Ұлттық атауларда үлкен мән бар

Ел еңсесін көтеріп, рухын асқақтататын мәдени құндылықтардың бірі әрі бірегейі – ұлттық атаулар. Қазақ халқының ежелден қалыптасқан ұлттық ономастикалық жүйесі бар. Егер тереңірек ойлап қарасақ, ономастикалық атаулар – осы жердің егесі қазақ екенін білдірумен қатар, тіл тәуелсіздігін де жалпақ жұртқа паш ететін ұлттық дүние. Ұлттық дүние бір ұлтқа тиесілі болғанымен, ол жалпыадамзаттық құндылық. Мысалы, Отырар, Тараз, Түркістан, Арал, Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы, Астана атауларында қаншама тарих, терең сыр, мән-маңыз, мағына жатыр десеңізші. Ежелгі әрі жаңа Қазақстанды бүкіл әлем осы қазақи ұлттық атаулар арқылы танып келеді. Шынында, қазақтың терең мағыналы бір сөзі арқылы тіліңді, жеріңді, еліңді, мәдениетің мен тарихыңды дүниежүзі танып жатса, одан артық қандай идеология керек?! Алда қабылданатын 2011-2020 жылдарға арналған Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасында осы үрдіс жалғасын тауып жатса, құба-құп.Жалпы, туған өлкеміздегі жер-су, елді мекен атауларын қалпына келтіру – тарихи әділеттілікті орна­ту деген сөз. Міне, сондықтан да оң­түстікте ономастика мәсе­ле­сіне үлкен мән беріледі. Респуб­лика бо­йынша бүгінгі таңда бір мың­нан астам елді мекеннің атауы өзгертілсе, соның 404-і біз­дің облысқа тиесілі. Бұндай көр­сеткішке зиялы қауым мен түрлі қоғамдық бірлестіктердің және жер­гілікті ономастика комиссия­ла­­ры тарапынан ұзақ жылдар бойы тынымсыз жүргізілген жүйе­лі жұмыстың нәтижесінде қол жеткіздік.
Ономастика саласының барлық жетістіктері мен кемшіліктерін әйгілейтін құжат – ол Қазақ­станның және облыстардың әкім­шілік-аумақтық карталары. Бұрын Кеңестер Одағы тұсында Қа­зақстанның әкімшілік-аумақтық картасы Ресейдің картасына ұқ­сайтын. Енді Қазақстанның картасын қазақ тілінде жасайтын уақыт келді. Ол үшін байырғы жер-су атауларымызды қайтару – бүгінгі күннің басты міндеті.
Оңтүстік Қазақстан облысында 873 елді мекеннің 404-ін (7 аудан, 2 қала, 85 ауылдық және кенттік округ, 310 ауыл) өзгерткеннің өзінде әлі 33 ауылдың атауы тәуелсіздік заман талабына сай болмай отыр. Былтырғы жылы еліміздегі халық санағына байланысты 2008 жылдың 1 шілдесінен бастап елді мекен, көше атауларын қайта атау ҚР Үкіметінің қаулысымен уақытша тоқтатылды. Халық санағынан ке­йін ҚР Мемлекеттік хатшысының хатына сәйкес, нысандар атауын өзгертуге үстіміздегі жылдың 1 нау­рызына дейін мораторий жарияланды. Сол себепті облыстағы 33 ауылдың атауы өзгертілмей қалды.
Қазіргі кезде ұлттық ономастика жай тарихи-мәдени мұра ғана емес, сонымен қатар қоғамдық-саяси маңызды мәселе болып отыр. Ономастика жұмысының маңыздылығын ескеріп, ауыл, аудан (қала) әкімдерінен тәуелсіз елдің топонимикасы да тәуелсіз болуы үшін, әсіресе, Қазақстан шекарасы төңірегіндегі әрбір елді мекеннің атынан ұлттық болмыс пен ұлттық тарихтың иісі сезіліп тұратындай, ол атауды оқыған отандасымыздың бойын мақтаныш сезімі билейтін­дей атына заты сай, мән-мағына­лы қазақи атаулар ұсынуын талап еттік. Осы мақсатта Өзбекстанмен шекаралас жатқан аудан, кент, ауыл атауларын ауыстыруды бірінші кезекте қолға алдық. Соған байланысты, облономкомның мү­­­шелерінен құралған топ (құ­рамында ономаст-ғалым, заңгер, тарихшы, тілшілер бар) 2006 жылы Сарыағаш, Мақтарал, Қазығұрт, Шардара, Сайрам аудандары мен Түркістан, Арыс қалаларына қарасты ауылдарға барып, ономас­тика саласындағы заңнамаларды тұрғындарға түсіндірдік. Олардың бүгінгі таңдағы ономастикаға деген ынта-ықыласын демократиялық, құқықтық, өркениетті ұйғарымдар жасауға икемдеп, ономастика мәселелерінде шынайы әділет­тіліктің орнығуына және «атамның атын ауылға, көкемнің атын көшеге» деген тар пиғылдан арылып, келешекті ойлауға бағыттадық.
Облономком 2006 жыл­дан бастап, аудан, қа­лалардағы оно­мас­ти­ка­лық жұмыстың жағдайына тексеру жүр­гізіп, оның қорытындысы бойынша аудандық, қалалық ономком төрағаларының есептерін тыңдауды тәжі­рибеге енгізді. Обло­номкомның 2006 жылғы мә­жілісінде Мақтарал ауданы мен Түркістан қаласы әкімдері орын­басарларының, ал 2007 жылғы мәжілісінде Сарыағаш, Сайрам аудандық ономастика комис­сиялары төрағаларының есеп­тері тың­далып, олардың оно­мастика саласындағы атқарған жұ­мыстарына «қанағат­танар­лық­­сыз» деген баға беріліп, комиссия төрағаларына тәртіп­тік шара қолдану жөнінде аудан әкім­деріне ұсыныс берілген болатын. Дәл осындай жұмыс аудандар мен қалаларда жүргізілетін болса, онда ауыл әкімдері көшеге кім болса соның атын қоймас еді…
Үш жыл ішінде облономком тарапынан 6 аудан мен 3 қаланың ономастика саласындағы атқарған жұмыстарының жай-күйіне тек­серулер жүргізіліп, оларға прак­тикалық көмек көрсетілді. Комис­сияда 12 аудандық, қалалық оном­ком төрағаларының есептері тыңдалып, оларға тиісті шаралар қолдану­дың және талап етудің нәтижесінде 1 қала мен 2 ауданда ономастика­лық олқылықтар жойылды. Түркі­стан, Кентау, Шымкент қалалары мен Мақтарал, Сарыағаш, Түлкі­бас, Қазығұрт аудандарында 92 елді мекен мен 14 мектептің тарихи атаулары қайтарылып, екі мыңдай көше аттары өзгертіліп немесе жаңадан ат қойылды. Облыста 2008 жылы 48 ауылдың атаулары ауыстырылса, соның екеуі ғана адам аттары, ал 46-сы – тарихи атаулар. Келешекте елді мекендерге адам аттарын бермеу бағытында батыл қадам жасау міндеті туындап отыр. Яғни облономком тарапынан жүргізілген есеп тыңдау, түсіндіру, тексеру, үгіт-насихат, ұсыныс хаттар жазу, әдістемелік құралдар шығару және өткізілген түрлі іс-шаралардың барлығы да өз жемісін берді. Атқарылған жұмыстың нәтижесі ретінде «Оңтүстік Қазақстан об­лысының әкімшілік-аумақтық кар­тасы» мемлекеттік тілде жасалып, әкімдіктер мен басқармаларға та­ратылды. Осы карта сызбасын оқырмандарға да ұсынып отырмыз.
Ономастика жұмысының ма­ңыздылығын ескеріп, 2009 жылы облыс әкімдігінің қаулысымен облономком төрағалығына облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметов бекітілді. Соған байланысты, аудандар мен қалаларда да жергілікті комиссиялардың төрағалары болып аудан, қала әкімдері бекітілді. Облономком төрағасы Асқар Исабекұлы былтырғы жылы нысандарды атауға және қайта атауға мораторий жариялануына орай, облыс аудандары мен қалаларында елді мекен, мектеп, көше атауларына талдау, сараптау жұмыстарын жүргізуді облыстық Тілдерді дамыту басқармасына тапсырған. Облыс әкімі биыл осы тапсырманың орындалуы жөнінде басқарма бастығының есебін тыңдай келе, тиісті органдардың басшыларына 33 ауылдың байырғы атауын қайтаруды, тәуелсіздік талаптарына сай келмейтін 597 көшенің атын өзгертуді және жаңадан салынған 506 көшеге ат қоюды міндеттеді. Сонымен бірге А.Мырзахметов аудан, қала басшылары мен зиялы қауымға, ономастика саласына рухани сілкініс қажет екенін айтып, ұлттық мәдениетіміздің көрінісі болып отырған көне атауларды тілдік мұра, тарихи жәдігер ретінде сақтап қалу, қалпына келтіру мәселелері бүгінгі күннің басты назарында болатындығын жеткізді.
Өткен жылы облыстағы жер-су, елді мекен аттары­ның пайда бо­луына, шы­ғуына байланыс­ты аңыз-әңгімелер мен ол атау­лар­дың қалыптасу, өзгеру тарихынан қысқаша мәліметтер қам­тылған «Оңтүстік Қазақстан об­­лысындағы жер-су, елді мекен атау­ларының қысқаша тарихы» туралы кітап жарық көрді. Соны­мен қатар М.Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Қ.А.Ясауи атын­дағы халықаралық Қазақ-Түрік уни­верситеті студенттерінің қаты­суымен «Қазақстан-Шым­кент» те­ле­сту­диясында «Атаулар сыры» атты телеойын өткізіліп, ол жоба республикалық «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауында II орынды иеленді.
Биылғы 1 наурыздан 2009 жылы жарияланған мораторийдің аяқ­талуына байланысты облыс әкімі А.Мырзахметов облономкомның ке­зекті мәжілісін өткізіп, оның қо­ры­тындысы бойынша 6 ауылдың байырғы аттарын қайтаруды, жа­ңадан құрылған 2 елді мекенге ат қоюды тапсырды. Комиссия отырысында Шымкент, Кентау қалалық, Шардара, Бәйдібек аудандық оно­мастика комиссияларының атқар­ған жұмыстары туралы аудан, қала әкімдерінің есептері тың­далып, олардың ономастика саласында атқарған жұмыстары «қана­ғат­та­нарлықсыз» деп танылды. Облономком мәжілісінің хаттамалық ше­шімімен Шымкент қаласындағы отаршылдық-тоталитарлық дәуірлер­ден қалған 200-ден астам көше аттарын лайықты атаулармен өзгертуді, көшелер мен ғимараттардағы маң­дайша, жарнама жазулары мен көрнекі ақпарат мәтіндерін тілдік, көркемдік, архи­тек­туралық жағынан заңнама талаптарына сәйкес кел­тіру жөніндегі жұмыстарға тиісті органдардың барлығын жұмылдырып, нақтылы шараларды іске асыруды және елуден астам аялдаманың атауларын бүгінгі заман талаптарына сәйкестендіруді 1 шілдеге дейін реттеуді қала әкіміне тапсырды. Аудандар мен қалаларға қарасты елді мекендердегі атауы жоқ көшелерге өркениетке сай ат қою үшін арнайы Ереже әзірлеуді, Шымкенттегі кәсіпкерлік нысандардың атауларына мониторинг жүргізіп, олардың шет тілдеріндегі аттарын қазақша атаулармен ауыстыру үшін ұлттық атаулардың тізімін жасап, ұсынуды және ономастика саласындағы проблемаларды шешу мақсатында «Қа­зақстан Республикасының әкім­­­­шілік-аумақтық құрылысы ту­ра­лы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Заңына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу жөнінде ұсы­ныстар әзірлеуді облыстық Тілдерді дамыту басқармасына жүктеді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық ономастика комиссиясының 2010 жыл­ға арналған жұмыс жоспарында нақ­ты 14 іс-шараны жүзеге асыру көзде­ліп отыр. Бұдан былай комиссия мәжі­лісі ай сайын өтетін болып келі­сілді. Алайда ономастика жұмыста­рына байланысты заңнамалардағы ол­қылықтардан бірқатар мәселелерді нормативтік-құқықтық тұрғыдан шешу жағы күрделі күйінде қалып келеді. Сондықтан осындай күрмеуі қиын проблемаларды арнайы жаңа заң қабылдау арқылы іске асыруға болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, топонимика саласында жүр­гізіліп отырған тілдік саясат тәуел­сіздікті нығайту, мемлекеттік сәй­кестікті қалыптастырудағы басым­дық­тардың бірі болған­дықтан, оно­мас­тикадағы қорда­ланып қалған проб­лемаларды шешу үшін елімізге «Ономастика туралы» арнайы заң қажеттігі күн өткен сайын айқын сезілуде. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Құл-Мұхаммед биылғы жылғы наурызда ҚР Парламентінің Мәжілісі ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми-практикалық конференцияда атап өткен еді. Сонда Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу кезінде он бір бағытқа ерекше көңіл бөлу керектігі айтылды. Осы бағыттарда ономастикалық жұмыстарды жүргізу жүйесін дамыту айрықша көрсетілді.

Қабыл ДҮЙСЕНБИ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы, облыстық ономастика комиссиясының хатшысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.