Батыр бейітін анықтасақ…

Кіші жүз шежіресін жазған Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлының еңбегінде Әлімнің ұрпақтары жөнінде жақсы айтылады. Әлімнің алты баласы болған. Олар бәйбішесінен Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Айнық (Қарасақал), тоқалынан Ұланақ (Қаракесек), Тегенболат (Қарасақал),  жеңгелей алған әйелі Кетебикеден Тойқожа (Әлім Кетесі немесе Ақ Кете). Біздің әңгімемізге арқау болып отырғаны Айнық батыр, нақтырақ айтқанда, батырдың бейіті жөнінде. 

Айнық 1770 жылдары қалмақтармен шайқаста ерекше көзге түседі. Осы арпалыс кезінде оның інісі Тегенболат та ерлігімен ерекшеленеді. Осыған орай 89 жасында дүниеден өткен, кезінде Қазақ Совет Энциклопедиясына көптеген мәліметтер берген шежіреші Қызылбай Қарабалаев (1896-1985ж.) ақсақалдың айтқан бір әңгімесін еске түсіре кетейік: «Ертеде қазақ пен қалмақ соғысып, барымталасып жүрген кезі екен. Бір күндері қазақтың ханы қалмақтың жиі, тұтқиыл шабуылынан мезі болып, қалмақта кеткен мал-жанын қайтару үшін қол ­жинап жорыққа аттаныпты. Міне, осы шайқаста Айнық пен Тегенболат бастаған көп қосын, қамал қақпасын балталап бұзып, қалың атты әскерді ішке кіргізіп, жауды жеңіп, мал-мүлкін олжалап еліне қайтыпты. Ел шетіне келген соң, олжа бөлісіпті. Олжа бөлушілер бірінші бөлісті ханға, екінші бөлісті билер мен әскер басыларға, үшінші бөлісті ханның ұсынысымен «қара сақалды екі батырдың арқасында жауды жеңіп, олжа салып отырсыңдар, сондықтан да үшінші бөліс олжаның билігін сол екі қара сақалды батырларға беріңдер» депті. Хан нөкерлері екі батырды тауып, хан алдына апарып, олжадан үлесін беріпті. Айнық пен Тегенболаттың – екі батырдың «Қарасақал» атануының мәнісі осылай болған екен деген аңыз бар».
«Батыр Қарасақал» аталған Әлімнің үшінші баласы Айнықтан Сарыбас жеке туған. Айнық өлген соң әйелі Ырыстыны әмеңгерлік жолымен Әлімнің бесінші баласы Тегенболатқа некелеген. Тегенболаттың жеңгелей алған осы әйелінен Шіңгір, Пұсырман туып, бір анадан туған үш баладан тараған ұрпақ «Үш қарасақал» аталып жүр.
Шежіреші Қызылбай ақсақалдың: «Жас кезімізде шежіре айтқан үлкендерден есіткеніміз: Айнық батыр Жем өзенінің бойында «Оймауыт» деген жерде қалмақтың тосын шабуылынан қапылыста оқ тиіп өлген» деген сөзі естен кетпейді. Жергілікті халық «Қарасақал әулие» қорымы деп ұмытпай атап жүрген жерде көне бейіт орны төбешік (құлаған мазар болуы керек) болып жатыр. «Қарасақал әулие» бейіті деп жергілікті халық зиярат жасап тұрады екен. Шежіре жазушылар әр аталықты 30-35 жылдан есептеген. Әлімнің белгілі тарихи тұлғаларының туған жылдарымен салыстыра отырып есептегенде, Айнық шамамен 1420-1450 жылдары, ал Тегенболат 1425-1500 жылдар шамасында өмір сүрген (20-30жыл айырма болуы мүмкін) деуге болады. Үлкендер Айнық шамамен 28 жас жасап, елін, жерін моңғол және құба қалмақтарынан қорғауда батырлығымен, киелілігімен «Қарасақал батыр», «Қарасақал әулие» атанған. Айнық батырдың жерленген бейіті, кейін қорымға айналған» деп шежіре бойынша ұрпақтан-ұрпаққа айтып келеді. Ақтөбе облысы Байғанин ауданының оңтүстік бетінде, бұрынғы «Диар» совхозы, қазіргі «Бесбай» шаруа қожалығынан 5-6 шақырым жердегі Жем өзенінің бойында «Қарасақал ­Тегенболат» аталған бейіттің бар екені айтылып жүр. Айнықтың інісі Тегенболат осы жерде жерленгені анық. Ағайын адамдардың жай тапқан жерлерінің ара қашықтықтары атпен жүрсе жобамен 100-120 шақырым шамасында.
Біз Қызылорда облысы Қазалы ауданының бір топ Айнық пен Тегенболаттың ұрпақтары 2014 жылдың қыркүйек айының 26-28 күндері Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс елді мекенінен 60 шақырым жердегі, Жем өзенінің оңтүстік бойындағы, қорымның батысында орналасқан төрт темір қада, сыммен қоршалған, бұдан 560 жыл шамасында салынып, бұл күнде құлап төмпешік болған «Қарасақал әулие» бейітіне зияраттауға бардық. Жол бастау­шыларымыз аудан орталығы Қарауылкелді елді мекенінің тұрғындары Өтесбай Қалиев, Алтай Елубаев және 82 жастағы осы өңірдің тарихын зерттеумен ұзақ жылдар бойы айналысқан, көптеген атақ пен марапаттардың егесі, ардагер ұстаз, бірнеше кітаптардың авторы, Қаражар ауылының тұрғыны Бисен Жақанов ақсақал.
Тарихта ХI-ХV ғасырда Әлім тайпалары, оның ішінде Қарасақал, Төртқара рулары Борсық, Жем, Сағыз, Ырғыз, Тобыл, Жайыққа дейін жайлағаны айтылады. Сыр бойы халқының тарихын зерттеумен айналысып жүрген Қуандық Әбдіразақовтың «Қазалы» газетінің №39 (726) санында (27.05.2015) жарияланған «Жайықтан ауған көш» мақаласында Әлім тайпасының орта ғасырда Ақтөбе, Батыс Қазақстан өңірінде ғұмыр кешіп, Төртқара, Қарасақал, Қаракесек руларының Жем, Сағыз бойында қалғаны атап көрсетілген.
«Рай Ақтемісов деген кісінің әкесі Тілегенұлы Ақтеміс ақсақал 1940 жылдары «Бұл қорым Әлімнің қорымы» деп айтқан екен және қорымның батыс бетінде мал баққан Төлекен Айтжан деген кісі «Қарасақал әулие бейіті Төлекен Айтжан, №3 Қалдайбек фермасы, 1967 ж.» деп сым темірмен күйдіріп жазып, басына төрт метрлік емен тақтайды тікесінен көміп, бейітті мал баспайтындай төрт темір қазық қағып, сыммен қоршап, қараудар болып жүріпті. Ол кісі 1980 жылдар шамасында 80 жастың үстінде дүниеден өткен» деді Бисен аға. Өте ертеде құлаған бейіт төмпешігінің жанына жақын жылдары Бақтыбай Төлесұлына (1698-1758ж.) ұрпақтары кесене салып, құлпытас орнатылғанын көрдік. Біздің түсінбегеніміз осы кесене алдындағы құлпытас жанына қосымша Битілеу балалары атынан және Орынбай немересі Марат атынан таяу жылдары қойылған екі кішкене құлпытастарға «Бақтыбайдың халық қойған аты Қарасақал екен» деп жазыпты. Бақтыбай батырдың туғанына 300 жылдық ­тойына қатысқан делегация мүшелерінің ­жазуына қарағанда, Ақтөбе жерінде өткен ғылыми конференцияда Бақтыбайдың «Қарасақал әулие» қорымына жерленгені сөз болғанымен, оның лақап аты «Қарасақал екендігі» айтылмайды. Қорым басындағы құлпытастар бұдан шамамен 100-250 жылдар бұрын қойылған болуы керек. Ерекшелігі әйелдерге қойылған құлпытастардың ұшында сәукеле, ал ер адамдардікіне дулыға, қылыш, найза, қалқан бейнеленген. Тастарды «Жел» таудан 100 жылдың арғы жағында 40 нармен тасып әкеліп, Келіс деген шебер жасаған» дейді Бисен аға. Бұл жерде құлаған мазар орнындағы үйілген көне топырақтан басқа ештеңе жоқ. Соған қарағанда бұдан шамамен 565 жыл бұрын жау қолынан қаза болған Айныққа дұрыс белгі қойылмағандығы, қойылса да көнерген болуы, әлде үйінді астында қалуы мүмкін. Ал одан беріректе 250 жыл бұрын қайтыс болған Бақтыбай батырға ел қатарлы құлпытас қойылмауы, мазар салынбауы қалай?! «Қарасақал әулие қорымы» деп 1758 жылдан бұрын да аталып келе жатыр емес пе? Неге «Бақтыбай батыр қорымы» деп аталмаған?
Осы жөнінде бізге жол басшы болып барған, жергілікті Қаражар ауылының тұрғыны тарихшы ұстаз Бисен Жақанов ақсақалдан сұрағанымызда: «Біздің естуімізде бұл өңір ертеде Әлім тайпасы қоныстанған жер екені даусыз. Сіздердің шежірелеріңізге қарағанда бұл Әлімнің Қарасақал руының батыры және әулиесі Айнық деп есептеймін. Себебі осы уақытқа дейін Бақтыбай батырды лақап атымен «Қарасақал» деп атағанын еш уақытта естіген емеспіз деп елдегі үлкен кісілер де күмәнмен қарайды. Кезінде Байғанин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, бұрын партком хатшысы, совхоз директоры қызметтерін атқарған Ибрагим Ермекбаев деген азамат аудандық «Жем-Сағыз» газетінде (12.10.2003 жылғы): «Осы кезге дейін қай жерде, қандай жағдайда қайтыс болғаны белгісіз болған Бақтыбайды енді аяқ астынан осы кісі деп жармаса кетулері қалай болды. Ал егер анық болса, айғақты деректер келтіре отырып, жергілікті тұрғындармен неге бір рет кездеспеген» деп қарсылық пікірлерін білдірген болатын. Бұл бейіттің Бақтыбай батырдікі еместігі туралы менің де жазған мақалаларым 2003 жылғы облыстық «Атамекен» газетінде басылып, «Өмір өткелдері» атты кітабыма да енген болатын» деді.
2016 жылдың 28-31 шілде күндері Ақтөбе қаласында болғанымда Ақтөбе облысына танымал, кезінде көптеген лауазымды қызметтер атқарған, бұл күнде зейнеткер, «Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбеков ағамен сұхбаттасқанымда: «Кезінде мен де облыстық газетте «Қарасақал Бақтыбай ма?, Бақтыбай Қарасақал ма?» атты мақала жазып, «Қарасақал әулиені» Бақтыбай батырға телудің дұрыс емес екенін білдіріп, пікірімді жазған едім» деген еді.
Бұл жердегі Айнық батыр ма, әлде Бақтыбай батыр ма? Алғаш кімнің жерленгенін анықтауда Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы, ­зиялы қауым, өлкетанушы-ғалымдар зерттеп, талқылап бір шешімге келер, әділетін айтар деген ойдамыз. Әлімұлы Айнық батырдың жерленгені нақтыланған жағдайда, Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының және мәдени-тарихи ескерткіштерді қорғау бөлімінің келісімдерін ала отырып, ұрпақтары бейіт басына құлпытас белгісін қойып, кесене салу ниетінде жүр.

Төлепберген ТІЛЕУҚАБЫЛҰЛЫ

Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Бекен

    Айнық 1770 жылдары қалмақтармен соғыста ерекше көзге түскенін айтасыз да, туған -өлгег жылдарын 1420-1450 дейсіз, неге деректерді шатастырып, елдің басын қатырып жүрсіз?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.