Кітап – сенімді дос

Жақында кенттегі кітапханалардың бірінде өткен оқырмандар конференция­сына қатыстым.  Осында  жиналған  мектеп  оқушылары қазақтың  белгілі  жазушысы Сайын Мұратбековтың «Жусан исі» повесіне байланысты  ой-пікірлерін   ортаға салды. 

Шығармадағы негізгі кейіпкер Аян екені белгілі. Қоңырқай жүзді, біркелкі етіп қиылған кекілі бар. Төбелеске жаны қас, ешкіммен сөзге келмейді. Өзі өжет, зерек, мейірімді, ақылды. Ойнап жүріп то­бы­ғын шығарып алған. Өз ойынан балаларды таңдандыратын ертегілер шығарады.
Повесті оқыған балалар осы Аян туралы, сондай-ақ кітаптағы Садық, Есікбай, Бапай, Тұржан жөніндегі ойға түйгендерін айтып жатыр. Кітап балаларға ұнаған секілді. «Жақсы әсер алдық, біраз жайтқа қанықтық» деп жылы лебіздерін білдіреді.
Бізде қазір «Кітап оқылмайды, оның орнын ғаламтор басты» дегендей пікірлер айтылады. Бір жа­ғынан мұнымен келісуге де болар. Салыстырмалы түрде алғанда. Неліктен оқылмайды? Жұрт қазір қысқа жазылған дүниелерге құмар. Ғаламтор беттеріндегі шағын ақпараттарды шолып шығады да кітапқа беттегісі келмейді. Бұл да бүгінгі заман көрінісі. Көпшілікті жеңіл сөздер қызықтыратын секілді. Мұндай жайтты, әрине құптай алмайсыз.
Аға-апаларымыз кітаптан алған білімге ештеңе жетпейтінін айтады. Бұл пікірге әбден қосыласың. Себебі кітап оқу арқылы адамның сөздік қоры көбейіп, өз ойын еркін жеткізе алады. Логикалық ойлауды дамытуда да кітап оқудың пайдасы зор. Оқығаныңды іштей талдасаң, адам психологиясын жетік түсіне бастайсың.
Кітап оқудың тағы бір пайдасы адам ағзасының қартаймауына септігін тигізеді екен. Біріншіден, оқылған сөзді санада бейнеге айналдыру қабілеті когнитивті қызметке жақсы әсер етеді. Екіншіден, ойын жинақтауға көмектеседі.
Ғалымдар кітапты көп оқитын бір топ адамның миын магнитті-серпінді бақылаудан өткізген. Соның нәтижесінде әлдеқандай иіс, ландшафт немесе дәм туралы оқығанда адам миының қабылдауға жауапты бөліктерінің белсенді әрекет ететіні анықталады. Мұндай жайт теледидарға қарағанда немесе компьютерлік ойын ойнағанда байқалмайтын көрінеді. Бұдан аңғарылатыны кітап оқу адамның миы үшін айрықша жаттығу екендігі. Түрлі шығармалардың ішіне ойша ену адамның елестету, қиялдау мүмкіндігін арттыратынын байқаймыз.
Бұл жерде біз ғаламтордың бағасын кеміткелі тұрғанымыз жоқ. Онсыз бүгінгі өмірді елестету де мүмкін емес. Алайда кітаптан ешқашан қол үзбеуіміз керек. Ол қашанда білім бұлағы, алтын қазына.

Шакизада ЕСЕНОВА,
Ы.Алтынсарин атындағы
№204 орта мектеп мұғалімі

Қызылорда облысы
Қазалы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.