Бояу бедері

Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде суретші Шаймардан Сариевтің туғанына 80 жыл толуына арналған көрме ашылды. Көрмеге суретшінің өнер музейі қорынан, Н.Смағұловтың, Байтасовтар отбасының жеке жинақтарынан алынған 60-тан астам шығармасы қойылған.
Шаймардан Сариев 1937 жылы қазіргі Атырау облысының Махамбет ауданындағы Забурын ауылында дүниеге келген. Шыңылтыр аяз бен шіліңгір шілде шектесіп, құмды дала мен теңіз толқыны шарпысқан туған жер табиғаты болашақ суретшінің қайталанбас туындыларының тууына себеп болғаны сөзсіз.

Бала кезінен көркемөнерге қызығып өскен ол 1959 жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесінде, 1962 жылы Харьков көркемсурет ­институтында білім алды.
Суретші шығармашылығына 1960 жылдардағы қоғамдық өмірде белең алған «жылымық» кезеңіне тән үрдістер ерекше әсер еткен. Сол жылдары қазақ әдебиеті мен бейнелеу өнеріне О.Сүлейменов, С.Санбаев, С.Айтбаев, Ә.Сыдыханов, Т.Тоғысбаев, М.Қисаметдинов, Б.Табиев, ­Т.Дос­мағамбетов сынды бір топ талантты шоғыр келгені мәлім. Саяси өз­герістер, «темір қақпаның» ашылуы шы­ғармашылық қауым арасында жаңа көзқарастардың ­тууына алып кел­ді. Әдебиет, өнер, жалпы ұлт мәселе­лерін өткір қозғаған пікірталастар «60-жылғылар» деп аталатын өзіндік бір ағымның пайда ­болуына әсер етті. Олар Еуропадағы Пикассо, Модильяни, ­Сезанн секілді постимпрессионистердің көркемсуреттік жүйесіндегі жанрлық көріністерді ұлттық бейнелеу өнерінде дамыта қолданды. Ашық, жарқын түстер мен жазықтықты біріктірген жаңа стиль туғызған сол буынның бел ортасында Ш.Сариев тұлғасы өзіндік қолтаңбасымен дараланған болатын. Ол халықтық өрнектер мен еуропалық өнерді синтездей отырып, өзіндік бояу бедерін тапты.
Суретші шығармашылығында ­портрет жанры айрықша орын алады. «Тұрар», «Балам Лебіздің портреті»,­ «Шопан», «Өнертанушының портре­ті» атты туындыларда адамның бет-әлпетінен гөрі оның мінез-құл­қын ашып көрсетуге мән беретіні байқалады. Сондай-ақ бұл суреттерде этнографиялық элементтер көрініс тапқан. «Суретшінің пішіндерді үлкейтіп беруінің өзіндік сыры бар. Соғыстан кейінгі қиын жылдар, алып құрылыстардың қарқын алуы, егіс даласындағы ауыр еңбек, зауыт-фабрикалардың тынымсыз тіршілігі эпикалық сипатпен, ашық та қалың түстердің күшейтіле берілуі­мен бейнеленді. Бұл шығармалар сол дәуірдің бейнелеу өнеріндегі шежіресі деуге лайық» дейді Ә.Қастеев атындағы өнер музейінің Қазақстан бейнелеу өнері орталығы графика секторының жетекшісі С.Мырзабекова. Мысалы, «Қыздар» атты туындысында ауыр еңбекпен шыныққан, бар қиындықты мойнымен көтеріп жүрсе де мойымайтын әйел болмысын көреміз. Сондай-ақ «Жер қойнауын барлаушылар», «Арал балықшылары» атты картиналары да осындай ауқымды декоративтік астармен жазылған.
Көрмедегі туындылардан жалпылау және дерексіздік Ш.Сариев қолтаңбасына тән ерекшеліктің бірі екені көрінеді. Суретшінің «Асан қайғы», «Қыз Жібек», «Орман», «Кеш» және т.б. суреттері халық өмірі, фоль­клорлық бейнелерден тұратын жанрлық сюжеттер қатарынан. Өзі де өлең жазған Шаймардан суреттерін «қазақ тілінің, қазақтың бояуымен салды». Оның ірі кейіпті, өмірсүйгіш, өзіне сенімді, жүздері мейірімге толы портреттері көрерменіне де ыстық тартып тұратындай. Өйткені оның басты кейіпкері – адам, панорамасы – қазақтың кең даласы.
Бүгінде Атырау қаласындағы өнер музейі Қазақстан бейнелеу өнерінің классигі Ш.Сариевтің есімін иеленген.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Шаймардан Сариев — ноқтаға басы сыймаған, өзіндік ұстанымынан айнымаған біртуар тұлғалардың бірі. 80 жылдық мерейтойын тойламаса да, соңында еңбегі қалды.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.