Тарихи құжатқа қол қойылды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 10 наурызда «Конститу­цияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға жария түрде қол қою рәсімінде сөз сөйледі. 

Қадірлі қауым!
Құрметті қазақстандықтар!
Біз бүгін мемлекетіміз үшін мәні зор тари­хи шешімнің жүзеге асатын сәтіне куә бо­ламыз. Мен Конституцияға өзге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға жария түрде қол қойғалы тұрмын.
Бұл – қазіргі басқару жүйесін жаң­ғыртуға бастайтын маңызды қадам.
Заң билік тармақтары ара­сындағы қарым-қатынасты конституциялық деңгейде теңге­рімді етуге бағытталған. Оның жобасы бір ай бойы қызу қоғам­дық талқылаудан өткенін білесіздер. Соның нәтижесінде жұртшылық тарапынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті.
Арнайы құрылған жұмыс тобы бұл ұсы­ныстардың барлығын сараптап қарап, бір тұжырымға келді.
Біз көпшіліктің Ата Заңдағы 26-бапқа өзгеріс енгізу жөніндегі ұсы­нысқа қатысты пікіріне ерекше мән бердік. Ұсыныстардың бәрі мұқият қаралған соң мен түпкілікті жобаны Парламент қарауына енгіздім.
Парламенттің бірлескен отырысында екі рет қаралып, қабылданған бұл заң билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөледі. Сол арқылы заң шығарушы билік пен Үкіметтің мемлекеттік басқару жүйесіндегі жаңа рөлі айқындалады.
Біз өкілді органның құзырын кеңейтіп, Үкі­­меттің дербестігі мен жауап­­­кершілігін арттырдық.
Мен қоғамдық талқылауға белсене атса­лысқан ел азаматтарының бәріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ жұмыс тобына зор алғыс айтамын. Жұмыс тобына мемлекеттік қызметшілер, Парламент депутаттары, заңгерлер, универси­теттер басшылары қатысты. Парламент депу­тат­­тары көп ұсыныс енгізіп, нақты жұмыс істеді. Барлық шаралар үшін рақмет айтамын. Заңмен жұмыс жүргізіп, маңызды міндет атқарған Парламент депутаттарына да көп рақмет. Осылайша, Отанымыздың басты құжаты кемелдене түсті.
Конституциядан кейін қолда­ныс­тағы заңдарға өзгерістер енгі­зіледі. Осыған орай тиісті жұмыс­тар жүргі­зіледі.
Енгізілген заңды мен Конститу­цияның талабы бойынша Консти­туция­лық Кеңеске жіберіп, бұл заңның Конституцияға және ­Қа­зақ­­станның заңдарына сай екені жөнінде тағы да дәлелдеме алдым.
Енді заңға қол қойып, іске асыруға болады.

Құрметті қазақстандықтар!
Бүгінгі реформа – мемлекетіміз дамуының заңды нәтижесі. Біз – өз мемлекеттілігін құру үстіндегі жас елміз. Бізге өзгеріс үстіндегі дүние талаптарына экономикада да, сондай-ақ саясатта да жауап беруіміз қажет.
Президент өкілеттіктерінің бірқатары биліктің басқа тар­мақ­тарына беріледі. Үкімет қабылдайтын шешімдері үшін өзінің жауапкершілігін күшейтеді. Парламент Үкімет пен атқарушы органдардың қызмет­терін бақылау үшін жаңа өкілеттіктерге ие болады. Еліміздің конституция­лық құрылысы, егемендігі мен тәуел­сіз­дігі мызғымастығының кепілдігі нығая түсетін болады.
Саяси жүйе демократиялылық пен орнық­ты­лықтың үлкен деңгейіне қол жеткізеді. Сонымен, бір мезгілде, басқарудың прези­­денттік формасы Қазақ­стан Республикасының базалық іргетасы болып қалады. Заң жо­басын талқылау барысында жұртшылық президенттік биліктің әлсіреуіне қатысты өздерінің алаңдаушылықтарын білдірді. Баршаны еліміздің тұтастығы, мемлекетіміздің тұрақ­ты­лығы, халқымыздың бірлігі мен достығы толғандырады. Билік теңге­рім­ділірек, икем­дірек және тиімдірек бола тү­седі. Қабыл­данатын өзгерістер өзінің мәні жө­нінен жүйелі, олар кең қоғамдық резонанс туғызып, қол­дауға ие болды.
Жұмыс тобының мүшелеріне, Парламент депутаттары мен барша қазақстандықтарға консти­­туциялық реформаларды жүзеге асыру­дағы қолдауы мен баға жеткізгісіз үлестері үшін шын көңілден шыққан ризашы-лығым мен құр­метімді білдіремін. Мен, сондай-ақ Отан игілігі жолындағы еңбегімді халық қалаулы­ла­рының Конституцияға ерекше түзетумен атап өтуді ұсын­ғанын оң бағалаймын. Бұл халқы­мыздың мүддесі үшін реформаларды әрі қарай жүргізуге ынталандырып, сенімділік пен күш-қуат береді.
Жолдауда айтылғанындай, бүгінгі күнгі жедел технологиялық революция жаһандық экономикада жаңа шынайы өмір қалыптастырып отыр. Жаңартылған Конс­титуция – бұл уақыт сын-тегеурініне біздің жауабымыз.
Стратегиялық мақсат – әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына енуге қол жеткізу үшін Қазақстанның барлық азаматтарына өздерінің күш-жігерлерін біріктіру маңызды.
Бәріміз бірге ХХІ ғасырда елі­міздің табысты дамуын, халқымыз­дың өсіп-өркен­деуін қамтамасыз ете алатынымызға сенім­дімін. Рефор­ма­ның негізгі мақсаты да осы – бір­лігімізді, достығымызды, өзара түсініс­тігімізді, азамат­тардың этностық, тілдік және конфессиялық қағидаттар бойынша теңдігін сақтау. Осы топтасқандығымыздың арқасында біз талай мәрте жеңістерге жеттік. Осы постулаттарға сүйене отырып, біз жаңа жеңістерге жететін боламыз.
Барлық қазақстандықтарды біздің еге­мен­ді саяси тарихымызда жаңа кезең ашатын Негізгі Заңға өзгерістер қабылдануымен құт­тықтаймын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.