«Шеше көрген тон пішер»

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал бар. Бүгінгі ұрпақ тәрбиесі жөнінде ой қозғар болсақ, халқымыздың осынау ұлағатты сөзіне ден қоятынымыз белгілі. Әсіресе, ананың қыз бала тәрбиесіндегі рөлін айтпай кете алмаймыз. Қыздардың инабатты да ақылды, көргенді болып өсуі анасынан алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Қыздардың, яғни болашақ аналардың қандай болмағы жас кезінде бойына сіңірген үлгі-өнегесінен де бастау алары анық. 

Жақында бір құрбым ай десе аузы, күн десе көзі бар, үріп ауызға салғандай бойжетіп отырған қызын ұзатып, құтты орнына қондырды. Бұлғаңдап өскен ерке қыз барған жерінде қиналыңқырап, күніне бірнеше мәрте анасына телефон шалып, тамақты қалай дайындау керектігін сұрап жатады. «Үйде жүргенде ғаламтордан үйреніп аламын деп мән бермейтін еді, енді басына түсіп отыр» деді анасы.
– Өткенде күйеу балам: «Өте маңызды кездесуде отырып, костюмімнің жеңіне көзім түсіп кетті. Жеңіме қыр салып қойыпты, жерге кіріп кетердей болдым» деп айтып қалды. Қызымды үйдің тірлігіне араластырмағаныма қатты ұялдым, – деп қызының тәрбиесіне кезінде көңіл бөлмегенін жеткізді.
Иә, киім үтіктеу, әсіресе ер адамның кос­тюм-шалбарын үтіктеудің өзі ұқыптылықты талап етеді. Ер азаматтың киген киіміне қарап-ақ жарының қандай екенін байқауға болады.
Қазіргі біздің жас қыздарымыз лажы болса үтіктемейтін киім киюге әуес. «Есентай молл» сауда үйін аралап жүріп, екі бойжеткеннің «мынаны асыққанда үтіктемей-ақ кие беруге болады екен» деп, бір кофтаның бірнеше түрін алғанын көзім шалды. Әртүрлі ортада жүресің, кейде бойжеткендеріміздің жұрт аңғармайды деп ойлай ма, үтіктелмеген киім киіп жүргендерін байқайсың.
Қыз бала анаға жақын болып келеді. Шыр етіп дүниеге келген нәресте ана құшағынан жұбаныш табады. Сәбиге алғаш жылы сөзін айтатын да, баласын өз қоғамына лайықты ілтипатты азамат етіп өсіретін де ана. Атақты швейцариялық педагог И.Песталоции: «Баласы – анасы, тек анасы арқылы ғана бүкіл жарық дүниені, бүкіл әлемді танып біледі» деген екен. Ана мен баланы құдіретті табиғат бірлікте жаратқан. Ананың балаға деген махаббаты дүниедегі ең тұрақты махаббат.
Ендеше, анасы қызын аналық махаббатқа бөлеп, сырласып, үй шаруасына икемдеп, рет-ретімен санасына сіңіріп, ертең бір шаңырақтың келіні болатынын есіне салып отырса қандай ғанибет. Өкініштісі, қазір тоқыма тоқып, құрақ құрап, кесте тігу былай тұрсын, үй ұстауды, тамақ пісіруді, кір жууды, қонақ күтуді білмейтін қыздарымыз өсіп келе жатқаны қынжылтады. «Өзін-өзі тапқан адам – бақытты, Жоғалтпаған – бақыттырақ одан да!» деп Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, бала кезімізден әжелерімізден, аналарымыздан көріп-білгенімізді қыздарымыздың бойына неге жас кезінен сіңірмейміз. Біз бала кезімізде мектепке киетін көйлегімізге шілтерден аппақ жаға тігіп, саусағымызды талай қанатқанбыз. Еңбек сабағында түрлі-түсті жіппен өрнектеп, анамызға кесте сыйға тартатын едік. Әжелеріміз құрақ құрағанда жанына отырғызып, көрпені көктетіп қоятын. Қазіргі қыздар тебеннің не екенін біле ме екен? Білетіндер де бар шығар. Бірақ көп емес. Мектепте оқитын оқушыдан «Еңбек сабағында ­кесте тігесіңдер ме?» деп сұрап едім, не айтып тұрсыз дегендей таңданысын білдірді.
Бұл жерде айтайын дегенім, қыз бала анасынан көргенін жасайды. Балаға ренжіп, «сен түк жасай алмайсың» деп ашу шақырып, құрғақ ақыл айтқаннан келер пайда жоқ. Мәселен, сериал көріп отырып, қызыңа кеспе пісірші деші, немқұрайдылық танытып, ұялы телефонын шұқылап отыра береді. Ең дұрысы, өзің етті турап, нанын илеп, «қызым, кеспені жайып, кесіп жіберші» десең, селқостық танытпай, көмекке келеді. Себебі сенің қолың бос емес екенін, тірлік жасап жатқаныңды біліп тұр. Міне, тәрбиенің бастауы осы болса керек.
Қазір қыздарымызды еркін, бетінен қақпай өсіріп жатырмыз. Өз үйінде еркелесін-ақ, бірақ қыз бала өзінің шаңырағында қонақ екенін, ертең бір шаңырақтың келіні, көсегесін көгертер отанасы атанатынын білу маңызды. Сондықтан жастайынан еңбекқор, ибалы, ішкі дүниесі бай, бір сөзбен айтқанда анасының ақ сүтін ақтайтын, сүтпенен бірге сүйекке мінсіз мінез дарытып, айналасына жылылық пен мейірім төге білетіндей тәрбие беру парыз. Ұлтты биіктетін, ұлттың деңгейін, рухын, ар-намысын көтеретін қыздардың тәрбиесі екендігін, қыз болашақ бір шаңырақтың ұйытқысы, болашақ ұрпақтың анасы екендігін естен шығармауымыз керек.
Қаланың кейбір қыздары өз кірін өзі жууды да қиынсынады. Бір тал сүлгіні кір жуғыш машинаға салып, жуып жатқан бойжеткенді көргенде көңілге қаяу түсті. Қазір төсек-орын жабдығын, тіпті шұлығына дейін кір жуатын орынға өткізу таңсық болмай қалды ғой.
Қыз – ертеңгі келін. Ақ босағасын адал аттап, жарының қас-қабағына қарап, сызылып шайын құйып, шаңырағының көркін келтіріп отырған көргенді келіннен ұлттық құндылықтарымыз, салт-дәстүріміз алыстамасы анық. Ана қызы үшін ұялмайтындай, ел алдында қызармайтындай болса ананың ақ сүтінің ақталғаны.
Өз бақыты үшін күресіп, аянбай еңбек етіп, отағасының басын төрге, отбасын алға жетелейтін, кешегі қазақтың асыл аналарының ізін жалғар мақтаулы қыздарымыз көп болғай!

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

7 Пікір

  1. Айнар

    Расында да қазір аналардың көбісі жұмыста. Ерімен қатар еңбек етуге мәжбүр. Сондықтан отбасындағы бала тәрбиесі, оның ішінде қыз бала тәрбиесі кейінге шегеріледі. Қазір отбасыларда ең бірінші кезекте рухани емес, материалдық құндылықтар тұрғаны да өтірік емес.

  2. Меруерт

    Қыздарымыз ақсаусақ болып өсуде. Бұл ащы да болса – шындық…

  3. Аноним

    Үтіктемей киіну брендке айналған, өзгелерден ерекшеленіп тұрасың)))))

  4. Дария

    Қазір келіндердің неше түрлі қылықтарын көріп жүрміз ғой. «Келін келді, қолымыз ұзарды, тіліміз қысқарды» деген қалжың сәнге айналды.

  5. Елнар

    Қыз тәрбиесі ең алдымен анасына сын.

  6. Сауле

    Журналист ашып жазган екен. Аналар да сабак алып, ой туйсе. Жастарга., студеенттерге, мектеп окушыларына керек.

  7. АЙЫМ

    Қалада тұратын аналар қыздарын тәрбиелемек түгілі, өздері түк білмейді. Үйіне кафе-асханалардан дайын тамақ алып жүретін қыз-келіншектерді білемін. Лағман, мантыны сатып алады, еттің нанын да дүкенін алады. Ол бәрібір қолдан жайылған жаймаға ұқсамайтынын, дүкендегі зат дәмді болмайтынын білмейтін болуы керек

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.