Тілге тілекші азамат

Біздің ойымызша, тілге тек тілекші ғана болу аздық ететін сияқты. Сонымен бірге ана тілінің абыройын көтергісі келетін ел азаматтары қазақ тілінің аясы мен мүмкіндігін, оның кемел көкжиегін көтеруге сөзімен емес, бірінші кезекте нақты ісімен көмегін тигізсе игі. Мұндай жандар республиканың қай түкпірінен болса да табылары анық. Осы орайда оңтүстік өңірінде «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, ОҚО сотының Ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Қабыл Дүйсенбидің есімі ауызға бірінші оралады. Ендеше, ол мемлекеттік тіліміздің көсегесі көгере түсуі үшін өз тарапынан қандай үлес қосты деген сауал еріксіз туындайды.

Бірінші кезекте оның 90-шы жылдары қазақ тілін тегін оқыту, кәсіпорын, мекемелерде мемлекеттік тілде құжат әзірлеу, елді мекендер мен мектептерге, көшелерге тарихи аттарын қайтарып, қаладағы жарнама жазуларын ретке келтіру мақсатында рейдтер ұйымдастырып, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың тиімді тетіктерін тауып, оны жүйелі түрде іске асырғанын айтуға тиіспіз.
Бұдан бөлек, республикада тұңғыш рет 1997 жылы Шымкент қалалық Тіл басқармасының жанынан «Мемлекеттік тілді оқыту орталығын» ашқанда Қабекең еді. Онда қазақ тілін үйренушілерге жағдай жасап, «Тіл – татулық тірегі», «Ана тілі және отбасы», «Тілге құрмет – елге құрмет» және тағы басқа да көптеген іс-шараларды өткізуді дәстүрге айналдырып, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыруға өлшеусіз үлесін қосты.
Сонымен қатар мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытында 10-нан астам әдістемелік құралдар мен кітаптар шығарып, тіл, ономастика мәселелеріне арналған жүздеген мақалалары жергілікті және республикалық басылымдарда жарық көрді. «Мемлекеттік тіл және БАҚ» атауымен өткен республикалық байқауда оның «Атаулар сыры» атты тележобасы «Үздік автор» номинациясы бойынша ІІ орынды иеленді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Қабыл Дүйсенбидің еліміздің бірлігі мен ынтымағын және ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімнің сақталуы­на үлкен үлесін қосып жүрген қайраткер екені даусыз. Осындай іргелі істерімен ел құрметіне бөленіп жүрген Қабыл Тұрарұлының еңбегі жөнінде «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен «Тілім – тірегім» атты кеште де молынан айтылған болатын. Солардың бір парасына тоқ­талсақ.
Белгілі жазушы, Оңтүстік Қазақстан облысы­ның Құрметті азаматы Мархабат Байғұт өткен шақтардағы тіл саясатының түйткілдерін еске алды. 1990 жылдары облыстың үш ауданында ғана іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізілгенін айта келіп былай деді:
– Сол кезеңдерде тіл мәселесімен күресу өте қиын болды. Міне, осындай қиын-қыстау шақта Қабыл жанашырлардың бірі әрі тіл майданының күрескері болды. Ол Тіл басқармасына келгеннен бастап тыным таппай, көп еңбек етті. 1997 жылы Тіл басқармасы қатты жұмыс істеп кетті ме, әйтеуір жауып тынды. Содан, 2005 жылы қайта ашылған басқармаға бірінші Қабылды жұмысқа қабылдадым. Онсыз Тіл басқармасының жұмысы ортайып қалатынына көзім жетті. Осындай күрмеуі қиын күндерде Қабыл Дүйсенби мың кісінің ісіне татитын еңбек етті десем артық айтқаным емес.
«Қабыл Тұрарұлы қазақ тілі үшін күрескен майталман. Ол мемлекеттік тілде жазылған құжаттарды «түсінбеймін» деген сылтаумен қабылдағысы келмейтін басшылар мен қызметкерлерге қатаң шара қолдануға дейін барды. Бұл жерден еңбекқорлық, намысшылдықпен қатар батылдықты да байқауға болады. Сонымен қатар қаладағы орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту жағдайы қаншалықты екендігі туралы газет-журналдарға мақалаларды жиі жариялап отырды. Тіпті Ата Заңымызға қатысты үгіт-насихаттық маңызы бар көрнекіліктердің рөлі үлкен болғандықтан, оқу орындары мен мекеме, кәсіпорындардың маңдайшаларында, саябақтарда, көшелерде ұран іспетті көрнекіліктер жазылып ілінуіне алғашқылардың бірі болып ықпал ететін. Шымкентте «Мемлекеттік тілді қолдау» митингісін өткізуге, оған қатысатын адамдарды жинап, өткізіп болғаннан кейін, ондағы айтылған мәселелердің жүзеге асырылуына басшылық еткен тағы да Қабекең екенін біреу білсе, біреу біле бермес» дейді Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры Баршагүл Исабек.
Қазақстан Судьялар одағы ОҚО филиалының төрағасы Ақылбек Күлішұлы Қабекең келгелі соттағы ішкі құжаттардың мемлекеттік тілге көшіп, көптеген іс-шаралардың қазақ тілінде өтетінін және БАҚ өкілдерімен байланыстың да нығая түскенін атап өтті. Сонымен қатар «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сот отырысы» республикалық конкурсында ІІІ орынды жеңіп алғаны үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмиден диплом алды. Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің 2-курс студенті ­Бекболат Бекзат пен ұстаз-оқырман Ботагөз Серікова автордың «Тілім – тірегім» кітабында айтылған өзекті мәселелер жөнінде ой қозғап, әсіресе жер, су, елді мекен атауларының шығу тарихы жайында жазылған еңбектерінің оқырман үшін пайдалы екендігіне тоқталды.
Кездесу барысында Қ.Дүйсенби өз кітапхана қоржынындағы 30-дан астам кітаптарын келешегі кемел кітапхана оқырмандарына тарту етті. Кешті «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Айдарбекова қорытындылап, кеш иесіне ізгі тілегін білдіріп, шығармашылық шабыт тіледі.

Озипа АЛТАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының Ақпараттық қамтамасыз ету
бөлімінің инспекторы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.