретін әмбебап ұстаздар оқушыларға сабақты ағылшын тілінде дұрыстап түсіндіре ала ма? Міне, осындай сан түрлі сауалдар көпшіліктің көкейінде жүргені анық. ­Статистика бойынша, елімізде 7500-ге жуық мектептер бар екен. Оқушыларға информатика мен жаратылыс­тану пәндерінен ағылшын тілінде сабақ беретін 10 мыңға жуық оқытушы керек. Сонда аталған сабақтарды ана тілімізде немесе орыс тілінде өткізіп жүрген бірнеше мың ұстаздар не істемек?
Президент өз Жолдауында: «2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет» деді. Осы сөз өзгеріс жасауға дайын тұратын министрлер мен заң жобаларын жан-жақты ойланып-толғанбай қабылдай салатын депуттарға қарата айтылған сияқты. «Келісіп пішкен тон келте болмас дегендей, біз тіл саясатындағы әр қадамымызды әбден сараптап, жүйелеп жүргізгеніміз орынды. Өйткені, менің ойымша, үш тілді қатар оқытудың жеңілдігінен гөрі қиындықтары басым. Оны ғылыми тұрғыдан зерттеп, өзек­ті мәселелерін назардан тыс қалдыруға болмайды.
2002 жылы Халықаралық ғылыми-техникалық Орталық бағдарламасы ­бойынша ғылыми жоба дайындау мақса­тында АҚШ-тың ауылшаруашылық де­пар­таментінің шақыртуымен Индиана шта­тындағы Пурду Университетінде болдым. Сол кезде Уэст-Лафейетт қаласындағы жо­ғарғы мектептің жұмысымен танысып, үлкен әсер алған едім. Мұнда жоғарғы сынып окушыларының кәсіби білім алуына барлық жағдай жасалған екен. Ғарыш әлемін бақылайтын жаңа құрылғы, неше түрлі саз аспаптары, 200-300 көрермен сыятын концерт залы, техникалық білім беруге арналған заманауи құрал-саймандармен жабдықталған залдар, оқушыларға тамақ дайындауды үйрететін арнайы аспаз мамандары және т.б. Бір түсінгенім, жаңа оқу жүйесіне көшуге бізде материалдық база жоқ.
Мектепте және колледжде жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытпас бұрын, оқушылар алдымен оқу бағ­дарламасына сәйкес ғылыми жетістіктермен танысып, соларды толық игеріп алса да жеткілікті деп ойлаймын. Жоғары оқу орнына арналған оқулықтарда әр сала бойынша шетел ғалымдарының жетістіктері міндетті түрде қамтылуы керек. Орта мектепті 100 оқушы бітіріп, олардың арасынан жоғары оқу орнына шамамен 15-20-сы түссе, көп болса солардың ­2-3-і ғана дипломатиялық қызмет немесе ғылым жолын таңдауы мүмкін. Міне, соларға ағылшын тілін жетік білу қажет. Ал ағылшын тілінен терең білім алғысы келгендерге оны үйренудің бірнеше жолдары бар. Ірі қалаларда бірнеше сыныптар қатар болатындықтан оның бір-екеуін ағылшын тілін терең оқытуға мамандандыруға, репетитор жалдап қосымша сабақ алуға болады.
Мектеп бағдарламасы бойынша мен ағылшын тілін үйретуге қарсы емеспін. Алайда ол бастауыш сыныптардан кейін қолға алынғаны жөн. Ана тілін жете білмейтін жас балаларға бірінші сыныптан, тіптен балабақшадан бастап орыс және ағылшын тілдерін үйрете бастасақ, ертеңгі күні жастарымыз үш тілдің бірін де еркін меңгере алмай шықса қайтпекпіз? Жапонияда шет тілін үйренгісі келгендер оны 11-12 жастан кейін ғана оқи бастайды екен. Бізге де осындай жолды таңдаған жөн.
Мен орта мектеп бағдарламасы ­бойынша информатика және жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқытуға түбегейлі қарсымын. Үш тілде бірдей оқытамыз деп ана тілінде сабақты жөнді үлгере алмай жүрген оқушылардың оқуға деген ынтасын жоғалтып алуымыз мүмкін. Жалпы қай тілді болмасын, әсіресе үш тілді бірдей толық игеріп кету оңай шаруа емес.
Өзге тілдерді меңгеру арқылы өз ана тіліңді мансұқ етуге тағы болмас. Өйткені қазақ тілі елімізде мемлекеттік тіл. ­Демек, ол ең бірінші орында тұрады. Мұны ескермейтін қаракөздеріміздің көп екені қынжылтады.
Соңғы кезде көпшілік ақпарат құрал­дарын, әсіресе көгілдір экранды да ағылшын тілі жаулап келе жатқан сияқты. «Менеджер», «менеджмент», «офис», «телешоу», «реалитишоу», «бенефис шоу», «бенефициар», «биллборд», «драйвер», «меценат», «папарацция», «пробация» және т.с.с. түбірі ағылшын сөздері күнделікті қолданысқа еніп келеді. «Шоу» – көрсету немесе көрсетілім, «менеджер» – жетекші немесе басқарушы, «офис» – кеңсе, «бенефициар» – қайырымдылық, «драйвер» – жүргізу, басқару және т.б. көпшілік сөздердің аудармасы немесе баламасы бар емес пе?
Алматы көшелерінің кез келген жерінен ағылшын немесе орыс тілінен сөзбе-сөз аударылған, мағынасы түсініксіз хабарламалар мен ақпараттарды жиі кездестіруге болады. Орталық көшелердің қиылысының бірінде ілінген тақтайшада мынандай сөздер жазылған екен: «Абайлаңыз! Соқыр жол жүрушілер кетіп бара жатыр». Бұл: «Внимание! Дорогу переходят слепые пешеходы» сөз тіркестерінің аудармасы. Осы сөзді «Байқаңыз! Жолдан зағип адамдар өтуі мүмкін» деп жазуға болар еді ғой. Тағы бір мысал, сауда орталықтарының алдында немесе маңдайшасында: «Біз ашылдық» деген жарнама жиі жазылады. Қазақ тілінде «біз» есімдігі тек адамға қатысты қолданылады. Сондықтан ашылған адам емес, сауда орны, кім емес, не екенін біліп жүру де артық болмас. Сонда қала әкімшілігінде ана тілімізді білетін, жарнамалардың мағынасын түсінетін маман болмағаны ма? Ежелден келе жатқан халқымыздың қаншама тәрбиелік мәні бар өсиетті сөздерін, мақал-мәтелдерін неге жазбасқа?!
Өткен жылы «Орбита» ықшам ауданын­дағы бір банктегі есепшотымнан ақша алайын десем, банк қызметкері менен қанша «шешесіз»? деп сұрайды. Оған ақша «шешетін киім» емес, оны есепшоттан алатынын түсіндірдім. Кейінірек «ақшаны шешу» бүкіл қаржы жүйесіне ресми ендірілген термин екеніне көзім жетті. Себебін ойлап, орыс тіліндегі «снять или снимать со счета» деген сөз тіркестері сөзбе-сөз аударылып отырғанын түсіндім. Тілі­міздегі бірізділік дұрыс жолға қойылса екен.
Жастар ана тілін жете түсіну үшін көркем шығармаларды көп оқу керек. Бұрын 1980-1990 жылдары аудан орталықтарының кітап дүкендерінің сөрелерінде қазақ авторларының шығармалары иін тіресіп тұратын болса, қазіргі кезде қаланың тек бірен-саран дүкендерінен ғана кездестіре аласыз. Қазіргі жастар тәрбиелік мәні бар көркем әдеби шығармаларды, газет-журналдарды көптеп оқыса деп тілейсің.
Елбасы өз Жолдауында: «Жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылатынына, жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техни­калық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет» деп көрсетіпті. Бұл өте дұрыс шешім деп санаймын. Егемендікке жетіп, ана тіліміз мемлекеттік тіл мәртебесін алған ширек ғасырдың ішінде ғылым саласында не өзгерді? Әрине, оның қолдану аясының біраз кеңейгенін жоққа шығаруға болмайды. Қорғалатын диссертациялардың түйіні ағылшын тілімен қатар, ана тілімізге аударылды, ауылшаруашылық, биология және т.б. ғылым салаларынан біраз жұмыстар мемлекет тілінде қорғалды. Ғылыми мақалалар орыс тілімен қатар, ана тілімізде жарық көріп жатады. Өкінішке орай, сапасы жоғары қағазға басылған халықаралық ғылыми конференциялар жинақтарында жарияланатын мақалалардың мәтінін былай қойғанда, тақырыбының өзі сауатсыз жазылатын жағдайлар жиі кездеседі, стилистикалық қателер өріп жүреді. Үш тіл тұғырлы тіл аясында ғылыми-шығармашылықпен жұмыс жасау адамнан біліктілікті, кәсібилікті талап ететінін естен шығармасақ екен. Әрбір тілді жетік меңгермей ол тілде мақала жазу қиынның қиыны. Демек, бұл мәселеге тиянақты түрде қарайтын кез келді. Үш тілдің біреуін жетік меңгермей, үшеуін де шала-шарпы меңгергеннен не ұтамыз?
Үш тұғырлы тіл бүгінгі замандағы бәсекеге қабілеттілік орайында қолға алынған жақсы жоба. Бірақ жоғарыда айтқанымдай, бұған кәсіби құзыреттілік деңгейінен қарап үйренуіміз керек. Өйткені тілді тиянақты меңгеру оңай шаруа емес.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

4 Пікір

  1. Самиғолла Ғалым

    Бұл кісінің айтқан уәждері «Ана тілім жасасын»- деген сияқты жалаң патриоттық ұранға емес, өмірлік маңызы бар нақтылы мысалдарға және солардан туындайтын терең пікірлерге негізделген. Біздер бұрынғы коммунистік ұрандармен тәрбиеленген адамдармыз: «Орыс тілі — коммунизм тілі, онсыз бізге жарқын болашақ жоқ!»- деген саяси ұранға сендік. Шынында да, орыс тілін білмеген қазақтар ауылдағы малшылар мен қаладағы қара жұмысшылар деңгейінен әрі аса алмады, онсыз өсу-өрлеу, тіпті жұмысқа тұрып «нан табудың» өзі қиынға соқты. Жасыратыны жоқ, бірнеше ғасыр бойы ұлттық санамыз тұншықтырылып, бодандықта болған кезімізде: «Өнер-білімнің бәрі орыста» деген біржақты империялық саясатты басшылыққа алып өмір сүрдік, мұның жақсылықтарын да көрдік, бірақ, бүгінгі күні соның ауыр зардабын да тартып отырмыз: қатты орыстандық, ұлтымызға жат мәдениет пен салт-сананы терең меңгеріп алдық, ең сорақысы — тіліміз бұзылып, құрдымға кетуге қалды. Данышпан Ахмет Байтұрсынов айтқан: «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген пікірдің дұрыс екендігіне көзіміз жетіп келеді. Үлкен өкінішке қарай, Тәуелсіздік жылдарында қазақ тілі Мемлекеттік тіл болып жарияланса да, оның дамуы, қолднылу аясының кеңуі қанағаттанғысыз дәрежеде қалып отыр.
    Мұны ежіктеп айтып отырған себебім — сол келеңсіз тарих қайталанғалы отыр: енді «ағылшын тілін білмесек, болашағымыз күңгірт тартып, көштен қаламыз» -деген пікір белең алуда, оны Үкіметіміз де қатты қолдауда. Әрине, ағылшын тілін, басқа да тілдерді білген жақсы, мұны түсінемін. Ағылшын тілі — бүгінгі заманның ғылымында, техникасы мен технологиясында жетекші маңызға ие екенін де біліп отырмыз. Осының негізінде қазір: «Өнер-білімнің бәрі ағылшын тілінде»-деп ұрандатудамыз.
    Қазақтың тілі бұрын орыс тілінің көлеңкесінде қалып, қағажу көріп келсе, енді орыс және ағылшын тілдерінен кейінгі орынға ығыстырыла ма деген күдік бар. Себебі, бұл тілді дамытуға арналған заң мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайы көңіл көншітпейді. Тереңірек үңілсек, мұның сыры Ата заңымыздың 7-ші бабына тіреліп тұр: онда Қазақстанның азаматтары мемлекеттік тілді білуге міндетті деген талап жоқ, ал орыс тілі қазақ тілімен тең қолданылады деген нақты талап бар. Менің ойымша, а т а л ғ а н б а п қ а ө з г е р і с е н г і з і л м е с е, қазақтың тілі тасада қала береді, оның қолданылу аясы кеңімейді.
    Мен тіл жанашыры Мүрат Қойшыбаевтың (әттең тегі орысша жазылып жүр екен…) нақты мысалдарға негіздеп айтқан ұсыныс-пікірлерін толықтай қолдаймын: үш тілді бірдей балабақшадан, мектептің бастауыш сыныптарынан үйрету, үстірт қарағанда, дұрыс болып көрінгенімен, нәтижесінде бірде-бір тілді дұрыс білмейтін дүбәрә, мәңгүрт ұрпақты өсіріп шығарамыз; бұл, ғылыми тұрғыдан зерделеніп нақтыланбаған үдеріс қазақ тілінің болашағына қауіп төндіреді длеп ойлаймын.

  2. Алма

    Бұл мәселеде пікірлер көп айтылып жүр. Біреулер қолдаса, екіншілері – қарсы. Менің ойымша, үштілділікті енгізу тым ерте. Қайта басымдықты қазақ тіліне берген дұрыс. Өйткені қазақ тілінің мәртебесі енді-енді қатая бастады ғой.

  3. Заңғар

    Ана тілін білмейтін қазақ балаларына ағылшын тілін үйрете бастасақ не болады?

  4. Ғазиз

    Ең алдымен мемлекеттік тілдің жағдайын жасау керек. Әрбір ұлт мемлекеттік тілді үйреніп барып, өзге тілдерді үйрене бастаса, жақсы болатын еді. Басқа мемлекеттерде солай жасайды ғой.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.