Жоба да, ауа да қажет

Республика бойынша инвестиция мол тартылған аймақтардың бірі Атырау облысында сүбелі индустриялық жобалардың жүзеге асатыны белгілі. Атап айтқанда, мұнай өңдеу зауытында хош иісті өнімдер жобасы, газ-химия кешені, мұнай төгінділерін жинайтын база сияқты өндіріс ошақтары ел экономикасына серпін беретін жобалар екені даусыз. Жоба – жоба ғой, сол маңдағы адамдар мен жан-жануарлардың өміріне қажетті ауаның, яғни қоршаған ор­таның жағдайы қалай болмақ? Оның үстіне Мексика шы­ға­нағындағы экологиялық апат атыраулықтарды алаң­да­тып болды. Міне, мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаевтың Атырауға келген сапарында осындай түйткілді сауалдар күтіп тұрған еді.
Облыс әкімі Бергей Рысқалиев министр мен Парламент, мәслихат депутаттары, мамандар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері бас қосқан алқалы жиында көптің көкейінде жүрген мәселені төтесінен қойды.
– Өңір халқы талай қиын­дықтарды бастан өткерді, олар қазір талқылап отырған проблемаларды өте жақсы бі­леді. Сондықтан проблема­ны оңды, яғни халықтың мүдде­сін ескере отырып шешкен абзал, – деді Б.Рысқалиев.
Облыс басшысы алдымен осы жобаға жергілікті тұр­ғындарды көбірек тарту, экологиялық ахуалды сауықтыруға назар аудару қажеттігіне тоқталды. Жергілікті билік өз мін­дет­темелерін толықтай орындайды. Яки жер телімі, электр энергиясы, газ, су жеткізіледі. Сондай-ақ жобалар аса тә­жірибелі елу шақты шетел мамандарымен шектеліп қалмай, жергілікті жас мамандарды көптеп тарту керек. Ең бас­тысы, барлық экологиялық талаптар орындалғаны жөн. Қазірдің өзінде осы бағытта бірқатар кемшіліктер орын алып отыр. Айталық, мұнай өңдеу зауытының төңірегін жасыл желекпен көмкеру әлі шешімін таппаған. Сонымен қатар Қарабатан зауыты мен қала аралығындағы жасыл желекті инвесторлар өз қамқорлықтарына алуы тиіс.
Ал Дамбы елді мекені тұсынан мұнай төгінділерін жинайтын база құрылысын салу мәселесі көтерілгелі ба­лықшылардың түн ұйқысы төрт бұзылды. Бұдан бірер жыл бұрын ауыл адамдарымен болған қоғамдық тыңдау кезінде де жергілікті экологтар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, байырғы тұрғындар бұл құрылысқа қарсы шығып, оның осы жердегі балықтарды үркітіп, мекенінен айыратынын айтқан-ды. Сөйтіп, базаны басқа жерден салуды ұсынды. Атыраулықтардың пікірімен Қоршаған ортаны қорғау, Ауыл шаруашылығы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері де келіскен. Содан бері не өзгерді? Ма­мандардың айтуын­ша, ол бұ­рынғы орнынан үш ша­қырымға жылжып, басқа жер­де орналаспақ. Бірақ бұл қа­дам да жергілікті халықты қа­нағаттандырмай отыр.
– Ел экономикасына оң әсер ететін ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуы керек. Оған біз де үлес қосамыз. Тек соның бәрі байырғы тұр­ғындардың игілігіне жарап, олардың денсаулығына нұқсан келтірмесе екен. Біздің табиғаттың тылсым күйіне қысым жасап, оны бұзуға еш құқымыз жоқ. Оны сол таза қалпында келер ұрпаққа қалдыруымыз қажет, – деген облыс әкімі Б.Рысқалиев­тің жанайқайын министрлік­тер түсінсе жөн болар еді.

Өтеген НӘУКИЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.