Жүрекке жеткен әннің бағы бар

Ұлттық ән өнерін дәріптеп жүрген біртуар таланттарымыздың  арасында кейінгі толқынның эстрадаға қол созбағаны некен-саяқ. Дәстүрлі әнге аманат деп қарап, адалдық танытып жүрген әншілеріміздің бірі –  Ардақ Исатаева. Бүгінде ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Халық әні» кафедрасының доценті.  Көмекейінен бал тамған, сарқырай аққан тау өзеніндей саф таза үні қолындағы домбырасымен астасып, қазақ әнінің сән-салтанатын асырып жүрген әнші қызбен сұхбатымыз ұлттық өнердің жай-күйі жайында өрбіді.

– Ана тіліміздің мәйегі, ұлттық ділі­міздің қайнар бұлағы, ата-баба арманын, қуанышы мен қайғысын арқалап бүгінге жеткен дәстүрлі ән өнерінің тәуелсіз ел мәдениетіндегі, бүгінгі қоғамдағы орны қандай?
– Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қазақтың әні өлсе әдебиеті жесір қалады» деген сөзі бар. «Жоқ деген жоғалар, бар деген оңалар» демекші, аға буын, орта буын мен жас ұрпақ барда қазақтың дәстүрлі өнері жасай бермек. Дегенмен, бүгінгі таңда қазақтың әні-күйі өз деңгейінде насихатталып жатыр деп айта алмаймыз. Әсіресе бұл өнерді қазіргі ақпарат таратудың басты бір көзі саналатын теледидар арқылы насихаттау жағы кемшін. Еліміздегі басқа телеарналарды былай қойғанда, «Қазақстан» ұлттық арнасының өзінде халқымыздың дәстүрлі музыкасына арналған бірде-бір жеке бағдарлама жоқ. Ішінара «Айтуға оңай» сияқты бағдарламаларда шерімізді тарқатып аламыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Еститін құлақ болса айтудай-ақ айтып келеміз.
Әрине, мәдениетті қолдауға еліміз­де белгілі бір деңгейде көңіл бөлінуде. Соның бір дәлелі – таяуда Алматы қа­ласында «Алатау» дәстүрлі ән театрының ашылуы. Енді осы өнер ошағында дәстүрлі музыкаға қатысты бағдарламалар жекелеген концерттермен, мерекелік іс-шаралармен шектелмей, жүйелі сипат алса дейміз. Ал консерватория қабырғасында концерт өткізу үрдісімен ғана дәстүрлі музыкамызды дамыта қою неғайбыл.
Эстрада жанрының, шоу-бизнестің шырқау шегіне жетуі көрер көзге айқын болғанмен, мұны заманның ағымы деп ақтауға болмайды. Заманды, қоғамды бұзатын да, түзейтін де адам. Мен дәстүрлі әнді заманауи әрлеп, сахнаға шығару арқылы көрерменнің көңілінен шығамыз, ұлттық әнімізді ­насихаттаймыз деген пікірге қосылмаймын. Сонау IV-VII ғасырда туған жыр-дастандарымыз, XVIII-XIX ғасырлардағы сал-серілік өнеріміз, ән-күйіміз өзгермей осы күнге жеткенде егемен елімізде отырып ол өнерді өлтіріп алсақ, бізге үлкен сын, тіпті кешірілмес күнә болмақ. Киелі өнерге жоғары деңгейде қамқорлық жасау, жоспарлы түрде қолға алу сол үшін де қажет.
«Әннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, қазіргі заманда есер ән сахнаның төріне шығып кетті. 2-3 әнді жазып алып, тойдың да, сахнаның да гүлі атану қиын емес. Әрине, сахнаның үлкен-кішісі болмайды. Бірақ тойдың әні бөлек, сахнаның әні бөлек қой. Халықтың талғамына келсек, күнделікті экраннан нені насихаттай берсе, көпшілік соны таңдайды. Дегенмен, халықтың ұлттық өнерге деген ықыласына қарап, қаптаған шоу секілді даңғаза өнерден шаршай бастаған-ау деген ой келеді.
– Бүгінде тыңдаушылар әншінің өз ­даусымен салған әнін сағынатын болды. Фонограммамен ән айту мен табиғи дауыстың айырмашылығы неде?
– Мына Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және басқа елдер фонограммаға заңмен тыйым салды. Егер бізде де өз даусымен айтуды міндеттесе сахнамыз тұтастай тазарар еді. Өнер мен бизнестің екі ортасында жүрген дүбәралар табиғи електен өтіп, нағыз әншілер ғана қалары анық.
Жалпы сахнаға шығып ән айту оңай емес. Бір әнді айтып шығудың өзі боксшының бір рингке шыққанымен тең. Мейлі ол кішкентай ауылдың сахнасы болсын, мейлі 3 мың адамдық Респуб­лика сарайы болсын, халықтың алдында әрбір әнді жүрекпен, үлкен толқумен айтасың. Ал фонограммамен 5-6 әнді айтатын болсақ күніге концерт беруге әбден болады. Мен өз басым сол фонограммамен айта алмаймын. Бір әннің өзі әр сахнада, әр сағатта әртүрлі шығады, оған бүкіл жан-жүйеңмен беріліп, көңіл күйіңнің қылын қоса шертесің. Ал фонограммамен айтылған ән кез келген жерде бірдей. Мен мұны өнер адамының өсуіне емес, өшуіне әкеп соғатын теріс құбылыс дер едім.
– «Рухани мұраны сақтаудың бірден бір жолы – тәлімгерлік, әкеден балаға мирас етіп қалдыру» деген екен атақты ғалым, ән-күй өнерін зерттеуге де көп үлес қосқан Әлкей Марғұлан. Сіз әншілік пен ұстаздықты қатар алып жүрсіз. Осы ретте жастардың ұлттық өнерге көзқарасы қалай? Әнші боламын дейтін жастың ­бойында қандай қасиет болуы тиіс?
– Жастардың құлшынысы, талабы жақсы. «Ел іші – өнер кеніші» дегендей, өнерлі жастардың көбі ­ауылдан шығады. Осыдан 15-20 жыл бұрын консерваторияға 5-6 бала түсетін болса соның екі-үшеуі ғана аяқтап шығатын. Қазір оншақты бала қабылданады, жаңа оқу жүйесіне сәйкес бәрі дерлік оқып шығуға тиіс. Біздің буын Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Д.Рақышев, М.Ешекеев сынды дүлдүл әншілердің үнтаспалары арқылы үздіксіз дайындалатын едік. Ал қазіргі жастарды бізбен салыстыруға болмайды, олар ұстаздың аузына көбірек үңілетін сияқты. Әрі олар эстрада мен дәстүрлі әнді қатар алып жүруге тырысады. Мен өзім ұстанған бағытым дәстүрлі ән болғандықтан, аманат ретінде берілген өнерге қиянат жасағым келмейді.
Мен ұстаздан жолы болған адаммын. Мектепте оқып жүргенімде Ақселеу Сейдімбек, Жәнібек Кәрменовтермен бірге оқыған Пернебай Дүйсенбин деген филолог ағайымыз аудандық, облыстық өнер жарыстарына қатыстырып, бағыт-бағдар берді. Ол кісінің «Сары сөмке», «Кішкентай генералдар» деген әңгімелерін сүйсіне оқып өстік. Өнерге шын берілген адам еді. Одан кейін Сәуле Жанпейісова апайым тұлымшағымды желбіретіп, консерваторияға жетелеп келді. Мұнда Бекболат Тілеухановтың бірінші шәкірті болдым. Кейін ол қызметі жоғарылап, маған сенім артып орнына қалдырды. 17 жылдан бері «Халық әні» кафедрасында сабақ беріп келемін. «Ұстаздың атын шәкірт шығарады» демекші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали, Перизат Тұрарова, Есбол Шаңбаев және басқа талантты шәкірттеріммен мақтана аламын.
– Зерттеушілер қазақтың ән-күй өнері дер кезінде толықтай жазып алынбағанын, 70%-нан айрылып қалғанымызды айтады. Қазіргі кезде консерваторияда дәстүрлі музыка үлгілерін жинау жұмысы қалай жүргізілуде? Фольклорлық экспедициялар ауыл-аймақты аралай ма?
– Кезінде жергілікті жерлерден бөлек Түркіменстан, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан, Қытай мен Моңғолиядағы қазақтар арасынан талай ән жиналды. Ал енді қазір көненің көзі саналатын қариялар азайды, жоқтың қасы деуге болады. Өзіміздің консерватория биыл оңтүстік, батыс өңірлеріне экспедиция шығаруды жоспарлап отырған сыңайлы.
Бір өкініштісі, сабақтастық үзіліп барады. Балабақшадағы сәбилердің өзі «аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деп әндетеді. Өйткені күнделікті теледидардан да, радиодан да еститіні сол. Сондай кезде «ойпырмай, қайда кетіп барамыз?» деген ойға қаласың. Бұның бәрі тәрбиеден ғой, дәстүрлі ән тыңдаушыларын бесіктен бастап тәрбиелеу керек. Ұлттық өнерді мектеп бағдарламасына енгізсе, ән сабақтарын кәсіби мамандар жүргізсе, бұл да талғамның өсуіне, шынайы өнер мен жасандылықтың ара-жігін ажырата білуге жәрдемдесер еді.
– Жеке шығармашылығыңызда, репертуарыңызда қандай жаңалықтар бар? Жеке концерт беру жоспарыңызда бар ма?
– Консерватория қабырғасындағы, республикамыз бен алыс-жақын шетелдегі дәстүрлі өнерге қатысты іс-шаралардан қалмаймыз. Ал жеке концерт беру жалпы жоспарымда бар, бірақ бәрі қаржыға келіп тіреледі. Семей, Қарағанды, Талдықорған қалаларынан шақыру келіп жатыр. Егер жүзеге асып жатса ауыл-аймаққа шығамын деген ойым бар.
Гастрольдік сапармен әлемнің талай елінде болдым. Бірде АҚШ-тың Хьюстон қаласында дәріс-концерт бердік. Естайдың «Сандуғаш» деген әнінің шығу тарихын айтып, әнді орындай бастадым. Бір кезде залға көзім түсіп кеткені сол еді, алдыңғы қатардағы қарт кісі жылап отыр екен. Естайдың мұңымен бірге тебіреніп тұрған мен де тамағыма өксік тығылып, өзімді әзер басқаным есімде. Бұл әннің құдіреті ғой, айтқан әнің жүрекке жетпесе ол әннің бағы ашылмағаны. Әнші қауымы осындай тыңдарманның ықыласымен көңілі көкке көтеріледі, қошеметіне жаны марқайып қалады.
– Әңгімеңізге рақмет.Ұлтымыздың ұлық өнерінің көсегесін көгерту жолындағы еңбегіңіз жана берсін! Шығармашылық табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан
Дина ИМАМБАЕВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.