Батыр болып тумайды…

Тәуелсіздігін күннен-күнге нығайтып, аяғынан нық тұрып келе жатқан мемлекетімізге бүгін де, ертең де ел қорғайтын ерлер қажет. Осы ретте Елбасы Н.Назарбаевтың «Біз өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне айрықша назар аударуға тиіспіз.
Білім беру жүйесінің, тәрбиенің, мәдениеттің, БАҚ-тың, этномәдени бірлестіктердің ортақ күш-жігері осыған бағытталуы керек» деген сөзі қоғамның барлық саласы үшін өзекті бола отырып, әсіресе білім беру жүйесіне ерекше міндет жүктейді.

Отансүйгіштік, патриоттық тәрбиені жалғастырып, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру білім саласындағы басым бағыттардың бірі саналады. Қашанда «Оқу мен тәрбие егіз» деген қағиданы ұстанатын білім ошақтары қазақстандық патриотизмді, отаншылдық тәрбиені күнделікті оқыту үдерісімен тығыз үйлестіре жүргізеді. Оның ішінде орта мектеп бағдарламасына кіретін «Алғашқы әскери дайындық» пәні ертеңгі күні алтын бесік елін, кіндік кескен жерін қорғайтын отаншыл азаматтарды жауынгерлік дәстүрге баулып келеді.
Мектеп оқушыларына әскери-патриот­тық тәрбие беру жұмыстары теориялық білім берумен қоса Қарулы күштер қатарындағы қызметке даярлау, спортпен айналысуды насихаттау, саламатты өмір салтына үйретумен қатар жүруде. Бала кезден бойға сіңірген машық пен дағды ел қорғаны болуға дайынмын деген сенімділік дарытары сөзсіз. Әскери-патриоттық тәрбиенің түрлі әдіс-тәсілдермен ұласа жүруі балалар үшін де қызық. Олар сапта жүру дайындығы, автоматты пайдалана білу, граната лақтыру, газтұтқыш киіп үйрену, әскери тактика, бұйрық беру сынды қарапайым әрі қажетті жауынгерлік білімдерді үйренуге өте құштар. Әсіресе әскери ойын түріндегі жарыстар жас өрендердің теориялық білімдерін іс жүзінде көрсететін, дәлелдейтін нағыз майдан алаңы сияқты. Міне, осындай әскери-қолданбалы спорт түрлерінен өтетін «Айбын» әскери-патриоттық жарысы, «Сардар» кешенді олимпиадасы тәрізді қызу тартыстар оқушылардың да, АӘК пәні оқытушыларының да сынға түсетін ортасы. Жақында ғана еліміз бойынша жалпы білім беретін мектептер арасында мәресіне жеткен «Сардар» олимпиадасы Қарулы күштеріміздің әскери резерві қалай дайындалып жатқанын паш етті. Мұндай шаралар оқушылардың жаңа заманға сай зияткерлік қабілетін дамытып қана қоймай, әскери қызметтің беделін де арттыра түсуде.
Әскери-спорттық жарыстарда шәкірт­тері үзбей жүлделі орындар алып жүрген ұстаздардың бірі, Алматы қала­сындағы М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейдің мұғалімі Айдын Сүлейменов қазіргі күні оқушылардың әскери жоғары оқу орындарына түсуге қызығушылығы зор екенін айтады. «Бұл ең алдымен мектептегі «Ұлан» әскери-пат­риот­тық клубының ықпалы. Мұнда клуб мүшелерін сапта жүруден бастап, «Айбын», «Сардар» сияқты математика, физика, қазақ және орыс тілдері мен әскери дайындық бойынша теориялық білімі мен физикалық дайындығы қатар сынға түсетін кешенді жарыстарға қатысуға дейін баптайды. Әсіресе жеңіс тұғырына көтеріліп, өздерін ертеңгі Отан қорғаушы, елдің тірегі сезінген кезде балалардың бойында ерекше ынта-жігер оянып, ел қорғауға деген құлшыныстары арта түседі» дейді ол. Қалалық жарыстан жүлделі орын алып, республикалық деңгейге шыққан осы мектептің Александар Жила, ­Дмитрий Бородулин сияқты оқушылары пәнге қызығу­шы­лықты оята білген мұғалім еңбегінің арқа­сында өздерін нағыз Отан қорғаушы санайды.
Осы ретте көптеген жастардың әскери қызметке барудан бас тартатыны жайындағы алыпқашпа әңгімелердің шеті шығып қалатыны бар. Бұл пікірді терістеген АӘК пәнінің мұғалімі А.Сүлейменов бүгінгі күні жоғары сынып оқушыларының отансүйгіштігі, патриоттығы ешқандай күмән туғызбайтынын айтады. «Керісінше олар әскер қатарында қызмет етуге өте ынталы» дейді ол. Әрине, мұнда бала болашағына алдымен алаңдайтын ата-аналардың шешімі үстем болатынын ­мойындау керек.
Иә, мектептегі алғашқы әскери дайындық пәніне деген көзқарас отаншылдық пен патриотизмді жалаң ұрандармен емес, балалардың сенімі мен шынайы көңілінен шығатын ұтымды әдіс-тәсілдермен ұйымдастыра білетін мұғалімдерге көп байланысты екенін көрсетеді. Оқыта білетін ұстаз болса, оқымайтын оқушы жоқ емес пе? Бейбіт күнде білімді де білікті, сын сағатта батылдық пен ержүректік көрсете алатын, дені сау, сымдай тартылған жас өрендер даярлығы – Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр атырапты ақ білектің күшімен, ақ най­заның ұшымен сақтап қалған ата-бабаларымыздың тері мен қаны босқа төгіл­мегені. Атақты қолбасшы Бауыржан Момыш­ұлының «Ешкім іштен батыр болып ту­майды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалып­тасады» дейтініндей, бүгінгі күні орта мек­тептер әскери-патриоттық тәрбие беру­дің бастапқы буыны ретінде үлкен жұмыс атқара алатынын іспен дәлелдеп отыр.

Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

3 Пікір

  1. Гульнара С.

    Здравствуйте, очень хорошая и полезная статья. Журналист пытается поднять очень большой и сложный вопрос. Сегодня очень много различных псевдо патриотов, которые из больших трибун выкрикивают лозунги,а на деле лоббируют свои интересы. И только вот такие учителя на местах реально что-то делают для наших детишек. Получая минимальные зарплаты, эти люди выкладываются на все 100% не претендуя на какие то гонорары. Мой сын когда то учился в этой школе и я помню этого педагога с большой буквы. Очень рада, что случайно нарвалась на эту статью. Это он организовал выезд учеников в город Невель на место гибели нашей Маншук Маметовой, а в прошлом году команда из этой школы защищала честь Казахстана на соревнованиях в Ереване. Вообще коллектив школы №28 с приходом нового директора стал очень слажен, сильные учителя математики, физики, химии, биологии. Всегда теплом вспоминаем годы учебы в этой школе. Журналисту хочу пожелать и дальше поднимать актуальные вопросы современности, а газете процветания и больше интересных статей.

  2. Жігер

    Мәселе жақсы қозғалып отыр. Ата-аналар, оқу орындары патриоттық тәрбиеге тиісті мән беріп отыр ма? Меніңше, жоқ.

  3. Қамбар

    Тілшінің ойын қостаймын. Бұл ел болып ойланатын мәселе.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.