Арманы асқақ Айбике

Семсерлесу – Қазақстанда кенже қалған спорттың бірі. Бұл спорт түрі басқалардан мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тарихымен ерекшеленеді. Елімізде семсерлесуден түрлі халықаралық додаларда биік белестерді бағындырып жүрген спортшылардың арасынан ­Айбике Хабибуллинаны айрықша мақтанышпен атауға болады.

Айбике – бірнеше мәрте ­ха­­­лық­ара­лық жарыстардың жеңім­­­пазы, Азия чемпионы. Спортта жасындай жарқыраған қай­сар қыздың арманы да асқақ.
1995 жылы 27 маусымда Ганюш­кин ауылында дүниеге келген ол айтулы ардагер, тыл қаһарманы, аузы дуалы абыз ақсақал Зәйіт ата мен Шолпан әженің сүйікті неме­ресі. ­Айбике отбасындағы ортаншысы. Ол мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ спортшы болуды армандады. Әсіресе дәлдік пен нәтижелі шабуылды қажет ететін қылыштасуды еркін меңгерсем деген талабы ақыры оны спорттың бұл түріне бет бұрғызды. ­Ломоносов атындағы орта мектептің 6 сыныбын тәмам­даға­сын, қаршадай қыз арманына қанат қағып Алматы қаласына аттанды. Қ.Ахметов атындағы дарынды балаларға арнал­ған республикалық маман­дандырылған спорт мектебіне оқуға қабылданды. Ол кезде небәрі 12 жаста болатын. Аталған білім ордасында 5 жыл оқып тәр­биеленді. Одан ары аталмыш спорт мектебінің колледжінде оқуын жалғастырды. Бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің дене шынықтыру және спорт кафедрасының 1-курс сту­денті. 2014 жылы Өзбекстан мемлекетінде жастар арасындағы Азия чемпионатында семсерлесу бойынша жеке жарыста І орынды жеңіп алған Айбике Қазақстанның туын биікке желбіретті. Иордания мемлекетін­де жастар арасындағы Азия чемпионатында командалық құраммен І орын, жеке жарыс бойынша ІІІ орынды иеленді. 2015-2016 жылдары Филиппин, Моңғолия, Жапония, Біріккен Араб елдерінде өткен жастар арасындағы Азия ­чемпионатында командалық құраммен қола жүлдені енші­леді. Венгрия мемле­кетінде, Мәс­кеу қаласында семсерлесуден дүниежүзі­лік чем­пио­наттарға жолдама алып, олжалы қайтты. Жас семсершінің дүбірлі додадағы асулары әлі алда екендігіне еш күмән келтірмейміз.

Айнагүл ШАКУПОВА

Атырау облысы
Құрманғазы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.