Қазақ күресі

Жақында Астанада Дүниежү­зілік қазақ күресі федерациясының конгресі өтті. Оған Америка, Африка, Еуропа және Азия құрлықтарынан 46 елдің делегаттары, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің қызметкерлері, ұлттық күрестің ардагерлері мен белгілі мамандар қатысты.
Жиында төл күресіміздің қазіргі даму деңгейі, федерацияның соңғы кездері атқарған жұмысы мен алдағы жоба-жоспарлары талқыланды. Одан кейін ұйымның жаңа басшысы, оның бірінші орынбасары, вице-президенттер мен бас хатшысын сайлау рәсімі өтті. Конгресте қатысушылардың басым дауысымен осы кезге дейін федерацияның бірінші вице-президенті қызметін атқарып келген Ислам Әбішев ұйымның басшысы болып сайланды. Ал 13 жылдан бері федерацияның президенті болған Серік Төкеевті делегаттар оның бірінші орынбасары етіп сайлады.

Сөзімнің басында ұлттық күре­сі­міздің әлемдік аренаға шығуы туралы қысқаша тоқталсам дей­мін. Қазақ елі тәуелсіздік алған уақыттан бастап ұлттық спорт түр­лерінен халықаралық аренаға шы­ғуға мүмкіндік туды.
Қазақ күресін әлемдік аренаға алып шығу идеясын алғаш көтерген ұлтымыздың адал перзенті, нағыз патриоты, еліміздің күрес саласына көп еңбек сіңірген азамат, қазақ күресі, дзюдо және самбодан спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бауыржан Жаналин болатын. Өткен ғасырдың соңында Бауыржан Жаналин ұлттық күресіміз туралы деректер жинау мақсатында Қытай, Түркия және Ирандағы қазақтарды аралап, мол материал жинады. Өзімізде бар тарихи дүниелерді топтастырды.Талмай іздене жүріп, ұлттық күрестің ережесін әзірледі.
Жинақталған мол материалдар негізінде 2000 жылы қазақ күресін дамытудың жаңа бағдар­ламасын жасадық. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға Марат Жақыт, Бақыт ­Жаңбыр­баев, Диқанбай Биткөзов секілді кезінде КСРО құрамасында болған айтулы жаттық­ты­рушылармен бірге басқа да мамандар тартылды. Бауыржан Жаналин жасаған ережені мамандардың талқысына салдық. Ереже көптің көңілінен шыққан соң, оны бекіттік.
2001 жылы жасалған әдіс-тәсілге ұпай беру жүйесін ұлттық терминдермен ауыстыру туралы Жаналинге ұсыныс жасадым. Техникалық әрекеттер үшін берілетін ұпай орнына «бүк», «жамбас», «жартылай жеңіс», «таза жеңіс» сөздерін қолдана бастадық. «Баста», «тоқта» терминдері айналымға енді.
Кеңес одағы тұсында ұлттық спорт түрлеріне жете мән берілген жоқ. Соның салдарынан ұлттық спорт түрлері түпкі тамырынан ажырап, олардың ұлттық бояуы көмескі тарта бастаған еді. Осы жағдайларды ескере келе, балуандардың кілемдегі киімін көшпелілердің сауыт үлгісінде жасадық. Сауыт жауынгердің ат үстінде еркін қимылдауына, садақ атуына, жекпе-жекке түсуіне өте ыңғайлы.
Біз ұлттық күресті дамыту жолында ұлттық ерекшеліктерімізді, салт-дәстүрлерімізді берік ұстануға тырыстық. Ал Бауыржан аға қазақ күресінен тұңғыш Азия чемпионатын көзімен көруді қатты армандады. Бірақ 2004 жылы ­кенеттен қаза болды.
Біздің табанды әрі ұйымдасқан іс-әрекетіміз бірте-бірте өз же­місін бере бастады. 2004 жылы Гер­манияның Берлин қаласында 18 мемлекет өкілдерінің қатысуы­мен дүниежүзі қазақтарының құрыл­тайы өтті. Құрылтайға Қазақ елі делегациясын белгілі жазушы, қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев бастап барды. Сол құрылтайда біз қазақ күресінен жарыс ұйымдастырдық, әр елден келген бауырларға күрес киімін көрсеттік. Ең үлкен жеңісіміз: 18 елден жиналған бауырлар бас қос­қан конгресте Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы құрылды. Конгреске келген азаматтар мені бірауыздан Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының президенті қызметіне сайлады. Өз халқымның төл күресінен құрылған әлемдік федерацияның тұңғыш президенті болу – мен үшін зор мәртебе әрі абырой болғанын мақтанышпен айтамын.
Қазақ күресін әлемдік аренаға шығару оңайға соққан жоқ. Біз бар күшімізді жұмылдырып, қаржылық және басқа да қиындықтарға мойы­май шетелдік мамандарды көптеп тартуға күш салдық. Тек халықаралық жарыстар ұйымдастырумен шектелмей, әлем мойындаған белді ұйымдардың назарын аударуға тырыстық.
2004-2010 жылдары Дүние­жүзі­лік қазақ күресі федерациясы­ның ұйым­дастыруымен 3 әлем чем­пионаты, 1 Еуропа, 6 Азия чем­пионаты өтті. Бұл бәсекелерге ФИЛА бақылаушыларын арнайы шақырдық.
2010 жылы Астанада өткен үшінші әлем чемпионатына ФИЛА президенті Рафаель ­Мартинетти арнайы келді. Сол жолы Рафаель Мартинетти дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясын ФИЛА мүшелігіне қабылдау туралы құжатқа қол қойды. Бұл ұлттық күресіміздің тарихындағы ең бір жарқын сәттің бірі.
2004-2017 жылдарда қазақ күресінен 6 әлем чемпионаты, 11 Азия чемионаты, 3 Әлем кубогы (Үндістан, Ресей, Қазақстан), 2 Еуропа чемпионаты, жастар арасында әлем чемпионаты (Иран), кадеттер арасындағы әлем чемпионаты (Бразилия) және Африка біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл ресми жарыстардың бәрі ФИЛА мен UWW (Біріккен Күрес Әлемі) аясында өткенін спорт мамандары жақсы біледі.
2010-2016 жылдарда қазақ күресін ­ЮНЕСКО танып, мойындауы үшін қыруар шаруа атқарылды. 2016 жылы ЮНЕСКО-ның 11-ші сессиясында қазақ күресі материалдық емес мәдени мұра тізіміне енді. Қазақ күресі ЮНЕСКО-ның бауырына кіруі үшін ең әуелі WoMAU (Халықаралық жауынгерлік өнер одағы) мойындауы қажет екен. Бұл ұйым ­ЮНЕСКО-ның тікелей қолдауымен 2002 жылы құрылды. Мақсаты: жер жүзі халықтарының жекпе-жек түрлерін зерттеп, ұлттық мұралардың келешек ұрпаққа жетуін қамтамасыз ету. Осы мақсатта Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында Халықаралық жауынгерлік өнер Академия жұмыс атқарады.
2010 жылдан бастап алты жыл қатарынан Чхунджуға, WoMAU сессиясына мамандарымызды жіберіп отырдық. Бақыт Жаңбырбаев, Ғалым Күлекешов, Жадыра Қошқарбаева секілді мамандар WoMAU сессияларында ұлттық күресіміздің тарихы, даму жолы ­туралы баяндама жасап, қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде бейнебаяндар мен роликтер, жарыстар мен халықаралық семинарлардан, күрес ережесінен құнды материалдар көрсетіп, спортшыларымыз ұлттық күресіміздің әдіс-тәсілдерімен таныстырды.
2011 жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы Оңтүстік Кореяға әлем чемпиондары Ерлан Естек, Бақтыбай Қисықов, қазақ күресінен спорт шебері Нұрболат Ыстыбаевтарды іссапарға жіберді. Біздің чемпиондар Чхунджуда бір апта бойы шеберлік сабақтарын өткізді. Біздің бұл қадамымыз қазақ күресін Халықаралық жауынгерлік өнер одағының танып, білуіне зор ықпал етті. Тарихи маңызы зор бұл шараға Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Қазақ ұлттық комитетінің төрайымы Ханзада Есенова, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық комиссиясының бас хатшысы Әсел Өтегенова көп үлес қосты.
2016 жылы Эфиопияда болған ЮНЕСКО-ның 11-ші сессия­­сына Мәдениет және спорт ми­нистр­лігінің Спорт комитеті­нен Әсия ­Аманбаева мен Нұрлы­бек Ермағамбетов арнайы қа­тысып, 17 мемлекеттің дауыс беруі нәтижесінде қазақ күресі материал­дық емес мәдени мұра тізіміне кірді.
Қазақ күресі ерте заманнан біздің халықтың балуандық өнері болып табылады. Ұлттық күрестен нәр алған күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасұлы еркін және грек-рим күресінен бүкіл әлемді мойындатты. Балуан Шолақ, Молдабай сынды алыптарымыз көрші мемлекеттердің ең мықты балуандарынан басым түсті. Жастайынан қазақша күресті серік еткен Әбілсейіт Айханов, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов, Аманжол Бұғыбаев, Қанат Байшолақов, Алмас Мұсабеков, Асқар ­Шайхиев, тағы басқа даңқты спортшыларымыз Олимпиада ойындарында, әлем және Еуропа чемпионаттарында, ірі халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды.
Ұлттық күрестің тізгінін ұстаған жылдарда «қазақ күресі» деген атауды ауыстырайық, қазақ атауымен бұл күрестің болашағы бұлдыр, деп пікір айтушылар аз болған жоқ. Олар жапонның дзюдо, Американың еркін күресін мысалға келтірді. Әрине, уақыт бір орында тұрмайды, ұлттық күресіміз жаһандық дамудың жолында, сондықтан, келешекте мұндай өзгерістер орын алуы әбден мүмкін. Ал әзірге біз қазақ күресін дүниежүзінің түкпір-түкпірінде паш еткендігімізді мақтан ете аламыз. Қазіргі таңда дүние жүзінің 30 елінде ұлттық федерациялар құрдық. Әлем чемпионаттарына жер шарының 50 мемлекетінен спортшылар қатысты. Тағы бір ауыз толтырып айтатын табысымыз: ұлттық күресіміз 2017 жылы Түркіменстанның астанасы Ашғабадта өтетін жабық ғимараттағы Азия ойындарының бағдарламасына енді. Қазіргі таңда қазақ күресінің жанкүйерлері мен мамандары әлемнің әр қиырында бар. Бұл – дүниежүзілік Қазақ күресі федерациясы ұжымының сан жылғы жемісті де тынымсыз еңбегінің жемісі.

Серік ТӨКЕЕВ,
Дүниежүзілік қазақ күресі
федерациясының
бірінші вице-президенті

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мен ғой

    Қазақша күресті қазақ күресі дегенде не шықты? Ата-бабамыздың қойған аты емес пе еді?

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.