Ғибратты ғұмыр

Ежелден қанаттас орналасып, қатар қоныс тепкен қос аудан (бір кездері бұл өңірлер бір аудан болған) Махамбет, Исатай аудандарының өсіп, өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі Тұрғали Мусағалиев. Ол небәрі қырық алты жыл ғұмыр кешсе де, артында өшпес із, кейінгі ұрпақтарға үлгі боларлық  жақсы өнеге қалдырды. Бүгінгі әңгіме жоғарыда айтылған қос ауданда басшылық қызмет атқарып, ел ықыласына бөленген Тұрғали аға жөнінде болмақ. Егер ол тірі болып, арамызда жүрсе биылғы жылы сексен бес жасқа толып, ұл-қыздарының арасында мерейтойын тойлап отырар еді. Амал не оған тағдыр жазбапты.

Жайық жағасындағы Еркінқала ­ауылында дүниеге келген. Тұрғалидың жасы тоғызға толғанда екінші дүниежүзілік соғыс басталды да, отбасындағы жалғыз апасы Тұраш екеуі ана құшағында қала берді. Осылайша ел басына төнген қиыншылық Тұрғалиды ерте есейтіп, оның өмірге жастай араласуына мәжбүр етті. Сабақтан тыс мезгілде және жазғы демалыс кездерінде ол анасына қолғабыс етіп, көппен бірдей тіршілік, күнкөріс қамын жасады. Жастайынан өмірге, білімге құштарлығы оны мектеп бітіргеннен кейін сол кездегі облыс орталығындағы саусақпен санарлық білім ұяларының бірі – Гурьев (қазіргі Атырау) мұнай техникумына алып келді. Бұл соғыстан кейінгі тапшы кезең еді. Осындай қиындыққа қарамастан Тұрғали зейін қоя оқып, техникумды жақсы бітіріп шықты. Елдегі ашаршылық, одан кейінгі соғыс зардабын көрген Жұмағыз ана «Жалғызым оқуын бітіріп, мамандық алып келді. Құдайым тек оған жар болып, жалғыз ұлымның жұлдызын жарқырата гөр» деп аналық мейіріммен тілесе керек. Айтқандай, ана тілегі қабыл болып, Тұрғали тұлғалы азамат атанып, ел басқаруға дейін көтерілді.
Әскерден оралғаннан кейін Тұрғали 1959 жылы сол кездегі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қызметке шақырылып, әуелі аға есепші-нұсқаушы, артынан колхоздарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы міндетін атқарды. Білікті кадрлар резервіне алынып, облыстық атқару комитеті төрағасының көмекшісі қызметіне шақырылады. Осы қызметте жүріп ол жоғары білім алу қажеттігін естен шығармапты. Сол кезде Алматы қаласындағы білімнің қара шаңырағы – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оның экономика факультетін ойдағыдай бітірген.
Т.Мусағалиев жас маман ретінде шалғайдағы Қызылқоға ауданына қызметке жіберіліп, осы аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы және оны тапсыру жөніндегі инспекциясында, кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық атқару комитетінің аппаратында жұмыс істеді. Ол облыстағы қабілетті, іскер маман ретінде 1962 жылы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметіне жоғарылатылады.
1965 жылы небәрі 33 жастағы Тұрғали сол кездегі Махамбет ауданының ­«Забурын» кеңшарына басшылық жұмысқа тағайындалады. Жас директордың шебер ұйымдастырушылық қабілеті мен білікті басқару тәсілі осында жарқырай көрінді.
2007 жылы Тұрғали ағаның 75 жылдығына орай Алматы қаласында басылып шыққан кітапқа жазған естелігінде Атырау облысының Құрметті азаматы, облыс ауыл шаруашылығының ардагері, өңірге танымал тұлға болған М.Сағынбаев бұл кезді былайша еске алыпты:
– Менің Тұрекеңмен таныстығым 1965 жылдың жаз айында басталды, – дейді ол. – Мен бұл кезде Махамбет аудандық ауыл шаруашылығы өндіріс басқармасының бастығы болатынмын. Сол шақта кеңшар орталығы шалғайдағы Забурын селосынан (қазір Зинеден ауылы деп аталады) Жанбайға жаңа көшіріліп, әртүрлі құрылыс нысандары, мәдени-әлеуметтік ғимараттар енді ғана салынып жатқан кез еді. Себебі кеңшардың орталығын көшіріп, жаңа орынға қоныстандыру бір-екі жылда бітпейтін шаруа екені белгілі. Ал осындай қиындық, сындарлы шақ директор ретінде Т.Мусағалиевтің еншісіне тиген-ді. Оның үстіне кеңшардағы төрт түлік малдың шашыраңқы орналасуы, жазғы жайылымның 150-200 шақырым құм өңірінде болуы, мал азығын дайындайтын алқаптың тарлығы, малшыларға әлеуметтік-тұрмыстық жағдай туғызу ісі аз тауқымет жүктемейтіні өз-өзінен түсінікті. Тұрекең осының бәрін кеңшар мамандарымен бірлесе отырып, ұтымды ұйымдастыра білді. Кеңшар біртіндеп облыстағы озат шаруашылықтар қатарынан орын алды…
1970-75 жылдар аралығында ол облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Облыс басшылары 1975 жылдың бас кезінде білікті маман, іскер ұйымдастырушы ретінде Тұрғалиға тағы бір сенім артып, оны Махамбет аудандық кеңесі атқару комитетінің төрағасы қызметіне тағайындайды. Осының алдында ғана ауданға басшы болып облысқа танымал азамат Р.Т.Шырдабаев келген болатын. Тұрекеңмен қызметтес болған жылдарды бұл күндері мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген, елімізге танымал тұлға Р.Тәжіғараұлы былай деп еске алады:
– Алғашқы күннен бастап Тұрекеңмен сыйласып жұмыс жасадық, –дейді ол. – Ауыл шаруашылығы саласына озық технологияны енгізу, асыл тұқымды мал өсіру және бордақылау, сүт өнімдерін ұлғайту, жеміс-жидек, көкөніс өсіру, т.б. жұмыстарды батыл қолға алдық. Алыс мал жайылым учаскелеріне каналдар арқылы су жеткізу қамтамасыз етілді. Малшылардың жағдайын зерттеп, қажетті тағам, киім, тұрмысқа қажетті құралдарды жеткізу жолға қойылды. Осы бағытта жоспарға сай алыс учаскелерге мәдени үгіт бригадалары мен автопоездар шығарып тұру дәстүрге енді. Осындай бірлесіп атқарған жұмысымыз кешікпей оң нәтижесін бере бастады. 1975-76 жылдардың қорытындысы бойынша Махамбет ауданы барлық экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер ­бойынша Бүкілодақтық жарыстың қорытындысымен жүлдегер атанып, көптеген мамандар, аудан басшылары мемлекеттік наградалармен ­марапатталды…
Тұрғали аға Махамбет аудандық кеңесі атқару комитетіне басшылық еткен кезде аудандық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Р.Т.Шырдабаевпен тығыз ынтымақ-бірлікте қызмет істеп, ­аудан орталығы – Махамбет селосын желден, топырақ боранынан қорғау мақсатында селоны айнала ағаштар егіп «жасыл белдеу» салуды қолға алды. Мұны жергілікті тұрғындар да түсіністікпен қабылдап, сол жылғы көктемнің өзінде 20 гектардай жер қоршалып, ағаштар егілді. Қазір қолдан еккен сол талдар кей жерде орман болып, ауылды жасыл белдеу көмкеріп тұр. Сол сияқты аудан орталығында Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай майданнан оралмағандар құрметіне ескерткіш ашылып, типтік жобадағы мектеп, тұрғын үйлер, мәдениет үйі, басқа да әлеуметтік сала нысандары құрылысы басталды.
1977 жылы 16 ақпанда Қазақ ССР Жоғары Советі Президиумының Жарлығы шықты да, оған сай соңғы рет 1957 таратылған Новобогат ауданы Махамбет ауданы құрамынан бөлініп, қайта қалпына келтірілетін болды.
Облыс басшылығы жаңадан құрылатын ауданға басшыларды іріктеу кезінде таңдау тағы да Тұрғали Мусағалиевке түсіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Жасыратыны жоқ, аудан орталығына белгіленген Аққыстау елді мекені бұрын шағын ғана теміржол станциясы болатын. Сол себепті мұнда бірінші кезекте аудандық мекемелерге кеңселер, мәдени-әлеуметтік нысандар салу қолға алынды. Ең басты мәселе – тұрғын үйдің жоқтығы еді. Аудан мекемелерінде жұмыс жасайтын қызметкерлер басқа селодан немесе өзге аудандардан қатынап қызмет істеуге мәжбүр болды. Осындай күрделі кезеңде Тұрғали аудан басшысы ретінде басқа да лауазымды тұлғалармен тығыз бірлікте жұмыс жасай білді. Ауданның барлық кеңшарының әрқайсысы Аққыстау селосынан қысқа мерзімде 3-4 үйден салып беруді міндетіне алды. Сонымен қатар облыс басшылығының ұйғаруымен ірі облыстық мекемелерге шефтік көмек ретінде жаңа аудан орталығынан 2-3 үй тұрғызу міндеттелді де, қызу жұмыс ­басталды. Аққыстауда бала оқытуға мектеп тарлығы сезіліп, бір мезгілде типтік жобамен орта мектеп құрылысы қолға алынды. Қысқасы, аудан басшылығы араласарлық басқа да көкейкесті мәселелер жеткілікті болатын.
Т.Мусағалиевтің ел алдында сіңірген еңбегі лайықты бағаланып, ол «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталады. Аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайланды.
Тұрекеңнің 22 жыл отасқан жан жары, ұлағатты ұстаз Нәзен апай ақырғы деміне дейін аяулы азаматына адалдық танытып, ұл-қыздарын аяғынан тұрғызды, олардың жоғары білім алуына, отбасылы болуына қолдан келгенін жасады. Ол кісі де бұдан екі жыл бұрын өмірден өтті. Тұрекеңнің үлкен ұлы Жеткіншек қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, экономист бойынша абыройлы еңбек етуде. Бұл күндері Жеткіншек те немере сүйіп отырған қадірменді ата, бір үлкен шаңырақтың басшысы. Ал одан кейінгі ұлы Нұрлан инженер-экономист, отбасын құрған, облыс орталығындағы бір үлкен компанияның білікті маманы.
Тұрекенің қыздары Жамал, Гүлнара мен Эльмира да әке жолымен экономист, қаржыгер мамандығын таңдаған, үшеуі де жоғары білімді.
– Біз, ұрпақтары, әкемізді елі үшін, қоғамның дамуы үшін әркез адал еңбек еткен тұлға деп санаймыз, – дейді Тұрғали ағамыздың үлкен қызы Жамал бізбен әңгімесінде. – Ол облыстық мекемелерде, Махамбет, Исатай аудандарында басшылық қызмет атқарған кезінде өзінің бар күш-жігері мен білім-қабілетін аямай жұмсап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әкеміз достарын ерекше қадірлей білді, әсіресе Қ.Ғилымов С.Дауылбаев, К.Мулюков, Қ.Сапарғалиев, Х.Хайыров, Н.Идранов, М.Оразғалиев, т.б құрдастарымен кездескен кезде ерекше қуанатын еді.
Әкеміз отбасында бала тәрбиесіне де зор көңіл бөлді, бірақ ешқайсысымызды орынсыз еркелеткен жоқ. Ең үлкеніміз Жеткіншек әжеміздің бауырында болды да оның еркін өскендігіне аса көңіл аудармады. Ал қыздардың кішісі Эльмираны өте жақсы көрді. Жұмыстан үйге келгенде оған ерекше мейірімін төгіп, «өз қызым, қызыл гүлім» деп отыратын. Бірақ бала тәрбиесіне келгенде ешқайсымызға да дауыс көтеріп ұрыспайтын. Қазір сол кездерді ойлағанда, әкеміздің жанға жайлы шуақты мінезі еске түскенде ауыр күрсінеміз.
2007 жылы өзі қызмет істеген Исатай ауданының жұртшылығы Т.Мусағалиевті еске алып, ол тұрған үйге ескерткіш тақта қондырған, сол көшеге оның есімін беріпті. Бұл елге еңбегі сіңген азаматтың қарапайым рухына адалдық, оның атын есте қалдыруға бағытталған игі шара екені сөзсіз.

Сейілхан ҚАЙЫРЖАНОВ,
журналист
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.