Каспийдің арғы жағы, бергі жағы…

Елбасы Н.Назарбаев Маңғыстау облысында болды. Сапар аясында  жуырда ғана Ақтау қаласында бой көтерген «Маңғыстау-Арена» көп қызметті спорт кешенімен танысты. Демеушілердің қаражаты есебінен салынған жаңа кешен 550 орынға арналған. 9333 шаршы метрді құрайтын алаңда футбол, баскетбол, волейбол, сондай-ақ жекпе-жек пен жеңіл атлетикаға арналған залдар бар.

Елбасы Маңғыстауға сапары барысында «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аумағында (АЭА) орналасқан Ақтау теңіз солтүстік терминалында да болды. Каспий теңізіндегі көлік-логистика саласының дамуы мен бағыттары туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ президенті Қанат ­Алпысбаев баяндады. «Ақтау теңіз порты» АЭА 39,4 гектар алаңында бір уақытта 5000-ға дейін контейнер (TEU) мен 170000 тоннаға дейін негізгі жүкті сақтауға болады. Заманауи көп мақсатты терминалдың өндірістік қуаты жылына 3 млн тоннаға дейін негізгі жүкті, оның ішінде, 1,5 млн тоннаға дейін дәнді дақылды ауыстырып тиеуге мүмкіндік береді. Жоба құны – 37,5 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта терминал астық, металл, контейнерлер мен негізгі жүктерді қабылдап жібереді, вагондарға жүкті тиеп, оларды түсіреді, кемелерге кешенді қызмет көрсетеді. Бүгінгі таңда бұл кәсіпорында Маңғыстау облысының 190 тұрғыны қызмет етеді.
Мемлекет басшысы солтүстік теңіз тер­миналының қызметі мен даму перспективалары және «Жібек жолы» жүк тиеу кешенінің жұмысы туралы да хабардар болды. Терминал жұмысы экспорт-импорт өсімін арттыруға және Қазақстан мен Орталық Азия елдері өнімдерін Ақтау порты арқылы Кавказ маңы, Парсы шығанағы елдеріне және Ресей Федерациясына жеткізуге бағытталған. Кәсіпорында жыл бойы дәнді дақылдар тиеу және жөнелту, кемелерге кешенді қызмет көрсету, ірі тонналық жүк контейнер­лерін сақтау жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ қоймада жүк сақтау операциялары жүзеге асырылады.
Н.Назарбаев «Азерсун» өндіріс және логис­тика орталығы» ЖШС-ына барып, оның ұжымымен кездесу кезінде: «Ақтау­дағы логистика орталығының қызметі азық-түлік өнімдері бағасын арзандатуға бағытталған. Маңғыстау облысымен қатар, республикамыздың басқа да өңірлеріндегі азық-түлік бағасын төмендетіп, онымен қамтамасыз ету мақсатымен тауарларды сақтау, жеткізілетін көлемін арттыру жөнінде шаралар қабылдау қажет» деді.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыстағы әлеуметтік-эко­номикалық жағдай мен оны дамыту перс­пективалары туралы баяндап, аймақтағы ауыз су мәселесі, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті нығайту, тұрғын үймен қамта­масыз етуді және кәсіпкерлікті белсенді дамыту бағытындағы жоспарларды ортаға салды.

2017 жылы 1 млрд теңгеден астам қаржыға 250 шағын несие бөлу, 165 бизнес-бастамаларды субсидиялау жоспарланып отырғандығын тілге тиек етіп, ағымдағы жылы облыс бойынша 26 мың жұмыс орнын ашу жоспарда тұрғандығын атап өтті.
– Өңірлік экономиканы дамыту ­бойынша жүзеге асырылатын шаралар мен экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ең алдымен, жұмыспен қамтылуды сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, еңбек мобильділігін арттыруға, өңірдің кәсіпорындарындағы көп­шілік қысқартуларды болдырмауға бағыт­талады. Бүгінгі таңда өңірлерде, сіз айқындап берген міндеттер мен тапсырмаларды орындауға барлық қажетті мүмкіндіктер бар. Осы мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, еліміздің және өлкеміздің дамуы жолында алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге бар күш-жігерімізді салатынымызға сенім білдіремін, – деді Е.Тоғжанов.
Кездесуде «Лукойл Оверсиз» компания­сы­ның аймақтық координаторы, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Күмісқали, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты, Мұнайлы аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Т.Әміров, Назарбаев зияткерлік мектебі ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Н.Келехсаева, геолог О.Белоножкина, ардагер К.Егізқараев, Ақтаудағы әскери-теңіз базасы жауынгерлік ракета-артиллериялық «Орал» кемесінің байланысшысы Ж.Ибраева, «Болашақ» стипендиясының түлегі, «Каспиан Меруерт Оперейтинг Компаний» компаниясының жетекші инженері Е.Абылханов, Кәсіпкер әйелдер ассоциациясының төрайымы, кәсіпкер С.Жақаева, Жастар орталығының жетекшісі Г.Бұрхандинова, Ш.Есенов атындағы КМТжИУ ректоры Б.Әділбеков, Бейнеу ауданының әкімі Б.Әзірханов, Ақтау қаласының әкімі С.Тұрымов және т.б. сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін білдірді.
***
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Әзербайжанға ресми сапар жасады. Сапар Мемлекет басшысының ­Шахидтер аллеясындағы мәңгілік алау мен Әзербайжанның жалпы ұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің бейітіне гүл шоғын қою рәсімімен басталды.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті И.Әлиевпен кездесіп, саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың хал-ахуалы мен даму үрдістері, өзекті халықаралық мәселелер мен өңірлік проблемалар талқыланды. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тарихи-мәдени байланыстар ежелден үзілмей жалғасын ­тауып, бауырластық пен достыққа негізделген екіжақты қарым-қатынастар берік қалыптасқанын Елбасымыз ерекше атап өтті.
Ресми кездесу рәсімінен соң «Загульба» резиденциясында екі ел басшысы кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Н.Назарбаев өзара тиімді ынтымақтастықтың барлық саласында біріккен іс-қимылды үдету, көлік-транзит әлеуетін дамыту, бірлескен жаңа өндірістер ашып, жүзеге асырылмай жатқан мүмкіндіктерімізді пайдалану, экономиканы әртараптандырып, инновациялық технологияларға назар аудару қажеттігіне тоқталды.
Өз кезегінде И.Әлиев Қазақстанның Н.Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген жетістіктеріне жоғары баға берді. Әсіресе Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы – әлемдік аренадағы рөлі мойындалғанының көрсеткіші және Н.Назарбаевтың жеке беделінің арқасы екенін тілге тиек етті. «Сіздің өңірлік қана емес, сонымен бірге әлемдік ауқымдағы бастамаларыңыз зор құрметке ие болып келеді. Екіжақты қарым-қатынастың дамуына көңіліміз толады. Бүгінгі сындарлы пікір алмасулар талқыланған көптеген мәселелер жөніндегі ұстанымдарымыздың ұқсастығын көрсетеді» деді Ильхам Әлиев.
Әзербайжан Президенті ынтымақ­тастықты одан әрі нығайту мен серіктестіктің аясын кеңейту үшін бұл сапар аса маңызды дей келе, өзінің қазақстандық әріптесін ­Гейдар Әлиев орденімен марапаттады. ­«Гейдар Әлиев ордені» – 2005 жылдың сәуірінде бекітілген Әзербайжандағы ең жоғары марапат саналады. Бұл орден шетел азаматтарына Әзірбайжан елі алдындағы ерен еңбектері үшін, оның ішінде Әзербайжанның басқа елдермен саяси, экономикалық, ғылыми және мәдени байланысын жақсартуға үлес қосқаны үшін беріледі.
***
Президент Н.Назарбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовпен кездесті. «Кездесуде К.Мәсімов Мемлекет басшысына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өзге арнаулы қызмет органдарымен бірлесе отырып, биыл Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне дайындық аясында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиісті шараларды атқарып жатқанын баяндады.
Елбасымыз Қазақстанда ­«ЭКСПО-2017» көрмесімен қатар алдағы уақытта әлемдік деңгейдегі басқа да ауқымды іс-шаралар өтетінін еске салды. «Биыл бірқатар халықаралық іс-шаралар болады. Мемлекеттер мен үкіметтер басшылары, парламент мүшелері, сондай-ақ шетелдерден және өз елімізден туристер көптеп келеді деп жоспарланып отыр. Осыған орай, сол іс-шаралардың тиісті деңгейде ұйымдастырылуын қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет. Ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне назар аудару керек» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Ұлт көшбасшысы шетелдерде болып жатқан террорлық актілерге тоқталып, ондай қайғылы жайттарға жол бермеу үшін тиісті жұмыстар жүргізу, қауіп-қатерлердің алдын алу, соның ішінде шетелдердегі әріптестермен өзара іс-қимыл орнату қажеттігін айтты. ҰҚК төрағасы Елбасына мұндай ауқымдағы іс-шараның қауіпсіз өтуі, сондай-ақ терроризммен және діни экстремизммен күрес Ұлттық қауіпсіздік комитетімен қатар барлық құқық қорғау органдарының үнемі бақылауында болатынын мәлімдеді.

Сейілбек Мұсатаев,
шолушы, саяси ғылым докторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.