«Құт мұнайдың қара нары»

Дәл осындай атпен Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының қолдау көрсетуімен жарық көрген толайым кітап қоғам қайраткері, елімізде мұнай саласының қалыптасуына сүбелі үлес қосқан Нұрлыхан Бекбосыновтың өнегелі өміріне арналып отыр.

Кітаптың аннотациясында «Нұрлыхан Бекбосынов есімін таныстырып жату артық шаруа. ҰОС-ның құрбаны, екінші дүниежүзілік соғыс шейіті Бекбосынның ұлы Нұрлыханға қиын жылдарда қиыр шетке қой бағуға жіберілген ана мейірімі, алақан жылуы да бұйырмады. Ел асып, жер асып жетім балалар үйіне тап болды. Сонда оқыды, ер жетті. 16 жылдан соң анасын Үстірттің аңылжыған даласынан тауып алды. Орта мектеп, техникум, институт, тағы институт, СОКП ОК жанындағы академия – Нұрекеңнің білім жолы осылай өріледі. Соған сай еңбек жолын қатардағы жұмысшыдан бастап шебер, басқарма бастығының орынбасары, бірінші хатшы, бірлестік бастығы, министрдің бірінші орынбасары болып түзіле береді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды. Елінің ең бір өміршең бастамаларының басында жүрді. «Жолың болсын, Нұрлыхан!» — оның халқынан алған ақ тілеуі осы еді. Бұл кітап сол халықтың игі тілегінің қайталануы деп қабыл алыңыз, оқырман қауым» делінген. Тұғырлы тұлға жөнінде замандастары мен әріптестері А.Құлыбаев, М.Досмұхамбетов, С.Жылқайдаров және Маңғыстау облысының бұрынғы әкімі А.Айдарбаев және т.б. өз естеліктерімен бөліскен.
Қазақ мұнайын ел игілігіне жарату жолында қажырлылық танытқан азаматтың жақсы істерін жерлестері мен мұнайшылар қауымы да ерекше ілтипатпен атап өткен. Әсіресе мұнай-газ саласында еңбек еткен маңғыстаулық мұнайшылар ел ардақтысының бастамашылдығына, батылдығы мен табандылығына айрықша тоқталады.
Кітапқа, сондай-ақ Н.Бекбосыновтың мерзімді баспасөзде жарияланған сұхбаттары, әйгілі мұнайшы, қоғам қайраткері Нәсіпқали Марабаевтың туғанына 75 жыл толуына орай жазған «Дос ұмытылмайды, сағындырады» атты мақаласы енген. Ал «Естеліктер» атты бөлімде Нұрлыхан Өтеуұлының 57 жыл бірге өмір кешкен жұбайы Ақырыстың және ұл-қыздары мен немерелерінің жүрекжарды сөздері берілген.
Кітап авторлары – Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы, ҚР Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Әбілқайыр Спан және ардагер геолог-мұнайшы, Н.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Сайлау Жылқайдаров. Туынды фотошежірелік деректермен өрнектелген.

Б.РЫСБЕРГЕН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.