Заңды бұзған жазаланады

2010 жылдың алғашқы тоқсанында Тіл басқармасы бекітілген жоспар бойынша облыстық прокуратурамен бірлесіп, Көкшетау қаласының оннан аса мемлекеттік мекемелерінде тіл заңнамасының сақталуына және оның орындалуына тексерістер жүргізген еді. Оның ішінде Көкшетау қаласы әкімдігінің аппараты, қалалық мәслихат аппараты, сәулет және қала құрылысы, құрылыс, қаржы, білім, дене тәрбиесі және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік бөлімдері, ішкі істер басқармасы, т.б. бөлімдер мен басқармалар бар. Өкінішке орай, заң талаптарының орындалуында шешімі таппаған проблемалар баршылық болып шықты.

Тексеріс барысында тіл заңнамасы талаптарын бұзған бірқатар жайттар анықталды. Нақтылап айтсақ, кейбір мекемелерде ҚР Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы №550 Жарлығымен бекітілген «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру жөніндегі іс-шаралар жос­пары жасалмаған, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру жағдайы ұдайы қадағаланып отырмайды және қызметке қабылдау кезінде мемлекеттік тілді білу деңгейіне жеткілікті көңіл бөлінбейді. Азаматтардың ұсыныстарын, өтініш­терін, шағымдарын тіркеу журналы, еңбек келісімшарттары, жылдық бухгалтерлік есептер орыс тілінде ғана орындалып, соның нәтижесінде «Тіл туралы» Заңның 8, 10-баптарының талаптары бұзылғандығы анықталды. Облыстық прокуратураның заң бұзушылықты жою туралы ұсынысымен қалалық қаржы, құрылыс және т.б. бөлімдердегі жа­уапты мемлекеттік қызметшілердің бір бөлігі тәртіптік жазаға тартылғандығын атап өткен жөн. Елбасының жоғарыда аталған Жарлығының іске асыры­луын Тіл басқармасы ұдайы қадағалап, бақылайды.
Осы орайда мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тілін меңгеру, сол тілде сөйлеу, жазу, іс жүргізудің өмірлік қажеттігін әрбір қызметкер терең сезіне білуі қажет. Ал енді орын алған заң бұзушылықтардың негізінде қандай кінәрат жатыр деген сауалға тоқталатын болсақ, ол – тілді шала-шарпы бі­летіндердің, оны жүрдім-бардым қол­данатындардың, тіл тағдырына үстірт қарайтындардың, өз ісін шалағай атқаратындардың, санасын салғырттық басқандықтың ісі деуге болады.
Тілге қатысты негізгі проб­лемалардың бірі – нормативтік құқықтық базаны жетілдіре түсу және қолданыстағы тіл туралы заңнаманы барынша тиімді пайдалану. Егер тіл туралы заңнаманы бұрмалағандар тәртіптік, әкімшілік немесе басқа да қатаңдау жауапкершілікке тартылатын болса, заңдылықтың орындалуы мен сақталуы тиімді болатындығы барша жұртқа белгілі.
Конституцияда анық жазылғандай, мемлекеттік тіл – біреу, ол – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздікті нығайтудың, еліміздің елдік, халықтық сипатын сақтап қалудың және қоғамдық келісімнің ең басты кепілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде».
Бүгінгі таңда мемлекеттік тіл саясатын салиқалы түрде жүргізу – қоғамның ең өзекті де күрделі мәселелерінің бірі. Өйткені тілімізді өркендетуде қордала­нып қалған проблемалар баршылық.
Мемлекеттік тіл туралы сөз қоз­ғағанда ең алдымен Ата Заңымызды басшылыққа алуымыз қажет. Конституцияда: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тілі – қазақ тілі» (7-бабы), ал «Тіл туралы» Заңда: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғам­дық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі. Қазақстан хал­қын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тіл­ді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» (4-бабы) деп атап көрсетілген.
Жалпы, тарих көшінде тілдер талай жайттарды басынан өткеріп, қайсыбірі жер бетінен жоғалып, зым-зия жоқ болып та кетті. Осы тілдермен қатар оны қолданып жүрген ұлттар мен ұлыстар да, тіпті бүтін бір халық та жойылып кетеді.
Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ана тілімізден басқа бізде қандай қымбат та қасиетті дүние бар?! Біз әлемдегі болып жатқан жаһандану үдерісіне бой ұрындырмай, өзіміздің ең асыл, еш айырбасқа түспейтін қымбат құндылығымыздан – тілден айырылмауымыз керек.
Өз жерімізде отырып осы құндылығымызды сақтап, оны дамыта алмасақ, бүгінгі күннің талабына сай жаңғыртып, өркендете алмасақ, біздің ұлттығымыз қайсы?! Сондықтан біз үшін тіл саясатын сабырлылықпен, парасаттылықпен, салиқалы түрде әрі қарай пәрменді түрде жүргізе беру – заманның, өмірдің талабы.

Аманжол Өтебайтегі,
Ақмола облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім бастығы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.