Журналистикадағы дуалды оқыту

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Тұрақты даму мақса­тындағы халықаралық журналистиканы оқыту модельдері» тақырыбы­мен өткізілген халықаралық конференцияда БАҚ өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғалымдар отандық және әлемдік журналистиканың даму үрдістерін және таяу болашағын талқылады.

Аталған конференция IV Халықа­ра­лық Фараби оқулары және БҰҰ ака­демия­лық ықпал Хаб бағдарла­ма­сы­ның аясында Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен журналистика факультетінде биыл екінші рет өткізіліп отыр. Конферен­цияға қатысқан ЕҚЫҰ, «Әділ сөз» ха­лықара­лық сөз бостандығын қорғау ұйымы, «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығы, «Түркі тілдес журналистер қоры» ҚҚ, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы өкіл­дері Қазақстандағы журналистік білім берудің маңызды мәселелерін, тұрақты даму мақсатындағы мін­деттерін айқындауға тырысты. Тұ­рақ­ты даму саласындағы 17 мақсаттың төртіншісі әрі басым бағыттардың бірі ретінде белгіленген сапалы білім беру бағыты жиынның негізгі өзегіне айналды.
Қазақ ұлттық университеті қызме­тінің басым бағыттары ретінде­ білім беру қызметінің сапасын арттыру, ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметті дамыту, жаңа ақпараттық технологияларды енгізу анықталды. STEM-білім беру жаңа технологиясы енгізілді. Әлемдегі бәсекеге қабілетті жетекші ЖОО білім беру бағдарламаларына сәйкес оқу бағ­дар­ламаларын жетілдіруді мақсат етеді. Дуалды оқыту, яғни білім мен өндірістің тиімді ықпалдасуы, оқу бағдарламаларын түзуде жұмыс берушілердің талап-тілегін ескеру аталған басым бағыттардың өзегін құрайды.
«Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Ж.Кенжалин құрылғанына 20 жылдан астам уақыт болған ­ЮНЕСКО, халықаралық журналис­тика және қоғам­дық ­медиа кафедрасының оқу үдерісін ұйымдастырудағы, иннова­циялық технологияларды білім беру ісінде қолданудағы аяқ алысын бағалай келіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Халықаралық журналистика мәселе­сінің қазақ топырағында кеше немесе бүгін ғана көтерілмегендігін, қазақ тіліндегі тұңғыш газеттерде («Түркістан уәләятының газеті», «Дала уәләятының газеті»), сондай-ақ «Қазақ» газеті, «Айқап» журналдарында қозғалып, журналист бабаларымыздың ғаламдық мәселелерді көтеріп, талқылағанын атап өтті. «Қазақ газеттерінің» журналистерді баптап, тәрбиелеуге қосқан үлесін айта келіп, «Ақиқат», «Мысль» журналдарында журналистік білім беру сапасы мәселелерінің жиі жазылатындығына тоқталды, студенттердің зертханалық жұмыстарын осы журналдар базасында өткізсек деген тілегін білдірді.
«Қазақстан – 2050» стратегиясы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы, 5 институционалдық реформасы ҚР БҰҰ қызметінің «Даму мақсатындағы әріптестік» (PFD) 2020 жылға дейін жүзеге асырылатын бағдарламасында көрініс тапты. ҚазҰУ академиялық ықпал бағдарламасы бойын­ша тұрақты даму саласында UNAI-хаб бола отырып, көшбасшы ретінде танылды және Қазақстандағы 20 ЖОО жұмысын үйлестіреді, әлемдегі 3500 ЖОО-мен байланыс жасайды» дей келе, Алматы қаласы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының коммуникация және ақпарат бағдарламасының маманы С.Карпов тұрақты даму мақсатындағы БАҚ қызметіне, пікір еркіндігіне, коммуникация сипатына тоқталып, бейбітшілікке негізделген 16-шы бағытына баса көңіл бөлді. БАҚ дамуы саласындағы жаңа жобаларға ерекше тоқталды. 3 мамыр дүниежүзілік баспасөз бостандығы күніне орай ұйымдастырылатын шараның осы конференциядан бастау алып отырғандығын айта келіп, ұлттық университеттің академиялық ықпал етудегі рөлін атады.
Астанадағы ЕҚЫҰ Кеңесі бағдарла­масының саяси мәселелер және БАҚ бойынша ұлттық үйлестірушісі М.Дубовицкая журналистердің құқықтық сауаттылығын, білім беру әдістерін үнемі жетілдіру қажеттілігін тілге тиек етті, қазақ тіліне аударылған оқу бағдарламасының маңызына тоқталды.
«Қазіргі таңда ертеңгі ел басқара­тын жастардың санасын блогерлер қалып­тастыруда. Біз білетін отандық блогердің 11 миллион жазылушысы бар. Ақпараттық ортада маңызды ақпа­рат беріп, бәсекеге төтеп беруге қабі­летті болуымыз керек» деді «MediaNet» Халықаралық журналистика орталығының директоры А.Жалилов.
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы құқықтық сауаттылық бойынша журналис­тер­дің білімін жетілдірумен айналысып келеді. Аталған ұйымның сарапшысы Ғ.Әженова БАҚ туралы Заңдағы журналистердің жұмысын едәуір қиындататын өзгерістерге алаңдаушылық білдірді.
Жиынға қатысқан Н.Жоямерген­қызы («Түркі тілдес журналис­тер қоры»), Б.Әшірбаев («Заң» газеті), Ж.Әбділда («Ұлан» газеті), З.Жұманова («Мектеп Мерейі» журналы), Б.Қабдолданова («Гүлстан» журналы), т.б. қазақ журналистерінің халықаралық деңгейде жұмыс істеуі, халықаралық деңгейдегі шара­ларға қатысуы, жаңа медианың мүмкін­дік­терін пайдалану, журналистік этика, адами құндылықтарды ескеру мәселелерін қозғады. Бүгінгі заман талабы тек жазу, ақпарат таратумен шектелмейтіндігін, қазіргі заманауи құралдарды меңгерудің қажеттілігіне, салалық журналистиканың рөліне тоқталды.
Қат-қабат жұмыстарымен жиын соңында үлгеріп келген ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстандағы ЮНЕСКО төрағасы Криста Пикатт конференция қатысу­шы­ларына сертификаттар тапсырды.

Назгүл ШЫҢҒЫСОВА,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.