Нақты іспен дәлелдемек

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Осыған орай Елбасы Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырды. Цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуді маңызды міндет санаған 3D-принтинг, цифрлық қызмет көрсету секілді бағыттарды білім беру ісінде де қолдану және басқа да перспективалы салаларды дамыту керектігін атап көрсетті.

М.Өтемісов атындағы Батыс Қа­зақстан мемлекеттік университетінде мультимедиялық кластармен, электронды және қашықтан оқытуды қамтамасыз ететін жаңа компьютерлермен жабдықталған «Махамбет» ақпараттық технологиялар орталы­ғы жұмыс жасауда. Университе­тіміз қазірдің өзінде білім беру жүйесін оңтайландыруда инновациялық авторлық бағдарламаларға ие. М.Өтемісов атындағы БҚМУ сайтының «Білім беру сапасын қамтамасыздандыру жөніндегі тәуелсіз агенттік» жүргізген ЖОО интернет-ресурстарының 2015 жылғы рейтингісінде 60 жоғары оқу орнының арасында 8-орынды иеленіп отырғаны да үлкен жетістік деп білеміз. Осы орталықтың робот техникасы зертханасында жас ғалымдар, студенттермен бірге мектеп оқушылары да ғылыми жобаларды бірлесе атқаруда. Мектеп мұғалімдеріне робот техникасынан арнайы курстар өткізіліп, біліктіліктерін шыңдап отырады.
Елбасы Жолдауының тағы бір басым бағыты білім беру жүйесінің рөлін өзгертуді – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыруды көздейді. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажеттігі атап өтілді. Жалпы орта білім беретін мектептен бастап IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керектігі айтылды. Алайда ауыл мектептерінің білім беру сапасы қала мектептерімен тең келе бермейтіні белгілі. Ол, біріншіден, кадр тапшылығы болса, екіншіден, материалдық-техникалық базаның жетіспеушілігінен орын алып отыр. Сондықтан Жолдауда қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажеттігіне баса мән берілген.
Білім беру бағдарламаларының мазмұнын жетілдіру аясында уни­верси­­тетімізде нәтижелі жұмыстар ат­қарылуда. Ағылшын тілінде білім беру бағдарламалары жасақталып, білім беру модульдерінің құрамы кеңеюде. Оқу үрдісінде инновациялық технологияларды қолдану шеңберінде оқытушылар арасында жыл сайын инновациялық жобалар байқауын өткізу де дәстүрге айналып отыр. Студенттердің кәсіби білімдерін кәсіпорындарда тәжірибелік негізде шыңдауы жолға қойылды. Жұмыс берушілер кеңесінің қатысуымен еңбек нарығының талаптарына сәйкес студенттердің таңдаулары негізінде 185 модульді білім беру бағдарламасы жасақталды. Қосымша білім беру бағдарламаларын жасақтауда шағын жинақталған мектептердің талаптарын ескеру басты назарымызда және бұл түлектеріміздің жұмысқа орналасуына мүмкіндік беруде. «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында университетіміз білім беру бағдарламаларын жасақтау мен материалдық-техникалық базаны нығайтуды арттырған жоғары оқу орындарының қатарына кірді. Сондай-ақ алдағы оқу жылында құны 40 млн теңге қаржыны құрайтын физика зертханасы іске қосылмақ. Сонымен қатар жаңа материалдық базамен қамтылатын оқу ғимаратын салу жоспарланып отыр.
Оқу орнының биылғы жылы Университеттердің еуропалық қауымдастығына толық мүше болуы отандық білім мен ғылымның шетелде танылуына өз үлесін қосары анық. Осы оқу жылында Қазақстан Республикасының 2016-2019 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жоғары оқу орнының топ-менеджерлігіне шетелдік мамандар тартылып отыр. Университетіміздегі көп тілді білім беру орталығының басшылығына оңтүстіккореялық маман Ли Джонг Хюннің шақыртылуы аталған сала бойынша шетелдік тәжірибе алмасудың тағы бір мүмкіндігі деп білеміз. Университетімізде 100-ге жуық шетелдік студенттердің де білім алуына жағдай жасалынды. Олардың арасында АҚШ-тан, Германиядан, Қытайдан, Ресейден келген студенттер бар.
Оқу орнына жүктелген міндеттерді орындауға бар күш-жігер салынбақ. Университет ұжымы нақты іс-әре­кеттерімен Елбасы Жолдауында айтылған тапсырмалар мен межелі міндеттердің орындалуына үлкен үлес қосары айқын.

Рита СҰЛТАНҒАЛИЕВА,
М.Өтемісов атындағы БҚМУ баспасөз қызметінің жетекшісі,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.