Мөр – тарих таңбасы

Мұрағатшылар күн сайын тарихи құжаттарды зерделейді. Құжаттарға басылған әртүрлі мөрлерді көреді. Оқиғасына қарай құжаттарға қойылатын мөрлердің таңбасы да әртүрлі болады. Кейбір құжаттар мен мөрлер айналасында көп ойланып, көп толғанатыныңыз да анық. Халықтың тарихын, адамның тағдырын бажайлайсыз. Тіпті қызықтап, құжаттың маңыздылығына жете мән беретініңіз де сөзсіз. Бұл мөрлердің көшірмелерін жинақтауға, ой қорытуға жетелейді. Соның нәтижесінде осы мақаланы жазып, алдағы уақытта мөрлер көрмесін ұйымдастыруды қолға алдық…

1963 жылы Есік қорғанынан табылған Алтын адам адамзат тарихының дамуын зерттеушілері мен бірге мөр тарихымен айналысатын жас ғылым – сфрагистиканың жаңа бағыт ұстануына ықпал жасады. Археологиялық жәдігер Ұлы Дала Елінің даму деңгейін әлемге танытты. «Тарихы жоқ» деп келген өңірдің мәдениеті кәрі құрлықтан жоғары болғанын айғақтады. Ең маңыздысы ғалымдар ханзаданың бүкіл мүрдесі аса жоғары шеберлікпен алтыннан жасалынған зергерлік бұйымдармен апталғанын жарыса жазды. Сонымен бірге оның оң қолының саусағындағы алтыннан жасалынған жүзік мөрдің ерекшелігі туралы айрықша айтты. Ғалымдар тарихи жәдігер – біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда жерленген 16-25 жас аралығындағы ханзада екенін дәлелдеді.
Жиырма екі ғасыр жер астында жатып, халқына жеткен бұл Алтын адамның Үйсін мемлекетінің биі, яғни билеушісі Елжау бидің баласы екені бірте-бірте мойындалып келеді. Ғалымдар мен зерттеушілер мөрдегі адам суреті «ханзаданың суреті болуы керек» деген де болжамдар айтуда. Мөрдегі бас киімде күн шапағы өрнектелген. Осы мөрдің айналасында ғалымдар да көптеген пікірлер мен болжамдар айтуда. ­Дегенмен де, Есік қаласы Үйсін мемлекетінің астанасы болғанын ешкім жоққа шығара алмайтынын айтсақ болжамдар нақтылана түсетіндігі анық.

Әулиеата мұғалімдер одағының мөрі
Әулиеата мұғалімдер одағының мөрі

Осы тарихи жәдігер біздің заманымызға дейін қытайлардан басқа бірде-бір ел мөр ұстаған емес деген деректі жоққа шығарып, қазақ жерінде, яғни түркі халқында біздің дәуірімізге дейінгі жылдарда өркениеттің өскенін айқындады. Бұл аз десеңіз, 1971-1975 жылдары Тараз қаласынан 40 шақырым жердегі Қараша бұлағы маңында жерленген адамның белдігінен қыштан жасалынған мөрдің табылуы бұл өңірде өркениеті дамыған, мәдениеті мен қолөнері биік шыңға көтерілген мемлекеттің болғанын танытты. Бұл бұлақ атақты Ақыртастың маңы екенін еске алсаңыз өңірдің даму деңгейі сол жылдары қандай болғанын байыптауға ­болады. Бұл пікірімізді нақтылай ­немесе бекіте түсетін болсақ: ұзақ жылдар бойы Шу ауданының аумағындағы Ақтөбе қалашығында зерттеу жұмыстарын жүргізіп келе жатқан академик У.Шәлекенов бастаған археологтар тапқан теңгеге таңба басатын мөр туралы да ой тарқатуға болады. Бұған қытай жазбаларында жазылған Отырар жазирасында ежелгі Қаңлы мемлекетінің мекені болған Мардан Күйік деген жерден археолог ғалым А.Н.Подушкин қабірден бір емес, бірнеше мөр тапқан. Археолог бұл мекеннің біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасырда дамыған мемлекет болғанын айтады.

Түркістан өлкелік егін шаруашылығы комиссарының мөрі

Тарихты айғақтайтын мөр аса маңызды жәдігер екенін әркім жақсы түсінсе керек. Сондықтан да мөрге деген қызығушылық, оны пайдаланғандар туралы дерек білу әрқашанда зерттеуші-ғалымдарды толғандырды. Осындай қызығушылық XVIII-XIX ғасырларда мөр тарихын зерделейтін жаңа ғылым – сфрагистика пайда болуына бастады. Әрбір мөрді зерделей отырып, жеке адамнан бастап мемлекеттің даму деңгейін анықтауға болатынын бұл ғылым жетекші рөл атқарып келеді. Бүгінгі таңда бұрын мөр ең алғаш Вавилон мен Египетте пайда болған деген сөз айтылмайды. Себебі қазба жұмыстары нәтижесінде Ұлы Дала Елінен және басқа да жерлерден табылып жатқан мөр мұндай пікірдің орынсыз екенін дәлелдеді. Тіпті біразға дейін ғалымдар мөр тарихы туралы әңгімелегенде алғашқы мөрлердің бірі ретінде XIII ғасырда Шыңғысханның немересі Күйіктің Рим папасына жазған хатына «Құдай тағала – аспанда, хахан жердегі құдірет. Адамзат билеушісінің мөрі» деп басылған мөрмен байланыстырып келгендер де болды. Олар құжатқа басылған таңбаны алғаш көрген еді. Россия өздерінде мөр Х ғасырда пайда болғанын айтады. ХV ғасырға дейін мөр құжаттың растығын айғақтап, жапсырылып жіберілетін. Кәрі құрлықта осындай рәсім жаңадан қалыптасып жатқанда түркі әлемінде бұл жоғары деңгейге көтерілген болатын. Олар құжаттарға мөрлерінің таңбаларын басып жіберетін. Сондықтан да қазір тарихшылар мөр туралы сөз қозғағанда «Өркениеттің бастауын­да Түркі мәдениеті тұрған» деген кесімді сөздің айналасында ой қозғай келіп, «мөр қалай пайда болды?» деген сауалдың айналасында толғануда.

№ 2-ші ауыл старшыны
Мусабеков Айдапкелдінің мөрі

Адам пайда болысымен өзіне қажет заттарды жа­саған. Соның нәти­жесінде қолөнер дамыды. Әрбір шебер өзінің жасаған бұйымына таңбасын салған. Қолөнер туындыларындағы таңбалар­ды алғашқы мөрдің сызбалары деп қабылдаған жөн. Себебі әрбір шебер өніміне өзіне ғана тән белгіні қойған. Міне, осы кезден бастап таңба салу шеңбері кеңейді. Әрбір орта, әрбір қауымдастық таңбасын белгіледі. Бірте-бірте мөр байлардың айрықша белгісіне айнала бастады. Сондай-ақ сауданың дамуы таңбалардың көбеюіне ерекше ықпал жасады. Сондықтан да мемлекеттік деңгейдегі мөрлерді пайдалану мен дайындау реттері пайда болды. Мөрлерді домалақ, үшбұрышты, тағы да басқа түрде жасау тәртібі өмірге келді. Аса маңыздылары қызыл бояумен боялып, өрнектелетін жағдайға жетті. Бұл мемлекеттік дәрежеге дейін көтерілді. Мемлекетаралық қарым-қатынастың дамуымен бірге мөрдің маңыздылығы артты. Жалған мөр таңбаларын жасай алмау бағында жұмыстар жүргізілді.

«Қызыл арық» ауыл шаруашылық
мал өсіретін кооператив серіктігінің мөрі

Қазақ жерінде, қазақ елінде көшпенділердің де өзіне тән белгілері болған. Әрбір батырдың, әрбір бидің, кейінірек әрбір ханның өзіне тән белгісі байрағынан басқа – мөрі де болған. Қазақ хандарының мөрлері тамшы немесе жапырақ іспетті таза күмістен жасалынған. Рас, кейбір хандар мөрлерін алтынмен аптаған. Қазақ хандары мен билерінің, батырлары мен старшиналарының мөрі туралы орыс ғалымы М.П.Вяткин біраз деректер жинақтаған. Оның айтуынша, қазақ хандары арасында мөрді алғаш пайдаланған Әз-Тәуке хан. Ру тайпаларының таңбасын да мөр деп қабылдау керек сияқты. Ол аз десеңіз, басбармақ таңбасы да жеке адамның мөрі ретінде қабылданған. Халқымыз әрбір саусақтың қайталанбас өрнегі болатынын ертеден білген.
Қазақ қолөнер шеберлерінің туындыла­рын­дағы таңба туралы сөз еткенде ерге таңба салу үрдісінің кең дамығанын ерекше айту қажет. Ертеректе мөр басылмаған ер болмаған. «Құранды ер» деген тіркес ­немесе атау ердегі мөрдегі араб харпімен жазуларына байланысты айтылса керек. Мөр таңбалары ерекшеленіп, бояумен ысталатын. Осылайша қазақ халқы үшін мөр қасиетті, киелі таңбаға айналды. Оны жасырып, тығып ұстады. Мөрді көз­ден таса етіп ұстау, сақ­тау қалыптасты. Тіпті мем­лекеттік дәрежеде «мөр сақтаушы», «мөрді алып жү­руші», «мөр таңбасын салу­шы» қызметтері болды.
Қазір еліміздің музей­лері мен архивтерінде ертеден сақталып келе жат­қан неше түрлі мөр­лердің түпнұсқасы мен үлгілері бар. Солардың арасында хандарымыздың, билеріміздің мөрлері ерекше орында. Жоғарыда мөрдің киелілігі, қасиеттілілігі туралы да сөз қозғадық. Осы орайда көкейге марқұм ақын Серік Томановтың Арыстан баб мөрі туралы өлеңі ойға оралады. Совет билігі кезінде бір ауыл өртке оранып, үйлер өртеніпті. Сонда мөр сақталған үй қалың өрттен аман қалыпты деген аңыз бар. Осы өлеңнің соңғы екі шумағы былай аяқталады:
«Ертеңіне… о, құдірет! О, тоба!
Ертегі де болмас мұндай құраған.
Көз көргенмен, көңіл сенбес, атама!
Бір ауылдан бір-ақ бөлме тұр аман!
Құдіретке қайран қалып қарасты ел,
Тұрқы текті, тұрысы да дара тым.
Қожа Ахмет қолға ұстаған ағаш Мөр,
Сол бөлмеде жасырулы болатын».
Бұл шынында да тарихи мөр. Арыстан бабтың бір емес бірнеше мөрі болған деген де дерек бар. Дөңгелекше келген ағаштан ойып жасалынған мөрде арабша жазулар бар. Мөрдің ортасында «Сұлтан Қожа Ахмет Йассауи» деген сөз жазылған. Айналасындағы жапырақшаларда көптеген адамдардың есімдері жазылған.
Міне, мөрдің пайда болуы туралы осындай тарихтарды айта келіп, біз Жамбыл облысының мемлекеттік архиві бірнеше жылдан бері архив құжаттарында таңбаланған мөрлердің көрмесін өткізу жөнінде мақсатты түрде іздестіру, саралау жұмыстарын жүргізгенін айтқымыз келеді. Соның нәтижесінде бүгінгі күні екі жүзден аса мөрдің үлгілері іріктеліп алынды. Бұл мөрлер архивтегі құжаттардан алынды. Олардың арасында совет билігі орнаған кезде құрылған мекемелер мен ұйымдардың, болыстар мен қосшы ұйымдарының, алғашқы колхоздар мен совхоздардың, заң органдарының, бір сөзбен айтқанда, биліктің барлық саласының мөрлері бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін қоғамдық қатынаста орныққан мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, шаруа қожалықтары мен жеке кәсіп­керлердің, ұлттық компаниялар мен ірі өндіріс орындарының мөрлері ерекше көз тартады.

Әулиеата уезі тергеу
комиссиясының мөртабаны 1918 ж.

Мөр – тарих. Мөрлерді қарай отырып, сол кезеңнің тарихын ой елегінен өткізуге болды. Совет билігі орнаған алғашқы жылдары Әулиеата уезінің билік орындарының, оның ішінде халықты аштықтан құтқарып қалу үшін жан аямай күрескен, қазақтың біртуар азаматы Тұрар Рысқұловтың шешімдерін растайтын мөрлерді де қызықтайсыз. Сол мөрлерді қызықтай отырып, сол кезеңнің азаматтарының ерен еңбектерін де еске аласыз. Мөрлердің арасынан адам жаны түршігерлік қасіреттерді түйіндеп, растаған таңбаларды да көресіз. Қазақ байларын тәркілеген және саяси қуғын-сүргін кезеңдеріндегі үштіктің мөрлерінен қан тамып тұрғандай. Осылайша еліміз бен халқымыз басынан өткізген тарихи оқиғаларды айғақтайтын мөрлердің сан түрі бар екенін тізе беруге болады.
Совет билігі кезінде «Қазақ ССР-і» деп аталатын мемлекет болғанымен, оның рәміздері мөрде көрініс таба бермейтін. Мәселен, сол кездегі Қазақстан азаматтарына берілген паспорттың бәрінде «СССР» деген мемлекеттік рәміз таң­баланған.
Тәуелсіз қазақ мемлекетіне тән мөрлер 1991 жылдың 16-желтоқсанында Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан ­Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республика­сы­ның Мемлекеттік Тәуелсіздігі ­туралы» Конститу­ция­лық Заңы қабылданған сәттен бастау алды. Мөрлердің арасында Қазақстан Республикасы Президентінің, Өкіметінің, Үкіметінің, Жоғарғы Сотының мемлекеттік мөрлері ерекше көз тартады. Бұл мөрлердің қай-қайсысы болса да біз үшін қымбат. Еліміздегі төрт билік салалары­ның мөр­лері адамға тек қуаныш сыйлайтын шешім­дерге қойылса қандай ғажап! Лайым солай болсын!

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,
мұрағаттанушы-журналист

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.