Сыйластықпен өткен өмір

Ұлы Отан соғысының аяқталған шағы. Халық шаруашылығы салаларының, елдің тұрмысы мен әлеуметтік жағдайларының құлдыраған кезі. Соған қарамастан жастардың білімге деген құштарлығы өте зор болды. Қызылорда облысының қатар қоныстанған Қазалы және Арал аудандарының бір топ жастары облыс орталығындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтқа түсуге құжаттарын тапсырған еді. Ол кездің жастарының киген киімі де жұтаң, жыртық-жамау кең балақ шалбар, костюмдерінің етек-жеңдері қырылған киім болатын. Ал қыздарының үстіндегі көйлектері тапшылықтың әсерінен кез келген ­матадан тігілетін еді.

Сондай уақыттарда оқуға тілек білдірген жастардың бір тобы институтқа қабылданып, алғашқы семестр сабақтарының басталғанына екі айдай уақыт өткенде, оншақты бала өзара достық қарым-қатынас жасау арқылы келісімге келеді. Бұлар: Дәуірхан Айдаров, Шәкірат Дәрмағанбетов, Елеу Көшербаев, Жиренше Боданов, Бейбітәлі Құлсейітов, Нұрділдә Уәлиев және Құрымбай, Сағат сияқты жігіттер болатын. Осы курстас азаматтар бір-бірін әр жерден жолықтырса да жақсы қарым-қатынас жасай келе орталарынан бір азаматты жетекші етіп сайлап алады. Ол басқаларынан бір жас үлкендеу Бейбітәлі Құлсейтов болатын. Бұлардың мұндағы мақсаты уақыттың қиын кезеңіне байланысты үйлерінен келген азық-түлікті және азғантай шәкіртақыларын бір орталықтан жұмсап, үнемдеп, келесі шәкіртақыға дейін тарықпай жету еді. Сонымен, бұларға басшы болып жетекшілік жасаған Бейбітәлі жастайынан қолындағы тапсырған азық-түлікті және қаражатты шығын шығармай, әр студенттің киноға, театрға бару жағын есептеп, күнбе-күн тиынына дейін жұмсап айдан-айға тарықтырмай жеткізетін. Өзі де бұл жағынан келгенде артық тиын жұмсауға жоқ азамат болатын. Сөйтіп, төрт жыл қатарынан студенттік шақтарын ойдағыдай өткізген ­жастар, қолдарына дипломдарын алған кезде Бейбітәліге бәрі риза екендігін шын көңілден білдіріп, достық қарым-қатынастарын бұдан кейін де жалғастыра беретінін сендірген жастар болды.
Ол кезде институт бітіргендер жоғары білімді ұстаздардың жетіспейтіндігіне байланысты жан-жаққа, институтқа түскен тапсырысқа сәйкес жолдамамен жіберілетін. Сол жолдамалардың бірі қазалылық Бейбітәліге және аралдық Шәкірат пен Құрымбайға Гурьев облысына баруға тура келді. Үшеуі облыс орталығына барған кезде Шәкірат пен Құрымбай орталыққа, ал Бейбітәлі облыс орталығынан ең қашық орналасқан Қызылқоға ауданына жіберіледі.
Аудан орталығындағы Қаракөл орта мектебіне Бейбітәлі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмысқа кіріседі. Ол кезде мектепке жоғары білімді ұстаздардың өте аз келген уақыты. Институтты жақсы бітіріп келген Бекең өз мамандығын жете меңгеру мақсатын алға қояды. Көбіне ол кітапханаларға жиі барып ұлы Абайдың, атақты ұстаз Ыбырай Алтынсариннің еңбектерін қайта-қайта оқып, оны шәкірттерге жан-жақты түсіндіруге тырысады. Сөйтіп, аз уақыттың ішінде Қаракөл орта мектебінің директорлығына дейін көтеріледі. Мектеп ұжымы да Бекеңді білімділігімен қатар адамгершілігі, тәрбиелілігі жағынан жақсы көре отырып, оған әрдайым қолдау көрсетеді. Ол уақытта Бекең бойдақ, үйленбеген жас жігітке қыздар жағы да көз салып, ол кісінің тәрбиелілігіне ықылас білдіреді. Бірақ Бекең көп қыздың ортасында жүрсе де отбасы құру жағын ойға ала бермей, ең алдымен шәкірттер тәрбиесіне, солардың білімді болу жағына көбірек назар салатын еді. Сөйтіп жүргенінде, жаңа оқу жылында Орал педагогикалық институтын бітірген бір қыз келіп ұжымға қосылады. Бұл қыз да мектеп директоры Бейбітәлінің мамандығымен бірдей, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы Сая Жексенғалиқызы болатын. Сол қызды Бекен көргенде мәдениетіне, кішіпейілділігіне, әдептілігіне ден қойып, оның шәкірттерге сабақ берудегі әдістеріне ерекше көңіл аударады. Бірте-бірте қызға көңілі түсе бастаған Бейбітәлі киноға, ойын-сауыққа шақырып, тұрмыс құрудың мәселесін ашық білдіріп, сөз салады. Жарты жылдай бірге қызметтес болған Сая өз келісімін беріп, тұрмысқа шығады. Бұл – 1951 жыл еді. Үйленгеннен кейін бір айдан соң Бейбітәлі Қазалы ауданындағы қарт әкесі Құлсейітке келіп, ағайын-көршілермен бірге қиын кезеңнің ретіне қарай бір қойын сойып той жасап, әке табалдырығынан аттатады. Сөйтіп, шамалы күн болады да анасынан ерте айырылған Бейбітәлі әкесінің батасын алып, Қызылқоғаға қайта қызметіне оралады.
Бекен Сая екеуі бір қызды болып, Қаракөл орта мектебінде төрт жыл басшы қызметте жүріп, одан аудандық партия комитетіне насихат және үгіт бөліміне меңгеруші және аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарып, қарт әкесінің науқастығына ­байланысты Қазалы ауданына 1957 жылы оралады.
Ұстаздық жұмыста бірқатар тәжірибе жинақтаған Бейбітәлі көп ұзамай аудандық оқу бөліміне инспекторлыққа қабылданып, одан соң №17 Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасарлығына көтеріледі. Бекең қай кезде де жаңашылдыққа, ұстаздар жайлы педагогикалық білім мәселелерінде айтылып жүрген соны пікірлерді ұстаздар қауымына жеткізе отырып, оны шәкірттердің білім алу мәселесімен ұштастыра жүргізіп отыруға ерекше көңіл бөлген адам. Қай кезде көрсең де Бекеңнің қолына ұстаған сумкасынан газеттердің қиындысы, ұлы ұстаздардың келелі сөздері жазылған кітапшалар толы болатын. Содан алынған ой-пікірлерді, ғылыми педагогикалық білімдегі тәжірибелерді жоғары сынып оқушыларына жеткізуге асығатын. Кейін, мұғалімдер бұл кісіні ұстаздардың ұстазы болған Ушинскийдің атымен әзілдеп, біздің Ушинскийіміз деп атайтын еді. Шынында, Бекең өте ізденімпаз, өзінің әрбір сабағын терең біліммен ұштастыра жүргізетін.
Жоғарыда айтылған, институтты бірге бітірген азаматтар бірі аудандық партия комитетіне жетекшілік жасаса, екіншісі облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы жұмыстарына көтерілсе, енді бірі облыстық партия комитетінің меңгерушісі болып қызмет атқарса, тағы бірі Қазақ еліне белгілі қаламгер-журналист болса, Бейбітәлі сол кісілермен бірге институт бітіргеніне қуанатын. Және сол азаматтарды курстас кезінде азық-түлікпен тарықтырмай, қарнын аштырмай, азғантай жетер-жетпес болған шәкіртақыларын жиыстырып, үнемдеп жұмсай біліп үлкен азамат және ел басшылығына көтерілген курс­тас ­достарымен мақтанатын. Кейін басы қосылғанда институт қабырғасындағы өмірлерін айтып күлетін-ді. Бұл азаматтардың көбі өмірден өтіп кетті. Қазір көзі тірілері бірлі-жарым ғана.
Бейбітәлі өмір тіршілігінде өзінің жастай таңдаған мамандығын жете меңгерді. Білім саласында қандай қызмет берілсе де оны ақтай білді. Он жылдан астам Қазалыдағы Жамбыл Жабаев атындағы орта мектепке директор қызметін атқарды. Қаншама ұстаздардың ұстазы болып, жас ұстаздардың аудандық оқу бөліміне қызметке баруына және мектеп директоры қызметін атқаруына үлес қосты.
Бейбітәлінің өмірлік серігі болған Сая апай бір сөзінде былай дегені бар: «Менің әкем Жексенғали Орал облысындағы Жымпиты ауданында орта мектептің директоры кезінде майданға алынып, одан 1944 жылы ауыр жарақатымен офицер болып оралғанда, бұрынғы мектеп директорлығына қайта орналасқанымен көп қызмет атқара алмады. Сөйтіп, ол Қызылқоға ауданына, нағашысы Қожакелдінің үйінің қасына келіп бес баласымен қоныстанады. Бірде қатты ауырғанда бізді нағашымыз Қожакелдіге аманаттап, қамқор болуды өтінеді. Сөйтіп, дүниеден әкеміз өтіп кетті. Біз нағашы ағамыз Қожакелдінің қамқорлығы арқасында өсіп жетілдік. Әкем біздің тұрмыс құрғанымызды көре алмады. Бейбітәлімен бірге тұрмыс құрғанымызға 60 жыл толыпты. Осы жылдар ішінде біз бір-бірімізді құрметтеп, сыйластықпен өттік. Еш уақытта бір-бірімізге ренжітетін, көңіл қалтыратын сөздер айтпаппыз. Екі ұл, бір қыз тәрбиеледік. Олардан бірнеше немере, шөбере көрдік. Бекеңмен екеуміздің ұстаздық жолды таңдағанымыз бекер еместігін өмірден анық сездік. Шүкір, балаларымызға берген тәрбие босқа кеткен жоқ. Бәрі де жоғары білім алды. Өз салаларының мықты мамандары болды. Бекең ұстаздық тәжірибесінде шәкірттерге еш уақытта жекірмейтін, мінез көрсетпейтін. Балаларды әр уақытта еркіне жіберу керек деп есептейтін. Қай кезде де мектеп ішінде әрбір қиын баламен жұмыс істеуді ұнататын. Соларды қисық жолдан шығарып түзу, жақсы оқушы қатарына қосатын».
Бейбітәлі Құлсейітов 1978 жылы Мәскеу қаласында өткен Бүкілодақтық мұғалімдердің III съезіне делегат болып қатысты. Бұл оның ұстаздық жолдағы көп жылғы еңбегінің нәтижесі еді. Ол кісі Қазақ КСР-нің оқу ісінің үздігі, бірнеше рет мақтау грамоталарын алған азамат. Оның ұстаздық жолдағы тәжірибесі облыстық білім жетілдіру институттарында өз бағасын алып, үлгі ретінде ұсынылған болатын.
Бекеңнің өмірден озғанына бес жылдан асып барады. Ол Қазалы ауданындағы құрметті әрі білімді ардагер ұстаздардың бірі болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Қазіргі кезде білім саласында жүрген ұстаз-шәкірттерінің көбі Бейбітәлі Құлсейітов ағасын еске алғанда, ол кісінің өнегелі істерін, жас шәкірттермен жұмыс істеудегі тәжірибесін сөз етіп, әрдайым құрметпен қарайды.

Киікбай ІЗЕТҰЛЫ,
журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.